Қазақтың жігіті неге қайырымсыз?!…..
«Кеш батып кетті. Такси ұстадым. Кәріс жігіт екен. Қанша деп сұрамады. Қайда деп сұрады. Айттым. Отыр деді. Отырдым. Үйге жетер кезде «бұрылыстан тастап кет, қанша сұрайсың?» дедім. Ол: «жоқ, қараңғыда ұят болар, есігіңе дейін апарып тастайын» деді, «өзің қанша берсең сонша бер» деді. Студенттік кезден жаттанды боп қалған бір 500 бар, соны айттым, азсынса, қосармын деген ойым ғой. Ол мақұл деді. Негізі ол аралыққа эко таксиің кем дегенде 2000 дер еді.
Тағы бір жолы кештетіп үйге жете алмай, такси тоқтаттым. Екі шешен жігіт тоқтады. Баратын жерімді айттым, отыр деді. Ішімнен ойлап қоям, мыналар зіңгіттей екі жігіт, үйге жетем бе бүгін, жетпеймін бе деп. Жеттім. Тағы солай бұрылыстан тоқтай сал дедім. Олар да үйіңе шейін жеткізіп салайық деді. Қанша дегенге, өзің біл деді.
Қазақтың жігіттері тоқтаса, алдымен бағасына келісіп алам. Олармен қиын жағдай.
Олар саудаласады. Екіншіден, баратын жердің үлкен жолдан шалғай екендігін білмесе, жеткенше жылайды. Үстіне қос дейді. Мен еркектермен саудаласпаймын. Айтқанын төлеп кетем. Менің сыртымнан бөтен адамның қарғап сілегенін ұнатпаймын. Разы боп кетсін деймін. Жолда жүрген адам ғой.
Бірақ неге осындай айырмашылық бар? Білмеймін. Алдыңғы екі таксистің ішкі мәдениеті басқалау, әйелге, анаға деген құрметі бөлектеу ме? Әкелері жақсы тәрбие берсе керек.
Мүмкін, ұлтқа бөлген дұрыс емес шығар. Мүмкін, қазақтардың жағдайы олардікінен әлдеқайда төмен шығар. Мүмкін, көлігі нашар шығар. Мүмкін, ақшаға зәру шығар. Мүмкін ғой… Бәрі мүмкін. Бірақ, есіктің көзіне дейін жеткізіп салайын деген қазақты көрмедім».
Шынар өзінің басынан кешкенін осылай жеткізіпті. Кінәлай алмайсың. Жөн. Ой-талқының соңына жазылған пікір көп. Әркім өзінше жосиды. Тек бір пікірді ғана кесіп алып берейік. Онда оқырман былай дейді:
«Көп қазақтың Алматы-Астанада үйі жоқ. 2-3 балаларымен пəтер, времянка жалдап тұрады. Көбісінің жұмысы жоқ. Арнайы такси болып жүреді, көліктері несиеге алынған жəне көбі ескі. Бензин қымбат. Әрбір жүрген шақырымын есептеп, пайда үшін жүреді. Біреулерді үйіне дейін апарғанда, ол кісілер пəтеріне, бала-шағасына, жылы киіміне, тамағына жететін ақша бере қоймайды. Ертеден кешке дейін қаланың кептелісімен жүріп, үйіне қомақты ақша апарса жақсы. Еңбек əділ бағаланбаса, Қазақстандағы əр отбасына қиын болады. Ал
кəріс немесе шешен жəне де т.б ұлттардың көбінде өздерінің тұрақты үйлері бар. Өздерінің жеке көліктері бар. Қазаққа қарағанда төрт құбыласы түгел.
Сосын тұрақты жұмысы не бизнесі бар, содан келіп джентілмен боп көрінеді» дейді.
Барша қазақ жігітіне топырақ шашпаймыз, бірақ қазақ жігітінің көпшілігі ұсақталып кеткені ақиқат енді.
Дауды қуып жүретін де қазақ жігіті, өсек-аяң айтқанда қатын-қалаштан асып түсетін де солар, пыш-пыш әңгіме айтып, бір-бірінің аяғынан шалып жүретін де, бірін-бірі жамандап жүретін де солар.
Қайырымсыз болып бара жатқандар да солар. Бұған не дейсіз?!……….