Ел үшін жаралған жан еді
Мірдің оғындай, сексеуілдің шоғындай, семсер тілді Сейіт ағам бесінші мүшел жасында: «Беу, дүние!» деп жарық дүниемен қоштасты. Ерте ме, кеш пе – жұмыр басты пенденің көз жұматыны хақ. Ізгілік іздеп өткен адамдардың артында иманы қалады, жұрттың игілігі үшін жиғаны қалады. Басқа не қалады? «Дүние – жалған», деген осы. Жайнаған туың жығылмай, Жасқанып жаудан тығылмай, Жасаулы жаудан бұрылмай, Жау жүрек жомарт құбылмай… Жайдары жүзің жабылмай, Жайдақтап қашып сабылмай, Жан біткенге жалынбай, Жақсы өліпсің, япырмай! – деп Абай атам Оспанның қазасына қайғырғандай қайғырып отырмын. Ештеңеден жасқанбай, дүниеге тік қарап, тік өткен Сейіт ағам артына мол мұра қалдырды. Сынадай қағылған сықақ өлеңдері мен әзіл әңгімелері оспақ сүйгіш оқырмандар үшін баға жетпес қазына. Қазақтың әдет-ғұрып-салтдәстүрлері туралы 3 томдық кітабы – алтын көмбе. Ағам алпысқа таяғанда: «Сіз неге салт-дәстүр саласына ойысып, ғылыми жұмыспен айналысып кеттіңіз?» – деп сұрадым. Сонда ағамның ағынан жарылып: «Қазақтың қанына сіңген ұлттық дәстүрге бойлай енуіме ең бірінші Өзбекәлі Жәнібековпен етене жақын араласуым себеп болды. Өзекең 70жылдары Торғай обкомының идеология хатшысы болып келген күннен осы бір әрі ғажайып, әрі тұңғиық іспен қалай айналысып кеткенімді өзім де білмей қалдым!» деген сөзі жадымда жаттаулы. Сейіт ағам не істесе де шырайын шығарып істейтін. Бастаған ісін тастамайтын. Ел үшін жаралған есіл ағам-ай! Жатқан жеріңіз жәннатта болсын!
Көпен Әмірбек