Батырлық ертегілер – жоғарыда айтқан қиял-ғажайып негізінде дамып, басқа сипатта көрінетін шығармалар. Мұнда қиял-ғажайып ертегілердің қөптеген белгілері бар. Сонымен бірге өзіндік ерекшеліктері де жетерлік. Ең бастысы – кейіпкер жай қатардағы адам емес, ол – батыр, үлкен күштің иесі. Сондықтан ол алуан түрлі қиындықты бір өзі жеңеді, бұл жолда оған керемет көмекшілер көп ұшыраспайды, ал егер ондайлар бола қалса да, шешуші роль атқармайды. Батырлық ертегілер екі сипатта болады. Бірі – батыр неше түрлі зиянкес құбыжықтармен айқасып, олардан елді құтқарып, жердің бетін тазартады. Екіншісі – батырдың қарсыластары болып белгілі бір тайпа немесе басқа ел көрінеді. Олар, әдетте, батырдың елін шауып, оны жорыққа шығуға мәжбүр етеді. Жалпы, бұл ертегі түрінде де көне мифтік ұғымдар, шамандық түсініктер, ерте заманғы болмыстың элементтері айқын көрінеді. Оның үстіне күшті дамыған эпикалық дәстүрдің әсері де сезіледі. Мұны, әсіресе, бас кейіпкердің қаһармандық мінезі мен іс-әрекетінен көруге болады. Оның жаулары да осал емес: жалмауыз кемпір, айдаһар, т.с.с.