Хз. Юсыптың бауырларының қызғанышы

Хз. Юсыптың бауырларының қызғанышы

Олар: «Ей, əкеміз! Юсып туралы бізге сенбейтін саған не болды? Əрине, оған қамқормыз», – десті. «Ертең оны бізбен бірге жібер. Тамақтансын, ойнасын. Расында, біз оны қорғаушымыз» десті. (Яғқұп ғ.с.): «Расында, сендердің оны алып кетулерің маған уайым салады əрі сендер оған қаперсіз қалып, оны қасқыр жеуінен қорқамын», – деді. Олар: «Біз мықты бір топ бола тұра, оны қасқыр жесе, əрине, сол уақытта зиянға ұшыраушылардан болармыз», – десті. (Туыстары Юсыпты қырға алып шығып, əртүрлі аяусыз жапалар көрсетіп, қатты қинап, өлтіруге жақындайды. Ол оларға жылап- еңіреп жалбарынғандықтан өлтірмей, əкелеріне қасқыр жеді деп, қанға бояп көрсету үшін жейдесін шешіп алып, жандары ашымай, беліне жіп байлап құдыққа салбыратып тұрып, жібін кескен сəтте Алладан Жəбірейіл арқылы Юсыпқа ғ.с. пайғамбарлық келеді). Сонда олар Юсыпты алып кеткен кезде, бəрі оны құдықтың түбіне тастауға бірлесті. Оған: «Туыстарыңа əлбетте осы істеріңнің хабарын бересің. Олар сезбейді» деп уахи еттік. Олар іңірде əкелеріне жылап келді. «Ей, əкеміз! Біз жарысып кеткенде, Юсыпты нəрселеріміздің жанына тастап кетсек, сонда оны қасқыр жепті. Енді шын айтсақ та, бізге сенбейсің ғой» десті. Сондай-ақ олар оның жейдесіне өтірік қан жағып əкелді. Əкелері: «Олай емес! Сендерге нəпсілерің бір істі жақсы көрсеткен екен. Енді көркем сабыр керек. Айтқандарыңа Алладан жəрдем тіленеді», – деді.

(Юсып сүресі, 11-18)

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *