ОППА
Сайын Мұратбеков
Еш күн дамылсыз жауған үлпек қарды терiстiктен соққан ызғырық жел түнi бойы үрлеп, нығарлап, таң
ата басылған. Ертеңгi ауа тымық шыңылтыр аязды едi.
Сыртқа шығысымен iлезде-ақ. бойын суық алған
Қалипан сәл ғана дiр ете түстi. Суық ауа тынысын қарып жiбердi. Бұл кезде қарсы көшедегi үлкен қара ағашқа кеп қонған сауысқанның шықылығы да ерекше қатты, – екi тасты бiр-бiрiне соққандай шақылдап естiлген. «Жә, секек теген неме, тағы боран шақырып тұрсың ба, – дедi Қалипан күбiрлеп, – қар жетерлiктей-ақ боп басты ғой».
Алыстан тау қалқасынан қызара шыққан күн ойпаңдағы ауылға салқын сәулесiн шашыратып төге бастады. Қар шынында да өте қалың түскен екен. Кейбiр аласа үйлердi төбесiне дейiн тегiстеп тастапты. Жұрт қар басып қалған есiктерiн күреп, бiрдi-жарым ұсақ малдарын, сиырларын қорадан шығарып, шөп шашып жүр.
Қалипан түбiт шәлiсiн маңдайына түсiрiңкiреп, кеңсеге қарай жүрдi. Тұтасқан шаңқай ақ қар көзiн бұлдырлатып тұн дырып жiбердi. «Мына қарда абайлап жүрмесем, өзiм сирағым қысқа адам бiр оппаға түсiп кетiп, шыға алмай жұртка күлкi болармын» деп ойлады ол. Өмірінде бiрiншi рет өзiнiң кiшкенелiгiне күлкiсi келдi. Айтқанындай‚ үйден шыға бере-ақ жол сiлемiнен адасып, қатты омбылап қалған. Бұлқына жүрiп кетпек болып едi, әбден екшелiп киiздей тығыздалған қар аяғын оңайшылықпен жiбере қоймады. Ту сыртынан келген бiреу қолтығынан демеп жолға шығуға көмектестi. Көршi шал Жекен екен. Қолында күрегi бар, қалың сақалды қарт жүзi өрттей боп қызарып, бусанып тұр. Сақал-мұртын қырбақ тұтса да аяз қаперiне кiрер емес. Қалипанның етегiнiң қарын қағып жiбердi.
– Аңдап жүрсеңшi. Жол мiне… – деп болымсыз ғана қақ тұрған жол сiлемiн нұсқады. Қалипан өзiн ауылдағы үлкеннiң де, кiшiнiң де өте сыйлайтынын, сондықтан да әрқайсысы орайына қарай өзiмсiне сөйлесетiнiн жақсы түсінетін.
Ұлы Отан соғысы аяқталар жылы, ауылда ер-азаматтың аз кезiнде, Қалипанды фермада iстеп жүрген жерiнен ауылдық Советiнiң председателi етiп тағайындады. Соғыс жеңiспен аяқталып, ерлер ауылға қайтқаннан кейiн бiрнеше рет арыз бергенмен оны бұл қызметтен босатпады. Алғашқы сайлауда-ақ халық оны жергiлiктi Советке депутат етiп сайлады.
Мiне, сонан бергi ұзақ жылдар бойында ол күн сайын таңертең кеңсеге келгенде жалпы колхоз шаруашылығына байланысты жұмыстар, күнделiктi толып жатқан шаруалар оны көптеп күтетiн. Оның қайсысы iрi, қайсысы ұсақ екенiн ажыратуға пұрсат та болмайтын. Осының өзi Қалипанға ешуақыт таусылмас ащысы мен тұщысы мол өмiр ләззатындай көрiнушi едi.
Бүгiнгi кезекте тұрған жұмыстарды ойлап келе жатқан Қалипанға Бибiш кемпiрдiң сұңғақ бойлы, жұқа өңдi немересi Мәруа жолықты. Суыққа тоңғандықтан түймедей мұрны қызарып кетiптi. Басына тартқаны жұқа ғана шыт орамал. Осыдан бiрер жыл бұрын тiгiлген шолақ сұр фуфайка қыз денесiн бунап, одан әрмен бойын сидитып, нәзіктендіріп тұр. Аяғында қара киiзбен ұлтарған ескі пима. «Япырай, бой жетіп қалған баланы дұрыстап киiндіріп қойса қайтедi екен, – дедi қыздың бас-аяғына көз тастаған Қалипан. – Бибішке айтып қою керек екен». Ол Бибiш кемпiрдiң тұрмысының жүдеу екенiн де бiлетiн. Дегенмен де жалғыз немересiн киiндiрерлiктей халi бар. Тiптi қыздың өзiнiң колхозда жаздай iстеп тапқан табысының жартысына киiм-кешек алса да жетiп жатыр ғой. Қыздың шешесi – Бибiштiң жалғыз қызы осы Мәруаға босанып жатып қан кетiп қайтыс болған. Сол жалғыз қызынан қалған немерені Бибiш тісімен тістегендей өсіріп келе жатыр едi. «Ендi бұл да адам боп қапты ғой» – деп түйдi Қалипан қызға бастан-аяқ қарай түсiп.
Қыз естiлер-естiлмес сыбырлап қана өзiнiң туған жылы туралы анықтама қағаз сұрады.
– Жүре ғой, – дедi Қалипан кеңсенiң ауызғы бөлмесiнде күндегi дағдысынша ертерек келiп отырған хатшысына Қалипан Мәруа ның сұраған анықтамасын тез жазып берудi тапсырды. Өзi iшке кiріп, сырт киiмiн шешiнiп отырғанша дайын анықтама да алдына келген. Қалипан қыздың туған жылына қарап шүбаланып бiраз отырды.
– Туған жылың туралы куәлiгiң табылды ма? – деп сұрады. Қыз басын шайқады. Осыдан бiраз күн бұрын Бибiш немересiнiң куәлiгін жоғалтып алғанын айтып бір келген едi.
– Он сегізден асқаның анық па?
Қыз төмен қарап тұқырған қалыпта басын изеді. Қиыл ған қара қастары сәл ғана діріл етіп, қан жүгірген жұқа өңi тершiгендей алаулап, күрең қошқылданып кеттi. Қыздың осынша жасқаншақтығы мен қалыптан тыс ұяңдығы үшiн Қалипан оның шешесiн iштей тағы да сөгiп алды. Көңiлсiз қыз кейпiне қарап бiраз отырған, осы сәт алдындағы телефон безектей шылдырап ойын бөліп жіберді, трубканы көтерген күйi, бұдан ары ештеңені қазбаламай-ақ анық тамаға қол коя салған.
Артынша телефонмен сөйлесiп боп, әлгіндегі қыз кейпiн есiне қайта алғанда оның тiлеген анықтамасын оп-оңай бере салғанына өкiнiп қалды. «Апырай, неге қажет болғанын анықтап бiлуім керек едi-ау», деп ойлады. Түске дейiн әртүрлi шаруалармен кеңсеге қанша адам келiп, қанша адам кетсе де тұнжыраған қыз кейпi көз алдынан кетпедi. Маза берер емес. Тiптi ары-берi ойдан кейiн сол қыздың әлi он сегiзге тола қоймағанын да есіне түсірді. «Кеше ғана тұлымшағы желкiлдеп ойнап жүрген бала емес пе едi, қалай он сегiзге тола қалды?..»
Оның ойын тағы алдындағы телефонның шылдыры бұзып жiберді. Колхоз председателi екен. Колхоз бен ауыл Совет арасында көптен келiсе алмай жүрген бір шаруа жайын айтып, кеңсесiне шақырды.
Бұл кезде күннің ызғары қайтқан. Ауа жылы еді. Көшедегi жалғыз аяқ жолдар қолмен қашалғандай қар терең ойылып, тапталып қалыпты. Бiрақ күннiң арты мұнартып әлi бұлыңғырланып тұр екен. Тағы да боран болатын түрi бар.
Председательдiң кабинетiнде екi адам ғана еді. Председательдiң өзi және аудандық финанс бөлiмiнiң қызметкерi қыр мұрынды, сұлу мұртты семіз қара адам Оралбаев. Екеуi өзара құпия iс жайында сөйлесiп отырған болу керек. Қалипан кірген кезде сөздерiн дым қоя қойды. Қалипан осыдан бір айдай бұрын Оралбаевтың әйелінің қайтыс болғанын естіген. Амандаса тұрып оған көңiл айтты. Бұдан соң председатель екеуi дауларын бастап бiраз керіскенше Оралбаев шетте, диванда май жаққандай жылтыраған бурыл шашын бiр жағына қарай қайырып, сипап қойып, шалқасынан түсiп отырған. Бұлардың жуық маңда бiтiсе қоймайтынына көзi жеткен ол әлден уақытта кетуге ыңғай бiлдiрдi. Председатель Қалипанмен сөзiн тоқтата тұрып Оралбаевқа:
– Егер бәрi келiсiлген болса, несiне тартыншақтайсың. Тiптi анау-мынау сөз бола қалған күнде де жергiлiктi әкімдер бiздермiз ғой, – дедi ол Қалипанды және өзiн мезгеп, – жауабын берермiз.
– Әрине, сiздерге арқа сүйеймiн де, – дедi Оралбаев сыпайы жымиып. Қалың ерiндерi дүрдиiп, мүлдем түрiлiп кеттi.
– Ол не жайы? – дедi түсiнбеген Қалипан. Председатель кейiн айтамын дегендей ыммен қолын сiлтедi. Оралбаев шығып кеткен соң, дауларын жалғастырғанмен Қалипанның ойына бұл екеуiнiң жұмбақтаған сөздерi қайта-қайта орала бердi. «Бұл не дегендерi екен?» деп көңiлi әлденеден секем алғандай едi. Әбден даулары бiтiп, екеуi де жай сөзге көшкенде ол:
– Жаңағы екеуiңнiң сөзiң не жайында? – деп сұрады.
– Не жайында болсын. Бiздiң колхозға күйеу болғалы жүр, – дедi председатель күлiп, – ақшалы күйеу ғой, пайдасы тиер.
– Е, кiмге үйленбек екен?
Председатель күмiлжiп айта қоймады. Кеңсеге колхозшы лар кiрiп, бұдан ары сұрай беруге ыңғайсыз болды да, Қалипан шығып кеттi. Қалипан бухгалтерге кiрiп, Бибiштiң немересiнiң биыл жаз еңбегiне ақшадай қанша алғанын сұрады. Iс қағаздарын ақтарыстыра тексерiп шыққан бухгалтер соңғы төрт айдың iшiндегi табысын бiр мың бес жүз қырық сомды осыдан үш күн бұрын ғана алға нын айтты.
– Сонда да үстiнде жөндем киiмi жоқ, тұттай ғой, – дедi Қалипан ренiшпен. Бухгалтердiң жүзiнде қуақы күлкi ойнап, көк көзi жылтыңдап кеттi.
– Ендi киiнедi ғой…
***
Сол күннiң кешiнде-ақ «Бибiш, немересiн ұзатқалы жатыр екен, деген дақпырт сөз Қалипанға да жеттi. Ұзын құлақтың айтуына қарағанда, «ақшалы күйеу» үш iрi қараның құнын Бибiштiң қолына санап берген де көрінедi.
Шынында солай боп шықты. Кешкiлiктi жанында Оралбаев бар, Бибiш үйiне дүкеннен бiр бума пұлды құшақтай қайтқан. Бибiш ұзын ақ көйлегi жерге шұбатылып, ертеңгiлiкте қызынын үстiнде жүрген ескi сұр фуфайканы киiп алыпты, иығынан асырып белiне дейін оранған үлкен салысы бойын одан әрi бір тұтам етiп, қардың үстiмен домалап бара жатқан сияқты көрiндi. Оның арты нан Оралбаев қайқаң қағып ырғала басады. Қалипан олардың жұбын жазбай шүйіркелескен түрлерiне ұзақ қарады. Өз көзiне сенерiн де, сенбесiн де бiлмедi. Iшiнен алай-түлей құйын соғып өткендей. «Шынымен-ақ, рас болғаны ма?» Ымырт үйiрiлiп, қараңғылық тез түсті. Түнге қарай сүйектен өткен суық жел соға бастады.
Ертеңiнде көшеде мойнында иiн ағашы бар Мәруа қарсы жолыққан. Кешегiдей емес. Үстiндегi киiмдерiнiң бәрi жаңа едi. Қыстық қоңыр пальто, басында түбіт шәлi, аяғында калошты қара чосiңке пима. Тар жолда ол ернiн қыбыр еткiзiп амандасып, өзi бiр қырындай тұрып Қалипанның өтiп кетуiне жол берген. Бiрақ Қалипан оның қарсы алдына тоқтап, қыз жүзiне тура қарап тұрып қалды.
– Қарағым-ай, расымен өз ықтиярыңмен көндің бе? – дедi сабырлы үнмен.
Қызарған Мәруа бұл жолы да кеңседегiдей төмен қарап кеттi.
Сәлден кейiн сыбырлап қана:
– Апаммен өзiңiз сөйлесiңiз, – дедi де өтiп жүре бердi.
Қалипан Бибiштiң үйiне барды. Көршi-қолаң кемпір лердiң бәрi осы үйде екен. Ауызғы бөлмеде үлкен пешке отты жағып, екiүшеуi үлкен қара қазанға бауырсақ пiсiрiп жатыр. Май жалыны Қалипанның тамағын қырып кеттi. Төр бөлмеде тағы бір үш-төрт кемпiр үлкен атлас көрпенi жабыла қауып жатыр екен. Өзi кiпкiшкентай, шеке, қол тамырлары адырайған, әжiмдi жүзiн қара тер басқан ап-арық Бибiш ұршықтай үйiрiлiп, барлығына басшылық етiп жүр. Қалипанды көрiп бәрi жiгi-жапар болысып қалды.
– Тойдың алдын Советтiң өзі бастайын деп келдi ғой, ой-бай, самауырын қойып жiберейiн, – деп Бибiш сыртқа ұмтылған.
– Әуре болмай-ақ қой жеңеше, асығыспын, қазiр кетемiн, – деп Қалипан оны салқын үнмен тоқтатып тастады. – Қызын ұзатқалы жатыр дегендi естiп, сенiмен сөйлескелi келдiм.
– Е, ақылдаспады деп кiнәраттамақсың ғой. Ол дауың жөн, кiнә менде, жығыламын…
– Бибiш-ау, қызыңды өзiнен үш есе үлкен, атасымен өкшелес адамға берiп басыңа не күн туды, айтшы соныңды?
Көңiлдi Бибiш қабағын түйіп, шырт ете қалды. Төңiрегi әжiмдi кiшiрек көздері атып жiберердей тесiрейiп, тiссiз иегi жыбырлап кеттi.
– Шүкіршiлік, қызым күйеуге тисе, заңға сияр жасқа жеттi, – дедi ол. Одан ары Қалипанның ақылға келтiрер, ой салар деген сөздерінiң бірiн де бойына дарытпады. Жинала қалған кемпірлердiң алдында сампылдай жөнелдi.
– Кейбiреулердің қызындай секеңдеген жоқ, күнi бүгiнге дейiн жiбектей ширатылған қалпы. Еңдi өз еркiмен көңiл қосқан ада мына көзiмнiң тiрiсiнде ұзатпақпын. Менің қызымның кiмдi сүйiп, кiмге тиетiнiндегi басқаның жұмысы не?..
Қалипан Бибiшпен сөйлесiп, абиырды төгудің ешбір қажетi жоғын жақсы ұқты. Бетбақ кемпiр мұнымен ұрсыса кетуден де тайынбайтын едi. Ал ұрсысып Бибішті жеңуге болмайтынын ол жақсы білетiн. «Көңiлi қосқан адамына ұзатпақ… – деді оның сөзін іштей күйіне қайталаған Қалипан былай шыққан соң, – өз баласының тағдырын сатқан – қақпас…».
Колхоз кеңсесiне әдейiлеп барды. Оралбаевты сұрастырып едi, ауданға қайтып кетiптi. Колхоз активтерінің әрқайсысымен қыз тағдыры туралы сөйлесiп едi, ешқайсысы пәлендей деп ештеңе айта қоймады. Ал председатель болса:
– Анықтаманы өзiңiз бердіңіз ғой. Жасы жеткен адам кiмге барамын десе де еркi емес пе. Қайта анау өлмелi кемпiр мен жас қыздың маңдайына мұндай адамның кездескеніне қуанбайсыз ба, – деп қарсы жұбату айтты. – Онан да Оралбаев жолдастың көңiлi үшiн қуаныш етiп, тойын өзiмiз өткiзiп жiберейiк.
– Қуаныңдар ендеше, – дедi қатты қапаланған Қалипан, – өткiзiсiңдер тойын…
Тағы да қар жауды. Кешке қарай үскiрік жел соғып, тағы да жаяу борасындатып тұрды. Күнi бойы бас көтертпес жұмыстары болып, ешқайда шықпаған Қалипан кеңседен ымырт үйрiле ғана үйіне қайтқан. Қалыңдай түскен қарда жүру бұрынғыдан да ауырлап кетiптi. Қарсы соққан жел көз аштырмай, ұсақ қар селеут тiкенекше қадалып, бетке ұрғылайды. Қалипанның қойны-қонышына лезде қар толып кеттi. Қараңғыда оппаға түсiп, жиi-жиi омбылай бердi. Бибiштiң үйiнiң тұсына келгенде, абыр-дабыр шуды естiп тоқтаған. Жүгiрiп шыққан бір баладан сұрап едi, ол:
– Күйеу келдi, – деп бар дауысымен қуана айқайлап жiбердi. Қалипан сәл ойланып тұрды да қыздың қандай халде отырғанын көргiсі келдi. Әлгі баладан Мәруа отырған үйдi анықтап бiлiп алып, сол үйге кiрген. Үш-төрт қыз-келiншек пен қызылды-жасылды шырттай киiнген Мәруа шымылдықтың iшiнде отыр екен. Бұлардан басқа бөлмеге ешкiмдi кiргiзбегенге ұқсайды. Қалипан отырған жоқ. Үстi-басы қар-қар қалпында бөлменің қақ ортасына кеп тұрды. Оның көз қарасынан қысылғандай Мәруа төңiрегiндегi отырғандардың ығына тасалана түседi.
– Мәруа, жүр қарағым, – дедi Қалипан өзіне де белгісiз әмірлi де жұмсақ үнмен. – Тимейсiң сен күйеуге. Сенiң теңiң ол емес, жүр менімен бірге.
Үйдің iшi тым-тырыс. Сықылықтап отырған қыз-келiншектер абыржи бастады.
– Жоқ, апай, бармаймын, – деді әлден уақытта Мәруа, онан әрi сөзінің соңын сыбырлай жұтып, – мен өз еркіммен… – дедi.
