Сүйінбай Аронұлы
(1827-1896) Арқалы суырыпсалма ақын, жыршы. Алматы облысының Жамбыл ауданында туған.
Дүниеде қандай жақсы болсаң да, тіленсең, қадірің кетер.
***
Ақымақ жігіт белгісі- аз күнгі баққа алқынар.
***
Жаман жігіт белгісі- алғаны мен бергенін сырттан жүріп санайды.
***
Жаман жолдас белгісі- көкқұтандай кекиіп шекесінен қарайды.
***
Жақсы болса жұбайың, қабағыңа қарайды.
***
Ер-жігіт ел-жұртының панасындай, Жақсы әйел әммә жұрттың анасындай. Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ, Көреді бәрін де өз баласындай.
***
Жақсы жігіт сөзіне сақ тұрады.
***
Жақсының сөзін әркім пайдаланар, Миуалы алма- өріктің ағашындай.
***
Жаманның көкірегі- көр, көзі- соқыр.
***
Әркім құмар жақсымен таласуға.
***
Кетпеңдер өне бойы дүние қуып.
***
Біз- қайық, бұл дүние- түпсіз теңіз.
***
Бұл фәни ұзақ болса жүз жыл болар, Байқасаң тоқтауы жоқ бұл бір сонар. Сонаршы кешке дейін түлкі қуған,
Күн батып, шаршаған соң, ақыр қонар.
***
Қолдағыға қанағат-шүкір қылмасаң,
Болады бар да- арманда, жоқ та- арманда.
***
Бұл дүние біз үшін бір ақсақ елік, Барады кейде аяңдап, кейде желіп. Артынан қуып жүрген біз бір мерген, Қаламыз кейде адасып, кейде көріп.
***
Дүние әлі-ақ өтер қимағанмен,
Сыйласқан өз басыңды сыйлағанмен. Жалғанның ақырында баяны жоқ,
Қазына қызыл-жасыл жинағанмен.