Мақал мен мәтел. Шығу тегі жағынан бұл да – көне жанр және жұмбаққа жақын. Олардың стилистикалық құрылымы көп жағдайда бірдей болып келеді. Екеуінде де ұйқасты сөз бен тіркес – негізгі форма. Ал олардың айырмасы – мағынада, яғни жұмбақ затты, я болмаса құбылысты суреттейді, мақал – ой түйеді. Жұмбақта тұспал аталады, ал мақалда – түсіндіріледі. Ақиқатына келгенде, жұмбақ пен мақал бертінгі замандарда ажыраған.
Мақал мен мәтел – бірін-бірі толықтырып тұратын жанр. Мақал – бейнелі сөз, онда өмірдің бір құбылысы туралы жинақталған тұжырым айтылады, яғни фактілер қорытылып, үлкен ой, нақыл, үлгі ұсынылады. Мәтел – осы топталған фактілерді нақтылайды, жеке құбылыстарды сипаттайды. Мұнда тікелей нақыл айтылмайды, бір ғана оқиғаға, жағдайға байланысты пікір болады.
Мақал мен мәтел қазақ өмірінің барлық саласына қатысты айтылады. Өзінің философиялық, нақылдық мағынасы және нақтылық сипаты арқасында мақал мен мәтел әрі практикалық, әрі эстетикалық қызмет атқарған. Әсіресе, бұрынғы қазақ қауымы үшін олар белгілі дәрежеде заң ролінде болған. Билер ел арасындағы дау-дамайды шешкенде мақал мен мәтелді жиі пайдаланып, соған сүйенген. Сондай-ақ мақал-мәтел өмір тәжірибесіне негізделгендіктен тәлімдік те мақсатта қолданылған, сондықтан да онда дидактикалық, үлгілік, ақыл-кеңес берерлік қасиет басым. Тіршіліктегі әр қилы жағдайға, қиындыққа, сауалға дайын жауап болып көрінеді.