Мамандықты дұрыс таңдау – ол өмір жолының сәттілігінің негізі.
Э. Ф. Зеер
Әр адам өмірде көп нәрсеге қол жеткізуді армандайды. Ол үшін сізге ұнайтын және адамдарға пайда әкелетін мамандықты таңдау керек. Жалпы, барлық мамандықтар маңызды және қызықты деп ойлаймын. Құрылысшылар, телефон операторлары, жүргізушілер, суретшілер, инженерлер болмаса не істер едік? Бірақ маған ең қызықты болып көрінетін мамандықты таңдадым. Бұл — тәрбиеші мамандығы. Тәрбиешіден артық қоғамға, болашақ өскелең ұрпаққа кім пайда келтіре алады? Балаларды тәрбиелеу, үйрету, баулу, оларға өмірді сүюді үйрету қаншалықты асыл іс екенін бәрі біле бермейді.
Балалар — әлемдегі ең үлкен құндылық. Біз болашақ ұрпақты тәрбиелеу үшін өмір сүреміз. Тәрбиеші ретінде қаншалықты ұзақ жұмыс істеген сайын, мамандық таңдаудағы шешімімнің дұрыстығына соншалықты сенімім артып келеді. Мен өз жұмысымның білім беру және тәрбиелеу аспектілерінен басқа, мен әр балаға мейірімді болуға, жеке-жеке көңіл бөлуге тырысамын. Балалар үлкендермен тең дәрежеде сөйлесуге мүдделі екендігі өмірлік кредома айналған деуге де болады.
Балалармен қарым-қатынас жауапкершілікті сезінуге, өзіңіз туралы жаңа нәрсе білуге, ұмытылған бала кезіңізді де еске алуға мүмкіндік береді.
Мен үшін тәрбиеші мамандығы әрдайым ізденуден тұрадыц. Балалармен бірге өткізген әр күн әр түрлі және көңілді өтеді. Бұл — аксиома! Тәрбиешінің жұмысын қайталауға болмайды. Мен әр таңды күлімсіреумен бастағым келеді, күн сайын жаңа мүмкіндіктерді ашуға, балалармен қарым-қатынас жасаудың ұмытылмас тәжірибесін беруге тырысамын. Мен әр балаға жанымның бір бөлігін сыйлау арқылы мен бұл дүниені кішкене мейірімді ететініме деп сенгім келеді.
Мен жан-жақты маманмын деп мақтанышпен айта аламын. Маған әрдайым жаңа әдіс қолдану, жұмыс барысында кәсіби идеяларды жүзеге асыру процесі ұнайды. Әрбір жаңа ойды балалармен бөліскім келеді һәм олардың балабақшадағы өмірін қуанышқа айналдырғым келеді. Иә, мен балаларға бәрін үйреткім келеді: ненің дөңгелек екенін, биік нәрсе, қосу, азайту, дыбыстарды есту, табиғатқа тамсану, кішкентайынан Отанын, туыстарын сүю тағы да басқа өмірде көптеген қызықты нәрселер бар екенін түсіндіру.
Иә, мен үшін мамандығым — мақтанышым! Балалардың балабақшаға бейімделіп, жақсы және дұрыс сөйлеуге, ертегі ойлап табуға, әңгіме құрастыруға және суреттерді сипаттауға үйренетінін білу өз маманығыңа деген мотивацияның артуына серпін береді.
Балалар бояулармен, қарындаштармен сурет салуды және пластилин мен саздан жасалған бұйымдарды мұқият мүсіндеуді, кесектерді қайшымен шебер кесіп, жапсыруды, әдемі композициялар жасауды үйрену барысында тәрбиеші ақыл-кеңесінің маңызы зор. Иә, балалар балабақша қабырғасында алғашқы досын табады, алғаш өз қырларын танытып, көрсете бастайды. Яғни, баланың жастайынан қалыптасуына менің және біздің елдегі жүз мыңдаған тәрбиешінің рөлі үлкен дегім келеді.
Тәрбиешінің жұмысы оңай емес, өйткені сіз баланы жаныңызбен жақсы көруіңіз керек, түсініп, сезінуіңіз керек, оны сол күйінде қабылдауыңыз керек, ондағы жеке тұлғаны басып-жаншымауыңыз қажет. Оның өзімен-өзі болу құқығын да құрметтеген жөн. Біз балалар туралы сөйлескен кезде «біздің балаларымыз» деп айтамыз. Мен баланың әр сәтті ісін, әрбір кішкентай ерлігін, шынайы күлкілері мен ата-аналарының бақытты жүздерін көру үшін кәсіби шеберлігімді барынша қолданамын. Балалардың қуанышы менің кәсіби білікті маман ретіндегі жетістігімнің көрнісі деп білемін. Иә, маған тәрбиеші болған ұнайды. Өйткені, «тәрбиеші» — бұл мамандық емес, әлеуметтік позиция емес, хобби емес, жұмыс емес — бұл кәсіп, бұл өмір. Мен үшін тәрбиеші болу — өмірдің мәні. Әрбір баланың жүрегінде оған өз жанының бір бөлігін сыйлаған адам туралы жарқын және мейірімді естеліктер болуы керек, бұл адамның аты — Тәрбиеші.
Бақыт әркім үшін әр түрлі, ол көптеген көрсеткіштерден тұрады. Оның құрамдас бөліктерінің бірі — таңдалған мамандық. Мен бақытты адаммын. Менің сүйікті ісім бар. Мен үнемі ізденістемін. Өйткені, шығармашыл тәрбиеші ғана мамандығының жылуын, балалардың сенімін сезіне алады.
Мен бақыттымын, өйткені мен балалармен бірге осы ерекше әлемді қайта-қайта білуге, тануға мүмкіндігім бар. Мен, бақытты адаммын, өйткені мен өз мамандығымды таңдап, өмір бойы оған ғашық болып келемін.
Енсепова Анар Ермековна,
Қызылорда облысы,
Арал ауданы,
Ақбай ауылы КМҚК «Қызғалдақ» балабақшасының тәрбиешісі.