ТАС ПЕН АС

ТАС ПЕН АС

…Бірде қыстың таңында біз Жалаңашкөлден
қамыс будаларын арқалап келе жаттық.
Жолда жұтаң киінген жергілікті адамдар кезікті.
Қастарында балалары бар.
Үлкендер бізді көрген соң сәбилерге қарап бірдеңе айтқаны мұң екен,
балалар бізге қарай тас лақтыра бастады.
Айдауылдар «Сендерді Мәскеуде ғана емес, адамзат баласы жек көретінің байқадыңдар ма?» деп қарқылдап кеп күлсін.
Тұтқын әйелдер «бұлардың балаларға берген тәрбиесі осы ма?» деп налыды.
Мен әлгі тастардың біріне сүрініп құлап, дәл алдымда
жатқан тастан сүт пен ірімшіктің исін сезгендей болдым.
Шетінен тістеп көрсем дәмі тіл үйіреді екен.
Сөйтіп, тастарды теріп алып баракқа алып келдім.
Барактағы қазақ әйелдері оның тас емес, кептірілген құрт екенін түсіндірді.

Алжир тұтқыны Гертуда Платайстың естелігінен.

 

…Ең қымбат тас осы шығар әлемде,
Ең асыл ас осы шығар әлемде.
Гертуданың жазып кеткен жолдарын
Өнеге ғып айту керек бар елге.
Басын исін төске басып қолдарын –
ҚАЗАҚСТАН деген жұрттан сәлем де!

Жұлдыздардың ішіндегі Үркері,
Мына дала
тектілердің жұрты еді.
Сұламадан алып қалған сұлатпай
Аналарым қолдан сыққан құрт еді.
Мейірімге мөлдіреген бұлақтай
Гертуда қыз көздің жасын іркеді…

Атар таңнан әппақ тілек тілеген,
Байтақ еді басына бақ түнеген.
Сонау жылы Жалаңашкөл маңында,
Сағым қашқан
Сарыарқаның таңында:
Құрт жайында жазылыпты бір өлең –
Ұлт жайында жазылыпты ҰЛЫ өлең!

Өміріңнің нұрға толса арнасы,
Тіршіліктің тоқтамайды арбасы.
Бұрқап тұрған дала жайлы айтады,
Құрт лақтырған бала жайлы айтады –
Адамзаттың
арманының жалғасы –
Германдағы Гертуданың қандасы!..

Беу, боз дала!
Боталап бір боздасын,
боздасын да өткенімнен қозғасын!
Бозқасқа айтсын,
боз биесін байласын,
Аяр келіп іздемесін пайдасын.
Оғыланым оман жұрттан озғасын –
сықпа құртта сығып алған көз жасым…

Қасиетін қара тасқа қашатқан,
Тас атпаған кім — кімге де
ас атқан.
Мейіріміне мейірленер шөлдеген –
Барактағы баланда* емес ол деген
Адамзатқа көңілінің жоқ аласы –
Құрт лақтырған қайран қазақ баласы.

Уа, «Қарлаг» кешкен тұтқындардың ұрпағы!
Сақтап жүрген қазақтың бар құрты әлі…
«Жалаңашкөл» маңында,
Сол «Алжирдің» жанында –
құрт лақтыртқан Анасына қазақтың,
құрт лақтырған Баласына қазақтың –
АЛТЫН КЕШЕН салып қойсақ қайтеді?
Жарасар ед, әй, тегі…

…Ең қымбат тас сол болады әлемде,
ең асыл ас сол болады әлемде.
Гертуданың жазып кеткен хаттарын
Өнеге етіп айту керек бар елге.
Жайқалсыншы, барлығыңның бақтарың –
ҚАЗАҚСТАН деген жұрттан сәлем де!

Ғалым Жайлыбай

#алғысайту

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *