СЮНЬ-ЦЗЫ (СЮНЬ КУАН, СЮНЬ ЦИН)

СЮНЬ-ЦЗЫ (СЮНЬ КУАН, СЮНЬ ЦИН)
(шамамен б.д.д. 313 ж., Чжао патшалығы – б.д.д. 238ж. кейінгі, Чу патшалығы)

— конфуцийлік дәстүріндегі ұлы қытай ойшылы.
Ци Линьцзы патшалығының астанасы атақты Цзися философиялық академиясында және Цинь легистік патшалығында бірнеше рет болған (б.д.д. IIIғ. басында). Б.д.д. 255-238ж.ж. Чу патшалығындағы Ланьлин уездінің басқарушысы болып тағайындалады. Отставкаға кеткеннен кейін педагогикалық қызметпен айналысады.
Сюнь-цзы өзінің өмірінің соңғы жылдарында «жетілген ақыл иесі болуының орнына, керісінше есі ауысқан адам» болуға мәжбүр болады. Ертедегі Қытай философиясындағы тұрпайы материализм өкілі Сюнь-Цзы Конфуций ілімінің материалистік бағытын қолдады.

Шығармалары:

«Сюнь-цзы» атты трактат жазған.

Философиялық көзқарастары:

Ол Көк-Аспанды нақты заттар ретінде: жұлдыздар, күн мен ай, жыл мезгілдері жарық пен қараңғы, жел мен жауын деп түсінді. Аспан әлеміндегі түрлі құбылыстар белгілі заңдылықпен жүреді деді. Таным сезімнен басталады, ал сезімді тудыратын табиғи заңдылықтар. Сана (син) сезімді билейді. Адам табиғатында не жақсы, не жаман қасиеттер жоқ. Олар кейін пайда болады.
Сюнь-цзы адам мәнінің ерекшелігі туралы пайымдағанда, оның әлеуметтік мәнін айқын түйсінген. Ол былай деп жазады: «Адамның күші өгіздің күшінен кем, жүгіру қабілеті жылқыдан төмен, бірақ ол жылқыға да, өгізге де жұмыс істетеді. Неліктен бұлай? Оның жауабы: адамдарда бірге өмір сүру қабілеті бар, ал өгіз бен жылқыда ондай қабілет жоқ». Бұл қорытынды, біздіңше, классикалық қытай философиясында адам мәнін ұғынудағы маңызды саты болған. Батыстық философияда бұл идеяны дәл осындай айқын түрде Аристотель айтқан еді. Сюнь-цзының пікірінше, әлемде тұратын адамдардың бірге тұрмауы мүмкін де емес екен.
Сюнь-цзы адамдардың бірге тұруының, яғни қоғамның негіздерін түсінуге талпынған. Ол ешқандай мифологиялық бастауды іздемейді және ғылыми деуге тұрарлық түсіндіруді табуға талпынуы оның даусыз еңбегі еді. Бірақ Батыстағы қоғамдық келісімнің теоретиктері (Т.Гоббс, Ж.-Ж.Руссо және т.б.) қоғамды тарихи тұрғыда емес, сол кезеңнің буржуазиялық қоғамы ретінде қабылдайтыны сияқты, Сюнь-цзы да қоғам ретінде өз заманындағы қытай қоғамына сыни көзбен қарамайды. Бұдан оның: «Адамдар ненің арқасында бірге тұра алады? Жауап беремін: міндеттерді өзара бөлісудің арқасында. Ондай бөлініс қалай мүмкін болады? Жауабым: парыз сезімінің арқасында. Сондықтан парыз сеніміне сай бөлініс жүргізілгенде, ол келісімге алып келеді; адамдардың арқасында келісім болса, ол бірлікке жетелейді; бірлік күштің молаюына, ал күштің көптігі құдыреттілікке жеткізеді; құдыреттілік заттарды жеңуге мүмкіндік береді.
Сюнь-цзы өзі өмір сүрген қоғамдағы еңбек бөлінісі мен оның негізіндегі әлеуметтік қызметтің бөлінісіне арқа сүйеген. Теңсіз бөліністің қажеттілігіне негізделіп, ол өз трактатында экономикалық мәселелерді де қарастырған.
Демек, Сюнь-цзы ілімін талдай келіп, мынадай қорытынды жасауға болады. Бұл ілімде этикалық бастау Конфуций немесе Мэн-цзы ілімдерімен салыстырғанда аса маңызды болмайды, өйткені бұл бастауды саяси және экономикалық бастаулар ығыстырған. Осының салдарынан адамгершіліктің маңызы жол-жора мен парыздан төмен болады. Бірақ Сюнь-цзының бекзат ер (цзюнь цзы) мен қарапайым адамның (сяо жэнь) өзара орын алмастыру мүмкіндігін жоққа шығармауына байланысты оның ілімін Конфуций мен Мэн-цзының ілімдерінен (Хань дәуірінің конфуцийшілдерін айтпағанда) әлдеқайда адамгершілік сипатта болады және оған адамның әуелгі зұлым табиғаты туралы қағидасы кедергі болмайды.
Сюнь-цзы Конфуций іліміне материалистік нышан енгізген. Әлемнің негізі материалдық күш (ци) және оның екі түрі болады (инь жэне ян). Әлем өзінің табиғи заңдылықтары арқылы өмір сүреді, көк тәңірі – әлемнің құрамдас бөлігі ғана, оны зерттеп, сырын ұқса адамдардың мақсат-мүдделеріне пайдалануға болады. Бақытты, бақытсыз болу, сау немесе ауру, бай немесе қайыршы болу адамдардын өзіне ғана байланысты. Бұл тұжырым Абайдың ауруды жаратқан Құдай, бірақ нақты адамды ауру қылған Құдай емес; байлық кедейлікті жаратқан Құдай: бірақ белгілі бір адамды бай немесе кедей қылған Құдай емес, адамның бақытты яки бақытсыз болмағы өзінен дейтін ойымен үндесіп жатыр.

Философиялық афоризмдері:

***
 Аспанастын біріктіру, заттарды жақсарту керек, соның нәтижесінде халық өмір сүреді және өзінің өмір сүруіне қажетті заттарды ала алады, ал Аспанастындағы – пайда таба алады, адамдар барлық жағынан сөзсіз бағынады, алты ілім келмеске кетеді, ал он екі философ өз көзқарастарын өзгертеді – қолында билігі бар кемеңгерлер осындай болады.
***
 Теңдікке жету үшін теңсіздік қажет.
***
 Әрбір адам әлденені дұрыс деп есептейді – бұл данаға да, ақымаққа да бірдей тән. Алайда олардың дұрыс деп есептейтіндері бір-бірінен бөлек; дана мен ақымақтың арасындағы айырмашылық та осында.
***
 Билеушінің міндеті – қайырымды болу, қарапайым адамдардың міндеті – қара жұмыспен айналысу. Қара жұмыс – игілікке қызмет ететін жұмыс. Қарапайым адамдардың еңбегі ол қайырымды билеушіге бағытталғанда ғана жинақталады.
***
 Адасу деп не аталуы мүмкін? Тілектермен ғана шектелу адасу болады, жеккөрушілікпен ғана шектелу – адасу, заттардың тек басталуын ғана көру – адасу, олардың ақырын ғана көру – адасу, тек ұзақтағыны ғана көру – адасу, жақындағыны ғана көру – адасу, кең ауқымнан ғана көру – адасу, кемшілікті ғана көру – адасу, көнеге қарай бойлай беру – адасу, бүгінмен ғана өмір сүру – адасу болады. Барлық заттар бір-бірінен ерекшеленеді, сондықтан оларға жақсылап қарасақ сөзсіз адасушылық туындайды. Бұл адамдардың ойлауындағы жалпы дерт.
***
 Ілім үйренуде кідіруге болмайды.
***
 Жүрек – тәннің билеушісі және даналықтың иесі. Ол тәнге бұйрық береді, оны қабылдамайды: ол өзі тыйым салады, қозғалуға, ұстауға, алуға, әрекет жасауға және тоқтауға мәжбүрлейді. Сондықтан ауызды ашпауға немесе үндемеуге мәжбүрлеуге болады; тәнді иілуге және тіктелуге мәжбүрлеуге болады; жүректі қорқытып, өз ниетін өзгертуге мәжбүрлеуге болмайды. Жүрек өзі дұрыс деп есептеген нәрсені ғана қабылдайды және өзі бұрыс деген нәрсені теріске шығарады.
***
 Тексеруге болмайтын сөздерге; бұрын болмаған іс-әрекеттерге; бұрын еш жерде естілмеген ойларға – осының барлығына кемеңгер адам сақтықпен қарайды.
***
 Адам өз табиғатынан керемет қасиеттер мен даналыққа ие болса да, ол сонда да дана ұстаз туып, барлық істе оның соңынан еруі керек, ол жақсы адамдардан дос тауып, олармен достасуы керек.
***
 Адамның сыпайы, көнгіш болуы оның табиғатына қайшы келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *