ПИФАГОР САМОССКИЙ
(б.д.д. 570 – 490 ж.ж.)
— «Философия» сөзін алғаш рет ғылымда қолданған Антика дәуірінің атақты философы және математигі, пифагорлік діни-философиялық мектепті құрушы.
Пифагор Самос аралында туып-өскенімен, кейінірек келе, әртүрлі жағдайларға байланысты, Египетте, Вавилонда (абыздардан дәріс алған), Үндістанда болып, ең соңында «Ұлы Элладаның» Критон қаласында өмір кешкен. Пифагордың әкесі Мнесарх зергер болған. Пифагордың анасының аты белгісіз. Көптеген жазбалар бойынша туған бала өте әдемі болған және өсе келе өзінің ерекше қабілетімен көзге түскен.
Жас Пифагордың ұстаздарынан Гермодамант пен Ферекид Сиросскийді атауға болады (алайда Пифагордың алғашқы ұстаздары Гермодамант пен Ферекид екені нақты емес). Жас Пифагор күні бойы Гермодаманттың жанында жүріп, Гомердің жақсы әуендерді тыңдап өскен.
Гомердің әуендерін Пифагор жадында мәңгі сақтады. Пифагорды ойшыл деп мойындағаннан кейін жас талант әр күнін оқушылардың арасында Гомердің әуенімен бастаған. Ферекид Италия мектебінің негізін қалаған философ болған. Осылай, Гермодамант Пифагорды музыкаға, Ферекид ғылымға үйреткен.
Ферекид Пифагорға табиғат сенің алғашқы да басты ұстазың деген. Жас Пифагорға өз қиялын іске асыру үшін Самостар болды, сондықтан ол Милетке сапар шегіп, онда басқа ғалым – Фалесті кездестірді. Фалес оған білім алу үшін Египетке бар деп кеңес берді. Пифагор оның кеңесін жөн көрді.
Пифагор б.з.д. 548 жылы үй – жай және тамақ табылатын Навкратис жеріне келді. Фараонның түсіндірме хатына қарамастан білгірлер Пифагорға өз құпияларын ашуға асықпай, оған қиын сынақтар қойды. Пифагор білімге деген құштарлығының арқасында сынақтардан оңай өтті. Ол кездегі Египет геометриясы жаратылыстану бағытындағы ғылым болғандықтан египеттік білгірлер оған көп нәрсені үйрете алмады. Білгірлер берген білімді меңгерген Пифагор өз Отанына Элладаға қашып кетті. Біраз жол жүрген Пифагорды үйіне қарай бет алып бара жатқан Вавилон билеушісі Камбиз тұтқынға алады.
Пифагордың Вавилондағы өмірі аса қиын болған жоқ. Вавилон математикасы Египеттікіне қарағанда аса дамыған болатын және Пифагордың үйренетіні де көп еді. Бірақ б.з.д. 530 жылдары Кир Орта Азиядағы тайпаларға қарсы жорыққа шығады. Қаладағы бұл жағдайды пайдаланып Пифагор Отанына қашып кетеді. Бұл кезде Самос аралығындағы билік Поликрат патшаның қолында еді. әрине Пифагор жартылай құл ретінде өмір сүруді ұнатпады,сондықтан ол Самостың жанындағы үңгірге кетіп қалады. Бірнеше айдан соң Пифагор Кротонға көшіп келеді. Кротонда Пифагор өздерін пифагорлықтар деп атаған адамдардан діни одақ құрады. Ол әрі діни бірлестік,саяси клуб және ғылыми одақ болған. Пифагордың кейбір әдеттері үлгі алуға лайықты.
… жиырма жыл өтті. Одақтың атағы бар әлемге тарады. Бір күні Пифагорға бай, бірақ жексұрын Килон одаққа бірігу үшін келеді. Пифагор Килонның бетін қайтарады. Килон Пифагордың үйінің өртенгенін пайдаланып, оған қарсы шығады. өрт кезінде пифагорлықтар өз өмірлерін қиып, ұстаздарын құтқарып алады. Қатты қайғырған Пифагор өз-өзіне қол жұмсайды.
Осы кезеңде оңтүстік Италия мен Сицилияда «Пифагоршылар мектебі» деп аталған одақ құрылып, онда қоғамдық өмірді діни-әдептілік тұрғыдан реформалау қажеттігі туралы ілім кең өріс алды. Пифагоршылар қоғамда анархияның етек алуына қарсы болып, құдайдың айтуымен жасалған мемлекеттік заңдарды сақтау керектігін уағыздады. Пифагоршылар өздері бірауыз болмағаны, осыған орай «ата жолын» қуушылар мен мемлекеттік билікке барлық халық қатысуы керек деген ағымдардың арасында тартыстар болғаны белгілі.
Пифагор және пифагоршылар туралы Аристотель былай дейді: «Олар математикамен шын мәнінде шұғылданған алғашқы ойшылдар. Пифагор тек қана математикамен айналысып қоймай, оның негізгі қағидаларын – сандарды жалпы әлемдік қағидаға айналдырған және сол сандардың арақатынастарын, олардың арасындағы прапорцияны әлемдік үйлесімділіктің бейнесі деген көзқарасты өзінің философиялық ілімінің өзегі етіп қабылдаған. Оның пікірінше, сандар – барлық заттардың, Ғарыштың негізі. Пифагордың Ғарыштың бастамасы, негізі деп отырған сандары жай күнделікті өмірде қолданып жүрген сандар емес, олар – Ғарыштың реттілігін, үйлесімділігін көрсететін сандар. Бұл үйлесімділікті біз аспан денелерінің бір сазды дыбысты белгілі бір интервалда шығаруынан білеміз. Бірақ ол дыбыстар үздіксіз шығып тұрғандықтан және олар бізге тұрақты әсер еткендіктен, біз оны қабылдай алмаймыз. Әр планета Жерді айнала жүріп, өздеріне тән дыбыс шығарады. Мысалы, Айдың дыбысы биік, ал Сатурнның дыбысы өте төмен, осы екі дыбыс қосылғанда үйлесімді мелодия пайда болады. Сандар тек денелерге тән бастама емес, олар әдептілікке де, рухани құбылыстарға да, жанға да тән. Жан дегеніміз – сандардың үйлесімділігі. Жан мәңгі өмір сүреді. Ол адам өлгеннен кейін жануарларға, өсімдіктерге ауысуы мүмкін. Бұл жерде біз Пифагорға Ежелгі Үндістандағы Веда ілімінің әсерін байқаймыз. «Ежелгі Үндістандағы философиялық көзқарастардағы сияқты өмірдің негізгі мақсаты, — дейді Пифагор, — жанды тазарту. Оған құмарлықты жеңу, жастардың үлкендерді бұлжытпай тыңдауы, достық пен жолдастықты дәріптеу сияқты әдептілік қағидаларын сақтай отырып жетуге болады».
Философиялық көзқарастары:
Пифагоршылар Гераклит сияқты Ғарыш қарама-қайшылыққа толы дей отырып, олардың он жұбын атап көрсетті. Олар: шектілік және шексіздік, тақ және жұп, жалқы және жалпы, оң және теріс, еркек пен әйел, тыныштық пен қозғалыс, түзу мен қисық, жарық пен түнек, жақсы мен жаман, квадрат пен көпқырлылық. Осылардың ішіндегі ең маңыздысы – шектілік пен шексіздік. Шекті нәрселерді танып-білуге болса, шексіздікті танып-білу мүмкін емес. Шекті денелер геометрия арқылы бізге мәлім болса, шексіздік-танымның мүмкіндік шеңберінен тыс, сондықтан оны тек ойша шамалауға болады.
Қорыта айтқанда, Пифагор – философтардың ішінде бірінші болып өз ілімінде сан категориясын жан-жақты қарастырған және өз ілімін халық арасында үгіттеп таратқан (пифагоршылар одағы) ғұлама. Оның ілімдері кейінірек Платон философиясының қалыптасуына үлкен әсер етті.
Философиялық афоризмдері:
Ұйықтар алдында өткен күнде өзіңнің не істеп, не тындырғаныңды ой елегінен бір өткізбей тұрып, көзіңді жұмушы болма.
***
Алтын жалатқан қару сияқты, мақтаншақтардың да іші тысына сәйкес келмейді.
***
Даналық бастауы: ойлануға үйрену, мылжыңдаудан жирену.
***
Ең ақиқат не? – адамдардың ақымақ екендігі.
***
Ең әуелі әр нәрсені өз атымен атап үйрен: бұл ғылым атаулының әліппесі һәм ең негізгісі.
***
Пенде! Өзге хайуанның өзіңе нендей нәрсені істемеуін қаласаң, сен де оған сондай нәрсені істеме.
***
Ақылға бағынбаған, құдайға табынбайды.
***
Білімді даналыққа санама.
***
Сенімді дос тапсаң, өзіңе-өзің серік бол.
***
Аз сөйле, жазуың одан да аз болсын.
***
Тыныш өлгің келсе, бір қалыпты өмір сүр.
***
Шығармаларында ғана дана боп көрінетіндердің бірі болудан Құдай сақтан.
***
Ештеңеге таңырқама, таңырқаудан құдайлар жаратылған.
***
Атың өшпей ел аузында жүрсін десең, артыңа өнегелі ұрпақ, жақсы кітап қалдыр.
***
Данышпан! Қарапайым жұрт арасында өмір сүруге міндетті болғандықтан, араласып кетпей су бетінде қалқып жүретін май сияқты бол.
***
Тәніңді жаныңның табыты қылма.
***
Өз үйінде әке бола алмаған қалаға әкім бола алмайды.
***
Жұртты тануға үйрен: Құдайды танып-білуден гөрі, адамды танып-білу оңайырақ әрі мәндірек.
***
Өз атыңызды өз қолыңмен өңде: құлдарыңа сеніп тапсырма. Өйткені, жер азат адамның алақанына ғана бас иеді.
***
Әйелімен тіл табыспағанға дос болам деп жабыспа.
***
Мүлік-дәулет, отауы болмағанның Отаны да болмайды.
***
Жан-жануарды өлтіруден қаш – олардың қанын төгу адамдарды өз тұқымдастарының қанын шімірікпей төгетін жауыздыққа әкеп соқты.
***
Табынар жалғыз тәңірің өзіңнің ар-ұжданың-ақ болсын.
***
Құдайдан да көне деп сұраса: Қорқыныш пен Үміт деп жауап бер.
***
Әуелі дана болуға тырыс, ал бос уақытың болғанда ғалым бола жатарсың.
***
Шарапқа бөртіп алып, дүниеге бала әкелетін қасиетті іске кіріспе.
***
Абыздардың айтуынша, құдайлар көп өтпей адамды жаратқанына өкініпті. Ал біз: адам құдайды жаратқанына өкінді деп нық сеніммен айта аламыз.
***
Көз жасы кейін қабырыңа төгілсін десең, тірлігіңде балаларыңды жылатпа.
***
Күші бірдей екі адамның ішіндегі күштірегі – әділі.
***
Өмір театр тақылеттес: онда ең жақсы орынды көбіне-көп ақымақтар алып алады.
***
Қасиетсізге құрмет қылу – ессіздіктің белгісі.
***
Жәндікті өлтірген балаңды қатаң жазала, әйтпесе сөйте-сөйте кісі өлтіреді.
***
Сөйлемес бұрын ойыңды тіліңнің астында ұстап пісіріп ал.
***
Жұрт не десе о десін, өзің дұрыс санаған нәрсені ғана істе.
***
Мақтауға тасымай, даттауға жасымай – бір қалыпты салқын қанды бол.
***
Үндеме, әйтпесе үндемегеннен гөрі дұрысырақ нәрсені айт.
***
Сенімді дос ізде өзіңе, оны тапсаң, құдайсыз-ақ күніңді көресің.
***
Ақиқатқа ұмтыл, сонда ғана Құдайға жақындай түсесің.
***
Ақиқатты боямасыз жалаңаш көрген абзал, ал өтірік әлем-жәлем қымтанып көз алдай берсін.
***
Бәрінен бұрын өз басыңның қадірін түсірме.
***
Ашу үстінде тіл мен қолыңа ерік берме.