ӨЛЕҢ

ӨЛЕҢ
Сайын Мұратбеков

Өз өмірінде Райымбек бірінші рет өлең жазған. Бұл жай, анау-мынау өлең емес, қызға арналған махаббат жайындағы өлең еді. Өлеңнің тууы да, жазылуы да тіптен кездейсоқ болды. Райымбек өлең жазып
жүрген кейбір жігіттер сияқты алдын-ала ойланып-
толғанып сұлу сөздер іздестіріп, жақсы ұйқастарды
да тізген жоқ, бір түрлі кенеттен пайда болған жақсы сезім лап етіп көңіл күйін оятып, ой-қиялын өзі жетеледі. Қиял да емес-ау, өлеңнің жазылуына мынадай бір әсер еткен жай бар-ды.
Осыдан біраз күн бұрын Райымбек қалаға барып колхозға астық жинасуға көмекке бір топ қызды алып келген. Оның көзі бірден күнқағары иығына түскен жалпақ сабан қалпағы бар, спорт костюмін киген орта бойлы сүп-сүйкімді қара торы қызға түсті. Күлген кезде жұмылып кететін кішірек көздерін ойнақы жыпылықтатып қуақылана қарайтын, ерке мінезді қыз екен.
Райымбектің бір көргеннен өзіне қарағыштай бергенінен қысылған болуы керек.
– Неменеге қарай бересің маған? Танып тұрсың ба? – деп жазғырып тастады.
Ал қыздар шуылдаса жүріп бірін-бірі сүйемелдеп барлығы тегіс машина қорабына мінген кезде кейіндеп қалған әлгі қыз:
– Немене, ешқайсыңның кабинаға отырғыларың келмей ме? Жігіттің жалғыз өзіне көңілсіз болар деп ойламайсыңдар-ау, ә? – деді саңқылдай күліп.
– Ішімізден саған көзі түсіп еді ғой, сен отыр, – десті қыздар да әзілдеп.
Қыз Райымбектің жанына отырды. Тынышсыз-ақ екен. Жол бойына ананы-мынаны айтып ауыз жапқан жоқ. Райымбекпен танысып та алды. Өзінің аты Дариға екен.
– Ауылдарың көңілді ме? Жастар көп пе? – деп сұрап қойды бірде.
– Көңілді… бірақ қыздарымыз аз.
– Солай ма?! – деді Дариға мәз бола күліп.
Бұл күлкі, әрине, қыздардың жігіттер үшін оңайлықпен қолға түспес қымбат жандар екенін паш еткен мақтанышты күлкі еді.
– Біз де уақытша келе жатырмыз, – деді онан соң көзін сүзе паңданып. Қарсы алдындағы айнаны өзіне бұрып тез қаранып алды да, маңдайына қарай бұйралана түскен шаштарын тарағыштап түзетіп қойды. Енді айна арқылы Райымбекке көз салған. Қыздың өзіне бастан-аяқ шұқшия қалғанын сезгенде, Райымбектің аяққолы мұз боп, сіресіп қатты да қалды. Мүлдем қимылдай алар емес. Зулаған машина оның еркінен тыс тас жолдың ортасымен өзі оқша зымырап ұшып келе жатқан сияқты. Дәл қазір қарсы алдынан машина жолықса, бұрылып та кете алмас еді. Осы жайды біліп, жігітті одан бетер тықсыра түсейін дегендей қулана күлген қыз тағы да үн қатты.
– Менімше сіз өлең шығарасыз ғой деймін.
– Жоқ. Неліктен олай дейсіз? – деді Райымбек, қызара күліп.
– Түріңіз ақындарға ұқсас. Білетін адамдар естуімше, ақындардың көбінің шаштары бұйра, қабақтары ілезде түйілгіш, ілезде жадырағыш, көздері нағыз күлімкөздің өзі, бірақ терең ойшыл, ал мінездері… мінездері бірде дөрекілеу, батыл, ал бірде өте жасық, ұяң, әсіресе өздеріне ұнап қалған қыздарға тура қарай алмайды, қызараңдайды да отырады деп. Ал сіз… дәл сондайсыз. Ұялмай-ақ қойыңыз, мен естігенімді айтамын. Ең болмаса, жатқа өлең білесіз бе?
Қыз сөзіне бір қызарып, бір бозарған Райымбек екі езуін жия алмады. Жолдастарының айтуынша күлген кезде аузының дорбадай боп тым созылып кететінін білетін. Ал енді мынадай өзін қыз мақтап келе жатқан сәтте қалай күлмейді, қалай қызараңдамайды, ал Дариға болса енді одан білетін бір тақпақты жатқа айтып беруін өтінді. Тықылықтап қояр емес, «ең болмаса, бір ауыз» деп қиылып отыр. Әй, осы қаланың қыздары-ай, тақпақ айтпаса, өлең оқымаса сөздің сәні келмейтіндей болады-ау.
– Ең болмаса, бір ауыз, – деп қайталай қиылды қыз. Маңдайынан тер шығып кеткен Райымбек ыңғайсыздықтан құтылу үшін:
– «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында»… – деп бастап жіберді де, тілін тістеп алғандай іркіліп қалды. Бұрын мектепте жат таған бұл өлеңді ұшты-күйлі ұмытып қалғанына одан әрмен қысылды. Ұмытып та қалған жоқ-ау, әншейінде көңілінде сайрап тұра тын өлең жолдары қапелімде есіне оралсашы. Қара басайын десе өстіп басады ғой.
Бұл кезде кузовты үсті-үстіне ұрғылаған машина үстіндегі қыздар:
– Ау, өзің соқырсың ба, қалай, жігітім? Отын емеспіз ғой, абайлап айдасаңшы машинаңды.
– Бәрін бүлдіріп отырған өзіміздің Дариға да, жігіт байғұстың көңілін алаңдатып. Кәне, шық бері!
– Иә, шық бері, Дариға! – деп, қыздар шуласып қалды…
***
Қала жастары көмекке бұдан бұрынғы жылдарда да келетін. Олар өздерімен бірге ауылға өзгеше бір думан ала келуші еді. Күнде кешкісін колхоз клубында сауық кештері өтіп, билер биленіп, түрлі ойындар ұйымдастырылатын. Күн ұзынғы жұмыстан кейін кешкі тамақтарын ішер-ішпестен жуынып, таза киініп клубқа жиналатын қаланың жігіттері мен қыздарының әдеті колхоз жастарының да бойына сіңісе бастаған.
Жұмыстан кешірек қайтқан Райымбек апыл-ғұпыл тамақтанып, тек мереке кездерінде ғана киетін костюмін киіп, клубқа баруға асықты.
Ол келгенде бидің нағыз қызған кезі екен. Кешті басқарып жүрген комсорг жігіт Нұрмаш өзінің қойын дәптерін қолына алып, билеушілердің ортасында викторина сұрауларын оқып жүр. Күрең жүзі тершіп, даусы қарлыға бастапты.
– Автомат тракторды ойлап тапқан кім? – дейді ол. Бұл сұрауды Нұрмаш бүкіл қыс бойына ауыл жастарының кештерінде әлденеше рет қойған. Әрине, бұл жолы бұған жауапты қала жастарының біреуі беруі керек екенін елдің бәрі іштей сезеді. Сондықтан да ауыл жастарынан ешкім үндей қоймады.
Райымбек есік жақтан кеп тұра қалған. Екі көзі билеушілерде, Дариға көрінбейді. Би аяқталды. Ортадағы жұрт топырласып, енді тарасқанша гармонь үні ойнақы сазды жаңа әуенді бастап та кетті. Бір-бірінен ажырасып үлгермеген жігіттер мен қыздар биге тағы да лап қойды. Осы кезде жалтақтап тұрған Райымбектің дәл иегінің астынан:
– Кеш жарық, – деген іздеген адамының ерке үні естілді. Қарсы алдында Дариға тұр. Алабұртқан жүзі күлім қағады. Үлбіреген жұқа кофтасының омырауы көзді арбап, ерекше томпия қалған. Қыз бойынан ескен әтір иісі мас қылғандай. Сәл тәжім етіп, жігітті биге шақырды.
Алғашқы сәтте Райымбек аяғын қалай алып, қалай билегенін мүлдем білген жоқ. Оның бар сезгені уысындағы кіп-кішкене жұмсақ алақан мен жымиған сүйкімді қыз жүзі еді. Қыздың маржандай ақ тістерінің сирек екенін де енді байқады. Бірақ соның өзі ерекше бір көрік беріп тұрған тәрізді. «Сізге тек тары жегізу керек екен», деп әзілдегісі келді де, айтуға ерсі көрді.
– «Евгений Онегинді» тұңғыш рет қазақ тіліне аударған кім? – деген Нұрмаш даусы ғана көңілін бөлді. Райымбектің ойына Абай аударған Татьяна хаты бірден сап ете түскен. – Амал жоқ қайттым білдірмей, Япыр-ау, қайтіп айтамын.
Қоймады дертің күйдірмей,
Не қылсаң да тартамын, – деді ол Дариғаға ғана естіртіп. Қыз күлкілі кескінде басын шайқады:
– Өте асығыс, өте тез, – деді.
…Сауық кеш тарады. Райымбек даусы дірілдеп сыпайы ғана:
– Шығарып салуға бола ма екен? – деп сұраған. Дариға көзін күлімдете жыпылықтатып, басын изеді. Райымбек оны қыздар орналасқан ауыл шетіндегі жатақханаға дейін шығарып салды. Қаладан келген қыздардың барлығы бірге қайтқандықтан Дариға мен бірінші күннен оңаша қыдыру мүмкін емес еді. Және іштеріндегі Ділдә деген еңгезердей қара қыз өзінің үлкендігін көрсетіп, басқаларға қамқоршы бола қапты:
– Жә, келместен жатып ұшып-қонып, өз қасиеттеріңнен айрылмай былай тәкаппар… менмен болсаңдаршы, – деп ешкімді топтан шашау жібере қоймады.
Райымбек үйге қайтқанда тауық екінші шақырып таң қараңғылығының қоюлана түскен кезі еді. Жұлдыздар да су түбінде аққан күмістей айрықша жалтырап, тегіс батысқа қарай ығысып барып, қайраңдағандай шоғырлана бастаған. Ауа тымық болса да өзен жақтан жел қаққан құрақтардың шуылы естіледі. Көше бойындағы теректердің жапырақтары сусылдап, басынан – бұтақтар арасынан ояна бастаған таңғы құстар қанаттары сытырлап ұйқылыояу шықылықтасып қояды. Дәл осынау таңғы тірлікті Райымбек бұрын еш уақыт сезіп, байқамаған еді. Осының бәрі алып ұшқан қуанышты жігіт жүрегін тамаша бір сезімге бөледі. Үйге кірген бетте ала көлеңке бөлме ішінде шам жақпастан терезені айқара ашып қойып, бозара атқан таңға, шыныдай мөлдір аспанға қарады. Онан соң тәтті ұйқыда жатқан анасын оятып алмауға тырысып ешбір тысырсыз абайлап қана үстел тартпасын ашып дәптер мен қалам алды. «Дариға» деген алғашқы сөз де қағаз бетіне түсті. Көңілдегі тәтті ой мен жақсы арман тізбектеліп, өлең болып жазыла бастады…
***
Өлең жазумен отырып таңды сол терезе алдында атырды. Бір түн ұйқысыз өтті. Бірақ өкінішті емес. Райымбек ұзақ таңға көз ілмесе де, өзін-өзі соншалықты сергек те жеңіл сезінді. Дариғаға арнаған өлеңін таза қағазға көшіріп жазды да бүктеп қалтасына салды. Шаруашылық ауласындағы машинасына қарай асыға жүрген. Қырманның жанынан өте бергенде қабырға газетіне жазған кешегі мақаласы есіне түсті. Қалтасынан алған бүктеулі қағазды ашып қарамастан «мақала жәшігіне» тастай салды, ал өзі сол күннен бастап күндіз-түні комбайннан қырманға астық тартуға шықты. Жазған өлеңін қайтып есіне алуға да мұршасы болған жоқ.
Бұған бөлінген үш комбайн бұл сәл бірдеңеге айналса-ақ болғаны бірінен кейін бірі дамыл-дамыл бункерлері толғанын хабарлап бүкіл егіс даласын қоңыраулата бастайды. Даланың қара жолын бұрқылдата шаңдатып сол комбайндар мен қырманның арасында қолды-аяққа тұрмай безілдейді. Машинасын да, өзін де бір жыл жуса кетпестей шаң тұтып, көзі қызара кіртиіп, қатты шаршайтын да, кешкісін қисайған жерінде ұйықтайтын. Тек үшінші күні қызыл мүйіс орналасқан вагонеткаға кіргенде күтпеген жерден Дариға кездесе кетті.
– Көрінбей кеттің ғой. Түнде клубқа неге келмедің? – деді.
– Қол тимеді.
– Мен сені келеді екен деп, басқа ешкіммен билеген жоқпын, – деді Дариға кінәлағандай. Осы сөздерді естіген кездегі Райымбектің қуанышында шек жоқ еді. Ыржиып күле берді. Аузының дорбадай боп кететіні де есінен шығып кеткен. Қалтасын ақтарып көріп еді, өлең табылмады, ал осыдан біраз күн бұрын қабырға газетіне жазған мақаласы қағазы жұлықтанып әлі жүр. Райымбектің қуанышы су сепкендей басылды, бір мүлттіктің болғанын жүрегі суылдай тұрып ұққан ол вагонеткадан жүгіре шыққан бойда ала өкпе боп қабырға газетінің редакторын іздесін. Мұндайда іздеген адам табылған ба?! Оның қайда жүріп, қайда тұрғанын жан білсейші. Сол күні Райымбек қалаға астық тасып жүріп кетті. Мақала жәшігіне тастаған өлеңі есіне түскенде өне бойы шымырлап машинасы ауда рылып кете жаздайды. Сабыр, сабыр… Енді не де болса артын күтуге тура келді. Райымбек қаладан қайта оралғанда газеттің кезекті жаңа саны қырман басындағы тақтаға ілінген екен. Бұл жолғы газет тым жақсы көркемделіп, өте қызықты шыққан болуы керек. Түскі тамаққа шыққан қырмандағы жұрт жиналып кеп газетті қоршап алыпты. Гугу етеді.
– Тоқтаңдар, мынау лирикалы өлеңді қараңдар, – дейді дарылдай шыққан жуан дауысты комбайнер. – Дариғаға арнапты…
Райымбек бетінен оты шықты.
Кетуге асықты. Бірақ барарға орын таппады. Газет ілінгелі шала бүлініп жүрген Дариға да оны іздеп кеп тауып алды. Райымбек не дерін білмей, нарттай боп қызарып қыз алдында тұр.
Ал Дариға болса құрбы қыздарының ортасында тұрып бар ызасын төгіп-ақ салғаны.
– Әй, ақын жігіт! Сен немене, махаббатыңды бүкіл елге әйгілеп, ғашық боласың ба?! Әлде мазақ еткің келді ме?! Шіркіннің өлең жазғышын! Тоқ етері сол, қазір тез бар да анау газеттегі өлеңіңді алдырып таста! Мүләйім бола қалуын… Күйіп жанған Мәжнүн, бірақ мен саған Ләйлі емеспін…
Бұдан әрі Дариға әлдеқандай ауыр сөздерді тағы да айтты. Бірақ Райымбек естіместен жүріп кеткен. Тұрған қыздар сықылықтаса күліп қала берді. Бетіне тепкен ұяттан жанып кете жаздаған Райымбек жүгіре басып комсоргке барды. Ентігін баса алмай тұрып, одан газеттегі өлеңінің тоқтаусыз алынуын талап етті. Қолды-аяққа тұрғызар емес. Нұрмаш езу тартқан қалыпта басын шайқады.
– Өлең өте жақсы, мәдениетті жазылған ғой, оған несін саса — сың, – деді ол салқын ғана. – Газетке әр беріп тұрған сол өлең.
Райымбек қанша өтінгенмен, Нұрмаш өлеңнің түгелдей алынуына көнген жоқ, «Дариғаға арнаймын» деген жері ғана өшірілетін болды.
***
Дариға екінші айналып келгенде газеттен оның аты өшірілген еді. Бірақ өлеңнің ешбір жері өзгертілмепті. Ол түсте құрбы қыздарынан ұялып оқи алмаған. Енді өзіне арналған өлеңнің әрбір жолын, әрбір сөзін ойлана тұрып оқыды. Жүрегі дүрсілдеп, қайталай тұрып оқыды.
Өлеңде жақсы достық көңілден өзге, оғаш ештеңе айтыл маған. Күйдім, сүйдім деген ештеңе де жоқ, аулына келген мейман қызға қадала көз салу, мінезіне, қылығына қызыға сүйсіну бар. «Сен келгелі аулыма жаңа бір сән-салтанат орнағандай, бүкіл табиғаты жаңаша бір құбылып күні жарқырай шығып, айы ұяң қыздың қабағын дай сызыла туып, ерке желі де өзгеше боп есетіндей… «Дариғаға арнадым» дегенде осының бәрі де нақтылы бір иесін тауып соған бағышталып айтылған болса, енді сол арнауды алып тастағанда жалпы айтыла салған жалаң сөздей боп қалыпты. Ертеңгісін ғана ел қызыға жапырлаған қабырға газетінің дәл қазір ешбір қызығы да, құны да қалмаған сияқты. Оған кінәліні Дариға өзі деп есептеді. Жаңадан танысқан жігіт өлең арнапты, оның не әбестігі бар еді! Дариға өзінің қызулығын, ештеңенің байыбына бармастан ақылсыз мінез танытып Райымбекті ренжіткеніне қатты өкінді.
Қыздардан оқшау шығып, бидай үстіне отыра кетті де, көзі жасаурай берген соң, көзіне түскенді сүрткен боп айнасына қарады. Өзінің бойжеткенін енді ғана сезгендей қайқиған ұзын кірпік теріне, бояп қойғандай көрінетін еріндеріне ұзақ қарады. Өксіп-өксіп жылағысы келді, бірақ жылаған жоқ. Көзіне қайта-қайта тола берген ыстық жасты орамалымен сүрте берді. Ыстық жас неғұрлым көп шыққан сайын жүрегіндегі ауыр мұң аз да болса жеңілдегендей боп отырды.
– Дариға, – деді құрбы қыздарының бірі дауыстап, – неғып отыр сың жалғыз?
– Көзіме сабан түсті-ау деймін.
– Кел, тезірек. Сен болмасаң жұмыс өнетін емес…
Бұл отырған қызылға таяп келген Ділдә байқап қалған болуы керек.
– Не болды саған кішкене қыз? – деді Дариғаны иығынан құшақтап. – Кәне, бері қарашы.
Әрине, осы сәт Дариға өзін-өзі ұстай алмай, кішкене балаша солқылдап жылап жіберді. Ыңғайсызданған Ділдә оны иығынан қағып жұбатпақ болып еді, Дариға одан солқылдай түсті.
– Жарайды, жетеді, – деді Ділдә кенет қатқыл үнмен. – Дәл біреу бұған қарамай қойғандай қыстығуын, сүрт көзіңнің жасын. Қарай гөр, мұны…
Дариға жылауын қойған. Екі қыз енді бидай үстіне біріне-бірі қарама-қарсы отырды. Ділдәның кішірек қиық көзі үлкен ойда, қадала қалған.
– Немене, маған ұрыспақсың ба? – деді Дариға.
– Ұрсып қайтем, мен өзім де ғашықпын… – деді Ділдә күтпеген жерден күрсініп. Дариғаның ет жүрегі дір етіп, өздеріне қам қоршы боп жүретін, үп-үлкен ер тұлғалы Ділдәнің мұңайғанын көргенде тіптен елжіреп кетті. Бір сәтке ол өз қайғысын мүлдем ұмыт қандай.
– Немене, біз қыз басымызбен жылап, жыласа солар жыласын да, – деп қойды.
– Ол әне, анау жүр, – деді Ділдә сыбырлап. – Өте жақсы жігіт, өзі ақылды, өзі ұяң… Әне, анау моторист ше? Күні бойы айналып менің жанымнан шықпайды. Қап көтерсе тек маған көрсету үшін ғана көтеретін сияқты. Бес кісі көтере алмайтынды бір өзі көтереді де майысып барып машинаға тиейді. Ал кеше астық ұшырып жатқанда, пульттің бір винті ұшып кеткен, қыздар дереу «тез жөнде» деп шулап бердік, ол ары ақтарды, бері ақтарды ключі жоқ. Біз болсақ, «бол, болдың» астына алып тұрмыз. Ол дереу ұшып кеткен винтті алды да қолымен бұрай бастады. Байқаймын, винтті бұраған сайын қабағы сәл шытынса да езуін тартуға тырысып отыр. Екі көзі менде. Алғашында елемесем де, артынан білдім, аккумулятор өте қызып тұр екен. Ал ол маған тесіле қараған қалыпта винтті бұрай түседі. Маңдайынан құйылған тер бетін жауып кетті… Кейін нен жанымдағы қыздар: «Ділдә, сен жігіттің ключін көзіне көрсетіп қойып тұрып, от ұстаттың-ау» дейді. Байқасам, қу қыздардың бірі оның ключін менің төс қалтама салып қойыпты… – Мұнан ары Ділдә да тығылып ештеңе айта алмай, біраз үнсіз отырды. – Бүгін, әне, қолын таңып алыпты, біз жаққа жуымай жүр… Әрине, өкпелі ғой…
Дариға енді оған соншалықты бір сыйлаған құрметпен қадала қарап қалған. «Бұлардікі шын, нағыз махаббат қой, – деп ойлады ол, – біздікі немене баланың ойыны сияқты».
Күндер өтіп жатты. Ауа райы бұзыла бастады. Жиі-жиі сіркі реген жаңбыр жауып, аспанды түтін түстес сұрғылт бұлт торлап ала тын болды. Қырмандағы астық қызып кетпес үшін жал-жал етіп, жиі-жиі аударыстырып тұру – қыздардың міндеті еді. Бір күні Дариға жаңбыр жауып тұрған кезде Нұрмаштың қабырға газетті алып жатқанын көрді. Жұмысын тастай салып, жүгіріп оның жа нына барды.
– Нұрмаш, Райымбектің өлеңін маған беріңізші? – деп сұрады.
– Неге? Болмайды.
– Маған арналған өлең еді ғой, беріңізші! Өтінем!..
– Рас, әуелі саған арналған, бірақ кейін автордың тілегі бойын ша ол сөзді алып тастадық.
– Ә, солай ма?..
Дариға қапелімде не дерін білмей есеңгіреген адамша сілейіп тұрып қалды. Түрі соншалық аянышты болып кетті. Ол енді екі иығы салбырап кейін қарай жүре берген еді.
– Тоқта, – деді Нұрмаш дауыстап.
Дариға бұрылған жоқ. Нұрмаш жүгіріп, оны қуып жетті де:
– Жәй айтамын, соған да ренжіп барасың ба? Мә, тез қойныңа тығып ал, су болып қалмасын, – деп бүктелген өлеңді қыздың қолына ұстатқан.
– Авторы рұқсат етпейді ғой, бәрібір, – деді Дариға жыламсыраған үнмен, өлеңді қайтарып беріп. Нұрмаш оған күле қарады да ешбір бүкпесіз-ақ турасынан:
– Шынымен сүйесіз бе? – деп сұрады. Дариға басын изеді.
– Әй, асаулар мен тұсаулар… Рұқсат етеді, мә, ал, – деді де өлеңді енді қыздың қалтасына тыға сап өзі жөніне кетті.
Сол күні кешкісін қырманнан Ділдә мен Дариға басқа қыздар дан бөлініп оңаша бірге қайтқан. Күн тұман, қоңыр салқын еді. Колхоз көшесіндегі сабындай езілген саз батпақта қыздар тайғанақ тап әзер жүріп келеді. Дариға дереу аяқ киімін шешіп ала сап, сырғанай беріп, шалқасынан түсе жаздады. Ділдә сүйеп қалды:
– Ақымақ қыз, суық тиеді ғой, ки аяқ киіміңді, – деді ол бұйырып, – ертең қайтарда ауырып қаласың…
Апатай, менің қайтқым келмейді, – деді мәз болған Дариға онан сайын сырғанақтай түсіп.
– Ол тағы қандай өнер?
– Осындай өнер, осы ауылда біржола қалғым келеді.
– Дариға, ақымақ қыз-ау, шының ба?
Дариға енді күлкісінен тыйылып тапочкалары қолтығында, өзіне таңдана қараған Ділдәмен қатарласа жүрді.
– Шынында да көптен бері осы ой маза бермейді. Неге екенін білмеймін, кеткім келмейді, – деді ол ойлы қалыпта.
Ділдә біразға дейін үнсіз жүріп келе жатты да, кенет Дариғаның қарынан шап беріп ұстай алып қапелімде оны селк еткізді.
– Айналайын-ау, шынымды айтсам, менің де қайтқым келмейді. Жас кезімде ауылда өскендіктен бе, біртүрлі мынау тірлік маған өте ыстық көрінеді. Қимаймын.
Енді аздан кейін екі қыз да осы ауылға біржола қайтып келуге сөз байласқан еді.
***
Астық жиналып болып, қыздар қайтып кеткен. Екі-үш күн өткеннен кейін ертеңгісін Райымбекті колхоз председателі шақыртты да, қаладан колхозға келе жатқан адамдарды көшіріп әкелуді тапсырды. Жанына Нұрмашты қосып берді. Райымбек одан көшіп келетіннің кім екенін сұраған, комсорг сыр берместен:
– Барған соң көресің ғой, – деді.
Бұлар қалаға түске таман жеткен.
– Редакцияға бұр, – деді Нұрмаш.
Екі этажды үлкен үйдің алдына бұлар келгенде, қақпа алдын да екі-үш чемодан мен көрпе-жастық буылған теңі бар Ділдә тұр екен. Ол сағатына қарап қойып Нұрмашқа:
– Уәдеге берік екенсіңдер. Он минут ерте келдіңдер, – деді қуанышты үнмен. Сәлден кейін редакциядан жанында орта жасқа кеп қалған көзілдірікті адамы бар, Дариға да шықты.
– Міне, ағай, біздің машина, – деді ол, – көп тұруға болмайды.
Онан соң қуақылана күлген жайдары қалыпта Райымбекке кө зін қысып қойды да:
– Ақын жігіт осы, – деп таныстырды. Көзілдірікті адам Райымбектің қолын қысты.
– Енді мен не дейін, қалқам. Жолың болсын, барған жеріңде де жақсы істе, – деді әлгі кісі Дариғамен қоштасып. Былайырақ ұзап шыққан соң Дариға:
– Біздің редактор, – деді өзінен-өзі. – Мен осы редакцияда корректор боп істейтінмін, енді міне, сендердің ауылдарыңа біржолата бара жатырмын.
– Қалайша? – деді Райымбек түсінбей. Бұл оның алғаш үн қатуы еді.
– Колхозға біржола барамын, – деді Дариға оған тура қарап. – Анау жолы сен ауылда қыз аз деп едің ғой.
Бензин иісі аңқыған кабина ішінде мотор қызуының бет шарпыр жалыны бар. Қаладан шыға бере-ақ бесікше тербеткен машина жүрісінен Дариғаның ұйқысы келді.
– Ұйқым келді, – деді маужырап. Оның сирек тістерін көрген кезде Райымбектің жүрегі лүп ете түсті. Дариға болса оны ренжітіп алмайын дегендей аса сақтықпен:
– Райымбек, осы күні өлең жазасың ба? – деп сұрады. Жігіт үндеген жоқ. Өңінен қаны қашып сұрланып, көзінің төңірегі қызарып, айқыш-ұйқыш жолдан көз алар емес. Бірталайдан алынбаған сирек қара мұртты үстіңгі ерні діріл қағады. Қатты толқып отыр.
– Өлеңдеріңді маған оқуға бересің бе? Жақсыларын редак цияға жібереміз. Мен редактор ағайға жаңа сен жайында айттым. Ал сенің маған арнаған өлеңің, міне…
Дариға қалтасынан бір жағы сол күйі ақ газет парағын алды.
– Ертеңгі газетте жарияланады. Мынау оттискасы, мен әзер дегенде алдым. Шынында мұны осы күйінде алуға рұқсат етілмейді.
Райымбек енді ғана қызға тесіле қарады. Дариға көзін жұмған қалыпта әлі сөйлеп отыр.
– Өлең жазатын ақын адамды елдің бәрі сүюге тиіс қой…
«Ал мен тіптен ақын емеспін ғой, – деді Райымбек өз ішінен, – ол өлең кездейсоқ жазылған. Оны жаздырған сенсің ғой…»
Бұдан ары ұзақ жол бойына екеуі де үнсіз отырды. Екеуі де тек іштей қуанышты еді. Дәл ауылға жеткен кезде Райымбек:
– Кешкісін клубқа келесің бе? – деп сұрады сыбырлап қана. Дариға әдемі, маржандай жарқыраған сирек тістерін көрсетіп қулана күлді де, басын изеді…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *