Өтірік өлең. Ұлттық фольклорымыздың ерекше түрі. Оның арғы төркіні – ежелгі замандардағы өмір туралы түсініктер, діни нанымдар, ғұрыптық ырымдар. Заман жылжып, қоғам дамыған сайын бұл ұғым-түсініктер қайта қаралып, жоққа шығарылған, күлкіге, әжуаға айналған. Бізге жеткен өтірік өлеңдер екі функция атқарған: бірі – әлеуметтік, екіншісі – эстетикалық. Бірақ өлеңде бұл мақсат айқын сезілмейді, сол себепті әр өтірік өлең комедиялы болып қана көрінеді. Ал, түптеп келгенде сол күлкінің астарында әлеуметтік жағдайды баяндау жатады. Өмірдегі шындықты дәл айта алмайтындықтан өтірік деген атаумен аллегория арқылы ащы шындық паш етіледі. Сонымен бірге өтірік өлең – таза сөз өнері ретінде де көрінеді. Өлеңдегі айтылатын жағдайдың өмірдегіге мүлде сәйкессіздігінен туындайтын күлкі – елді күлдіру үшін пайдаланылады, сөйтіп, адамдарды бір сәтке болса да тұрмыс болмысынан алыстатып, қиялындағы өмірге апарады, оны басқа бір күйге, ризашылық сезімге бөлейді. Өтірік өлеңнің поэтикасы түгелімен осы мақсатқа қызмет етеді. Мұндағы қиял – мақсатты, ол әдейі қолданылады, тіпті ғажайып сипатқа ие болады. Тыңдаушылар қиялдың шартты екенін біледі, сөйтіп өтірік өлеңде өмір көркем түрде бейнелендіктен ондағы ситуацияны түсініп, толық қабылдайды.