Көңілi қалып, қатты ренжiген Қалипан тысқа қайта шыққанда, кәдiмгiдей ымырт үйiрiлiп, көз байланып қалған екен. Жел бұрынғыдан да үдей түскен сияқты. Бұрқыраған ақ түтек боран. Түнге қарай телеграф бағандары да азынап кетiптi. Құлақты тұндырды.. Омбылай отырып бiрнеше сүрiнген Қалипан үйiне де жеттi. Он төрт жасар қызы кешкi асты даярлап қойып, кiтап оқып отыр екен.
– Осынша неге кешiктiң? – деп ол шешесінің мойнына асыла кеттi.
– Тоқтай тұр, шешiнейiн. Үстiм қар, суық тиеді.
Екеуi отырып тамақ iштi. Қызы оқыған кiтабының мазмұ нын әңгiмелеп, мәз-мейрам көңiлдi едi. Ал Қалипанның ойынан Мәруа кетпедi.
– Апа, – дедi әлден уақытта қызы, оның ойындағысын сезгендей. Күлкiден тыйылып қан ойнаған кескiнi бұртия, тiк қарады.
– Бүгiн бiздiң класта талас болды. Мәруа туралы… Айтшы, апа, Мәруаның анау мұртты семiз қара адамға өз еркiмен күйеуге шығатыны рас па, а?.. Бос сөз ғой ол, бос сөз. Мәруа ешуақытта да өз еркiмен бармас едi, егер анау кiсi оның шешесiне көп ақша төлемесе. Фу! Қандай жаман адам…
Қалипан қызына не дерiн бiлмеді. Жәй қозғала жүрiп, төсек салды. Қызы жатып ұйықтап қалды да, өзi шешiнген күйде төсегiнiң үстiнде ұзақ отырды.
Ол ендi iштей өзiн өзi жазғырды. Анау бiр күнi анықтаманы бере салғанына өкiндi. Ол анықтаманың қыз өмiрiне қамшы болғанына дау жоқ. Мейлi, қыздың жасы жетсiн-ақ, он сегiзге толғаны рас-ақ болсын, бiрақ анықтаманың не үшiн керектiгiн сұрап бiлуi керек едi ғой. Мүмкiн, ол кезде араласса қыз тағдырына араша түсер ме едi. Ендi, мiне, iс насырға шапқан кезде iстер амалы таусылғандай. «Қайран жас, қор болады ғой» деген ой маза берер емес. Ол бiрауық өзiнiң соншалықты дәрменсiздiгiне күйiндi. «Осындайда қолымнан ештеңе келмеген соң, басқа уақыттағы пысықтығым неге ғана керек? Анықтама… Япыр-ау, анықтама деген тек жәй сөз ғой. Егер өзiң сүйiп тұрсаң саған қандай заң шек болмақ. Ал сүймей тұрмыс күйкiсімен щыққалы отырсаң сенi қорғап қалу заңдылықтан бұрын адамдық борышымыз ғой», – деп ойлады. Түн ортасы ауды. Ендi мүлгiп барады екен, сыртқы есiк қағылды. Селк ете түскен Қалипан сұрамастан барып есiктi аша салған. Үстi-басын аппақ қар басқан Жекен қарт екен. Бөлмеге кiрген бойда есiк алдында дiр-дiр еткен салалы қолымен тұмағының бауын шеше алмай бiраз тұрды. Жүзi жабыңқы. Қойны-қонышынан, бойынан суық ызғар еседi. Ұсынған орындыққа шешiнбестен отыра кеттi. Қалипан шай қоюға әрекет етiп едi.
– Жоқ, келiн шырақ, iшпеймiн, – дедi Жекең көңiлсiз үнмен. – Саған бейуақытта кiргенiм, бiр ауыз ғана сөзiм бар.
Бетiн басқан қалың түк пен сақалына тұрған қар түйiртпектерi жылы жерде ерiп, сорғалап тамшылай бастады.
– Анау бір жас баланың обалына қалдыңдар, – дедi басын изей отырып өзiне өзi айтқандай. – Ел Бибiштен бұрын алдымен сенi… бастықты кiнәлайды…
Қалипан өзiн ақтап ештеңе айтқан жоқ. Қорылдай бастаған қызын жайлап қана бiр қырын жатқызды да, оның ұйқылы жүзiне мейiрлене қарады. Сәлден соң Қалипаннан жауап ала алмай, үнсiздiкке ыңғайсызданған Жекең кетiп қалды.
Іле- шала киiнiп Қалипан да тысқа шықты. Не iстерiн бiлмей жел өтiне қарсы қарап бiраз тұрды да, ақырында Бибiш кемпiрдiң үйiне қарай жүре бастады. Жолай тойдан қайтқандар да кездестi. Қалипан тракторист Мұқай мен есепшi Қабиды бiрден таныды. Екеуi де қатты iшiп алғандықтан оппа қарда жиi-жиi сүрiнiп, жүре алмай келедi екен. Өзара даурыға сөйлеседi.
– Жо, дегенмен, бiр қатырғанда болатын едi. Көрдiң бе, мына-а бар ғой… мына-а батпандай жұдырық түйiлдi ғой… Бiр рет қана құлақ шекелеткенде «Күйеу бала» дейдi, сондай кәрi иттi…
– Ей, қойшы соны, жалынды ғой.
– Кiмге?
– Мына м-маған… М-маған жалынды. Оның себебi де бар. М-мен ол қызға үйленбек болып, уәделесiп жүретiнiмдi бiлушi ең ғой.
– Ендеше сен неге үйленбедiң?
– Қ-қойшы, с-соны, к-көңiлiм кiтапханашы қызға ауып кеттi. Ө-өзi мәдениеттi киiнедi, өзi с-сұлу. Ж-жаңа М-мәруа ның жақсы киiнiп отырған кезiн көргенде, а-ай, ш-шiркiн-ай қызығып кеттiм. Тек Оралбаев кеп «iнiшек» деп арқамнан қаққаннан кейiн ғана қойдым. Аудан адамы ғой… Б-бiлiп қой, Мәруаң м-мына менiң күйiгiме шыдай алмай шалға тиейiн деп отыр. Анау күнi ма ған жылап тұрып: «Сенсiз өмiр бойы бақытсызбын» деген, менсiз… бiлдiң бе…
– Адам емессiң итсiң сен де… итсiң. Мен сенi… кеңiрдегiңдi…
Мұқай Қабиды көкiрекке қойып жiбердi. Анау шалқалап барып, бар жаман сөздермен боқтай жөнелдi, жандарынан өткен Қалипанды екеуi де байқаған жоқ. Алқынған Қалипан әлгiн де ғана қыз отырған үйдiң терезесiнен қарады. Төсек салынып, бөлмеде күйеу жiгiт Оралбаев пен Мәруа және бiр жеңгетай келiншек қалыпты. Оралбаев жайлап шешiнiп жатты. Мәруа сол бұрыштағы орнында жылап отыр екен. Келiншек әлденелердi айтып, Мәруаның төңiрегiнде жүр. Қыз одан сайын екi иығы селкiлдеп жылайды. Бұдан ары Қалипан шыдап тұра алмады. Жұлқына басып, үйге кiрген. Атылып кеп мойнынан кұшақтай алған Мәруаның ек пiнiнен ұшып түсе жаздады. Дiрiл қаққан қыз өксiгiн баса алмай демiгiп жылай бердi.
– Қарағым.. қарағым… сенiң бақытың алдыңда ғой… Сенi ешкiм де зорлап күйеуге бере алмайды. Қорықпа!.. Қорықпа!.. – деп, қызды арқасынан қаға бердi. – Жүр, қазiр менiмен бiрге. Тек осыдан бiреу саған тиiсiп көрсiн!.. Жүр кәне…
Көзi жасқа толған Қалипан құшағындағы Мәруадан өзге еш кiмдi тыңдаған да, көрген де жоқ.