Қайым айтыс. Халықтың өте қызық көріп, тамашалайтын сөз өнері. Мұнда ешқандай ғұрыптық белгі жоқ. Бұл айтыс, негізінен, екі жастың, көбінесе бойжеткен мен бозбаланың арасында болады, сол себепті оны «қыз бен жігіт айтысы» деп те атайды. Мұндай айтыс, әдетте, кездейсоқ болады: жігіт пен қыз жиында, немесе оңашада кездесіп қалады да, сөз сайысына түседі. Сол себепті мұнда тақырып кең болады, жастар өздерін еркін сезінеді. Айтыстың бұл түрінде ең әуелі тапқырлыққа мән беріледі, сондықтан айтысушылар бірін-бірі сөзден, уәжден ұту үшін тапқырлық танытып қана қоймайды, олар алуан түрлі әдісті қолданады, тіпті дөрекі сөздерге дейін барады, бірақ бұл сөкет деп саналмайды.
Қайым айтыстың көлемі үлкен болмайды, мазмұны өте қызғылықты болады. Айтысқан жастар жеке басының мәселесімен қатар әлеуметтік те проблемаларды қозғайды, этикалық әрі эстетикалық тұрғыдағы тақырыптарға барады. Айтыстың формасы қарапайым болады. Көп жағдайда қыз бен жігіт бір шумақпен ғана шектеліп отырады, сондықтан олар қара өлең формасын жиі қолданады.