Қадыр Мырза Әлидің «Домбыра» өлеңіндегі домбыра мен қазақ егіз ұғым екенін дәлелдеп жазыңыз

Қадыр Мырза Әлидің «Домбыра» өлеңіндегі домбыра мен қазақ егіз ұғым екенін дәлелдеп жазыңыз.
Сонау алпысыншы жылдары туған әдебиетке жаңа бір қуатты толқын басталып, өнер мұхитының көкжиегі кеңейіп сала берген еді. Сол дарын иелерінің бірі – Қадыр Мырза Әли. Оның өлеңдерінің поэтикалық қуатын күшейтіп тұратын ерекшелігі – ондағы ұлттық сипатты танытатын ұлттық мазмұн мен пішіннің бірлігінде, ұлттық дәстүр мен образды ойлаудың жаңашылдығында. Қазақ поэзиясының көркемдік дәстүрінен мол сусындаған ақын өлеңдерінде тың ой, жаңа ізденіс, рухани кеңдік, көркем суреттер мен шынайы образдар көптеп кездеседі. Ақын поэзиясындағы дала, домбыра, бесік, тау, тұлпар, киіз үй сияқты ұғымдар символдық мәнге айналған ұлттық көркем дәстүріміз.
Қадыр ақынның «Домбыра» өлеңінің алғашқы шумағы қанатты сөзге айналып кеткені де белгілі.
Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – Домбыра!
Домбыра аспабының қаншалықты қадірлі екенін Қадыр Мырза Әлі екі-ақ ауыз сөзбен осылайша түйіндейді. Расында да қазақ поэзиясындағы домбыра бейнесі – ежелгі жыр-дастандардан бүгінгі жас толқынға дейін жырланып келе жатқан мәңгілік тақырып. Қашаған жыраудың «Қолымдағы ағашым – Алып жүрген домбыра. «Домбыра – күнә» деген сөз – Тек бір айтқан дабыра. Пайғамбарым туғанда, Бесік болған бұл ағаш. Ыбырайым Кәғбә салғанда, Мешіт болған бұл ағаш.
Ықырам үйдің алдында, Есік болған бұл ағаш» деп төгілте жырлағаны – домбыра. Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйші» поэмалары – қазақтың асыл өнері күй мен ұлттық мұрасы домбыраға жырдан қаланған ескерткіш. Одан берідегі Жұмекен: «Үйден алыс шыққанда мен екі аманат қалдырам. Бірі – ұлым, өзіңсің, екіншісі – домбырам», – деп, ұлы мен ұлтының мұрасының қаншалықты ардақты, қаншалықты құнды екенін өлеңі арқылы көрсетеді. Бұл қаламгерлерден өзге де қазақ өлеңінің тарихында домбыраны жырға қосқан ақын көп. Әрқайсысы әртүрлі стильде жырласа да, ортақ тақырып, ортақ мұңның бір ұқсас тұсы бар, ол – ұлтының ұлы аспабына деген иісі қазақтың құрметі, сезімі мен ойы.
Домбыра шертілгенде қазақтың кең–байтақ сахарасы, сұлу табиғаты, самал желі мен үрлеген бораны, көлдегі аққуы көз алдымызға келеді. Бұл – қазақ күйінің ерекшелігі. Орыс зерттеушісі Г.Н. Потаниннің «маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деген сөзі соның бір дәлелі. Қос дауыс сарынынан бүкіл қазақ жұртының қуанышы мен қайғысы, арман–мүддесі, философиялық сарын, азаматтық үн, жалпы айтқанда, тарихы күй болып төгіледі. Қадір Мырзалиев өлеңінің: Бір ішегінде биіктік бар, бір ішегінде тереңдік. Ол мылқауды сөйлетеді, жылатады кереңді ─ деген жолдары осыны айғақтайды.
43.Өз өміріңіздегі әжелерді М.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңіндегі ақынды табындырған әже бейнесімен салыстыра талдап жазыңыз
Әлемдегі ең мейірімді, ақ ниетті абзал жанның бірі — ақ әже. Немересін ақ бесікке бөлеп, «Бесік жырымен» әлдилеген ізгі жандардың өмірдегі орны қашанда бөлек. Осы ардақты әжелер жайлы талай қаламгер сыр шертті. Сондай бір туынды — М.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңі. Өлеңді оқи отырып, көз алдыма жүзінен жылулық лебі ескен, көзінен мейірімділік шуағын төккен, басына ақ кимешек киген қарт ана елестеді. Сол Мұқағали әжесінің бейнесі бүгінгі әжелер бойынан табыла ма деген ой мені толғандырып та кетті. Осы сауалға өзімше жауап іздеп көрейін.
Алғашқы ойымды әже мен немере арасындағы үзілмес сезімнен бастағым келеді.
Ол қандай құдіретті сезім десеңші! Бұған дәлел ретінде:
Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем, — деген ақын сөзін алғым келіп отыр. Бұл сөзден әжесінен айырылса да, немеренің сарқылмас сағынышы мен махаббаты сезіледі. Әжесінің бұл дүниеде жоқ екендігін білсе де, оны өлді деуге жүрегі қимайды. Иә, әркімге де әже қымбат. Мен де әжемді жанымдай жақсы көрем. Кішкентай кезімде әжемнің ертегісін естімей жастыққа басым тимеуші еді. Ешкімге айтпаған сырымды соған айтам, жұбанышты содан табам. Міне, әже мен немере арасындағы үзілмес сезім деп осыны айтар едім. Өз әжем мен өзге әженің ұқсастықтарын іздей келе, әлемдегі әжелердің бәрі бір-біріне ұқсас па деп те қалам. Яғни, әже тәрбиесін көріп өскен ұрпақ ұлтының берік тірегі болары анық деп нық айта алам.
Осы пікірімді батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын» деген сөзімен өрбіткім келеді. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр болатыны сөзсіз. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлмейтін әжелеріміз де арамызда бар. Жаһандану дәуірінде кейбіреулер ата-баба бесігін электронды бесікпен алмастыруды ұсынып жүр. Әженің бесік жырын естімей өскен баладан ертеңгі күні ұлтжанды азамат шығуы неғайбыл. Меніңше, бұл — ұлттық тәрбиеге балта шапқандықтың белгісі. Өкінішке орай, қоғамда кейде олар жайлы кереғар пікірлер де ара-тұра кездесіп қалады. Бұрынғы заман мен қазіргі заманның әжелерінің арасында алшақтық бар дейді. Сонда қандай алшақтықты сөз етіп отыр? Заман қалай құбылса да, әже мен немере арасындағы ұлы сезім өз мәнін ешқашан жоғалтпайды деп ашына айтқым келеді. Ол уәж жауапкершіліктен қашқан, өз құлқынын ғана ойлағандардікі. Бір сәт ойланып көрейікші. Бұрын қарттар үйі деген болушы ма еді? Айтуға ауыр тіркестердің бірі. Сол қарттар үйінде көздері жаутаңдап, ұл-қызын сағынышпен күткен қарияларды көргенде, өзіңді қоярға жер таппайсың. Безбүйрек, қатыгез адамдар қайдан шығады екен деген ой туындайды. Олардың орны бұл жер емес қой. Кешегі күні баласы үшін шыр-пыр болып, жар құлағы жастыққа тимей жанталасқан қариялардың орны төр емес пе? Көпке топырақ шашпайын, дегенмен ата-ана қадіріне жете алмаған қатыгездерге өкімет тарапынан бір шара қолдану керек те шығар, бәлкім.
Заман өзгеріп, қарыштап дамысақ та ұлттық бейнемізді жоғалтып алмайық, құндылығымызға адал болайық. Түйгені көп қарияларымыз асыл қазына екеніне күмән келтірмейік. Әженің әлдиіне қаныққан ұрпағымыздың өрісі кеңейе берсін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *