Ұрпақтар рахмет айтатын болады
Кеңес өкіметі кезінде ұмыт бола бастаған ұлттық салт-сана, дәстүрлерімізді тәуелсіздік алғаннан кейін қайта дәріптеп, әспеттеп, әрлендіріп, жалпақ елдің жадын жаңғыртып, жандандыруға қосқан Сейіт Кенжеахметұлының ересен еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Ол ұлт рәсімдерін реттеп, бір жүйеге салып, оны ғылыми айналымға түсіріп, бірнеше мәрте кітап етіп шығарып, төрткүл дүниеге таратты. Бұған себеп, Сейіт сол ұлттық дәстүрлердің ұйып-ұйысқан жері Торғай даласында туып өсті. Сол кездегі көзі тірі көреген, шешен кісілер Ахметхан Әбіқаев атай мен Күләнда Бөкешева апайдан көп тәлім-тәрбие алды. Сейіттің өз анасы да көзі ашық, көкірегі ояу, ел басқарған кісі еді. Осындай ортада өскен ол Торғай елінің тұнып тұрған қазынасынан қанып ішіп, өзінің жиған-тергенін халықтың кәдесіне жарата білді. Қазақ сатирасында өзіндік орны бар Сейіт өмірінің соңғы жылдарында ұлттық дәстүр-салт тақырыбына бел шеше кірісіп, белсенді еңбек етті. Ел этнографиясына елеулі үлес қосты. Сейіттің бұл еңбегін бұл күнде біреу біліп, біреу білмей, өз бағасын ала алмай жатса да, болашақ ұрпақ оған ұлт қазынасын ұлықтағаны үшін рахмет айтары хақ. Жүруші ең көп ішінде дара жандай, Қолыңа отырмаушы ең қалам алмай… Халықтың қазынасын тиеп алып, Көтеріп келе жатқан қара нардай. Үзгенде ажал жетіп сол ғұмырды, Бұл күнде біздің көңіл болды мұңды. Апарып болашаққа тапсыратын, Апыр-ай, кім көтерер сол жүгіңді!
Серік Тұрғынбекұлы