Лирикалық өлең. Бұл жанр да халық арасына көп тараған. Мұнда сүйіспеншілік, екі жастың бірін-бірі сағынып іздеуі, зарыға күтуі – басты тақырып. Лирикалық өлең міндетті түрде әнмен орындалады, әрқайсысының өзіне тиісті әуені болады. Бұл шығармаларда отбасы мәселелері, адамның көңіл-күйі, оның басқа субъектілермен қарым-қатынасы да сөз болады. Сондай-ақ табиғатқа, жануарға қатысты өлеңдер де лирикалық сипатқа ие болып, айтушы өзінің сүйікті сәйгүлігі, құмай тазысы, қыран құсы жайында толқып, толғанып әндетеді. Лирикалық өлеңге үйлену салтына, жерлеу рәсіміне қатысты кейбір жырлар да жатады, алайда, олар көбінесе ғұрып жолымен орындалады.