ҚАЙСАР МІНЕЗ

ҚАЙСАР МІНЕЗ

Сайын Мұратбеков
Бригадирдің әңгімесі
санәлінің оқуға түсе алмай, ауылға қайтып келгенiн сол күннiң ертеңi-ақ естiдiм. Жұмыс қолы жетiспей жатқанда бригадир үшiн бұдан артық жаңалық болсын ба. Жастардың көпшiлiгi менiң бригадамда едi, Асанәлiнi де өзiме келер деп қуандым. Мен оны өткен жылғы жаз айынан берi жақсы бiлетiнмiн. Қалада интернат-мектептiң тоғызыншы класын бiтiрiп, жазғы демалысқа шығысымен ол өзіміздің колхозға кеп жұмыс iстеген. Бір ай шамасында шөпте болды. Жауырыны қақпақтай, орта бойлыдан сәл биiктеу жасөспiрім жiгiттiң ұзын сапты айырмен бiр шөмеле шөптi лып еткiзiп көтерiп ап, мая үстiне қарап оп-оңай лақтырып жiберген кездерi бір менi ғана емес, талай адамдарды сүйсiндiрген.
Алғашқы бiр-екi күнде қай жұмысқа орналастырсам екен деген оймен бiр сәт Асанәлiнiң өзiмен сөйлесуге оқталғам. Артынша-ақ ол ойымнан тез қайтып, сабыр сақтадым. «Қой, келмей жатып мазаламайын, мауқын басып, бiрер күн дем алсын, – деп түйдiм. – Онан соң жұмысты өз қалауына қарай тауып берермiн».
Бiрақ менiң ойлаған ойым үшiншi күнi күтпеген жерден бұзылды. Түске жақын қырман жақтан қайтып келе жатқанымда қоңыр жорғаға мінген председательдің қайын інісі ұзын бойлы, бадырақ көз жігіт Ермек қарсы жолықты. Ол жездесінің мені шақыртып отырғанын айтты.
– Бір тығыз шаруа боп қалды ма?
– Ертең мен базарға апарып сиыр сатпақ едім. Соны бүгін айдасып баратын адам таба алмай, бос жүр ғой, деп әлгі Асанәліні шақырғамын, соның тіл алмай отырғаны.
Мұнан әрі Ермек қоңыр жорғаны тебініп қалды да, жол үстіне түскен көлеңкесіне бір қарап қойып, құйғыта жөнелді.
Ертеден бері жайдары жүрген көңілім бірден бұзылды. Колхоз жұмысына адам жетіспей жатқанда, бастықтың осындай жеке шаруасын қабаттастырғанына қалай күйінбессіз. Кеңсеге асықтым.
Асанәлі председательдің қарсы алдында отыр екен. Оңып кеткен вельветкасының омырауын ашып тастапты. Соғы кезде науқас тан тұрғандай боп-боз болып жүдегендіктен алакүңгірт кеңсе ішінде ат жақты, аққұба өңі айрықша сұрланып көрінді. Таралмаған бұйра шаштары артына қарай ұйпалақтана қайрылған. Қою қасты тік қабақтары түйіле қарайды. Председательмен екеуінің келісе алмай отырғанын бірден сезуге болады.
– Ә, Сәрсен, кел. Көрдің бе, мына бір баланы, – деді мен кіргенде, қалың еріндерін шүйірген председатель, Асанәліні мезгеп қойып. – Мен бір жаққа жұмсап едім, тілімді алмай отырғаны. Өзі орта мектепті бітіріпті, енді жұмыстан қашып жүрген көрінеді…
Председатель әруақыттағы айбынды қалпында, кең орындыққа шірене отырды. Іркілдеген ірі денесі орындықты жарып жіб ерердей сықырлатады. Кителіндегі шаңды шертіп-шертіп қағып қойды. Ол өзінің өткір көзді, қара сұр, сұсты кескінінен көп адам ның жасқанатынын жақсы білетін. Сондықтан да сәл қарсы кел гендер болса көзі шарасынан шыға шатынап, зіркілдей жөнелуші еді. Қазір де сол мінезіне басты.
– Айтарым сол, – деді әлден соң сөзін жалғастырып. – Бүгіннен бас тап мына бригадирдің қарамағына барып не тапсырса соны істей сің. Қандай білімің бар, қандай өнерің бар онда біздің жұмысымыз жоқ.
Осы тұста мен кіргеннен орнынан тапжылмай отырған Асанәлі түрегелді. Бірдеңе айтқысы келіп оқтала берді де, председательдің сөз тыңдамас сыңайын білген соң, кілт бұрылып, шығып кетті.
Председатель маған қарап, басын бiр жағына бұрған күйде отырып қалған. Долдана түтiккен ол сәл қарсы сөз айтсаң бүкiл кеңсенi басына көтерiп, бұлқан-талқан болуға әзiр тұр.
Председательге «Сенiң жастармен бұлай тiк сөйлесуiң дұрыс емес» деп айтуға батылым бармады. Несiн жасырайын, оның айқайынан жасқанатынның бiрi өзiм едiм. Тiс жарып, тіл қатпас тан сол кiрген бойдағы үнсiз қалпымда тасқа соғылғандай боп тысқа шықтым. Мазасыз желi ұйтқи соғып, шаң үйiрген күздiң сиықсыз күнi. Реңсiз аспандағы түйдек-түйдек болып бiрiн-бiрi қуған сұр бұлттар да қанаттаса алмай жүр. Тегiнде жаңбыр жауатын түрi бар. Ендi қырманға барайын деп жүре бергенiмде кеңсеге қарай үкiдей ұшып келе жатқан Асанәлінiң шешесi Нұриланы көрiп тоқтай қалдым.
Мол тiгiлген көйлегiнiң етегi аяғына оралып жүрiсiн бөгеп, алқынған Нұрила маған жете жылап жiбердi:
– Қарақтарым-ау, әлгi Асаныма не деп едiңдер? Төрт арысымның артында қалған жалғыз құлынымды неге ренжiттiңдер…
Нұрила жасы алпысты алқымдап қалған үлкен-кiшiге қадiрлi, ауылдағы аяулы ананың бiрi едi. Ұлы Отан соғысында үш бiрдей азамат баласынан, күйеуiнен айрылған, өмiрдiң тақсiретiн көп тартқан болатын. Сол жылдарда Нұрила адам танымастай боп күрт шөгiп кеттi. Нұр жайнап тұратын қызыл шырайлы өңiн аз уақыттың iшiнде-ақ шырмауықтай әжiмдер торлап, қайратты қара шашына мәңгi жуылмас ақ кiрдi… Тек соңғы жылдарда ғана оның ел қатарлы жадырай күлiп, тiптi, кей кезде өзi тiленiп жеңiл-желпi жұмысқа шыққанын да жақсы бiлемiн. Бұл әрине, ержетiп қалған Асанәлінiң қуанышы ғой, деп пәмдейтiн едiк.
Қазiргi минутта сол жалғыз ұлына ара түскен анаға мен не дерiмдi бiлмей қатты қысылдым. Қандай тоқтау айтқанмен де Нұриланың менiң сөзiме құлақ асатын түрi жоқ. Дегенмен де:
– Қой, жеңеше, көшедегi бұл жүрiсiң дұрыс емес. Ашуыңды бас… мен үйлерiңе барып, Асанәлi үшеумiз жайласып отырып сөйле сейiк, – деп көрiп едiм, көнбедi. Осы кезде далаға председатель де шық ты.
– Нұрила шешей, жаңағы келген сiздiң балаңыз ба едi? – деп ол сөзге бiрден араласты, – тiк мiнез ғып тым ерке өсiрген екенсiз. Мына Сәрсеннiң алдында менi жерге қаратып кеттi ғой.
– Қарағым-ай, өзi жасып жүрген баланы несін ренжiттiң. Ағалық ақылыңды айтсаң, ол сөзге түсiнбейтiн бейбастақ емес қой. Сенiң айтқаныңнан шығып қайда баратын едi, – деп Нұрила председательге жармасты.
Ызаға булығып шықса да Нұриланың мына сөздерiне көңiлi риза болған председатель жұмсарып қалды.
– Жарайды, шешей. Балаңызға айтып қойыңыз, екiншi қайтып тiлiмдi алып тұратын болсын, – дедi де, председатель екі қолын артына қайыра ұстап, маңғаз басып шетке қарай жүрiп кеттi. Нұрила да одан қалмай iлесе жүрiп, мұңын шаға бердi. Екеуiнiң сөйлескен сөздерi ауық-ауық естiлiп тұрды. «Өзiне лайықты бір жұмыс тауып беремiн» деп қойды ендi бiрде председатель. Әлден уақытта ол менi өздерiнiң жанына шақырып алды. Маған:
– Ертеңнен бастап Асанәлiні қырман весовшiгi етiп жұмысқа алатын бол, – дедi.
– Ой, тәңiрi жарылқағыр-ай, өркенің өссін, мәртебең әрдайым үстем болсын! – деп Нұрила председательге алғысын үйiп-төктi. Ендi бас тартқанымызға қарамастан председатель екеумiздi де үйiне шақырып, қолқалап тұрып алды.
Бiз келгенде Асанәлi түпкi бөлмеде әлдеқандай кiтапқа қарап отыр екен. Оқып отыр ма, болмаса жәй қарап отыр ма, айыру қиын. Председатель екеумiз ішке кiрiп жайғасып отырғанымызбен, ол қыбыр еткен жоқ. Көзiн төңкерiп бір қарағаны болмаса басын да көтермедi. Анасының жаны қалмай жүр. Шәй әзiрледi.
– Асанжан, – дедi әлден. уақытта анасы. – Мына ағаң сенi қырман весовшигi болып iстесiн дейдi.
– Ие, әзiрге весовшик боп iстей тұр, кейiн тағы бiр жөндi қыз метке орналастырамын, – деп председатель де iле қамқорлық бiлдiрдi.
Асанәлi үнсiз ғана келiстi. Мүмкiн осы қалыпта кеткенiмiзде әң гiме осымен тынатын ба едi, бiрақ олай болмады. Шәй iшiп болып, дәл үйден шығарымызда председательдің:
– Әбес мiнезiңдi шешейдің көңiлi үшiн кешiремiн. Ал бүгiн, анау Ермектiң сиырын базарға айдасып бар, – дегенi.
– Е, бармағанда барады, – дедi көңiлi жадыраған Нұрила. Төмен қарап отырған Асанәлi басын көтерiп алды. Өңi сұрланып, көзiнiң төңiрегi лып-лып етiп бiр қызарып, бiр көгередi.
– Бармаймын,- деп бiрден тiк жауап бердi.
***
Көршiмiздегi Рахия кемпір жасы ұлғайып қартайса да ертеден кешке дейiн тыным таппайтын мазасыз-ақ адам едi. Мен жұмыс басынан үйге келген уақытттарда бiр соғып кетiп, ауылдағы бар жаңалықтарды тыңдамағаныма қарамастан тiзiп шығатын. Бүгiн де ертеңгi жаңбырдан кейiн, түске қарай жұмыс басынан қайтып су киiмдерiмдi құрғатып отырғам, қолында екiге бүктеп ұстаған көк тысты дәптерi бар Рахия апай кiрдi.
– Сәрсен, – дедi дәптердi ұсына берiп, – мынау не жазу? Әлгi қызым түнi бойы ұйықтамай отырып жазды. Күбiр-күбiр сөйлей ме-ау, әйтеуiр, түнімен ұйқы бермедi… Жазып отырғаның не? Оқып берсеңшi десем, «кейiн апа, кейiн» деп менi алдаусыратқан болады. Құдай атқыр мен оны көп оқиды, жазғыш болады деп мәз болып жүргенiмде, бiреуге хат жазып, қашқалы жүр ме? Оқышы дауыстап.
Мен бiреудiң жазғанын оқуға болмайтындығын айтып, бас тартып көрiп едім. Рахия апай не жайында жазылғанын білгісі кеп отырып алды. Егер мен оқып бермесем көшеде кездескен бiреуге оқыта салатындығын да айтты. Ендi бiрде менiң де әуесқойлығым жеңiп, оқи бастадым. Басын дауыстап оқысам да бiрте-бiрте күбiрге айналдырып, ақырын iштей оқып шықтым. Маған бажырая қарап отырған Рахия апай да ести алмағанына шала бүлiнген жоқ, сабыр сақтады. Сiрә, дәптердегi жазудың басталуы түсiнiксiздеу болып, көңiлiне ақау келтiрiлмеген болу керек. «…Бүгiн өте бiр есте қаларлықтай уақиға болды. Ауылдың шетіндегі бұлаққа суға барғам, ойламаған жерден Асанәліге кездестiм. Ол бұлақтың басында сылдырлап аққан мөлдiр суға қарап отыр екен. Мен дәл жанына барып, шелегiмдi әдейiлеп салдырлатқанша қараған жоқ. Мен оның осынша паңдығына шыдай алмай кеттiм.
– Ағай, неғып отырсыз? – дедiм. «Ағай» дейтiнім мен 5 класта оқығанда, Асанәлi 7 класта оқитын. Онан кейiн ол жоғарғы класты қаладан барып бiтiрдi де, мен ауылдағы 7 кластан кейiн оқи алмай қалғам. Дауысым қатты шығып кеттi бiлем, ол селк ете түстi. Маған таңдана қарады. Таныған жоқ. Мен су алып тұрғанда да байқаумен болдым, ол менен көз алар емес. Ойлы көзi «Сен кiмсiң? Қайдан келдiң?» деп тынымсыз сұрайды.
– Ағай, танымай қалдыңыз ба? – дедiм. Осы уақытқа дейiн ешқандай көзден тайсалып көрген емес едiм. Бұл жолы бетiм дуылдап қызарып, қатты қысылдым.
– Иә, есiмде жоқ, – деп ол өз ойын дәл тапқанымды ашық мойындады. Ол да қызарып кеттi. Мен өзiмдi таныстырдым. Осыдан кейiн екеумiз бiраз сөйлестiк.
– Мәдина, отырып қалдың ғой, үйде апаң күтiп отырған болар, – дедi ол әлден уақытта. Менің кеткiм келмедi. Бiрақ сыр берместен үйге қайттым… Бүгiн суға барғанда Асанәлiге тағы кездестiм Бұл жолы ұзақ әңгiмелестiк. Менің ол туралы ойлаған жақсы ойларым өте орынды екен. Институтқа түсе алмағанына таңданам. Тiптi iштей қатты кейiдiм. Ал ендi біздiң ауылда тұру оған қандай ауыр. Председательден де әбден көңiлі қалыпты. Бiздiң председатель де өз мүддесiн ғана ойлаған «әпер бақан, ұр шоқпардың» адамы ғой. Өзі көңiлi жасып жүрген адаммен, әсiресе жас адаммен солай сөйлесуге бола ма екен. Ендi Асанәлінің бұл колхозда қалатын түрi жоқ.
– Өмiрдiң салғанын көрермiз, – дейдi ол ауыр күрсiнiп. Менiң:
– Егер жұмыс бермесе, iстемей ауылда-ақ жүре берiңiз, – деген сөзiме күлдi. Күлкiсi соншалықты әдемi, ерекше едi… Мына апамның қайта-қайта «жат» деп мазалап отырғаны-ай.
Мен дәптердi үнсiз оқып шығып, Рахия апайға қайтып бердiм.
– Не жазыпты?
– Жәй… бiр… сабағы ғой… Бiлдiрмей апарып орнына қойыңыз. Онан соң үйде болса Мәдинаны маған жiберiңiзші.
– Жәй, сабақ жәйлi дейсiң бе? –деп Рахия апай қайталап сұрады.
– Иә, сабақ жәйi…
– Қалай, жазғыш па екен?
Ендi өзiмнiң Асанәлiмен оңаша сөйлесiп көру мақсатымның орындалатынына кәмiл сендiм. Лажы болса бүгiнгi күннен қалдырмақ емеспін. Бiрақ асыға күткенiммен Мәдина жуық маңда келе қоймады да, отыра беруге шыдамым таусылып, Рахия апайдiкiне өзiм кеттiм. Мәдина да үйлерiнен шыққаны сол екен, қарсы жолықты. Бұрын көзге бала сияқты көрiнгенмен нәзiк бойының сұңғақтана таралып, өзiммен қатарласып қалғанын мен анық байқадым. Жел қаққан өңі тотыға түскен, қабағы түюлi.
– Мәдина, мен сенiмен ақылдассам, деймiн, – дедiм. Онан соң ұялтып алмауға тырысып, орағыта айттым. Өзiң комсомол мүшесiсiң, ал осында ауылда кейбiр жұмысқа шықпай жүрген жастар бар, соларды өз қатарымызға тартуымыз керек қой.
Мәдина менiң айтайын дегенiмдi бiрден түсiне қойса керек. Аяғының басына қарап, бiраз тұрды.
– Асанәлi кетiп қалды, – дедi әлден соң шағым еткендей, – сiздiң председатель… – Сөзiн аяқтамастан булыққан Мәдина жүгiрiп кеттi.
Артынан анықтадым. Ертеңгiсiн председатель мен Асанәлi кездесiп қалған екен.
– Ей, бала, көше таптауың жеттi ғой, ендi қанша күтсең де бұл колхозда саған лайық жұмыс жоқ, – дептi председатель келте қайырып. – Көзге тiкенек болмай кет, баратын жағыңа.
Қып-қызыл боп түтiккен Асанәлі бiрауыз сөз айтпастан, сол сәтте-ақ жолға жиналып, анасымен де қоштаспастан жүрiп кетiптi.
***
Аудан орталығы темiр жол бойында болғандықтан аз уақыт поезд аялдайтын кiшiрек қана станциясы бар. Бүкiл ауданға келетiн жүк осы станцияға түсiрiледi. Мұнда бiр жұмыспен келгем. Тамақтанып алу үшiн станцияның асханасына кiргем. Кiре берiсте ойламаған жерден Асанәлiге жолығып қалдым. Май-май комбинезон киiп алған, бет аузы қап-қара едi. Шынымен байқамады ма, әлде кездескiсi келмедi ме, әйтеуiр маған бұрылмастан өтiп бара жатқан. Мен оны тоқтатып алдым. Асанәлi қатты қысылды. Амандық артынша-ақ асығыс екендiгiн бiлдiрiп, ашылып ештеңе деген жоқ Тек өзiнiң станцияда жүкшi болып iстейтiнiн айтты.
– Қалқам-ау, өзiң ауылға қайтпайсың ба?
–Жоқ, ағай, мені ренжiткiңiз келмесе айтпаңыз. Мына ақшаны апама бере салыңыз, мен туралы қайғырмасын, егер үй табылса, көшiрiп аламын.
Асанәлi соңғы сөздерiн қоштаса тұрып айтты да, өзі сияқты жүкшi жiгiттермен бiрге кете барды. Асығыста, оның қайда тұрып, қай жерде жүргенін де сұрап бiле алмай қалдым.
***
Қар екіншi жауған. Асанәлiден хабар жоқтың қасы. Шешесiне де амандығын бiлдiрген бiр ғана хат келдi. Ендi Нұрила кездескен жерде менiң мазамды алатын болды. Мәдина да өте өзгерiп кетті. Рахия апай қызына келген Асанәлiнiң хатын маған бiрнеше рет әкеп көрсеттi.
– Мынау қайдан келген хат, қызым қашайын деп жүргеннен сау ма? – деп сұрайды мазасызданған кемпiр. Мен бiреудiң хатын ашуға болмайтындығын дәлелдеп, ол үшiн сотқа кетуге болатындығын айтқан соң: – Құдай атқыр, ендi мұны қайтем, – дейдi, амалы таусылғандай Рахия апай, – мейлi, бәрiбiр бұ заманның жастары ата-ана тiлiн алып жатыр ма.
Хаттың iшiне болмаса конвертке Асанәлi өз адресiн жазбапты.
Ендi бiр күнi Рахия апай жылап кiрдi.
– Не болды, апа? – деп сұрадым, iштей қорқып қалғам.
Ол соңғы кездерде қызының мiнез-құлкының мүлдем өзгерiп кеткенiн, бүгiн ертеңгiсiн ауылдан кетем дегенiн айтты.
– Бiлмеймiн не болғанын, әйтеуiр, соңғы кездерде қызым бұзылып жүр, сөйлесiп көрсеңшi, Сәрсен-ау…
Кешкiсiн кеңседе болып, ертеңгi күннiң тапсырмасын алған соң, ақырындап үйге қайтқам. Көшеде ымырт үйiрiлiп, көз байлана бастаған кез. Кыстың жақындауына қарай күнi бойы шықтанған жер ендi бiртiндеп қатып, тоңдана бастаған. Тақыр көшедегi әрбiр аттаған адым балғамен соққандай тақ-тақ етiп, кешкi салкын ауада айналаға ап-анық естiледi. Жылы жерден шыққандықтан бойым тоңази бастады. Тездете жүргем. Арт жақтан:
– Аға, тоқтаңызшы, – деген Мәдинаның дауысы естiлдi. Пальтосының түймелерiн тегiс ағытып тастаған, алқын-жұлқын едi, орамалын қолына ұстап алған. Бұрын көбiне желкесiне түйiп жүретiн ұзын бұрымдарын пальто сыртына шығарып, бос жiберiптi.
– Аға, мен сiзбен сөйлесейiн деп едiм… – дедi ол.
Сөздi бiрден қалай бастарын бiлмегендей батылы жетпеген Мәдина бiраз үнсiз жүрдi.
– Аға, – дедi әлден кейiн. Бұл жолы ешбiр кiдiрiсiз шапшаң сөйлей жөнелдi. – Сiз бәрiн бiлесiз ғой. Жасырмай-ақ қояйын. Мен кеше Асанәлiден хат алдым. Өзiнiң жағдайын айтып жазыпты. Жатақханадан бiр бөлме алған көрiнедi. Жақында апасын да қолына көшiрiп аламын дептi. Онан соң… – Мәдина терiс қарап бұрынғысынан да ақырын сөйледi: – Менi де сол жаққа шақы рыпты. Екеумiз де темiр жол бойына жұмысқа орналасамыз, жазға бірiміз техникумға, бiрiмiз институтқа сырттан оқуға барамыз дейдi…
Жағдай дәл осылайша болар деп мен ешуақыт ойламаған едім. Осы уақытқа дейiн Асанәлiнiң iстеп жүргендерiн тек балалық қызбалық қана деп жүрсем, ендi мiне шешесiн алып кетпек, онымен ғана қоймай Мәдинаны да әкетпек.
Бүкiл ауылда Мәдинаны жақсы көрiп, оны қадiрлемейтiн адам кемде-кем-ақ шығар. Әзiл сөзге тапқыр, ойнақы мiнездi, қандай шаршап жүргеніңде жаныңа жаз орнатып, ерiксiз күлдiретiн сүйкiмдi қыз. Ендi мiне…
– Өзiң қалай ойлайсың?
– Мен бе?.. Асанәлi…
Іштей қатты қапаланып кеттiм. Ендi Мәдинаға ой салатындай сөз, iздестiрдiм. Тіптi ауылдан кеткен күнде де Асанәлiге бiрден баратының қалай?
Жоқ, Мәдинаның қатты ойлануы керек. Алдымен, ол өзi қандай жiгiт сенiмдi ме, жоқ па?.. Сарапқа салып көршi?.. Бiр ғана председательдiң сөзiне өкпелеп, ауылдан безiп, апасын, құрбысын тастап кеткен өзiмшiл адам өмiрлiк жолдас бола ала ма?.. Мен өз көңiлiме келген осы сөздердiң барлығын да айттым. Қалай айттым, Мәдинаға әсер еттi ме, жоқ па, бiлмеймiн.
Жәй жүрiп Мәдинаның есiгiнiң алдына да жеттiк. Үй ішінде Рахия апай да тынышсызданып жүр екен. Терезенің пердесін көтеріп ештенеңені көрмесе де, сыртқа әлденеше қарады.
– Апам да күтiп отыр екен, – деді Мәдина күлiмсiреп. Терезеден түскен шамның сәулесi оның көңiлсiздеу жүзiн бозартып көрсеттi…
Осы әңгiмеден кейiн екi күн өткен соң, Мәдина менi үйге iздеп келдi. Газеттің жаңа нөмерiн оқып отыр едiм.
– Аға, анау күнгi жайды мен былайша қорыттым, – дедi ол. – Сiз жақын арада қалаға бармайсыз ба? Мен бiрге барсам деймiн, Жо-жоқ, сiз менi ауылдан кетедi екен деп ойламаңыз. Мен сiздiң сөзiңiзден кейiн көп ойландым…
***
Бiз аудан орталығына жүрерден бір күн бұрын қар жауған. Ауданға шанамен келдік. Ертеңгісін Мәдинаны ертiп анадағы Асанәлiнi кездестiрген станцияның алдына апардым. Асанәлінiң тұратын адресiн асханада iстейтiн бiр қыздардан анықтап алған соң станция үйiнiң артындағы тар көшемен жүрiп кеп, ұзыннан ұзақ салынған жұмысшылар жатақханасына кiрдік. Күңгiрт коридорда Мәдина маңдайшадағы номерлерге қарап жүрiп, Асанәлiнiң есiгiн қақты. Қоңыр салқын бөлмеде Асанәлi терезеге қарап, ойға шомып жалғыз өзі отыр екен. Есiк қағып кiргенiмiзде бұрылған жоқ.
– Бұ, қайсың тағы балаша есiк қағып ойнап жүрген, – дедi.
– Бұл бiз, ойнап жүрген, – дедi Мәдина.
Жалт бұрылған Асанәлi сенер, сенбесiн бiлмей, өңi бiр қуаң тартып, бiр қызарып сiлейдi де қалды. Мәдина бұл жолы мен ойлағандай титтей де қысылған жоқ. Өзiн соншалықты еркiн ұстады.
– Немене, күткен жоқ па едiң? Мiне, мен келдiм, – дедi ерке күлкiмен. Өзi сырт киiмiн шешiне бастады.
– Әлгi алған бөлмең осы ма?
– Иә.
Мәдина екi төсек қойылған бөлме iшiне көз жүгiртiп қарап шықты да, отырудың ыңғайын таппай тұрған маған орындық тауып әкеп қойды.
– Ал бiз сенi ауылға алып қайтқалы келдiк. Солай емес пе, аға?
– дедi.
– Солай, солай, – дедiм iле қайталап.
Мәдинаның сөздi бiрден бұлай бастауы ұнаған жоқ. Менi тоқыратып тастады. Менiң ойымша алдымен кең отырып, сөздiң желiсiн пiсiрiп барып, айтуға болады-ау деген кезде негiзгі түйiнге көшу керек едi. Ал Мәдина сол түйiндi арзанға түсiргендей. Ендi Асанәліге арнап күнi бұрын даярлаған небiр мәтелдi сөздерiм, өмiрден өз көңiлiме түйген басқаға үлгi болар-ау дегендей ақылпарасаттарымның бәрi де айтылмай қалды. «Бәрi бүлiндi, – деп ойладым, Асанәлiнiң міз бақпай отырған қалпына көз тастап. – Уақытты босқа өткiзбей бүгiн ауылға қайтып кету керек».
– Айтсаңшы, қайтасың ба, жоқ па? – дедi Мәдина тағы да.
– Бастырмалатпай сабыр сақтасаңшы.
Шытынаған Асанәлi орнынан тұрды. Көптен алынбаған сирек мұрты аққұба жүзiне ерекше жарасып тұр. Жаңағы асханадағы қыздар «сұлу жiгiт» деп айтса айтқандай едi. Ендiгi жерде өзiмнiң сөзге араласуым орынсыз болар деген оймен бiраздан кейiн қайтып оралып соғатынымды айтып шығып кеттiм.
Базар жаққа барып керек-жарағымды алып, бiрер сағаттан кейiн қайтып оралғам. Мәдина жатақхананың алдында орындықта менi күтiп отыр екен. Асанәлi жанында костюмшең күйiнде жеңiлтек тұр. Қайтпайтыны белгiлi едi. Дәл осы сәтте ғана өзiмнiң қаншама шаруамды тастап осы бiр шектен тыс, өзiмшiл бала үшiн талай жерден келгенiме күйiндiм. Дәл қазiр Асанәлiге өкiндiрерлiктей ауыр сөздер айтуға оқталғам, бiрақ Мәдина «аға керегi жоқ, айтпаңыз» дегендей түр көрсеттi. Дегенмен де үнсiз кете алмадым.
– Ауылға қайтпайсың ба? – дедiм.
Асанәлi бұл жолы да бағанағы алғаш көргендегiдей сiлейген қалпында тұрып қалған. Менiң сөзiмдi ұққан да жоқ.
– Қойыңызшы, аға соны. Жүрiңiз, ауылға ертерек жетейiк.
Аттар да аяғын сiлки басып, ақырындап жүре бастады. Тар көшеден шығып, кең жолға түскенше бүлк етiп желген де жоқ. Мәдина екеумiз де үнсiз едiк. Шыңылтыр аяз. Қар қанаттары тұнық аспаннан күмiс ұнтағындай қылаулайды. Аяз танауды қусырып, беттiң қанын сыртқа сорады.
Ендi екеумiздiң де Асанәлi туралы сөз қозғағымыз келмедi. Аудан орталығынан бiртіндеп ұзай бастадық. Түбiт шәлiге ораған жүзi балбұл жанған Мәдина соңғы рет артына қырындай бұрылған.
– Аға, тоқтаңызшы, – дедi, – бiреу артымыздан жүгiрiп келедi.
Мен аттың басын iрке бердiм. Жаңа ғана өзiмiз шыққан станция жақтағы тар көшеден бiреу үкiдей ұшып келе жатты.
– Сол, аға, сол, – дедi Мәдина дауысын шығаруға дәл бiреуден қорқып тұрғандай, – костюмшең…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *