Бір бай

Бір байдың мыңғырған малы, екі төбеті болады. Екі төбеті аймақтың басқа иттерін қан қақсатады деген аты шығып, ел аузында аңызға айналыпты. Сол төбеттің бірін бай үйіне келген бойда төрде ілулі тұрған мылтықты ала сала атып тастайды. Екіншісін де атқалы мылтықты оқтап жатқанда қатыны, бала-шағасы бәрі жабылып, аттырмай аман алып қалады. Сондағы, байдың ашуына тиген оқиға былай болыпты…

Бай бір қырдың басында төңіректі шалып тұрса, алдындағы қырдың астынан бір шаң шығады. Сол-ақ екен соңына ілесіп жүрген екі төбеті ат бауырына кіріп, қыңсылап жата қалады. Байқап қараса, жаңағы шаңды шығарып келе жатқан бір көкжал қасқыр екен. Ол бұларға тіке беттеп, қарсы шауып келеді. Содан екі төбет ығып тығылып қалады. Бірақ көкжал қасқыр аттылы байдың қасынан тілі салақтап, жанұшыра өте шығады. Сөйтсе, артында оны жаналқымға алып, бір дүрек (тазы мен төбеттен туған, дүрегей деп те айтады) тазы қуып келеді екен. Ал әлгі байдың екі төбеті сол қасқырдан қорқып, кіретін ін таппай, ат бауырына тығылғанымен, артында қуып келе жатқан дүректі жабылып талай бастайды. Қасқыр құтылып ол кетеді. Ал дүрегей тазы сол жерде екі төбеттің шеңгелді тырнағынан құтыла алмай, азулы төбеттер оны алқымнан алып, қан жоса қылып өлтіреді. Төбеттер байдың арашасына да пысқырмайды.

Түйін: Бізде де небір ит-құсқа, қорқауларға қарсы тұрар ел қорыған тазы бар. Бірақ соларды бағалай алмай, ішіміздегі иттерге талатып қойып қарап тұрамыз. Ал қорқаулар малымызды да, жанымызды да талап жатыр……….

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *