ҚЫСҚЫ КЕШ

ҚЫСҚЫ КЕШ

Сайын Мұратбеков


Қыс түсердің алдында салынған жаңа қора үлкен дөңнің үстінде. Ойдағы ауыл орталығы бұл жер-
ден алақандағыдай анық көрінеді. Мал қораның түнгі күзетшісі Жолбай күндегі әдетінше қара сеңсең ішікке оранып, қораның ауыз жағындағы шөпке бе-
луарынан кіріп отыр. Бұл — жиырма беске шыққан,
ұзын бой- лы, сығырайған шегір көзді делдиген жалпақ танау, арық сары жігіт. Суық қарыған жүзі шымшып тастағандай қыпқызыл. Сұр шөптің құрғақ иісін танауын делдите түсіп құшырлана жұтады. Ауық-ауық ерменнің ащы кермегінен пысқыра түшкірініп қояды.
Шөп иісі жалғыз Жолбайға емес, бүкіл ауылға кәнікті.
Қыстың қақаған суығында қора төбесінде көк жауқазын шөп көзді тартып, ыстық жазды, кең даладағы жайқалған жасыл шалғынды еске түсіреді. Әсіресе, шығыс жақтан аязды ызғырық соққан күндері кепкен шөптің құрғақ иісі бүкіл ауылды манауратады. Әркімдер-ақ жаз еркені аңсайды. Мал атаулы қора жаққа қарап тұмсығын көтеріп, ұзақ тұрады.
Әне, отқа тастаған бақырдай зорыға қызарып күн ұясына қонды. Күнбатыс көпке дейін-ақ көрпелі жер үстіне ерекше қою қызыл рең беріп, сазарып алады. Тымырсық аяз уысына қысып қусыра түседі. Ауыл үйлерінің мұржаларынан жарыса шыққан түтіндер, ымыртта жүннен ескен сырықтай боп биіктеп тіке көтерілді.
Қораға жапсарлас күзетші будкасы бар. Бірақ Жолбай оған кірмейді, сақылдаған суықта, белуарынан шөпке кіріп сыртта отырғанды жақсы көреді. Екі көзі ылғи да мына бір шеткерек тұрған үйдің түтінінде. Басқа үйлердікінен гөрі бұрқырап қою боп шығады. Соның өзінде де сыр бар тәрізді. «Бұл үй көмірді де, ағаш отынды да түсіріп алып еді ғой, неге жақпайды», – деп таңданады Жолбай.
Ол Әсиланың үйі. Қазір үй иелері сыртта, малдарын реттеп жүр. Енді біраздан кейін шам жағылады, терезенің пердесі түсіріледі. Жолбай терезе перделерді шешесі емес, Әсиланың өзі түсіретініне де еш күмәнданбайды. Онан соң ұзақ түн бойына олардың шамы сөнбейді.
Суықта, сүрленген құрғақ шөптің үстінде отырып, сол терезеден түскен солғын сәулеге, үй ішіндегі анда-санда қараңдаған көлеңкеге Жолбай талмай қарайды. Ұзақ түнде өзінің жалғыз дығын да ұмытады. Өз қиялында Әсиламен сөйлесіп, бірге отыр ғандай болады. Әсиланың баласының астын құрғатуға, емізуге тұрған мерзімдерін ойша топшылайды.
***
Міне, ғажап… Жолбай өз көзіне сенерін де, сенбесін де білмеді. Әсиланың үйінен қораға қарай біреу шықты. Асыға басып, жолсызбен омбылап тура тартып келеді. Шынымен соның өзі ме? Осындай бір сәтті, Жолбай ұзақ түндер бойы талай арман еткен. «Мен өстіп отырғанда Әсила шыға келсеші» деп тілейтін. Дәл қазір қатты абыржыды. Жүрегі дүрсілдеп, алып ұшып, орнынан атып тұрды. Не істерін білмей, тықыршып, ары-бері жүре бастады. Сырт көзден қымсынғандай жан-жағына қарап қояды. Апақ-сапақта жақын маңнан ешкім көрінер емес. Тек, орталықтағы клуб алдында ығыжығы жүргендер көзге түседі. Шеткі, кішкене көше жақтан қосылып салған қыздар әні естіледі. Ақырын айтса да аязды ауада олардың іштеріне тартқан демдеріне дейін, үндеріндегі болымсыз күрсініске дейін анық естіліп тұр.
Күнде-күнде кездесеміз осылай
Сыр айтысып, таныспаған досым-ай…
Екі иінінен ентіге дем алған Әсила да жетті.
– Жақсы ма, Жолбай, – деді сыбырлай амандасып.
Әсила – сұңғақ бойлы, сұлу тұлғалы жап-жас келіншек. Соңғы кездерде едәуір жүдепті. Жолбай мұны бірден байқады. Ашаң жүзі боп-боз көрінді. Жаудыраған бота көздер шаршағандай жабырқау тартып, жасқана қарайды. «Әрине, күйеуінен ажырасу оңай тимеген ғой, – деп ойлады Жолбай. – Дегенмен де, босанғаннан бері ажары бұрынғыдан да сұлулана түскен бе, қалай?»
Әсиланың қолында жібі бар. Үстінде – сонау жылдары, орта мектепті бітіргендегі шолақ плюш пальтосы. Әрине, қазір мұны Әсила үй шаруасына киеді. Класқа алғаш осы пальтоны киіп келген күні, Жолбай оған қайта-қайта бұрылып қарағыштай бергені үшін, бір сабақтан қуылып шыққан-ды. Шіркін, ол кезде Әсила қандай әсем еді. Көп бозбалалардың өзіне ынтызар екенін жақсы білетін. Сондықтан оларға ернін шүйіре қарап, жөні келгенде мазақ етіп кетуші еді. Жолбай да оған кездескен сайын телміре қарайтын. Сондайда Әсила қасақана көзін қысып қалып, мұны құлағына дейін қызартып ұялтатын да, онысына өзі мәз болатын. Қандай тәкаппар, менмен еді ол кезде. Сол Әсила, міне қазір қандай болған. Жұп-жуас боп мұңайып алдында тұр.
– Азырақ шөп берші? – дейді.
Жолбай әуелде оның шөп сұрағанына таң қалған. Өйткені, Әсиланың үйінде, төңірегін тікенек сыммен қоршаған, кішігірім маядай шөп тұр. Әсила да жігіт ойын бірден сезген.
– Ол шөп біздікі емес. Жүністікі… өзі жиған, – деді сөзінің соңын жұта сөйлеп.
«Жарайсың, Әсила. Керегі жоқ, соның жиған шөбінің, – деп Жолбай келіншекке іштей риза боп қалды. – Бәсе, сенің осындай мінезің бар еді ғой».
– Мен берермін-ау, бірақ бір арқа шөп не болады? – деді онан соң өзі.
– Тағысын тағы көрермін, – деді күлімсіреген Әсила. – Председательден шөп сұрауға ұят, тіпті. Бүкіл жыл бойына колхоз жұмысына қол ұшын тигізбегенімді өзің білесің ғой.
– Сол да сөз болып па. Биыл істемесең, бұрын істегенсің. Жазға тағы жұмысқа шығасың. Председатель жақсы адам, сұрасаң, бірер шана шөпті түсіртіп береді.
– Сонда да болса бір түрлі, ыңғайсыз.
– Әй, қайран Әсилаш-ай… – деді оған елжірей қараған Жолбай өкініш толы күрсінген үнмен. – Сен ғой осы күні үйден шығуды да ыңғайсыз көресің. Білемін, білемін, елдің сөзінен қорқасың. Бірақ болар іс болды емес пе. Мүмкін ол кінәлі шығар, мүмкін сен кінәлі шығарсың. Дәм-тұздарың жараспаған екен, онда тұрған не бар…
Жолбай сөйлеп жүріп, әлгінде өзі белуардан кіріп отырған шөптің тең жарымын Әсиланың жібіне буа бастады. Алақанына түкіріп қойып, аязда темір шыбықтай боп сірескен жіпті ілмектеп шалып тарта берді де, кенет ұмыт бір нәрсе есіне түскендей бөгеліп, сәл ойланып қалды:
– Бір класта оқыған жолдас едік қой. Айтшы шыныңды, Әсила, – деді онан соң.
– Не айтам?
– Неге ажырастыңдар? Сен әуелі оны сүйіп едің ғой.– Иә, сүйдім.
– Ендеше неге келіспедіңдер, әлде сені ренжітті ме?:
– Жоқ. Менің маңдайымнан шерткен емес. Менің табаныма батқан шөңгені, маңдайыма батсын дейтін әрқашан.
– Енді не болды?
– Қызықсың сен, Жолбай, – деді өзіне ғана тән ойнақылықпен жымия күлген Әсила, – сол анау жылғы мектептегі қалпыңнан бір өзгерсеңші. Бір нәрсені қазбалап сұрай беруші едің. Мұндай жағдайды бір сөзбен айтуға бола ма екен. Әй, Жолбай.. Қолың үсіді ғой, онан да көп сөйлегенше кисеңші қолғабыңды.
Қолы тоңса да Жолбай сыр бермей, алақанына тағы түкіріп қойды.
– Тәйірі, осы да суық болып па, – деді мақтанғысы келіп.
Шірене тартып қалған кезде жіп үзіліп кетті.
– Қап!..
Өз күшіне риза болған Жолбай жіпті жалғап, шөпті қайта буа бастады.
– Жүніс жақсы жігіт еді ғой, – деді онан кейін өзіне-өзі сөйлегендей.
Әсила бұл жолы естімеген адамша теріс бұрылып кетті.
…Орта мектепті бітірген соң, бүкіл класс болып колхозда қалды. Әсила қыздардан құрылған жүгерішілер звеносына бастық болды. Жолбай мал бағуға шыққан. Екеуі өте сирек кездесетін еді.
Осыдан екі жыл бұрын, күзде Жолбай Әсиланың күйеуге шыққанын естіді. Күйеуі – ауылдағы май заводының мастері, кеспелтек келген Жүніс дейтін қара жігіт еді. Ол өте өткір болатын. Екі-үш адамның басы қосылған жерде Жүніс қайратты қара шашын артына қарай шұлғып тастап:
– Кеудемде шыбыным барда менен ешкім озбайды, – деп көкірегін соғатын.
Шынында да Жүніс өте табыскер еді. Бірді-бірге соғып жүріп тапқан ақшасы қалтасында буда-буда боп жүретін. Үйленген соң бір айдан кейін, ол Әсиланы колхоз жұмысына жібермей қойды. Олардың қалай тұратынын ешкім білмейтін. Осыдан бірер ай бұрын күтпеген жерден Әсила арнайы ауданға барып күйеуінен ажырасатындығы туралы арыз бергенде бүкіл ауылда бұған таңданбаған жан болмады.
Жолбай жіпті тағы үзіп алды. Жіп үшінші рет үзілгенде Әсила:
– Қой, Жолбай. Басқа бір мықтырақ арқан әкелмесем, мына жіп сенің күшіңе шыдамады ғой, – деді күліп.
Үнінде мысқыл бар еді. Жігіт абыржып қалды. Әсила үзік-үзік жібін шумақтап жинап алып, келген ізімен кетіп бара жатты.
– Әсила, Әсила-а… – деді дегбірі қашқан жігіт.
Келіншек бұрылған жоқ. Жолбай үйіліп тұрған шөпті теуіп қап шашып жіберді де, ызаланып отыра кетті. Батыс жақ әлі де күрең қошқылданып тұр. Аспандағы жұлдыздар ішек-сілесі қатып мазақтап күлгендей жарқырайды…
***
Әне, сықыр-сықыр басып тағы екеу келе жатыр. Біреуінің жетектеген аты бар. Қынама белді, қара тон кигенін Жолбай анық таныды. Колхоз председателі. Олар таяп келді. Председательдің қияқтай мұртына қырау тұрып, аппақ боп кетіпті.
– Иә, Жолбай, тоңатын емессің бе? – деді қол алысып амандас қан соң: – Мына кісі көрші колхоздың председателі, – деп жанындағы адамды таныстырды. – Сен алмай қояр деп өзім келдім, мына атты бүгінше қораның жайлы жеріне байла. Байқа, біздің тұлпарлар теуіп тастап жүрмесін, қонақ қой, ұят болар, – деп күліп қойды. Сырт жұрттың алдында өстіп есіп сөйлегенді ұнататын адам.
Жолбай қонақтың атын ішке кіргізіп байлап шыққанша, председательдер қораны сөз етіп айнала қарап шықты.
– Сенің отыратын үйің қалай, жылы ма? Кәне, ашшы? – деді председатель.
Жолбай қораның оң жақ іргесінен жапсырыла жасалған, ағаш будканың есігін ашқан. Іштегі ыстық жалын сыртқа бұрқ ете қалды. Қызған темірдің, күйген кірпіштің, қарағайдың қосыла шыққан иістері танауды жарғандай.
– Пах! Пах! Мынау тіпті бір қолайлы жасалған нәрсе, көрдіңіз бе? Көріңіз, көріңіз, – деп председатель қонақты ішке кіргізді. – Біздің құрылысшыларымыз да мықты-ау, көрдіңіз бе, ешбір сылақсыз ағаштарды қалай қиюластырған. Мына пеш те нағыз шебердің ісі емес пе. Сіздерде мұндай адамдар бар дейсіз бе…
Сырттан суыт жүріп келген шаналардың шиқылы естілді.
– Әне, Қараойға кеткендер де келді. Жүр, Жолбай, олар тоңып келген шығар.
Үсті-бастары ақ қырау шөпшілер шаналарын қора алдына қатарластыра тоқтады. Ентіге деміккен аттардың тек құлақ түптері, қос бүйірлері ғана, бусанып тұр. Ауыздықтарын қаршылдата шайнап, пысқырынып қояды.
– Ақсақал, мен сізден бір шана шөп сұрайын деп едім, – деді Жолбай председательге оңашалап. – Өзім үшін емес… осы ауыл- дағы бір…
– Ол кім?
Председатель мұның кібіртіктеген кейпін жақтырмай қабағын түйді. Жолбай Әсиланың үйіне қарай жалтақтай берген.
– Ә-ә… Қалай есімде болмаған осы уақытқа дейін, – деп председатель де ойланып қалды. – Кім еді, әлгі күйеуінің аты?.. Өзі пиғылы жаман жігіт еді. Әсиланың айрылысқаны дұрыс болды. Әсила колхоз мүшесі ғой. Манар, әй, Манар! Сен шөбіңді анау Әсиланың үйіне апарып түсірші. Байқа, қалай болса солай шашып тастай салмай, қорасының төбесіне дұрыстап шығарып бер. Бар, сен көмек тесіп жібер, Жолбай… Ой, мына суықты-ай! Жұлынуын! Әй, жігіттер тоңғандарың ана Жолбайдың үйіне кіріп, жылынып алыңдар…
Председатель қонағын ертіп ауылға қарай кетті. Ымыртта, ақ қардың үстінде екі адам көпке дейін қараңдап бара жатты. Ал аяқтарының шиқылы председательдің үйінің есігін сықырлатып ашқанша, анық естіліп тұрды.
Жігіттер ашаларын шөпке бойлата сұғып, іліп ап қораның үстіне лақтырып жатыр. Бүгінгі шөптің иісі тіптен өзгеше, кепкен қауынды еске салады…
***
Әсила сыртта жүр екен.
– Қайда түсіреміз, айт тез? – деп даурығып тұр Жолбай.
Күтпеген жерден бір шана шөптің келгеніне таңданған Әсила:
– Мен сенен бір арқа ғана сұрап едім ғой, – деді.
Даусында: «мені сен есіркемей-ақ қой, шөбіңнің керегі жоқ», – деген наразылық бар еді.
– Е, көп болар дейсің бе?
– Жоқ, Жолбай. Жетім-жесір деп мүсіркеп әкелген боларсың.
Жолбай не дерін білмей тосылып қалды. Әсиланың шынымен ренжіп тұрғаны белгілі еді. «Мұнысы несі, әлде маған көрсеткен қыры ма» деп бір ойлады.
– Мүсіркеп тұрған ешкім жоқ. Өзіміздің колхоздың мүшесі деп председатель жіберді, – деді ол тұста Манар шаңқылдай сөйлеп. Өзі тоңып келгендіктен ол ашулы еді. – Аттар болдырып келді, тез айт, қайда түсіреміз?!
Әсила жайлап жүріп барып шеткі қораны нұсқады. Екі жігіт сырт киімдерін шешініп, шанадағы шөпті қораның төбесіне лақтыруға кірісті. Енді бір сәтте маңдайының терін сүрткен нәзік Манар, ашасына сүйенген күйі Жолбайға сыбырлап:
– Көрдің бе тәкаппарын. Аяп, мүсіркегенді жек көреді, – деп риза кейіпте басын шайқап қойды.
Арт жақтан таяғы «хруу-хруу» деп Манардың шешесі – Қанипа кемпір де келген.
– Манар, а Манар! – деді қатулы үнмен. – Сен бе, сен оңбассың.
Бұл үйге сенен өзге адам неге түсірмейді шөпті, сен неге түсіресің?..
– Апа-ау, өшір үніңді, не айтып тұрсың, ұят емес пе…
– Жә, жә, сен не білуші ең. Ел өсегі…
– Шеше, қайтыңыз үйге. Балаңыз қазір барады, – деді кемпір сөзіне ыза болған Жолбай.
Танауды қусырып сақылдаған сары аяз жігіттердің қаперіне де кірер емес. Әсила бұларға сілейе қарап сол бір орнында тұр. Қанипа мен баласының сөздерін естісе де естімегендей. Шіркін, ол өстіп көз айырмай өмір бойы қарап тұрса ғой, Жолбай ашаны бойлата сұғып, шөп түсіруден жалықпас еді-ау.
Әп-сәтте шөп түсіріліп болды. Манар шанасын айдап кетіп қалды. Жолбай үсті-басына жабысқан шөптерді тазалаған боп біраз тұрды.
– Мен сені ренжітейін деген жоқ едім. Жай жолдастық қамқорлықты «аяп, мүсіркеу» деп түсінсең өзің біл, – деді ол әлден соң міңгірлеп. – Сендерде отын да жоқ қой. Жүністің күзде түсірген көмірін жақпай, шөп сағырын, сабан жағып отырсыңдар, білмейді дейсің бе… Кішкене бала салқын үйде ауырса қайтесің. Мә, мына ағаш отынды ал, ендігі қысқа дейін қарызға беремін.
Сөзінің соңын әзілге бұрған Жолбай, шетте жатқан толы қап бұталған ағашты сау еткізіп төге салды.
– Жолбай-ау, өзің тоңасың ғой, – деді Әсила.
Даусы дірілдеп әрең шықты.
– Мен бәрібір жылынып жүрген жоқпын. Менің пешім сендердің терезелерің…
Жолбай көңіліндегі шынын айтса да, әзілдемек болған. Бірақ Әсиланың көзіне көзі түскенде, қатты іркіліп қалды. Келін шек көзінде жас тығылып тұр еді.
Әсила теріс бұрылып кетті. Сәлден кейін жалт етіп қайта қарағанда кескіні бір түрлі жарқын еді.
– Тер қатады, тез ішігіңді ки, – деді ол.
Даусы өзімсініп көңілді шықты. Өзі үлкен ішікті әзер дегенде көтеріп, Жолбайдың иығына жапты.
– Саған қандай алғыс айтарымды білмеймін, тіпті.– Бір рет сүйгіз, – деді қулана күлген Жолбай.
Батылы жетіп қалай айтқанын өзі де сезбей қалды.
– Жаныңа жақпайды екен.
Енді бірде екеуі де бір-біріне қарсы келіп, тура қарап тұрып қалған. Күлкіден екеуі де тыйылған.
– Әсила, анда-санда үйлеріңе келіп тұрайын ба? – деді Жолбай жалынғандай боп.
– Неменеге келесің. Әй-әй, Жолбай-ай, ауыл толы қыздар жүргенде мені не қыласың. Мен әйелмін ғой, балам бар ғой, – деді Әсила күрсіне тұрып. – Әне тыңдашы, сені шақырады.
Аязды ауада бағанағы екі қыздың қосылып салған әні тағы да естілді. Клубтан қайтқан беттері болу керек. Күнде-күнде кездесеміз осылай,
Сыр айтысып, таныспаған досым-ай…
– Бар, сені шақырады.
– Әсила, мен сені ғана сүйемін ғой.
– Енді қайт дейсің, сүйе бер…
– Әсила менің табысым Жүністен кем болмайды. Не керектің бәрін табамын. Жаңа үй саламыз, мал-жанымыз… – деп Жолбай шұбырта жөнелген.
– Әй, Жолбай, осы сөздерді мен сенен естіп тұрмын ба?! – деп Әсила кейіс үнмен оны тыйып тастады. – Жоқ, Жолбай олай демеші. Әлгінде өзің неге айырылысқанымды сұрап едің ғой, міне, осынысы үшін… Оның пысықтығы менің намысыма тиетін. Енді түсіндің бе?
Әсила үйіне кіруге беттеді, Жолбай оның соңынан ере жүріп, табалдырыққа дейін барды.
– Жолбай-ай, мені қайтесің әурелеп.
Әсила есікті жаппақ болған, жігіт жібермей ұстап қалды. Әсила:
– Айналайын, жіберсеңші. Апам ұрсады ғой, – деді жалы нышты сыбырмен. – Жіберші есікті… Кәне, маңдайыңды әкелші.
Ол Жолбайдың маңдайынан сүйді. Есік жабылған. Жігіт қораға қарай жүрді. Маңдайында тызылдап ыстық бір тап қалды. Қора алдындағы шөпке кеп, белуарынан кіріп отырды. Екі көзі пердесі түсірілмеген терезеде. Ал одан әріде сақылдаған аязды түнде жарқыраған ауыл оттары: «Шіркін, тамаша ғой біздің ауыл…»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *