ЛАО-ЦЗЫ (ЛИ ЭР, ЛАО ДАНЬ, ЛАО ЛАЙ-ЦЗЫ)
(б.д.д.VI -Vғ.ғ. Қытайдың оңтүстігіндегі Чу патшалығы)
— ұлы қытай философы, «Қарт нәресте» немесе «Дана қарт» деген атқа ие болған.
Шығармалары:
«Дао дэ цзин» философиялық трактаты.
Қазіргі ғылым Лао-цзының тарихилығына күмән келтіреді, сонда да ғылыми әдебиеттерде оны даосизмнің негізін қалаушы деп есептейді. Сыма Цянның (б.д.д.II- ғ.) («Ши цзи» кітабында) айтуына қарағанда, Лао-цзы Чу патшалығында өмір сүрген. Чжоу патшалығының кітапханасының сақтаушы қызметкері болып қызмет еткен, сол жерде Конфуциймен кездескен. Өз ілімінің Қытайда іске асатынына сенбей күмәнданған Лао-цзы Батысқа саяхатқа аттанған. Шекарада оның басшысы Инь Сидің сұрауы бойынша «Дао дэ цзин» кітабын жазып қалдырған, онда өзінің ілімін баяндаған. Кейін Лао-цзы жеке тұлғасы мифке айналдырылған. Хань династиясы кезінде ол «Аспан мен Жерден» бұрын пайда болған дао ретінде қабылданады, даостардың жоғарғы Құдайы – Лао-цзюнь («Қарт патша») ретінде сыйыну обьектісіне айналды.
Философиялық көзқарастары:
Даосизм философиясында Дао барлық бар нәрсенің субстанциялық заңдылығы, ғарыш, адам, қоғамның мезгілсіз болмыс заңы, тудырушы бастау, формаға ие болған заттардың генетикалық алғышарты, жол, циклдік уақыт принципі, әлемнің онтологиялық мәнімен бірігуге талпынған адамның өмірлік жолы. Даоға игі күш – дэ тән. Даосизмнің жетекші тұжырымдамаларына цзы жань (табиғилық) және у вэй (әрекетсіздік, мақсатты әрекеттің жоқтығы) жатады. Даосизм ілімге сай өзімшілдік ұстанымдар мен даодан бас тарту адамдардың адасуына ұшыратады, олар әлемді өзіндік мәні болады деп түсіндірілетін жеке заттарға бөлшектей бастайды. Даоның ешқандай шекарасы жоқ – дао әлемде барлығы теңестірілген, біртұтастыққа біріктірілген. Барлық қайшылықтар үйлесімділікке келтірілген, обьект пен субьект бір-біріне қарсы қойылмаған. Осыдан даосизм философиядағы релятивизм шығады (Чжуан цзы). Дао – космоспен біріккен, ақиқатты аныған данышпан үшін өмір мен өлім туралы қарама-қарсы түсінік жоқ. Даосизмде адам біркелкі психосоматикалық тұтастық, руханилық (жан) мен материалдыққа (тән) бөлінбеген. Рухани бастау – «рух» (шэнь) квазиматериалды субстанция «пневманың» (ци) нәзік күйі ретінде түсіндіріледі. «Рух» денемен бірге өледі және әлемдік «пневмаға» жайылып кетеді, ал дао — универсумы болса – мәңгі, сондықтан оған ұқсас адамда мәңгі болуы тиіс. Мәңгілік даомен қосылған кезде іске асады.
Даосизм тарихының түптамыры Шу патшалығындағы шамандық сенімдермен және магтар, сиқыршылар ілімдерімен байланысты болуы мүмкін. Б.д.д. III-IVғ.ғ. философиялық рефлексияның нәтижесінде алдыңғы ғасырда стихиялық түрде қалыптасқан түсінік негізінде ілім пайда болады. Оны ұстанғандар кейін б.д.д. I-IIғ.ғ. пайда болған «дао және дэ» (даодэ цзя) мектебіне жатқызылады. Бұл ілімнің ескерткіштеріне аты жартылай аңызға айналған данышпан Лао-цзы жазды деген «дао дэ цзин» және IV-IIIғ.ғ. философы Чжуан Чжоудың көзқарастары баяндалған «Чжуан–цзы» трактаттары жатады. Одан басқа Даосизмнің негізін қалаушыларға Ле Юйкоу (Лю Аньды) Хуайнань-цзы (б.д.д.IIғ.) жатқызуға болады. Діни-философиялық жүйе ретінде Даосизм б.д. Лао-цзы мен Чжуан-цзы ілімдерінің, натурфилософтар (иньян цзя), «рух» концепциясының, шамандар мен магтардың сенімдерінің, «өлмейтін қасиетті адамдар» (сянь, шэнь сян) туралы түсініктің синтезі нәтижесінде пайда болады. Даостар ілімін ежелде мифтік «Сары императорға» (Хуан ди) құпия ашылған кезде пайда болды деп есептейді. IIғ. Лао-цзы құдай аталып, «даоның денесі» ретінде қабылданады. Сол кезде институцияланған даошылдық бағыт – Тяньши (дао), яғни «аспан ұстаздарының жолы» пайда болады. Бірінші патриархы – Чжан Даолин.
«Аспан ұстазы» титулы Чжан руында мұраға осы күнге дейін беріліп келеді. VII-VIIIғ.ғ. буддизмнің әсерімен даошылдық монахтық институт және монастырьлар пайда болды, ал діни практикада психотехникалық әдістер (медитация) басымдылыққа ие болды, негізгі зейін ішкі өзіндік жетілдіру жолдарына бағытталады. Даосизмнің әдебиетке, өнерге және т.б. қытай мәдениетінің аспектілеріне елеулі ықпалы болған. Даосизм дәстүрлі медицинаға әсері теория жүзінде де (адам денесінің Әлемнің құрылымына сәйкестігі, организмнің тіршілік етуі мен құрылымы туралы ілімдер), практика жүзінде де (инемен емдеу, фармакология) елеулі.
VIIғ. Даосизм Кореяға – Когуре мемлекетіне енді. Жапонияда синтоизмге де өз ықпалын тигізді. Қазіргі күні ҚХР-да даосизмді ұстанушылар Ассоциациясы бар. Даосизм Тайвань мен Гонгконгта өте танымал.
Философиялық афоризмдері:
***
Аспан мен жер — мәңгілік. Аспан мен жер өздері үшін өмір сүрмегендіктен мәңгілік. Міне, неліктен олардың мәңгілік бола алатындығы осыдан.
***
Ең жақсысы – бір нәрсені толтыруға талпынғаннан гөрі, ешнәрсе жасамау. Егер ылғи бір өткір нәрсені қолдана берсе, ол өзінің өткірлігін ұзақ уақыт сақтай алмайды. Егер зал алтын мен яшмаға толтырылған болса, оны сақтап қалуға ешкімнің шамасы келмейді. Егер байлар мен атақтылар дандайсынушылық танытса, олар өздеріне бақытсыздық шақырады. Ісі аяқталған кезде адам аулақ кетуі керек. Көктегі даоның заңы осындай.
***
Бес бояу көруді нашарлатады. Бес дыбыс естуді нашарлатады. Бес дәм сезушілік дәмді нашарлатады. Жылдам жүріс пен аңшылық жүректі қобалжытады. Бағалы заттар адамды қылмыс жасауға итермелейді.
Сондықтан кемеңгер данышпан өмірді толымды етуге тырысады, бірақ оны әдемі заттарға ие болу үшін жасамайды. Ол соңғыдан бас тартады және алғашқымен шектеледі.
***
Адам жердің заңдылықтарын ұстанады. Жер аспанның заңдылықтарын ұстанады. Аспан даоның заңдылықтарын ұстанады, ал дао өз-өзін ғана ұстанады.
***
Білетіндер айтпайды, ал айтушылар білмейді.
***
Ауырлық жеңілдіктің негізі болады. Тыныштық қозғалыстың негізі болады. Сондықтан кемеңгер данышпан күні бойы адымдап, ауыр жүгі бар арбадан алыстамайды. Ол тамаша өмір сүрсе де, ол өмірге терең бойламайды. Неліктен он мың арбаның иесі әлемге менсінбей қарайды? Елемеушілік оның негізін қиратады, ал асығыстық биліктен айырады.
***
Адамдарды білетін адам – зерделі. Өзін білетін адам – білімді. Басқаларды жеңген мықты. Өзін жеңген құдыретті. Молшылықты білген бай. Кім қажырлықпен әрекеттенсе, сол жігерлі. Кім өз табиғатын жоғалтпаса, ұзақ өмір сүреді. Кімде-кім өлсе де ұмытылмаса, сол – мәңгі.
***
Қарама-қарсыға ауысу – бұл даоның әрекеті, әлсіздік даоның қасиеті. Әлемде барлық заттар болмыстан туады, ал болмыс бейболмыстан туады.
***
Не жақын – даңқ па, әлде өмір ме? Не қымбат – өмір ме, әлде байлық па? Нені бастан кешіру ауыр – ие болуды ма, әлде жоғалтуды ма? Кім көп қор жинаса, сол жоғалтады. Кім қалтасын көп толтырса, сол үлкен шығынға батады. Кім қанағаттылықты білсе, сол табысқа жетеді. Кім шектеуді білсе, сол қауіпке бой ұрмайды. Сол ұзақ өмір сүре алады.
***
Егер мен білімді болсам, онда үлкен жолмен жүрер едім. Мен қорқатын жалғыз нәрсе – бұл тар соқпақтар. Үлкен жол өте түзу, бірақ халық соқпақтарды ұнатады, соны қалайды.