КУН-ФУ-ЦЗЫ (КОНФУЦИЙ)

КУН-ФУ-ЦЗЫ (КОНФУЦИЙ)
(б.д.д. 551ж. 28 қыркүйек, Цуйфу – 479ж. сонда)

— ежелгі қытай ойшылы. Кедейленген ақсүйек әскербасы отбасында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған ол тек он бес жасында ғана білімге құштарлық танытады, ал елу жасында өз мектебін қалыптастырады.

Философиялық шығармалары:

«Әңгімелер мен пікірлер» (Лунь юй) деген еңбегі, ол 6 — кітаптан тұрады: И-цзин-«Өзгерістер кітабы», Юэ-Цзин —
«Ән-күй, музыка кітабы, Шу-цзин —
«Шежірелер кітабы», Ши-цзин — «Мадақтау кітабы», Ли-цзи немесе Чжоу ли
— «Салт-дәстүр, әдет-ғұрып» және Чунь-Цю — «Көктем және күз»).

Философиялық көзқарастары:

Кун-фу-цзының ілімінше, ең жоғары жаратушы күш – Аспан, ол жерде әділеттілік болуын қадағалап отырады. Ал қоғамдағы теңсіздік, әртүрлі сатыдағы топтардың болуы ол әділеттілік. Олай болса, Аспан (Көк) осы теңсіздікті қорғайды. Кун-фу-цзы өзінің ілімін аспан денелерінің заңдылықтарын немесе бабалар рухын зерттеуге арнамайды. «Өмірдің не екенін білмей жатып, өлімнің, рухтың не екенін қайдан білеміз»-деуінің өзі осыған айғақ.
Керісінше, оның қарастыратын негізгі мәселесі – адамдар арасындағы қарым-қатынас, тәрбие мәселелері. Осыған орай, ол мынадай ұғымдарға көбірек көңіл бөледі: «тең орта», «адамгершілік» және «өзара сүйіспеншілік». Осы үш ұғым бірігіп, «дао» (дұрыс жол) құрайды. Әр адам осы даоның жолымен өмір сүруі қажет.
«Тең орта» адамдардың сабырсыздық пен сақтықтың арасындағы іс-әрекеті. Өмірде мұндай «ортаны» ұстап, іс-әрекет жасау оңай емес, себебі адамдардың көпшілігі сабырсыздық көрсетсе, бір тобы тым сақ келеді.
Ал адамгершіліктің негізі – «жэнь», «ата-анасын құрметтеу және үлкен ағаларын сыйлау», жалпы алғанда, үлкендерді сыйлау. Кім де кім шын жүректен адамгершілікке ұмтылса, ол ешуақытта жамандық жасамайды. Ал «өзара сүйіспеншілік» арқылы қарым-қатынас – конфуцийшылдық әдептілік туралы ілімнің негізгі өзекті ұғымы. Бұл әдептілік қағидасы, бір сөзбен айтқанда, «өзің қаламайтын нәрсені басқа біреуге жасама» дегенге сайып келеді. Аталған әдептілік қағидаларын «текті адамдар» (цзюнь-цзы) ғана басшылыққа алып, іс-әрекет жасайды.
Конфуцийшылдар өздерінің шығармаларының көбінде осы «текті адамдарға» қарапайым адамдарды қарсы қояды. «Текті адам» — заң мен парызды басшылыққа алса, қарапайым адам қалай тиімді орналасып, пайда тапсам деп ойлайды. «текті адамға» үлкен маңызды шаруалар тапсыруға болса, қарапайым адамға ондай тапсырма бере алмайсың, оларға тек қана ұсақ-түйектерді тапсыруға болады. «Текті адам» басқалармен келісімді жағдайда өмір сүрсе де, олардың артынан ермейді, өзінің жолын ұстайды, ал қарапайым адам жұртпен келісімді өмір сүрмесе де, солардың айтқанын істеп, артында жүруге дайын тұрады, т.б.
«Текті адам» тек қана этикалық ұғым емес, ол саяси ұғым да. Ол халықты басқарады. Ал басқарудың негізгі қайнар көзі – басшының өз басының әдептілік қасиеттерін өзінен төмен тұрғандарға мысал ретінде көрсету. Егер басшылар «дао» жолымен жүрсе, онда халық оларға қарсы келмейді.
Кун-фу-цзы барлық нәрсе өзгерісте болады, уақыт тоқтамай өтіп жатады десе де, қоғамдық өмірге келгенде, ондағы қалыптасқан жағдайлар қаз қалпында дамуы керек деп есептейді. Сондықтан билеуші – билеуші, шенеунік – шенеунік, әке – әке, ал бала – бала болып, аттарына байланысты емес, шын мәнінде қалулары керек. Ал оларда күтпеген жерде кездейсоқ өзгерістер бола қалса, ол тез арада өз қалпына келуі керек. Билеуші – әке, халқы – оның балалары. Осы тұрғыдан мемлекет басқарылуы керек. Демек, «білу – дегеніміз, табиғатты емес, адамдарды танып-білу» деп есептейді. Кейбір адамдарға «туа біткен білім» тән болғандықтан, олар басқалардан жоғарырақ тұрады. Олардан кейін білімді оқу арқылы алғандар тұрады. Оқу, білу таңдамалы түрде болуы керек. Оқығанда тек өмірде керекті, ең дұрыс деген қағидаларды білу керек, қалғандарынан аулақ болу қажет. Білу дегеніміз – тек қана өзіміз білмейтінді үйреніп, білу емес, сонымен қатар зерттеп отырған мәселелерді жан-жақты қарастыру тәсілі.
Конфуцийшылдық б.д.д. I — ғасырда мемлекеттік ілімге, ал IX — ғасырдан бастап Қытайдағы негізгі діни көзқарасқа айналды.

Философиялық афоризмдері:

***
 Басқаруды есім сөздерді түзетуден бастау керек… Сөз дұрыс жазылмаса, оның негізі жоғалады. Негізі болмаса, онда істеген ісіміз де жүзеге аспайды.
***
 Қарамағында мыңдаған әскери арба-жарақтары бар мемлекетті басқаруда ықыласты мейлінше осы іс-әрекетке шоғырлат та, (халықтың) сенімін ақта; шығысты үнемдей біл және адамдарды аяғын; халықты тиісті кезде пайдалан.
***
 Жас бүлдіршіндер үйде ата-аналарын құрметтеуі тиіс, түзде – үлкендерді сыйлауы, іс-әрекетте – сақ болуы, сөзінде – әділ, адамдарды шексіз сүюі, сөйтіп осылайша орындағандардың ынта-ықыласы басылмаса, оны вэнь — мәдениетті оқуға жұмсауы қажет-ақ.
***
 Егер бекзат кісі өзін салмақты ұстамаса, беделін пайдалана алмаса, онда оның білімдарлығы терең емес. Сенімділікке және адалдыққа ұмтыл; өзіңмен тең емеспен достаспа; қателіктерді жөндеуден тартынба.
***
 Адамдар сені біле бермейді деп, қайғырма. Өзің адамдарды білмейтініңе ренжі.
***
 Кімде-кім ескіні қайталай, одан жаңаны таба алса, ол жетекші болуға лайық.
***
 Ата-бабаларың еместердің рухына құрбандық шалу – жарамсақтық. Өз борышыңды өтердегі әрекетсіздік – қорқақтық.
***
 Адамды сүймейтін – адам! Мұнда қандай рәсім-салт ұстанбақ? Адамды сүймейтін адамда, қандай ән мен сән болмақ?.
***
 Садақтың жебесін атқанда теріні тесіп өткізу – басты шарт емес. Адамдардың күші бірдей емес қой. Бұрынғы аталар Жолының ұқтырары осы.
***
 Адамсүйгіштікке берілген, зұлымдық жасауға ермеген.
***
 Жеке басының қамынан туындаған қимыл-әрекет күшті наразылық тудырады.
***
 Бекзат қайраткер тек әділеттікті ойлайды, ұсақ пенде пайданы ғана ойлайды.
***
 Дәмсіз тамақты жеу, су ішу, шынтақтап бүктеле ұйықтау – мұның бәрі де қанағаттанарлық күй. Маған тер төкпеген байлық пен атақ өтпелі бұлт сияқты.
***
 Халықты күштеп жұмыс істетуге болады, бірақ не үшін істеліп жатқанын күштеп түсіндіруге болмас.
***
 Егер сен оның орнында болмасаң, онда оның басқару ісіне араласпа.
***
 Оқыған кезде білімді ала алмай қалам ба деп қорық, ал оқуды бітірген соң білгенімді ұмытып қалам ба деп қорық.
***
 Табиғи қасиеттер адамдарды жақындатады, ал қабылдаған әдеттер – алыстатады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *