Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
(1858-1931) Қазақ ақыны, фольклорист – этнограф, шежіреші.
***
Есті адам – қанағатты. Қанағатты адам тиянақты.
Тиянақты адам көнтерлі. Көнтерлі адам қайғысыз.
Қайғысыз адам бақытты.
Ендеше есті адам бақытты болады.
***
Адамға күнә қайдан? Көз бен тілден!
***
Бір адам бар: өрік, мейіз ағашы сықылды, Жемісінен дүние жүзі баһра алады.
Бір адам бар терек сықылды, Отқа отын болғаннан басқаға жарамайды.
***
Өнердің ең асылы- сөз.
***
Ақыл, сезім, қайрат, жігер – ми жұмысы. Көңіл бәрінің үстінен билейтұғын патшасы.
***
Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ…дін де осында, ғылымбілім де осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен атабабаларымыздың бәрі жақсы әулие болып өтті.
***
Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты, я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән, күй болсын, сөзбен сөйлеп, суреттеп көрсетуге болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді.
***
Білімі көп, пайдасы жоқ адам – мал ішпейтін сормен тең, іске жаратқан, көпке таратқан адам – жан-жағы суат көлмен тең.