Шымкентте мұғалімдер біліктілігін арттыру үшін жалған аттестация жасатып, сертификатты сатып алды деген күдікке ілінді. Олардың бюджетке келтірген шығыны 190 млн теңгені құрайды.
Өңірдегі 348 мұғалім 2018-2019 жылдары жеңіл жолды таңдап, өз санатын жоғарылатқан. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Мемлекеттен төленетін үстемақыны да алып отырған. Өзге мұғалімдер әріптестерінің бұл ісін құқық қорғау органдарына жеткізді.
Кейін полиция тестілеуден өткендердің тізімін жасақтап, Республикалық тест орталығынан істің мән-жайын анықтаған.
Қаладағы жалпы 64 мектептің көптеген қызметкері тестке келмегені белгілі болды. Кейбірі сынақтан сүрінген. Олар жалған мөр басылған құжат сатып алған. Мұғалімдердің 80%-ы екі жылдың ішінде алған үстемақыны бюджетке қайтарып үлгеріпті. Енді қайтадан тест тапсырады.
Ал сертификатты сатып, жеңіл жолды кәсіп еткен пысықайдың ісі сотта қаралып жатыр.