ГЕРАКЛИТ ЭФЕССКИЙ

ГЕРАКЛИТ ЭФЕССКИЙ
(б.д.д.544 – 483 ж.ж.)

— көнегрек сократқа дейінгі кезеңдегі философ, Милет мектебінде қалыптасқан философиялық дәстүрді ілгері дамытушы, Эфес қаласынан шыққан саяси қайраткер, ғұлама ойшыл.
Оны ілімдегі терең ойлары үшін «Тұңғиық» (немесе «Күңгірт») деп атаған. Алғаш рет диалектиканың тарихи немесе алғашқы бастамалық формасының негізін қалаушы. Диоген Лаэрцийдың айтуынша, Гераклит өзі әйгілі патшалар тұқымынан болса да (Эфес қаласының іргетасын қалаған әйгілі Андрокльдің тікелей ұрпағы), отандастарына заң жазып беруден бас тартқан. Мемлекеттік істерден барған сайын қол үзе берген ол, өзіне тиіс тақты інісіне ұсынып, бос уақытында балалармен асық ойнауды ұнатқан. Ақыры, бүкіл адамзат атаулыдан безініп, биік тауларға шығып, тауда өсетін өсімдіктерді қорек етіп, жалғыз өмір кешкен. Міне, осындай қиын өмірді таңдап, Гераклит алпыс жасында шемен (жалпақ тілмен айтқанда, сары су) ауруынан қайтыс болады.

Философиялық шығармалары:

«Табиғат туралы» деп келетін шығармасы бар (бұл еңбектің тек 130-дай фрагменттері сақталып, бізге жетті). Шығарма «Барлығы туралы», «Мемлекет туралы», «Құдайлар туралы» деп келетін үш бөлімнен тұрады.
Аңыз бойынша, Гераклит оны Эфес қаласының қорғаушысы Артемида ана-құдайының храмына сыйлаған. Бұл шығарма кейін көшіріп алудың арқасында бүкіл Элладаға кеңінен тарайды. Афинада оны Еврипид Сократқа оқытқан деген дерек бар. Гераклиттің көрегендігі жұртты таң қалдырған. Оны алмастай өткір сөздері жұмбаққа және терең ойларға толы.

Философиялық көзқарастары:

Гераклит заттардың түпнегіздік-генетикалық бастамасын От деп есептеген. От мәңгі және Құдай тектес. Әлемді Құдай да, адам да жаратқан жоқ, ол өз заңдылығымен бірде лапылдап жанып, бірде сөніп тұратын, әр уақытта болған, бар және болатын тірі От. Оттан Ғарыштың пайда болуын Гераклит Оттың жетіспеушілігінен болатын төмен қарай жол десе, Оттың молдығынан Ғарыштың кері Отқа айналуын, өзінің түпнегізіне қайтіп келуін жоғары қарай жоқ деп атаған. Сөйтіп, төмен-жоғары қарай мәңгі қозғалыстың нәтижесінде жалқыдан барлық заттар, керісінше, заттардан жалқы жаратылады. Әлемнің өзгеру тәртібі мен өлшемі, оның обьективті заңы – логосқа байланысты. Логостың өзі От сияқты. Бірақ сезім үшін – От сияқты болып көрінсе, ақыл-ой үшін, ол – Логос, обьективті заңдылық. Логос тек қана Ғарышқа ғана тән заңдылық емес, ол адам жанына да тән. Адамның жанына тән Логос ылғалдың булануынан пайда болады, ал керісінше, жан өлгенде, ол суға айналады. Жан тек ылғалды ғана емес, сонымен бірге құрғақ та болуы мүмкін. Сонымен, жан қарама-қарсы екі құбылысты – ылғалды және құрғақ жаннан тұрады. Ылғалдық жаман жандарға тән. Мысалы, ылғалды жан маскүнемдерге, ауруларға, күнделікті ләззат іздеген адамдарда кездеседі. Ал құрғақ жан данышпан, ақылды адамдарда кездеседі. Жанның құрғақтығы – оның логосы. Мұндай логос Ғарышты билейтін обьективтік логос сияқты шексіз, терең келеді. Сондықтан жанның шегіне жетемін деп талпынсақ, жан логостың тереңдігі соншама – оған жете алмайсың.
Қарама-қарсы құбылыстар тек жан логикасына ғана тән емес, ол жалпы ғарыштық құбылыс. Мысалы, теңіз суы балықтар үшін таза болса, адамдар үшін – арам, сондықтан балықтар ол сумен қоректеніп өмір сүрсе, адам оны ішсе, ауруға шалдығады. Сол сияқты, ең әдемі деген маймыл адаммен салыстырғанда ұсқынсыз болып келеді. Гераклиттің салқын жылынады, ыстық салқындайды немесе денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің деген пікірлері, жоғарыда көрсетілгендей, заттардың қарама-қарсылықта және үздіксіз өзгерісте болып тұратындығын көрсетеді. Осыдан келіп, ол барлық денелер өзен сияқты ағып жатады, ал бір өзенге екі рет түсуге болмайды деген қорытынды жасайды.
Гераклиттің пікірінше, қарама-қайшылықтар тепе-тең жағдайда болады, бірақ ол тепе-теңдік қарама-қарсылықтардың күресі арқылы бұзылады да, дүниеге жаңа заттардың пайда болуына мүмкіндік туады. Қарама-қарсылықтардың күресі – әлемде өзгерістердің болуының негізгі заңдылығы. Күрес – жалпыға бірдей, барлығы күрестің және қажеттіліктің арқасында пайда болады.
Осындай қарама-қарсылықтардың күресін Гераклит үндестік ретінде қарастырады. Бірақ мұндай үндестік көрінбейді, айқын емес, онысымен де ол өте күшті және әлемдегі барлық денелерге тән. Осындай үндестікте жамандық, ұсқынсыздық сияқты келеңсіз құбылыстар тұрақсыз келеді де, жақсылық, көркемдік сияқты абсолютті құбылыстармен араласып, жойылып кетеді. Бірақ бұларды көру мүмкін емес, оларды көру тек құдайларға тән. Сондықтан да адамдардың мынау әділеттілік, мынау әділетсіздік, мынау жаман, мынау жақсы дейтіндерінің бәрі құдай үшін әділетті, жақсы, көркем.
Осыдан келіп, Гераклит адамдар логоспен күнде кездесіп жатса да, оны танып біле алмайды деген қорытындыға келеді. Оның себептері әртүрлі. Бір жағынан, табиғаттың өзі сырын көп аша бермейді, екіншіден, адамдардың көпшілігі әбден тойынған, сондықтан олар табиғат сырын түсінуге талпынбайды. Оған қоса, осы көпшіліктің талап-мүддесін қорғаштаған халық ақындары да, ұстаздар да (Гомер, Гесиод, т.б.) табиғат сырын түсінуге мүмкіндік бермейді, себебі олардың жырлары, ілімдері логосты түсінуге бағытталмаған. Үшіншіден, көп білгендік те логосты түсінетіндей ақылға ақыл қоспайды. Данышпандықтың белгісі – дүниенің бірлігін мойындап, логосты танып-білуге кедергі құбылыстардан өзін алшақ ұстап, сол дүниенің даму заңдылықтарына бағынуы.
Гераклит адамдар табиғатынан бір-бірімен тең десе де, шын мәнінде олардың тең еместігін мойындайды. Олардың теңсіздігі – талғам-мүдделерінің әртүрлілігінің салдары. Көп адамдар логос заңымен өмір сүрмейді, өз түсінігімен өмір сүреді. Ондай адамдар өз ынтызарлығының билігінде болады. Бірақ олар бір нәрсені түсінбейді. Мысалы, олардың барлық тілектері орындалса да, жағдайлары соншалықты жақсармас еді. Жалпы, адам мемлекеттік құрылымның да, табиғаттың да негізін қалайтын логос заңына мойынұсыну арқасында өз заңын тыныштыққа бөлеп, айқындайды, сөйтіп, бақытқа кенеледі.
Гераклиттің ілімі ежелгі грек, әсіресе стоиктер философиясына үлкен әсер етті, солардың арқасында бүкіл Батысқа тарады. Гегель, Лассаль, Ницше сияқты ғұламалардың еңбектерінде Гераклиттің көптеген идеялары одан әрі дамытылып, жалғастырылды. Гераклиттің іліміне марксистер де көп көңіл бөлді.

Философиялық афоризмдері:

 Саулықтың қадірін ауырғанда білетініміз сияқты, жақсылықты жамандық арқылы да, дем алуды шаршау арқылы білеміз.
***
 Халық заңды өзінің тірегі, өзін күзететін қабырға – дуал ретінде қорғауға тиіс.
***
 Өзара әңгімені әркім одан көп пайда көріп, көп білім алатындай етіп жүргізу керек.
***
 Шындық суайттар мен жалған куәгерлерді мұрттай ұшырады.
***
 Өзара әңгімені әркім одан көп пайда көріп, көп білім алатындай етіп жүргізу керек.
***
 Даналық, әдемілік, тағы басқа тұрғыдан алғанда ең данышпан адамның өзі құдаймен салыстырғанда маймылдай-ақ боп көрінеді.
***
 Өркөкіректіктің алауын өрттен бұрын өшір.
***
 Дананың ойы – баланың ойыны.
***
 Оттың өлгені – ауаның туғаны, ауаның өлгені – судың туғаны. Жердің өлгенінен су, судың өлгенінен – ауа, ауаның өлгенінен от пайда болады және керісінше.
***
 Мен ешкімнен дәріс алған емеспін, өзімді өзім зерттедім, өзімнен өзім үйрендім.
***
 Ашуды ауыздықтау қиын: ырқына көнгенің – ажалыңнан бұрын өлгенің.
***
 Көруге, естуге, дәмін татуға болатын нәрсені мәнді деп есептеймін.
***
 Даналықтың жалғыз-ақ мәні – барлық жерде бәрі мойындайтын дәйекті ойды танып-білу.
***
 Даналық, әдемілік, тағы басқа тұрғыдан алғанда ең данышпан адамның өзі құдаймен салыстырғанда маймылдай-ақ боп көрінеді.
***
 Қалай қақсап, бұл жұртқа қайтып ұрсам – Анық сөзді ұқпайды айтып тұрсаң!.
***
 Өзіміз тірі кезде, жанымыз – өлі, өзіміз өлгенде жанымыз тіріледі.
***
 Көп нәрсенің сырына жетіктер ғана философиямен айналыссын.
***
 Дана Биант бір қалыптан аспаған, Сөзі асыл болсадағы басқадан.
***
 Күллі нәрсенің, бар болмыстың әкесі – соғыс.
***
 Эллиндіктердің бәрінен ақылды боп саналатын Гомер сияқты, жұрт көріп тұрғанын тани алмай шатасады. Гомерді бит сығып отырған балалар: ұстағанымызды жерге тастап жатырмыз, ұстамағанымыз өз үстімізде қалды деп алдаған ғой!.
***
 Даналықтың жалғыз-ақ мәні – барлық жерде бәрі мойындайтын дәйекті ойды танып-білу.
***
 Соқырдан көру деген немене деп сұрасаң, соқырлық деп жауап берер еді.
***
 Тыңдап отырып ұқпайтындар саңырау тақылеттес, оларды қасыңда отырса да жоқ деп есептеуге болады.
***
 Ой-сана – адамзаттың ұлы жетістігі, даналықтың мәні – ақиқатты айту һәм табиғаттың үніне құлақ түріп, соған сәйкес әрекет ету.
***
 Өзгергені – өлгені …… .
***
 Өзін-өзі танып-білу, ойлау, адам атаулының бәріне тән қасиет.
***
 Маңызды мәселеде шалағай тұжырым жасама.
***
 Нәпсіні тыю – ашуды жеңуден де қиын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *