Интерактив – ағылшынның «өзара әрекет” деген сөзінен шыққан. Интерактивті оқыту әдістері тұлғааралық қарым–қатынасқа негізделе отырып, «жеке тұлғаны дамытуға бағытталатын” қазіргі білім беру парадигмасын қанағаттандырады. Сонымен бірге таным белсенділігі мен ізденіс дербестігін қалыптастырып қана қоймай, ары қарай дамытады. Интерактивті оқыту әдістері дәстүрлі оқыту әдістерінен оқу үрдісінде оқушылардың өзінің өмірлік тәжірибелерін пайдалану арқылы есте берік сақтауымен, мәліметтерді талдап, жинақтау арқылы жеке және кәсіптік қабілеттерін аша алуымен ерекшеленеді. Дегенмен, интерактивті оқыту қажетті ақпаратты игеруге уақытты көбірек бөлуді, бағалауда жаңа, күрделі өлшемдерді қолдануды қажет етеді және оқушылардың танымдық іс-әрекетін басқаруда тәжірибесі аз мұғалімдерге көптеген қиындықтар туғызады. Интерактивтi әдiстiң мақсаты – тек ақпаратты беру ғана емес, оқушыларға жауаптарды өз бетiнше табу дағдысын меңгерту.
Педагогикалық тәжірибеде «оқытудың белсенді әдістері мен формалары» термині ертеден қолданылып келеді. Ол оқушылардың оқ іс-әрекеті белсенділігінің жоғары деңгейіне қол жеткізетін педагогикалық технологиялар тобын біріктіреді. Соңғы уақытта «интерактивтік оқыту» деген тағы бір термин кеңінен қолданыла бастады. Білім беру туралы заманауи ғылым педагогикалық технологиялар құру қажеттілігі туындаған сәтке де келіп жетті. Ол білім беру үрдісінде ең бастысы әр оқушының тұлғасын, оның белсенділігін дамытуды қамтамасыз етеді. Оқыту шарттарын оқушылар өз жұмысының жаңа нәтижелерін алуға ұмтылатындай және оны әрі қарай практикалық іс-әрекетінде оңтайлы қолдана алатындай құру қажет. Бүгінгі күні біздің оқушыларымызды не күтіп тұрғанын ойламасқа болмайды. Болашақта олардан таңдаған мамандығы ғана емес, сондай-ақ қазіргі технологиялар саласына да қатысты ауқымды білім қоры талап етілетіні белгілі. Бүгінде жұмыс туралы көптеген ұсыныстар аз да болса компьютерлік білімді талап етеді. Сондықтан мектеп оқушыларын оқыту барысында қазіргі ақпараттық технологиялардың мәні артып келе жатқандығын ескеру өте маңызды. Республикамызда білім беруді ақпараттандырудың жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Осы мақсатта оқытудың дәстүрлі әдісінен басқа бірнеше жаңа педагогикалық технологиялар енгізілуде. Алайда қай оқытудың түрін алайық барлығы бірдей шығармашылық тұрғыда белгілі бір деңгейде тұлғаны дамыту. Бүгінгі оқыту жүйесінде әртүрлі жаңа технологиялар пайдалану тәжірибелерге еніп, нәтижелер беруде. Олар дамыта оқыту, саралап оқыту, сын тұрғысынан оқыту, ақпараттық технология т.с.с. Бүгінгі сөз болғалы отырған оқытудың түрі ол ақпараттық технологияның бір түрі интерактивтік оқыту.
Бүгінгі таңда педагогикалық тәжірибеде бірнеше ондаған жаңа стратегиялар, оқыту әдіс-тәсілдері, оның ішінде интерактивтік оқыту әдісі құрылды және қолданылып келеді. Қазіргі заман педагогы оқытатын пәніне қарамастан интерактивтік оқыту әдістерінің қажетті «арсеналдарын» меңгеруі және оларды оқу үрдісінде қолдана білуі тиіс.
Қазіргі педагогика баланың оқуға, өзінің танымдық қуатын ашуға, жаңа білімді алуға үнемі талпынуға үйренуіне бағытталған. Оқу процесінің табысты болуы мұғалімнің балалармен, балалардың бір-бірімен, әр баланың мұғаліммен, оқушының ұжыммен өзара қарым — қатынасына байланысты. Оқыту әдістемесі деп біз нені түсінеміз? Бұл — оқушының өзіндік ойлау қабілеттері мен қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік беретін мұғалімнің оқушылармен жүйелі жұмыс тәсілі, білімді және ептілікті меңгеруі, оны тәжірибеде қолдана білуі. Педагогикада оқыту әдістерін топтастырудың бірнеше түрі бар. Дәстүрлі түрде оларды пассивті, активті және интерактивті деп үш топқа бөледі. Пассивті – бұл мұғалім мен оқушылардың өзара әрекет ету формасы. Мұнда мұғалім негізгі әрекет етуші тұлға және сабақ барысын басқарушы, ал оқушылар мұғалім нұсқауына бағынатын пассивті тыңдаушылар рөлін атқарады. Мұғалім мен оқушы арасындағы байланыс түрлі сұрақтар, өзіндік бақылау жұмыстары, тест жұмыстары арқылы іске асады. Заманауи педагогикалық технология тұрғысынан алғанда, оқушылардың оқу материалдарын меңгеруінде пассивті әдіс тиімсіз болып саналады. Бірақ өзіндік артықшылықтары да жоқ емес. Ол мұғалімнің сабаққа оңай дайындалуына және шектеулі уақыт аясында оқу материалдарын көбірек беруге мүмкіндік береді. Осы артықшылықтарды есепке ала отырып, көптеген мұғалімдер басқа әдістерге қарағанда пассивті әдісті жөн көреді. Активті – бұл оқушы мен мұғалімнің сабақ барысындағы өзара әрекеті, мұнда оқушылар пассивті тыңдаушы емес, сабақтың белсенді қатысушылары. Пассивті сабақта негізгі әрекет етуші тұлға мұғалім болса, мұнда оқушы мен мұғалім тең құқылы болады. Активті тәсіл демократиялық стилді қалайды. Негізгі әдістері – бұл шығармашылық тапсырмалар, оқушылардың мұғалімге, мұғалімнің оқушыларға сұрақтар қоюы. Интерактивті оқытудың мұғалім мен оқушылардың өзара әрекеттесуі арқылы жүзеге асатындығын біз білеміз. Мұнда мұғалім мен оқушы оқу үрдісінің субьектісі болып табылады. Мұғалім ұйымдастырушы, топтың көшбасшысы, ақыл-кеңес беруші, оқушы әрекетіне жағдай жасаушы қызметін атқарады. Білімді меңгеруде, тапсырмаларды орындауда, бір-бірінің жұмысын бағалауда, талдауда оқушылар өздері жетекшілік етеді, өздерінің тәжірибесіне сүйенеді. Мұғалім шығармашылық жұмыстарды орындау барысында тың мәселелерді туғыза отырып, оқушылардың таным белсенділігін арттыруды көздейді. Туындаған мәселе төңірегінде оқушылар өз пікірін, көзқарасын білдіреді, оның дұрыстығын дәлелдейді.
Сабақта интерактивті тақтаны дұрыс пайдалану мазмұнды ұғымдардың қалыптасуына көмектеседі, оқушылардың логикалық ойлау және сөйлеу қабілетін дамытуға, нақтылы құбылыстарды қарастыру және талдау негізінде, кейін практикада қолданылатын тұжырымдарға келулеріне көмектеседі. Сонымен, оқуда интерактивті тақтаны пайдалану арқылы оқушылардың білімі нанымы болады. Сонымен қатар интерактивті тақтамен орындалатын жаттығулар оқушылардың білімді меңгеруін жеңілдетеді, деректерді есте сақтауға ықпал жасайды. Оқушылардың көпшілігі естігенінің 5% және көргенін 20 % есте сақтайтыны белгілі. Аудио – және видеоақпаратты бір мезгілде қолдану есте сақтауды 40-50 % дейін арттырады. Интерактивті тақтада орындалатын тапсырмалар бір мақсатқа бағытталған, өзара байланысты әрекеттердің тұтастығын көрсетеді. Ол әрекеттер тілдік және ой операциясының күрделенуіне байланысты болады. Оқу тапсырмаларының негізінен, жазба түрде орындалуын қажет ететін логикалық тілдік жаттығулардың арқалайтын «жүгі» салмақты, өйткені бұл жаттығулар арқылы оқушы қазақ тілі тақырыптарын грамматикалық ерекшелігін танудың нық әрі сенімді баспалдағын қалайды және оқушы үшін маңызды болып табылатын жазу, орфография ережелерін меңгереді. Білім берудегі интерактивті тақтаны қолданудың үш кілттік бағытының артықшылығын қарастырайық.
1. Презентациялар, демонстрациялар, модельдеуді сабақтарда қолдану
Интерактивті тақта – визуалды ресурс. Сабаққа қажетті кез келген суреттер, сызбалар, кесте, диаграммаларды қолдануға мүмкіндік береді. Интернет желісіне қосылып ақпарат алуға, оқу материалын қозғалмалы күйге келтіру, абстрактілі ойлау мен түсінуді моделдеуге , обьектілерді ойлау мен түсінуді моделдеуге, обьектілер арсындағы байланыс орнатуға болады.
2. Сабақ барысында оқушылардың белсенділігінің артуы
Интерактивті тақтамен жаңа сабақ өткізу кезінде тиімді қолдануға болады. Әр пәннің өз ерекшелігімен қатар, өзіндік күрделігі де болады. Сондықтан ұстаздың міндеті осы күрделікті дұрыс құрастырып, сабақтың әр сағатын тиімді өткізу. Жалпы интерактивті тақтаны пайдалана отырып білімін жетілдіру барысында іскерлігін дамыту, тапсырмаларды орындау барысында теориялық білімдерін тиімді пайдалана білу.белсенділік танытып тапсырмаларды ұқыпты орындаған оқушылардың ой-өрісін жан-жақты жетілдіруіне, шығармашылық қабілетін арттыруына, белсенділігін дамытуына ықпалы зор.
3.Уақыт ұтымдығы
Егер сізде интерактивті тақта болса, сізге күтуге тура келмейді. Мысалы, жаңа тақырыпты, үй тапсырмасын жазып уақыт алмаймыз. Алдын ала дайындалған материалдарды қолдау арқылы тіпті қиын тақырыпты оқушыларға меңгеруге оңай болады. Қолданылған материалдарды сақтап қоюға болады. Тіпті шетелдік оқыту әдісінде сабаққа келмей қалған оқушыға дайын материалды беріп жіберіп, меңгеріп алуын қамтамасыз етеді екен. Интерактивті тақтаны кез келген елде, кез келген білім беру саласында кез келген пәнді оқыту үшін қолдануға болады.
Интерактивті тақтаны қолданудың негізгі әдістері: (Ұлыбритания педагогтарының ұсынысы бойынша)
— Экранда көрсетілетін сурет туралы ақпаратты жоғары жаққа жазу;
— Интернеттен алынатын ақпаратты тікелей оқушылармен бірге іздеу;
— Топпен тығыз жұмыс жасау;
— Конференциялар өткізу үшін басқа мектептермен байланыс орнату;
— Интерактивті тақтаны компьютердің көмегінсіз басқару;
— Қолданылған материалды кейін пайдалану үшін файл түрінде сақтап отыру;
— Видеороликтер көрсету, электронды оқулықтар пайдалану;
— Сабақ кезінде сақталған файлды оқушыларға беру.
Интерактивті тақта:
1. Оқушыларға жаңа материалды (иллюстрациялар, фотографиялар, бейнелік, дидактикалық материалдар) көрнекі түрде көрсету құралы болатын болса, екінші жағынан материалды дайындауды және оны қолдану процесінде жеңілдетеді. Алдын ала жүргізілген тәжірибелі презентацияларды пайдалану балалардың оқуға деген ынталығын арттырып, сабақтың қызғылықты өтуін қамтамасыз етіп, оған дайындалу мерзімін ең бастысы мұғалімнің уақытын қысқартады.
2. Компьютерлік сауатты болуды талап етеді. Өйткені сабаққа қажетті оқу материалдарын алдын ала мұғалімнің өзі дайындап қояды.
3. Интернет желісінен ақпарат іздеп, оны жүктеп алу жұмыстарын жасауды үйренеді.
4. СD, DVD және электронды оқулықтарды пайдалана білуінің арқасында, мұғалім жан-жақты біліммен қаруланады. Білімін шыңдайды, шығармашылығы артады. Ақпараттық технологияны еркін меңгереді, бәсекеге қабілетті оқушы тәрбиелейді.
Флипчарт – бұл бірнеше қажетті беттерден тұратын негізгі жұмыс аймағы «Активті экран» кешені білім үрдісінде қолданылатын ақпаратты көрсетуге және оны компьютермен басқаруға тағайындалған әмбебап интерактивті жүйе болып табылады. Білім берудің кез-келген саласында электрондық оқулықтарды пайдалану оқушылардың өз бетінше жұмысын және олардың жоғары танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуіне жағдай жасайды. Сапалы электронды оқулық қашықтықтан оқытуға, тіл үйренушінің өздігінен оқып үйренуіне мүмкіндік береді. Қазақ тілінің қоғамдық қызметін кеңейтіп, оның маңызын, қажеттілігін табиғи түрде арттыру, жан-жақты дамытудың бірден-бір жолы – тілді үйретудің сапасына қатаң талап қою, тіл үйренушілердің өздігінен білім алуын ұйымдастырумен бірге оның нәтижелеріне тұрақты бақылау жасау. Бақылау жасау – адамның өзінің алдына қойған мақсатына қарай жүзеге асырылатын әрекетінің дұрыстығын қадағалау, тексеру. Компьютер тіл үйренушінің жауабын бағалайды, келесі кезекте қандай материал ұсынылуы қажет екенін анықтайды. Оқу үдерісінде компьютер оқытушы, электронды интерактивті тренажер, эксперт, іс-әрекет серіктесі, құралы, үйретуші, тексеруші, бағалаушы қызметтерін атқарады. Қазақ тілін оқытуда қолданылатын бақылау, бағалау тапсырмаларын, аралық, қорытынды сынақтарды компьютерлік жолмен автоматтандыру кезінде тексеруге кететін уақыт мөлшерін бірнеше есеге үнемдеуге, бақылау мен тексеруде объективтілікке қол жеткізіледі.
Компьютердің мультимедиалық ерекшелігі тест тапсырмаларын алуан түрлі етіп, сөйлесу әрекетінің барлық түрін қамти отырып, қатысым әрекетіне негіздей құруға мүмкіндік береді. Қазақ тілін ғаламтор арқылы оқыту жүйесінде қолданылып жүрген онлайн-тестілеу жүйесінің диагностикалық мақсаты – бақылау, тексеру, бағалау, статистикалық мәліметтерді талдау, қорытынды жасау арқылы тіл үйрету үдерісінің нәтижесін, тіл үйренушінің қатысымдық құзіреттілігінің деңгейін анықтау болып табылады, ол өз кезегінде кемшіліктер мен жетістіктердің себептерін айқындауға, тіл үйрету үдерісінің әрі қарай даму болжамдарын жасауға ықпал етеді. Сабақтың тиімді жағының бірі – ол заман талабына сай сабақты электронды оқу құралдарын, интерактивті тақтаны пайдалана отырып жүргізу. Тіл үйренушіге мәтінді электронды оқу құралдарынан компьютер көмегімен тыңдап, сұрақтарға жауап беріп, мәтін негізінде бірнеше грамматикалық тапсырмалар орындауға мүмкіндік берілген. Ең бастысы – тапсырмалар күнделікті өмірде кездесетін жағдаяттарға негізделіп берілген, яғни бұл тіл үйренушінің тілді жеңіл түсініп, тез меңгеруіне көмектеседі. Ұсынылған сабақ жоспары тиімді, кезеңдері байланыстырыла, түрлі тапсырмалармен толық түрде ұсынылған. Егер әр сабақты мұғалім аталған сабақтай жоспарлап, мүмкіншіліктерді, жаңа технологияларды толық пайдаланып жүргізсе, мемлекеттік тілді меңгерген азаматтар санының өсері сөзсіз.
Ғылыми жетекшісі: Ілияс Данагүл Нұртайқызы
Орындаған: Болатжан Жанерке
Тақырыбы: Мемелекеттік тілде оқымайтын мектептерде қазақ тілі пәнін оқытуда қолданылатын интерактивті әдіс-тәсілдердің ерекшеліктері