Қадыр Мырза Әли

Қадыр Мырза Әли

(1935- 2011 )

Қазақстанның          халық         жазушысы,          Қазақ          КСР       Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Орал облысының Жымпиты кентінде туған.

 

 

***

Адам боп оңай туғанмен , Адам боп қалу көп қиын.

***

Көлден үлкен теңіз бар,

Елден үлкен неңіз бар?!

***

Біреу нарын жоғалтады, Біреу жарын жоғалтады. Отанын жоғалтқан

Бірден барын жоғалтады.

***

Ең алдымен- ел қамы, Содан кейін қалғаны.

***

Ел дегенде емірен,

Тіл дегенде тебірен!

 

***

Төліңнен безуге болады,

Еліңнен безуге болмайды.

*** Ер – елінде, балық – көлінде.

***

Сандуғаш та жат жерде сайрай алмайды.

Ұлт – ұлы атаң.

***

Жан-жаққа тартқан жұрт жұтап тынады.

***

Халқын сатқан пенденің барар жері – тозақ қана.

***

Ел азарда елді шенқор мен жемқор билейді.

***

Елдің жоғын жоқтау үшін

Елбасы болу міндет емес.

***

Зеңбірегі көп елді

Зерделі ел жеңеді.

***

Мақтан тұтар патшаң болса, оған жетер бақыт жоқ.

***

Елін сүймеген ерлік жасамайды.

***

Ел үшін өлу – өмір сүруден де қымбат.

***

Жұртымен болған жұтамайды.

***

Елін ессіз сүйгеннен көзсіз батыр шығады.

***

Құшағың кең деп ашылма, Дүние кең деп шашылма.

*** Ұлттың тілі – ұлттың ділі.

***

Балық тілсіз болса да,

Халық тілсіз болмайды.

***

Өз тілің – бірлік үшін, Өзге тіл – тірлік үшін.

 

 

***

Өзге тілде сайрау қауіпті емес, Өзге тілде ойлау қауіпті.

***

Тіл қатты таяқ жиді, Тіл тәтті жая жиді.


Топтастыратын да – тіл, От бастыратын да – тіл.

***

Тіл қан шығармай-ақ қансыратады.

 

***

Сүйексіз тіл сүйегіңді сындырады.

 

***

Ауру ауыздан кіреді,

Азап ауыздан шығады.

***

Тіл – елдігің, Бірлік – белдігің.

***

Ана тілің алпыс тілге татиды.

***

Жемқордың жетекшісі – құлқын.

*** Көңілі кеңді көмейі кең жұтады.

***

Әйелдің қамшысы – тіл.

***

Әйел өлерінде айнаға қарап өледі.

*** Достық – бақыттың тіптен сирек түрі.

***

Досың сүрінсе – сен құлайсың.

***

Бір бала ғажап болып туады, Бір бала азап болып туады.

 

***

Кей баладан зейнетақы жақсы.

***

Бала анасын екіге келгенше емеді, Әкесін өле-өлгенше сорады.

***

Бала – тамаша, Бала – болашақ. Бала – берешек, Әке – алашақ.

***

Анасын сыйламаған

Енесін сыйлап жарытпайды.

***

Мал базары тарқайды,

Бала базары тарқамайды.

***

Қасқырдың жаманы – қорқау, Баланың жаманы – жалқау.

***

Көк болған соң,

Көкке лайық жұлдызың болсын.

Ел болған соң,

Елге лайық ұл-қызың болсын.

***

Ақшада ағайын болмайды.

***

Ар мен ақша ағайын бола алмайды.

***

Ақша алдымен иесін сатады.

***

Кедей байды жек көрсе де, Байлықты жек көрмейді.

***

Мас адам өз көрін тұмсығымен қазады.

***

Адамның ішкі сыры ішкенда ашылады.

***

Көршіге тартқан баланың көзі ойнап тұрады.

***

Өмір – орталық базар.

***

Ақшаң жоғын сезсе, ағайын айналып өтеді.

***

Сараң сарқытында қимайды.

*** Рушылдық – іріткі,

Ұлтшылдық – ұйытқы.

*** Еліне кір келтіру – Өзін өзі өлтіру.

Дүниенің ең басты жұмбағы-адам.

 

***

Адамдар дүниенің бәрін түсіндіргенмен, өздерін өздері әлі де болса түсіндіре алған жоқ.

 

Алпыс адам-бір жақ, ақын өзі бір жақ.

 

***

Әкеңді білмеген ештеңе емес, қаптаған халықтың ішінен ұлтыңды білмеген не деген сұмдық.!

***

Адам алысқа қараймын деп, жақындағысын көрмейді.

 

***

Әулиелік туралы айту үшін өзің де әулие болуың керек.

***

Дүниеге шын ақын, ұлы ақын келген күні сонымен қабаттасып даңқ та туады.

*** Азаппен келген даңқ – мәңгілік.

***

Талант – халық қазынасы. Талантты қадірлемеу халықтың намысына         тиеді.

***

              Адамның              бүкіл              өмірі            өзін-өзі           жұбату,            өзін-өзі            алдау.

***

Семіру шошқаның өзіне қандай сор болса, артық даңқ адамның соры (Қытай мақалы Қадырдың кітабынан)

*** Даңқ — өте қауіпті рухани есірткі.

***

Ақын – жазушылардың бәрі болмағанмен, біразы әдеби есірмен.

***

Қор қылу да, құдай қылуда халықтың қолында.

***

Пайғамбар жасау халықтың қолында, бекерге мәз болып, өзіңдіөзің алдау, алдану өз қолыңда.

***

Ең үлкен махаббат – халық махаббаты.

 

***

              Халықтың        ықыласына             ешкім              тиым              сала          алмайды.

***

Даңқ үстемелегенді ұнатады. Бір басталса біразға дейін жарылқайды. Қашан өзің бүлдіріп алғанша махаббат нұрына бөленесің.

***

Таздың басына, пұшықтың мұрнына қона салатын соқыр бақыт сықылды емес, Даңқ – ешкімнің ырқына көне салмайтын бірбет құбылыс.

***

Лайық емес адамға даңқ жоламайды.

***

Даңқ- ойда жоқта біркүні келе салмайды.

***

Даңқ-нағыз таланттың жолсерігі, жұбанышы, көз жасын сүртетін беторамалы, жан жарасын жуатын таң нұры.

***

Даңқ – ақынның бірінші бақыты емес.

***

Ақынның бірінші бақыты – шығармашылық процесс. Ал қалған тірлігі қараңғы туннель. ***

Әр ақынның-егер ол шын ақын болса – тоқсан тоғыз қасіреті болады.

***

Ақындардың қасіреттері – кедейшілік пен жоқтық.

***

Кейде тіпті ақын неғұрлым дарынды, неғұрлым арлы болған сайын соғұрлым сормаңдай бола ма деп те ойлайсың!

***

Нағыз қайыршы ұрлық жасамайды.

***

Жалпы жоқтық деген пәле мықты ақындарды өте жақсы көретін болуы керек, қай заманда, қай елде болмасын, алдымен соларды іздеп табады.

***

Абыройыңды жауып жүрудің өзі оңай шаруа емес!

***

Саптыаяққа сыра құйып, сабынан қарауыл қаратып қойған зұлым заманда күнделік жүргізудің өзі өзіңнің үстіңнен өзің материал жинақтаумен бірдей. Өйткені күнделіктің құдіреті-шындық!

 

***

Қарыз алатындардың көбі – қарызды қайыра алмайтындар.

***

Жүйке ауруы – жалғызілікті емес, көп ағайынды.

***

Туғанда аяқ-қолың балғадай сап-сау болып туғанмен, ертең кім боларыңды бір құдай ғана біледі.

 

Әкелетін өмір де, әкететін өлім деп ойлаймыз, жоқ, меніңше өлімөмірдің өзі.

***

Адамды ауыртатын да, өлтіретін де сол өмір!

Ол тек құжаттарға ғана Өлім деп қол қоя салады! Өлімнен қорқатын ештеңе жоқ, Өмірден қорық!

***

Ақын — өзінің ішкі дертін, жан ауруын інжуге айналдыратын жұмбақ жан.Дегенмен арақтың істемейтіні жоқ, дәлірек айтсақ, істетпейтіні жоқ. ***

Бүкіл ақын атаулыны маскүнем ғып көрсету – мақсат емес. Менде ондай ой жоқ. Ал енді ішпейтін ақын тағы аз.

***

Арақ адамның шыңырауындағысын шығарып, тереңде жатқан дүлейін оятады.

***

Жынның момыны болмайды.

***

Жазымыштың жұмыр добы да, қайысқан қалың халыққа жоламай, әлдекімдерді айналып өтіп, ақындарды барып ұратын тәрізді.

 

***

Біреулердің неден өлгені, біреудің қалай өлгені, ал біреулердің қайда өлгені белгісіз. Жұмбақ тағдырларда жоқ емес.

***

Жалпы адам жоғалу, соның ішінде еліне белгілі адамның жоғалуы ақылға сыймайды. Бірақ жоғалады.

 

***

Өз өлімімен өлгенді қаза болды демейді. Ажалынан бұрын өлді деген міне осы.

***

Жалпы жазу үстелінің басында өлу – бүкіл ақын-жазушының арманы деуге болады.

***

Нағыз жазушы шындап келгенде ешкімге қызмет етпейді.

 

***

Қасқыр орманға қарап ұлыса, қазақ қырға қарап күрсінеді.

 

***

Екі өлең жазсам, соның бірі – Дала. Өйткені ойлайтыным — Дала

 

***

Адам кейде өз үйіне де сыймайды.

 

***

Көптің ішіндегі жалғыздық, аралдағы жалғыздықтан да жаман.

 

***

Коммунистік жүйенің қайтып келгенін өз басым қаламаймын. Өйткені жегіміз келгенін жеп, ішкіміз келгенін ішкенмен, айтқымыз келегенді айта алмадық, жазғымыз келгенді жаза алмадық

 

***

Ауыздан шықпай іште тұншыққан шындық шеменеге айналады. Дерттің жаманы – сол. ОЛ адамды тірілей өлтіреді.

 

***

Өнер тұрған құпия

 

*** Әртүрлі дарындар түгіл, бір дарынның өзі кейде өзіне-өзі ұқсамайды.

 

***

Көз адамдардың бәріне бірдей тәрізді Бірақ жай адам басқаша көреді де, жазушы адам мүлде басқаша көреді.

 

***

Ағашты тамырынан, тамырды топырақтан ажыратып әкету қалай болар еді?!

 

***

Өнер жүрген жерде еліктеу болмай тұрмайды.

 

***

Кез-келген жас дарын қашан дараланып өзінше қалыптасып тынғанша бір мықтының тартылыс күшінен шыға алмайды. Шығармашылықта емес, жай тіршілікте де ұстаздың әсері көрініп тұрады.

 

 

Ақша талғамға қызмет етеді.

 

***

Кейде жоқтықтың өзі жаңа моданың тууына себепкер болады.

 

***

Ақындар тірлігінде жалпы логикаға сыймайтын құбылыстар жиі болады.

 

***

Өнер адамы үшін шығармашылықта үшін, тіршілікте болсын, ең ақыры киім – кешекте болсын, ешкімге ұқсамау – басты міндет.

 

***

Өз басым қазақ тарихын біздің елімізге арақ-шарап деген пәленің келгенге шейінгі, келгеннен кейінгі дәуірі деп екіге бөлген дұрыс болар еді деп ойлаймын.

 

***

Жалпы арақ-шарап келгенше ұлттық мәдениет, ұлттық дәстүр қауіпсіз тірлік кешкен тәрізді.

 

***

Арақ-шарапқа дейінгі шейінгі дәуір-қымыз дәуірі. Әдебиет пен өнер үшін бақытты, кем дегенде жартылай бақытты кезең.

 

***

Егер шатақ шығару керек болса, қымыздың өзі жетіп жатыр. Ал шабыт шақырып, шығармашылықпен шұғылдану қажет болса қымыздан артық ішімдік жоқ!

 

***

Арақ ішіп жақсы бірдеңе жазды дегенге сенбеймін.

 

***

Көптеген классикалық әндер мен классикалық өлең-жырдың бастауында қымыз тұрғаны ақиқат

 

***

Қымыз дәуірі-серілер дәуірі.

 

***

Сәнді киіну- сал, серілер үшін негізгі шарттың бірі.

 

***

Күйтабақты бір аударып салатын, әйтпесе тіпті басқасын қоятын кез болды-ау деймін.

 

*** Көлігі бардың қашанда өрісі кең.

 

***

Махаббат ол-ең алдымен өмір. Ал өмір біз ойлағаннан гөрі күрделі, әлдеқайда күрделі құбылыс.

 

***

Қай бұрышта, қай қалтарыста қай зұлымның қандай қару ұстап тұрғанын білу қиын.

 

***

Кез-келген қарым-қатынастан, тіпті төсектік қарыс-қатынастың өзінен махаббат іздеу дұрыс бола бермейді. Ал нағыз махаббат дегеніміз-өткінші жаңбыр емес. Ұлы сезім.

 

***

Үйкүшіктік жалпы адамға тән қасиет емес.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *