Есенғали Раушанов поэзиясы:
Әбіш КЕКІЛБАЕВ: «МАҢҒЫСТАУДЫҢ ДАРИЯСЫ – ХАЛҚЫНЫҢ КӨКІРЕГІНДЕ» (Е.Раушановтың Маңғыстаудағы шығармашылық кешінде сөйлеген сөзі)
Менің алдымда сөйлеген мына Фариза апаларыңның берген батасы қабыл болсын! Негізі қазақ әдебиетіне Есенғалидай ерен тұлғаның келуіне бірден-бір «күнәһар» кісі – Фариза Оңғарсынова. Өйткені Фариза ерте бастық болған, журнал ұстаған кісі. Сол журналында талай-талай таланттардың бағын ашқан редактор. Соның ең алғашқы кезегінде жіліктің майлы басын ұсынғаны – өзінің бауыры осы Есенғали. Есенғали алғашқы өлеңдерін осы Фариза басқарып отырған журналдың айқарма бетін толтырып жариялады. Әдебиетте мұндай дебютант болмаған.
Мен бүгінгі кешті тек қана Есенғалидың кеші деп ойламаймын, бүгін тек Есенғали, я болмаса оны әдебиетке әкеліп қосқан Фариза қуанып тұр деп ойламаймын. Бұған қуанып тұрған бүкіл халқымыз, қазақ халқы, соның ішінде Есенғалидың кіндігін кескен Адай топырағы деп ойлаймын. Сіздер білесіздер, Маңғыстауға Құдай бәрін берген – астына да, үстіне де. Маңғыстау дегенде, Құдайдың сараңдығы ұстаған бір нәрсе бар, ол – біздің жерге өзен бермеген. Жұртқа Әмудария, Сырдарияның бәрін бергенде, Маңғыстауға Манашының Ащыағарынан басқа ештеме қимаған. Бірақ Құдай әділ болғандығынан да Құдай болып тұр ғой, сол жерінің бетіне бермеген дарияны осындағы халықтың көкірегіне берген.
Осыдан оншақты жыл бұрын Қашаған атамыздың алғашқы тойы өткен кезде мен «Жырдария» деген мақала жазғанмын. Жер бетінде жырдария деген рухани өзен осы біздің Маңғыстаудың топырағында. Сол жырдарияның сарқылғанын көрген ұрпақтың өкілдері осында отырмыз.
Менің бала кезім Ембі тауындағы Қапы деген аңғардың ішінде өтті. Кілең бір жерден қазған жертөле үйлерде тұрдық. Менің үйімнің оң жағында тағы бір жертөле болды. Ол жертөледен бір кісі таң атпай, елең-алаңда атына мініп кететін де, кешкі ымыртта оралатын. Үйге келгесін таң атқанша қағаз ақтарып отыратын. Біздің елдің адамдары: «Ол кісінің жолын кеспеңдер, құрметтеңдер. Ол қасиетті, молда кісі», – дейтін. Сөйтсек, ол молдамыз – Түмен Балтабасұлы деген атақты ақын екен.
Мектепке барып, бірінші сыныпта оқып жүргенімде, қазіргі Таушық ауылының солтүстік батысында РККА-ның аттарын бағатын «Конзавод» деген жер болды. Ол жерде де ылғи жертөле үйлер. Солардың ортасында қызыл ағаштан қиып жасаған трибуна болды. Халық «1 Май» , «7 ноябрь» дейтін мерекелерді сол жерде өткізетін. Сонда тойды бастамас бұрын үстінде қолдан қарпыған көгілдір шапаны бар бір кісі шығып, ыңыранып тұрып 15-20 минөттей жыр айтатын. Ол – Сәттіғұл Жанғабылұлы деген ақын еді.
Соғыс біткеннен кейін елге аман-сау оралған жігіттер, араға бір-жар жыл салып, үйленіп, той жасай бастады. Таушықтың терістігіндегі Жетінші Шахта деп аталатын бөлек ауылдың желкесінде Ембінің тауымен жарыса көлбеп жатырған ұзын қоңыр жал бар. Сол жалдың баурайында 10-15 үйдей көмірші-шахтерлер отыратын. Міне, осы ауылдың тұрғыны, ұмытпасам Айым-Шақа ауылының азаматы болуы керек, Досжанов Әбіш деген жігіт үйленіп, той жасады. Осы тойда бір сары кісі жыр айтты. Ол төрде бастаған жырын табалдырықтың алдына келіп аяқтады. Жырды қозғалақтап, екіленіп отырып айтатын адам екен. Ол – Жанжігіт деген жырау еді…
Мен мектепте оқып жүрген жылдарымда сайлау болды. Сол сайлауда Иманғазиев Штатбай, Досбаева Балғаным деген кісілер депутат болып сайланды. Мен оқушы баламын. Солай бола тұрса да депутаттардың атын алдымен біздер жаттайтынбыз. Өйткені ол кездегі сайлаушылардың көбі сауатсыз, газет оқи алмайды. Сондықтан ата-аналарымыз депутаттыққа кандидаттардың атын ұмытып қалмас үшін біздерге жаттатып қоятын. Біз жатарда күн сайын Алла Тағаланың атына қосып, әлгі депутаттардың аттарын айтып жататынбыз. Сол сайлау пунктінде әрбір жиналыстан кейін, мойыны ырғайдай қара шал, оқтаудай мойынын әнтек соза түсіп, керемет әдемі дауыспен жыр айтатын. Ол Дүйсенбай деген жырау болды. Мінеки, осы кезден бастап менің ойымда Маңғыстауға жыр қатты дарыған деген ұғым қалды. Алайда біз біраз уақыт сол жырларды естімей өстік. Ол кезде заман қиын болды. Еститініміз жаңағы Түмен атамыздың «Жирен ат пен басқарманың айтысы», Сәтекемнің:
«Тоғызыншы ауылдың,
Шамалы екен хал-жайы.
Орындалмай қалыпты
Пірензе мен сары майы», – деген сияқты социалистік жарысты насихаттаған өлеңдері болатын. Кейін студент болып, әдебиетті ақтарған кезде қарасақ, біздің өңірімізде өлеңнің небір інжу-маржандары мен дүрлері жатқан екен. Басын Жары Абыл мен Тіней Өгізбай бастаған топта үшінші болып Қалнияз, төртінші болып Нұрым, бесінші болып Қашаған, алтыншы болып Аралбай, жетінші болып Ақтан, сегізінші болып Сүгір дегендей… жалғасып кете береді екен. Осы Маңғыстау топырағынан шыққан қазақ ақындарынан, өз алдына «Менделеев таблицасын» жасауға болады екен. Осы асыл мұралар бір ғасыр бойына талқандалып, жоғалып, халықтың жадынан өшіп, біз бәріміз Маяковскийді жаттап өстік.
Бір кезде біздің басымыздан ұшып кеткен жырдың әруағы біздің басымызға қайта айналып қонады деп армандамаған да болуымыз керек, көп жағдайларда. Қазір сол кезіндегі зар заман үркітіп, біздің басымыздан ұшып кеткен жырдың әруағы біздің басымызға қайта айналып қонып тұр деп ойлаймын. Көп уақыттарға дейін мұны айта алмайтынмын, басымыздан ауып кетіп жүрер деп қорқып. Мына Фариза шыққан кезде де, Меңдекеш шыққан кезде де айта алмайтынмын.Тіл-аузымыз тасқа, тағы да бір пәлеге ұрынып қалып жүрерміз деп. Қазір айтқым келіп тұр. Мына Фариза ақыл тоқтататын шамаға келген кезде, оның өзін артына жалт-жалт қарататын өте жалынды, алымды сәйгүліктер тобы келе жатыр. Олар келді, Фаризаның алдына шыққан жоқ та, олар қазіргі қазақ жырының алдына шықты. Сол Хиуаның шапқыншысы сияқты қиғаш құлақ, қисық қылыш жаңа жаналарлардың жандаралы – ол мына тұрған Есенғали.
Бұлар бізге несімен қымбат дейтін болсаңыздар, Құдайға шүкір, қазір қазақтың бәрі 42 әріпті таниды. Ал 42 әріпті танитын кісіге өлең жазу онша қиын емес, ұйқас табу да қиын емес. Қазақтың сөзі қазақтың өзі сияқты бірін-бірі құшақтағысы келіп тұратын сөздер. Өлең жазу онша қиын емес дейтініміз сондықтан. Алайда мына Фариза апасы құсап, баяғы өтіп кеткен өзіміздің Абылымыз, Қалниязымыз, Ақтанымыз сияқты сөздің әруағын тірілтіп, сүйекті езіп сөйлей білу, жырлай білу – қиынның-қиыны. Менің мынау інілерім сол қиынның қиынын қиыстырып келе жатырған өнерлерімен қазір бүкіл қазақтың көзіне түсті, талайлардың жүрегін дірілдетіп, сезімдерін сан тарапқа сенделтті. Сондай үлкен ақындықтың әруағы мықтап қонған адам – бұл да біздің Есенғали. Көптеген жастардың алдынан шықты, бірақ өзі жас болғанмен ақылы көп. Жүріс-тұрысы нар тайлақ сияқты болғанмен, бойында көш бастайтын көсем түйенің мінезі бар. Шаңырақ артсаң – шақпайтын, кебеже артсаң – сындырмайтын, тең артсаң – түсірмейтін, алтын артсаң да ауырсынбайтын қазақтың нағыз атан жілік ақыны. Оның өлеңдерін оқыған кезде біздің құлағымыз жөндеп ести алмай қалған баяғы қариялар қайта тіріліп кеткендей болады. Мен оның өлеңдерін әртүрлі топқа бөліп оқимын. Ең әуелі түйелер туралы өлеңдерін оқимын. Оны оқып шыққаннан кейін жылағың келеді. Одан кейін мұның біздің шәлкес шалдар туралы өлеңдерін оқимын. Ол шалдардың көбі қазір жоқ. Оларды сағынасың, қолдарын алғың келеді, бәрінің беттерінен сүйгің келеді. Бәрі шалқайып, жер түбінен, Германнан келіп тұрған кісі сияқтанып, саған шекесінен қарап шікірейіп тұратын, ат үстінен түспей, берген сәлеміңді алмай қиқайып, жарты сағаттан кейін барып «Амансың ба, айналайын?» – дейтін ақсақалдар көз алдыма келеді. Онан кейін жастардың, қазақ жастарының жастығына, жастық шалығына арналған өлеңдерін оқимын. Біздің бастарымызда болмаған, болса біздің алдымыздағы ағаларымыз бен жеңгелеріміздің бастарында болып кеткен таза қазақы қылықтылық, таза қазақы сыйластық, таза қазақы қимастық туралы жырларын оқимын. Қысқасы қазақтың ішіне еніп, Сарыарқаны аралағандай қазақтың жан-дүниесін аралағыңыз келсе, таптырмайтын бір гид – ол мына Есенғалидың жырлары деп ойлаймын. Бұл оның үстіне бала жасынан арқасын шыбық тіліп молданың алдын көрген кісі құсап, Әптиекті қойып, Құранның өзінен бастап, Құранның сөзін, Құдайдың сөзін өлеңге айналдырады. Бұл да тек қана біздің Маңғыстау әдебиетінде бар өнеге.
Қашаған мен ағасы Нұрымның шариғат айтысын білесіздер. Осы шариғатты шандоздап айтатын мықты жырлары үшін Сәттіғұлды көп уақыт Жазушылар Одағына мүше қылып алмаған. Діншіл деп оны 1936 жылғы Мәскеудегі декадаға да апармаған. Біздің қазақ поэзиясындағы көптеген ақындарымыз «сөзіне Құдайды араластырады, қайдағыны айтады» деген кінәмен шаң басып, архивтерде көп жатты. Көбі халықтың көкірегінен өшіп, оны білетін шалдардың көбі жер астына кетіп, ол өлеңдер қазір архивтен шығып жатыр, теңнен, сандықтың түбінен шығып жатыр. Міне, солармен бірге жүргендей, сарқытын ішкендей, керемет бір саф поэзия жазуды бастаған осы Есенғали. Оның сырын мен әрі ойлап, бері ойлап, анау топалаң заманда Әбдіжаппар ағаларымыздың жер ауып кеткені қандай жақсы болған деп тәубе еттім. Әйтпесе анау шалдарымыздың асыл мұраларын сақтаған қазыналы көкіректердің қайда қалатынын кім білген? Сол ақсақалдар маған қияндарға кетіп, қазақтың жырын аман алып қалған рухани жиһанкездер сияқты болып көрінеді. Оларға бүгінгі күндері мың бір тәубә айтқың келеді, біздің жырымызды сақтағаны үшін, шежіремізді сақтағаны үшін, Құдайдан басқаға айтпайтын сырларымызды сақтағаны үшін.
Асыл жәдігерлеріміз сол шалдармен бірге кете берсе бізде не қалады? Ол шалдармен дүние, мал, байлық кетсе де халқымыздың жыры, сыры кетпеуі керек. Соны ұққан жас ұрпақтың қазір қатары қалыңдап келе жатыр. Есенғали соның біреуі, біріншісі, бірақ жалғыз емес. Оның соңында Есенғалидың өзінің тұяғын қытықтайтын дүрсіл, дүбір естіліп келе жатыр. Соның бірі Сабыр Адай туралы мен осыдан үш жыл бұрын, бүкіл қазақ естісін, оқысын деп қылғынып тұрып жазғанмын. Құдайға шүкір ол бар, тіл-көзден аман. Амандық болса, әкімдігін тастап, жырға оралады деп ойлаймын. Өйткен себебі біздің Адай атамыз біреу. Оның басын бүкіл халық болып, ұлт болып ұлықтадық. Ол сол шаруаның басы-қасында жүрді, еңбегі сіңді. Енді өзінің жазу үстеліне оралады. Оның өлеңдері де сол Адайдың айта алмай кеткен сырлары. Сол сырларды ақтарады деп ойлаймын. Есенғалидың тойында мен Сабыр Адайдың өлеңге оралуы үшін деп, аман-есен жырына келуі үшін деп, Адай бабасын өзінің адайша сөйлеген жырларымен қуантсын деген тілегімді айтқым келеді.
Сол Сабырдың қасында, бір кезде қос-қостан шығатын батырлар сияқты, екі дүлей, үш дүлейдің біреуі – ол менің Светқали інім, Айт-Маным. Оның да Құдай тау-тағын хан үйік қып құрған, жөргегі майса болған. Бауырына алған анамыздың көкірегі жан баласына бітпейтін талай асыл сырды бойына дарытқан. Жас та болса ақылды, шежірені көп біледі. Атасын көрген, әкесін көрген, ат жалында өскен, жылқыдан үйренген, қашып бара жатырған құланнан, киіктен үйренген. Көп кісінің ауызы түгіл көңіліне, сезіміне, қиялына оралмайтын қиямпұрыс өлеңдерді де жаза алады. Осы Светқали да жазу станогына мықтап тұрып шегеленіп отыруы керек деп ойлаймын. Олар елтең-селтеңді қояды, елдің тілегін елдің өзі тілеуі керек. Ел мен Құдайдың ортасына, ел мен патшаның ортасына адвокат боламыз дегенді қоюымыз керек екен. Өйткені біздің қазіргі халқымыз баяғы Некрасовтың тұсындағы халық емес, иә болмаса Байтұрсыновтың тұсындағы, Бөкейхановтың тұсындағы қазақ емес, ілуде біреуі кітап қарай алатын. Қазір бәрі жүз пайыз сауатты, бәрі шетінен Президент болғысы келеді, кемпірлерін тастап, келіншек алғысы келеді. Ондай халыққа адвокат боламын, оның қызметін істеймін, оның қолына су құямын деудің өзі ақымақтық. Сондықтан ол шаруаны қойып, ағайынның жылқысын қарайтын шаруа сияқты, абысынның күлін төгетін келін сияқты әлеуметтік шаруалардың бәрін қойып, Құдайдың тапсырмасына отыру керек. Өздеріңнің талантты сөздеріңді жауға кеткен батырдың жесіріндей қыңсылатпай, оралыңдар қағаздарыңа деп ақырғым келеді.
Құдайдың бергені жақсы, бергенде де берген сияқты қылып бергені жақсы. Қазақтан гөрі ақылы көптеу, саудаға барса қазақты ұтып кететін халықтың біреуі – ұйғыр деген халықтың мақалы бар. «Арыстан анда-санда бір ыңыранады, бір ыңыранғанмен арыстан табам деп ыңыранады» дейтін. Біздің де сондай арыстан табатындай балаларымыздың бастары аман жүрсін, қатарлары көбейе берсін! Оған қарсылығымыз жоқ. Бірақ, бұлар бір-бірімен жарыспасын.