АЙБОЗ
(метафизикалық поэма)
Көкшетаулық дүлдүл әнші Қажыбай Жахин ағамның рухына
арнаймын
Айбозым, айхай бозым, даңғыл бозым…
Біржан сал
Арқа әні көкке атылған шу асаудай,
Балаға бабасының мұрасы ауғай!
Қазағым, айналайын қасиетіңнен,
Тілінен өнер сауған, күнә саумай!
Арқа әні – қыран құстай сорғалаған,
Арқа әні – су жорғадай жорғалаған.
Арқа әні – тұла бойын шымырлатып,
Жүрегін ару қыздың олжалаған.
Арқа әні – ақша бұлттай шыңға асылған,
Арқа әні – ғашықтарды қырға асырған.
Арқа әні – мақпал түнде сырға айналып,
Сұлудың кірпігіне мұң жасырған.
Арқа әні – Көкшетаудың Құлагері,
Арқа әні – Ұлытаудың ұлары еді.
Арқа әні – Баянауыл ардағындай,
Арқа әні – қазағымның тұмары еді.
Арқа әні – «Гауһартасым» баға жетпес,
(Поштабай есер салған жара, ол – кетпес).
Арқа әні – «Айтбай», «Гәкку», «Сырымбетім»,
Арқа әні – «Шама» ғой ол, шама жетпес!
Арқа әні – Ақан сері, Сал Біржаның,
Арқа әні – Үкілі Ыбырай «Қалдырғаны».
Солардан қалған өнер Қажыбай боп,
Жарықтық, кеше еді ғой жаңғырғаның…
***
І бөлім
Бабажан жайнамазда отыр мүлгіп,
Барады түстен ауған бесін жылжып.
«Субхана робил’ ағла» деді сосын,
Маңдай мен сәжде арасын қосып жым-жырт.
Содан соң қолын жайды тілеп дұға,
Хақ десе – тілек тұма, жүрек тұма.
«Жаратқан дидарыңа үңілер күн,
Көрмегей көз алдымды түнек қыла!
Пендеңмін жарылқаудан етер үміт,
Жұмақты нәсіп еткей мекен ұлық».
… Сол мезет Бабажанның жайнамазы,
Ауада қалқып тұрған көтеріліп.
Бабажан зікір етіп тербеледі,
Тербелсе жүрек шерден емделеді.
Құдайдың дәргейінен қос періште,
Асығып Бабажанға келген еді.
Бірінші періште:
– Жыладың неге, Бабажан?!
Сұрадың нені, Бабажан?!
Мекенінен Алланың,
Келдік, міне, жаңадан.
Саған бізді жіберді,
Қайтыңдар деп қабыл қып,
Тілегін барлық қалаған!
Бабажан:
– Түстіңдер ме шынымен,
Алланың алып әмірін?!
Арман бар ма көре алсам,
Алланың дидар-жарығын!
Ашса ғашық есігін,
Жаппар Мәулім-Мәлігім!
Мұхамадты Мұстафа,
Пайғамбар деп таныдым.
Оқытса деп ем Мәлейік,
Ілімдердің анығын!
Екінші періште:
– Қабыл болды, Бабажан,
Әмір болды, Бабажан!
Бірінші періште:
– Сұра тағы, Бабажан,
Тіле тағы, Бабажан!
Бабажан:
– Мұхамадым Мұстафа
Жолын көрсем деп едім,
Баба Түкті Шашты Әзіз,
Өзін көрсем деп едім,
Қызыр әулие Бабамның
Сөзін көрсем деп едім,
Бабтардың бабы –
Арыстан баб,
Өңін көрсем деп едім.
Пірмұғаным – Қожа Ахмет,
Қолым берсем деп едім.
Пірлердің Пірі – Бекеттің
Жолында өлсем деп едім.
Құдай сүйген Машайық,
Көбін көрсем деп едім.
Әулиелердің бәріне,
Төрім берсем деп едім.
Бірінші періште:
– Қабыл болды, Бабажан,
Әмір болды, Бабажан!
Екінші періште:
– Перзентсіз ғұмыр кешсең де,
Жаңылмай ақыл-санадан.
Жаппар Ие-Тәңірге,
Ғарыптықпен қараған.
Ниетіңе берілген,
Риза Тәңір Тағалаң!
Жіберді және өзіңе,
Сүйіншіле деп біздерді,
Дүниеге келер баладан!
Бабажан:
– Аллаһу Акбар! Аллаһу Акбар!
Лә, илләһа ил Алла!
Бірінші періште:
– Ал, Бабажан, тұр енді,
Қуант барып жарыңды.
Жақты бүгін бағыңды!
Енді жиі келеміз,
Хош ғайыптан хабар қып,
Бұйырған Алла әмірді!
…Бабажан сәжде сүйіп құлдық ұрды,
Шіркін-ай, неткен ғажап күн бүгінгі!
Көзінен – жас, жүзінен – нұр сорғалап,
Әйелін қуантуға зыр жүгірді.
***
2 бөлім
Алматы. Кәрі Алатау манаураған,
Бағында апорт алма талаураған.
Асқақтық, тәкаппарлық, мәрттігі де,
Қазақтың мінезі ғой дәл аумаған!
Таппассың Алматыдан артық қала,
Зәулім үй. Мұрның көкке шаншып қара!
Зу етеді «Москвичь», «Жугулилер»,
Оқта-теке «Волгалар» қалқып қана.
Бәріне таңырқайды балаң жігіт,
Көңілін небір жайлар алаң қылып.
«Мен өскен Көкшетаудан үлкен екен,
Жеткенше қалардай-ау шамаң құрып.
Ұқсаман, бірақ, ұшпас үй құсына»,
Деп сосын намысты ішке түйді сірә.
Ентелей келіп жетті «осы үй-ау» деп,
Киров пен Красиннің қиылысына.
Талаптың жүректе ойнап жасындары,
Ол келді ашылғалы, тасынғалы!
«Бісмеллә» босағасын аттап кірді,
Шаңырақтың Елебеков атындағы.
Тиекте – күй, шанақтан жыр кісінеп,
Ұлы өнер қайта оралмақ жыл құсы боп.
Атақты Байбосынов ашпақ биыл,
Дәстүрлі ән сыныбын тұңғыш рет.
Жиналған кілең жастар әр қиырдан,
Бармақтан күй, көмейден ән құйылған.
Сынақтан құлағаны елге қайтып,
Өткенге Алматыдан дәм бұйырған.
Барысын емтиханның сол басқарар,
Шырқаңдар кезек-кезек,
марғасқалар!
Ән –дүлдүл,
Әнші – бала,
Қамшы – намыс,
Жалына ән-жүйріктің жармасты олар!
Бір күліп Қайрат аға, бір тұнжырап,
Кетті екен тұнжыраса кім-кім құлап?!
Талап көп,
талапкер көп,
арамтер көп,
Шыдар ма барлығына, шіркін, құлақ?!
– Келген кім Көкшетаудан, қай баласың?
Дәл бүгін Құдай жазса бәйгі аласың.
Дайындық кезіндегі даусыңды естіп,
Сыртыңнан болған едік айран асыр.
Қайраттың жігерленіп сөзіне бұл,
Жарқ етті жас жігіттің көзіне нұр.
– Қажыбай Жахин болам, Көкшетаулық,
…Саңқ етті көзі де мір, сөзі де мір!
Жұлқылар кеудедегі жұмыр етті,
Домбыра күй қозғады құдіретті.
…«Бабажан, бесінші атам әулие едің,
сыйындым қолдай гөр!» деп күбір етті.
«Айбозым, айхай бозым, даңғыл бозым,
Ел шалғай жүре алмадым жалғыз өзім.
Хала-лала-лилләй-лилләй, лилләй,
…Талады қарай-қарай екі көзім».
Биіктеп бара жатты
Біржан әні,
Сүйсініп, таңдай қақты тыңдағаны.
Күреңбай Құлагерді танығандай,
Таныды Байбосынов бұл баланы!
«Айбозым» Хан Тәңірге жетті самғап,
Домбыра Біржан мұңын төкті сарнап.
Аралап Алматының көшелерін,
Дауысы Қажыбайдың кетті шарлап!
***
3 бөлім
Төменгі Сілетінің сағасында,
Шұрайлы кең атырап даласында.
Ауылы Бабажанның қоныс тепкен,
Сарықияқ, Тырналының арасында.
Ел үшін жон арқаңды қылсаң жауыр,
Арман не жәндікке де қылсаң қадір!
Ардақтап әулиелігін Бабажанның,
Баба Ишан – деп атайды Ел, – инсан кәміл!
«Жан емес дәу де болса күнәсі бар»,
«Оқыса жаңбыр жауар, күн ашылар».
Ғажайып кәраматы – ел аузында,
Ішінде жалғаны бар, расы бар!
«Меғражда пайғамбарды көрген» дейді,
«Ырыздық әулиелер берген» дейді.
«Сәбидей жаны кірсіз, адал» дейді,
«Сөзіне періште де сенген» дейді.
«Жан-жануар тілін де біледі екен,
Сондықтан жаяу ғана жүреді екен.
Шалдығып шаршағанда ара-тұра,
Ұстап ап, жын-шайтанды мінеді екен!»
«Зікірін таңға дейін салады екен,
Айызы сонда ғана қанады екен».
«Таң ата аққу болып ұшып шығып,
Бамдатқа Меккеге ылғи барады екен».
Сиқырын Меккеге ұшып барудағы,
Әйтеуір, бір көруге зәру бәрі.
«Терезеден ұшқанын аққу болып,
Көріпті жетім бала ауылдағы».
Жұрт даяр таңнан-кешке жырласуға,
Негізсіз, жәй сөз емес бұл расында.
Жетімнің көргені – анық, содан кейін,
Шәлекей шәкірті боп жүр қасында.
Көп сөзге Ишан көңіл бөлмейтұғын,
Ел үшін дұға етеді көрмей тыным.
Жан-жақтан күні-түні жұрт ағылып,
Ауырып-сырқағанды емдейтұғын.
***
Баба Ишан жайнамазда күбірлейді,
Сыйынса Рахман-нұрдан түңілмейді.
Нәпіл намаз оқиды түні бойы,
Хақ десе көзі ұйқыға ілінбейді.
Түн ауар шақ, алдына таң өңгеріп,
Үй іші бір ғажайып әлемге еніп.
Ғайыптан қос періште түсті саулап,
Ишанға зор құрметпен сәлем беріп.
Бірінші періште:
Бабажандай досымыз,
Пендеден болар ғарыптық,
Алладан болар өктемдік.
Бір сөзбен Тәңір жаратқан,
Жер менен шексіз Көктер қып.
Бұған дейін қанша рет,
Құжыраңа көп келдік.
Бүгін, бірақ, соңғы рет,
Ғайыптан хабар жеткердік.
Баба Ишан:
Шариғатты меңгеріп,
Мүмін болдым өкінбен!
Тариқатты меңгеріп,
Ілім көрдім өкінбен!
Мағрифатты меңгеріп,
Шырын көрдім өкінбен!
Ақиқатты ұғынып,
Жалғыз Тәңір – Алланы
Күнім көрдім өкінбен!
Жабарут пен Мәләкут,
Таным көрдім өкінбен!
Лахут пенен Насуттың,
Мәнін көрдім өкінбен!
Қос мәләйік достарым,
Келдік дедің соңғы рет.
Айтпақпысың мұнымен,
Әзірейілдің маған да,
Келер шағы болды деп?!
Екінші періште:
Бабажандай досымыз,
Саған Тәңір сыйлаған,
Өзгеде жоқ әз жанды.
Сәруарға болып сүйікті,
Кештің ғұмыр-жазғанды.
Қуана бер, Бабажан,
Лауһыл-Күрсі сатысын,
Сүйер шаққа аз қалды.
Баба Ишан:
Ләзім көрсе Тағала,
Келмес анық іркілгім,
Айта көрші, мәләйік,
Мен кеткен соң артымда,
Не болар жайы жұртымның.
Айта көрші, мәләйік,
Жайы нешік болады,
Соңымда ұрпақ, ұрқымның?!
Бірінші періште:
Бабажандай досымыз,
Сен кетерсің ел қалар,
Сарықияқтай бел қалар,
Сілеті теңіз-көл қалар!
Сенен туған – Мұхамедияр,
Отырған орны төр болар,
Қажы аты шығып, зор болар.
Одан соң жұртың қор болар,
Кәпірге ұлтың бодан боп,
Жарасы көзде шор болар!
Мұхамедиярдан туған – Ахмет,
Сайламыш молда атанып,
Жұтқаны уайым, шер болар.
Жаман мен жақсы тең болар,
Кәпірге жұртың жем болар!
Ахметтен туған – Жақия,
Жақиядан – Бадық бар,
Олар сүрген заманда,
Айналасы тор болар.
Құдайсыз заман тап болып,
Татқаны жұрттың сор болар.
Бесінші туған ұрпағың,
Бадықтың ұлы – Қажыбай,
Тоқтасақ соған жөн болар.
Домбыра алса қолына,
Айтқаны әсем ән болар,
Жүрген жері сән болар,
Атыңды сенің кейінге,
Қалдыратын сол болар!
…Ұмытшақ уақыт дейтін жырау мына,
Білмейміз қайтіп одан сұрауды да.
Соңғы рет кеп кеткелі қос періште,
Белгісіз ай өтті ме, күн ауды ма.
Баба Ишан хабар айтты жиылсын деп,
Біртіндеп ел жиналды бұйырсын деп.
Үйінен домбыра ұстап Ишан шықты,
Ел аң-таң түсінуі – қиын сын боп.
«Бес жастан домбыраға құмар болдым,
Он бесте той-думанға тұмар болдым.
Жиырмада Хақ жолына мойын бұрып,
Отызда әулиеге шығар болдым.
Дұға етсем – босағама жын байлаттым,
Күй тартсам –жаңбыр төгіп, күн жайлаттым.
Тынбастан мәләйіктен білім алдым,
Көріпті тірісінде мұндай бақ кім?!
Әзірейіл Жаратқанның алды әмірін,
Аманат менен елге қалған ілім.
Ұстазсыз болмассыңдар Шәлекей мен,
Жолымды Мұхамедияр жалғар ұлым.
Мен кетем, кетті екен деп жыламаңдар,
Тіршілігін жасайды тірі адамдар.
Ұрпағым тіленші боп кетпес үшін,
Басыма кесене де құрамаңдар!»
– Деп сөзін тәмамдады.
Сол мезетте,
Өкініш заһар-у боп толды өзекке.
Жай ойнап, күн күркіреп, нөсерлетіп,
Тылсым жай бір ғаламат болды көпке.
Баба Ишан тылсым-ғажап іс қылады,
Тәнінен аққу болып шықты жаны.
Оралды сосын қайта домбыраға,
Ауылды үш айналып ұшты дағы.
Аққу кеп домбыраға қонды құлап,
Халайық әулие-аққуды көрді жылап.
Ілезде жер мен көкті тұман басып,
Аппақ бу айналаға толды бір-ақ.
Тырс етпей ішін тартып, тынды халық,
Осынау айтса сенбес сырды бағып.
Мойыны – перне, денесі – шанаққа кеп,
Аққу құс домбыраға сіңді барып…
***
4 бөлім
Түні еді Көкшетаудың мақпал, мамық,
Үркер тұр, Қарақшыны қапталға алып.
Тосын үн Қажыбайды селк еткізді,
Бір жұлдыз Көк төрінен жатқанда ағып.
Тосын үн – домбыра үні дыңылдаған,
Жалғыз-ды, үйде жан жоқ қыбырлаған.
Жүрегі шаншып жатыр, қысып жатыр,
«Бұл бәле қалдырмайды-ау бүгін аман…»
Ішегінде домбыраның құмығады үн,
Кім білген түн үшінде құбыларын.
Әулие Бабасының аққу болып,
Байланған домбыраға сыры мәлім.
Домбырам үш жасымнан сыңарым ед,
Төгілдің ән мен күйдің бұлағы боп.
Көкше жұрты айтады: «Жахин жоқта,
Шертіліп өздігінен тұрады» деп.
Айтуы елдің – шындық негізінде,
Қорқатын келген адам көз ілуге.
Қажыбай үйде жоқта шертілетін,
Сирек-ті бірақ ондай кезі мүлде.
Бір жолы бір туысы жолдан келіп,
Кете алмай кеш болған соң, қалған қонып.
Домбыра түн ішінде «ұйқы бермей»,
Қашыпты қонақүйге сонан безіп.
Елу жыл пернесінде ән биледі.
Елу жыл өнер деді, ән-күй деді.
Елу жыл Қажыбай мен домбырасы,
Уатып, сәби халқын әлдиледі!
Оқыған Алматыда шақтар қандай!
Қыдырған алмасы көп бақтар қандай!
Жас күнін ойлап жатыр, өмірінің,
Алғашқы парақтарын ақтарғандай.
Қыдырып, алма жеген бақтар қандай!
Жұмақтың нақ өзіне тап болғандай.
Қыздар ше, алма мойын жаныңды жеп,
Жүректің құсни хәлін ақтарғандай!
Бірақ та Алматыда қала алмады,
Көкшеге жету болды – бар арманы.
Оқжетпес қолын бұлғап, Бурабайда,
Толқын боп сағыныштың әні аунады.
Жұмбақтас бұртыяды қыз кейпінде,
Сарғайған сағынышты күз кейпінде.
Аңсады жатса-тұрса Көкшетауын,
Боп алды ұйықтап жатып іздейтін де.
Қалдырды Алматыны қимаса да,
Қол бұлғап қалды дос пен сыйлас аға.
Көрінді Көкшетауға жетпейтіндей,
Әлемнің бар жақсысын жинаса да.
Оралды «Айбоз» болып Алатаудан,
Ұстазы бұл есімді дара таңған!
Кешегі Біржан, Ақан көзі – деді Ел,
Солардай сері атанған, сал атанған!
Қызықпай дүниеге, атаққа да,
(Тағдырын Көкшетауға матап қана).
Қызмет сұрамапты беріңдер деп,
Жалғыз-ақ бар алғаны – жатақхана.
Шырқаса «Балқадиша», «Жамалжанды»,
Тазарып жандүниесі самалданды.
Шіркін-ай, «Ақтоқты» ару домбыраның,
Тиегінде отырып таранған-ды.
««Шырмауық» шырмап жатқан дертім бе едің,
Безгек қысқан адамдай селкілдедім.
Әудем жер жүре алмайды неге аяғым,
Құдай-ау кеше ғана еркімде едің.
Сұршақыз – әнім бе едің, жарым ба едің,
Атпастай келер күнгі таңым менің.
Кеттіңдер неге тастап, қайдасыңдар,
Құрыды, құрыды ғой әлім менің.
Баба Ишан, әулие атам сен келдің бе?!
Қасымда зікір айтып, дем бердің бе?!
Домбырам, менен де өтті есіл жалған,
Сөйлеші, әлде, бірге сен де өлдің бе?!»
… Домбыра – серік болған, ерге нәсіп,
Безілдейді,
(иесі көрге қашып).
Баба Ишан мен Қажыбай қос ішегінде,
Жалаң аяқ барады перне басып.
***
Екеуі екі заман дүлділі еді,
Бірі – жан, біреуі – әннің білгірі еді!
Екі аққу Сілетіні бетке алыпты,
Жетім ұл көрді ме екен кім біледі?!
Қуаныш ОСПАН
08. 05. 21
Суретте: Қажыбай Жахин