ЕЖЕЛГІ ҮНДІНІҢ ФИЛОСОФИЯСЫ

ЕЖЕЛГІ ҮНДІНІҢ ФИЛОСОФИЯСЫ

Жалпы адамзат тарихында қола дәуірінен өту өндіргіш күштердің ширақ дамуына ғана әкеп соққан жоқ, сонымен қатар рулық, алғашқы қауымдық қоғамның ыдырап, құлдық қоғамның пайда болуына, ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінуіне, адамның белсенді іс-әрекеті арқасында өзінің табиғат құдыреттері алдындағы әлсіздігі, бағыныштылығы сияқты құбылыстарды жоюда алғашқы қадам жасауына, сол табиғат құбылыстары туралы білімнің қалыптасуына, осы негізде абстракциялық ойлау қабілетінің өсуіне мүмкіндіктер туды. Сөйтіп, ғасырлар бойына қалыптасқан әдет-ғұрып, дәстүр, дүниетанымдық көзқарас күйзеліске ұшырап, олардың орнына қоғамда қалыптасқан жаңа жағдайларды түсіндіретін тың көзқарас кең өріс ала бастады. Бұл көзқарас қияли заңдылықтарға сүйенген мифологиялық дүниетаным мен жаңадан дүниеге келіп жатқан білім және ойлау қабілетінің арасындағы қайшылықтарды шешуге тырысты. Бірақ мұндай көзқарас әлі де болса философия емес еді. Себебі ежелгі шығыста өндірістік тәсілдің баяу қалыптасуы, философиялық ой-пікірдің сол кездегі жетістіктерімен нашар байланыста болуы Шығыс философиясының діни-мифологиялық көзқарастан, күнделікті әдептілік санадан толық арылуына мүмкіндік бермеді.
Дегенмен де, табиғат құбылыстары мен олардың арасындағы өзгерістерді сиқырлы, танылмайтын беймәлім күштердің құдыретінен деп ұғып, адамға ұқсас құдай бейнесін жасау – абстрактілі ойлау процесінің жетілгендігін көрсетіп, дүниетанымдық көзқараста философияның жеке бағыт болып қалыптасуына қажетті алғышарты болды.
Біздің жыл санауымыздан үш мың жыл бұрын Ежелгі Үнді жерінде қауымдық қоғам ыдырап, оның орнына құлдық қоғам қалыптаса бастады. Осыған орай, ежелгі үнді қоғамы төрт варнаға (кастаға) бөлінді: брахмандар (абыздар), кшатрийлер (әскербасылар), вайшьилер (ауқатты шаруалар) және шудралар (құлдар). Әр варна тұйықталған әлеуметтік топ болды да, әрқайсысы қоғамда өзіне тиесілі орын алды және өздеріне ғана тән әртүрлі мамандықтары болды. Мысалы, брахмандардың үлесіне ой еңбегі, кшатрийлерге әскери қызмет, вайшьилерге – ауылшаруашылық, қолөнер кәсібі, саудагерлік тисе, шудраларға қара жұмыс қана тиді. Ежелгі үнді қоғамының осы даму кезеңіне сай мифологиялық, философиялық көзқарастары да қалыптасты. Олар негізінен үнді мәдениетінің ескерткіші Ведаларда (веда — б.д.д.1500ж.) жинақталған. Ведалар төрт бөлімнен тұрады: 1-Самхит – құдайларға арналған гимндер жинағы, 2-Брахман – самхитті түсіндіретін әртүрлі мифологиялық әңгімелер, ритуалдар, т.б. 3-Араньякта (Орман кітабы) – брахманға тән ритуалдың орнына құдайларды іштей сыйлап-құрметтеу, олар туралы ойланып-толғану сияқты көзқарас. 4-Ведалардың ең соңғы сатысы «Упанишадта» дәстүрлі варналарды бір-біріне қарсы қоюдан гөрі, олардың арасындағы айырмашылықты ең жоғары білім арқылы жоққа шығаруға болады деген идея уағыздалады. Упанишадтың басты тезисі Брахман туралы. Ғарыштың негізінде мәңгі мәнділік – Брахман жатыр. Ал одан барлық заттар дамып өскен. Олай болса, Брахман – бар әлемнің генетикалық, түпнегіздік бастамасы және олардың соңы. Брахман екі түрлі болады. Біріншісі қозғалмайды, нақты өмір сүреді, бірақ жойылып кетуі мүмкін, ал екіншісі жойылмайды, өлмейді, қозғалыста болады және ақиқат. Бірінші брахман көп түрлі болса, екіншісі жалқы. Кейбір жағдайларды брахманмен қатар, синоним ретінде, атман ұғымы да қарастырылады. Атманның табиғаты бір жағынан дене сияқты болса, екінші жағынан рух сияқты. Рухты атман – тіршіліктің негізі, ал екеуі қосылып, барлық денелердің ішкі бастамасы, негізі және соңы болады. Атман тек бастама ғана емес, ол – саналы тіршілік иесі, әлемді жаратушы. Брахман және атманмен қатар тұрған ұғымдардың бірі – пуруша және «мен». Пуруша (еркек) ол – әлем, адам түріндегі әлем. Сондықтан атман бастапқыда пуруша түрінде болып, «мен әлемді жаратамын» деп: аспан суын, сәуленің бөлшектерін, өлімді, суды жаратты. Осыдан біз атманның саналы екенін түсінеміз. Упанишадта «менді» брахманмен, атманмен тең деп түсінгенде ғана, адам өзін Құдаймен, бүкіл әлеммен теңмін деп түсінеді. Ал «мен» бір бөлек, брахман, атман бір бөлек деп түсінетін болсақ, ол білімділікке жатпайды. Ал егер атманды танып-білсек, барлығын да білгеніміз. Жалпы білімділік, Упанишадта өте жоғары бағаланады. Мысалы, тікелей құрбандық шалу туралы білім өте құндырақ. Өмірдің ең басты мақсаты – тірі кезінде атман-брахманмен қосылып – бірігу. Өмір қиыншылығынан, құмарлығынан, үмітінен, қызғаншақтықтан тыныштық тауып, алдап-арбаусыз ой кешіп, атманды түсініп-білген адам нағыз брахман болып, Құдайға, әлемдік құрылымға айналады. Упанишадта жанның көшіп-қону идеясы – ең басты идеялардың бірі. Қайта-қайта айналып келетін жанның сансар тырнағынан құтылу үшін аскеттік өмір сүріп, ең жоғары білім алуы басты шарт болып саналады.
Ведалар негізінде қалыптасқан философиялық ілімдер сол ведалардың беделін мойындау-мойындамауына байланысты әртүрлі бағыттарға бөлінді: джайнизм, буддизм, даршандар, чарвактар-локаяттар, санкхья, т.б. (Алтай Ж., Қасабек А., Мұхамбетәлі К. Философия тарихы.
«Раритет»,—Алматы: 2006, 7-9 беттер). Бұл аталмыш философиялық бағыттар кейін ғылымның одан әрі дамуына септігін тигізген философиялық мектептер ретінде өздерінің лайықты орындарын тапты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *