Мысал айтыс. Бізде айтыстың ерекше бір түрі бар. Ақиқатында, бұл классикалық формадағы, яғни өз мағынасындағы айтыс емес, яғни мұнда адамның сөз сайысы жоқ. Мұнда екі жақтың атынан бір кісі сөйлейді. Мысалы, біреу астындағы атымен, немесе тау-таспен, я болмаса аруақпен айтысады. Әрине, бұл жерде екі адамның айтысы жоқ, бірақ екі кейіпкер бар: бір адам екі кейіпкердің атынан сөйлейді. Бұл – нағыз өнер. Басқаша айтқанда, бір адам екі рольде көрінеді, екі адамның ролін атқарады. Демек, ол әрі автор, әрі кейіпкер, яғни автор басқа бір кейіпке түсіп, бөтен рольде ойнайды. Ендеше, бұл – театр өнерінің әдісі. Сол себепті біздің ұлттық фольклор туралы ғылымда мұндай шығармаларды айтыс жанрына енгізіп, шартты түрде «мысал айтыс» деп атау орныққан. Бұл айтыстың да тақырыбы әр алуан, бірақ соған қарамастан ортақ белгі бар: ол – адам, яғни автор – субъект, ал екінші кейіпкер (тау, аруақ, қой, т.б.) – антисубъект болып көрінеді. Міне, осы жағдай бұл шығармаларды айтыс деп есептеуге негіз болып саналады.
Өлеңдер. Фольклордағы әрі көне, әрі өміршең, яғни кез келген дәуірде, қоғамда туып, дамып, өзгеріп отыратын айрықша жанр – өлең. Қазақ қауымының өмірінде өлеңнің орны ерекше, сол себепті оның түрлері де көп: лирикалық өлең, тарихи өлең, қара өлең, нақыл өлең, өтірік өлең, т.б. Бұлардың бәріне ортақ белгілерімен бірге әрқайсысының өзіндік қасиеттері бар. Олар орындалу мәнері, шындыққа қатынасы, мазмұны мен түрі жағынан бір-бірінен ерекшеленіп тұрады.