Хикаялық ертегілер – фольклордың жаңа сатыға көтерілген түрі. Мұнда ежелгі нанымдар мен ұғымдар өзінің сакралдық қасиетінен мүлде ада болған. Сондықтан бүл ертегілерде ешқандай тылсым күш жоқ, құпиялық қауіп, қорқынышты кейіпкер кездеспейді. Іс-әрекеттер адамдар арасында, елді мекендерде өтеді. Зұлымдық бұрынғыша қара күшпен жойылмайды. Оны ақылмен, айламен жеңеді. Сол себепті бас кейіпкерде қандай да бір ғажайып көмекші болмайды, оның қарсыластары да сондайлық ғаламат күштің, немесе мифологиялық сыйқырдың иесі емес. Мұндағы сыйқырлық тұрмыстық аяда көрінеді. Новеллалық ертегінің сюжеті күрделі, бірнеше эпизодты болып келеді, кейіпкерлер саны әдеттегіден көп, оқиғалар көбінесе шаһар ішінде өтеді. Ертегінің бұл түрінде шығыс әсері мол, сол себепті мұндағы кеңістік те кейде өзгеше. Кейбір ертегілердің сюжеті тұйықталған болады (рамочное построение). Новеллалық ертегі көбінесе ғибраттық функция атқарады. Оқиға қанша шытырманды, іс-әрекеттер қаншалықты күрделі болса да, ертегі жақсы аяқталады, бас кейіпкер өзінің даналығы, ұстамдығы, төзімділігі арқасында жеңіске жетеді, ал бірақ өзіне зияндық істеген дұшпандарына қатыгездік жасамайды («Аяз би», «Балтеке», «Мархұма», «Минуар мен Бибатима», т.б.)