Хикаялар

Хикаялар. Алғашқы қауымның мифі үздіксіз пайда болып отыратын тұрмыстық әңгімемен бірігіп, келе-келе, әсіресе рулық қауым шарықтап, феодалдық қоғамға көшкен тұста жаңа бір жанрды, хикаяны қалыптастырады. Хикаяда шындық бір факті болуы мүмкін, бірақ шындықтан гөрі қоспа көп болады, себебі бір оқиға туралы әңгіме, көбінесе жеке адамның өзі туралы әңгімесі ел арасында айтыла-айтыла көптеген өзгеріске ұшырайды. Оған әу-баста болмаған жағдайлар жамалады. Кейіпкер енді әдеттегідей жануармен ғана емес, мифтік ұғымнан қалған түсінік бойынша елдің ойдан шығарған неше түрлі ғажайып сиқырлы мақлұқтармен кездескен болып көрсетіледі. Мысалы, бір аңшының басынан кешкен әңгімелері бірден-бірге айтылып, алғашқы оқиғасы қоюланып, біраз әсіреленіп, енді батырдың жезтырнақпен, немесе жалғыз көзді дәумен, я болмаса албастымен, яғни адам көрмеген өзге хайуанмен жолығып, айқасқаны туралы хикаяға айналады. Мұндай хикаяларда ертеректе туған шамандықтың да белгілері кездесіп қалады.

Хикаялар архаикалық мифтердің негізінде де пайда болады. Мемлекеттік қоғам орныққан кезде ежелгі рух-иелік мифтер өзгеріске түседі, ондағы кейіпкерлер басқа сипатта, өзге рөлде көрінеді. Бұрынғы ілкі-ата, жасампаз қаһарманның орнына Зевс сияқты, Тәңір секілді дүниенің бәрін жаратушы, ал рух-иелердің орнына тіршіліктің әр саласын басқаратын құдайлар келеді. Сөйтіп, ертедегі мемлекеттерде көпқұдайлы мифология қалыптасады. Қазақ фольклорында көпқұдайлы мифологияның іздері көне Түркі қағанаты тұсында болған көктегі Тәңір мен басқа да тәңірлер туралы ұғымтүсініктерден қалған сарқыншақтардан көрінеді. Ислам келгеннен кейін ол нанымдар мен кейіпкерлер ысырылып, орнына исламдық мифологияның кейіпкерлері енеді. Сөйтіп, ежелгі албасты, жезтырнақ, үббе, күлдіргіш тәрізді кейіпкерлермен бірге хикаяларда жын, шайтан, диюлар жүреді. Фольклордың басқа жанрларынан бөлектеп тұратын тағы бір белгі – хикаяда кей жағдайда адам мен мифологиялық кейіпкердің қақтығысы трагедиямен аяқталады, яғни адам жеңіліс табады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *