ЮЛИЙ ЦЕЗАРЬ

ЮЛИЙ ЦЕЗАРЬ

Міне, екі мың жылдан астам уақыттан бері Цезарьдың есімі билік пен құдіретті күштің баламасындай болып келеді. Оның қанды жорықтары мен жеңістеріне тәнті боп табынған королыдер мен императорлар өздерін Цезары, Кайзер, Кесары деп атады.
Бірақ онымен бір заманда жасаған кейбір римдіктер оны кездейсоқ шыққан алаяқ, тиран деп есептеді. Оның шексіз даңқ құмарлығы Рим Республикасының жойылып кету қаупін төндірді, әрі императорлық билеп-төстеуге жол ашты.
Біздің дәуірімізге дейінгі жүзінші жылғы Рим. Жаз ортасында Аурелия дейтін асыл текті әулеттен шыққан жас келіншек айы-күні жетіп босанды. Бұл оның тұла бойы тұңғышы еді. Дос-жаран, туыс-туған мәре-сәре боп, той жасады. Сәбиге Гай деген ат қойылып, оған тайпаның Юлий деген атымен қатар әулеттік Цезары деген лақап аты қосылды.
Асыл текті әулеттен шыққан ол салтанатты аста-төк молшылықта өсіп тәрбиеленеді. Әкесінің тікелей қамқорлығы арқасында қос дөңгелекті жеңіл арбамен жүрудің қыр-сырын үйреніп, өзін жеңімпаз қол басылардай сезінді.
Римді ол кезде осындай ақсүйек әулеттен шыққандар билейтін. Сондықтан жас Цезарыды әкесінің ізбасары етіп тәрбиелеуге тырысты.
Цезарыдың анасы қатал адам еді, жеті-сегіз жасқа толысымнен оны қатаң тәрбиеге алды. Юлий Цезары шалт басып тентектік жасаған сайын мықтап тұрып сазайын тартатын.
Осындай тәрбиенің арқасында қажырлы, қайсар мінезді азамат боп шыңдалып шығады.
Цезарь өз әулетінің абыройын дақ түсірмей асқақтатып, ең жоғарғы саяси мақсаттарға жету үшін құлшына күресуге бел буды.
Тамаша білім алған Цезарь Римнің ғажайып өткен тарихын мақтан тұтатын: ол қаланың біздің дәуірімізге дейінгі жеті жүз елу үшінші жылы Тибр өзенінің жағасында іргетасы қаланғаны туралы ел аузына тараған әйгілі аңыз; Республика орнату үшін тағынан тайдырылған патшалар; Италия қалаларын бірінен кейін бірін басып алу; Цезарьдың дүниеге келуінен екі ғасыр бұрын Солтүстік Африка, Грекия, Оңтүстік Галлия мен Испанияны жаулап алу – осының бәрі жас Цезарьдың көкірегінде сайрап тұрды.
Дене шынықтыру машықтары мектептегі оқумен қатар бағаланды. Сабақтан кейін Гай өзінің достарымен бірге қала шетіндегі ашық алаңға баратын. Бұл жерде алған машықтарының кейін соғыс кезінде көп көмегі тиді.
Он бес жасынан бастап Цезарь саяси өмірге араласты. Үстіне Римдік азаматтардың айырықша киімі болып табылатын тога киіп, Рим мен Рим империясының жүрегі – Форумға әкесі барғанда қасында еріп жүрді.
Рим Республикасы Жерорта теңізі елдерін түгелдей жаулап алды. Римге байлық деген жан-жақтан ағылып жатты.
Бірақ Рим Республикасының жаулап алған аумағы өте үлкен болғандықтан, ел іші саяси тұрақтылықтан айырылды.
Рим аристократиялық жүйе болатын, ондағы ақсүйектер билік орындарына сайлауда бір-бірімен бәсекеге түсті. Бірақ салаушылар популярлар, яғни құлдар еді. Құбылмалы сайлаушылардың даусы үшін бір-бірімен таласқан ақсүйектер жаңа дәуірдің соңғы ғасырында әскерлерді саяси күреске араласуға талай рет үндеді. Соның нәтижесінде бәсекелес саяси топтардың арасында соғыс өрті тұтанды.
Цезарь белгілі дәрежеде билік құруға құқылы әулеттің ұрпағы еді, бірақ оның ержетіп-есеюі азамат соғысының аумалы-төкпелі кезеңіне тап келді. Осындай қыспақты-қиын жағдайды бастан кешуі оның болашақ тағдырына зор ықпал етсе керек. Әулеттің ісі алға баспай, құлдырап күйзеліске ұшырады. Осындай сәтсіздіктерге күйініп ширыққан қайсар жігіт ұлы мақсаттарға жетуге өршелене ұмтылды.
Цезарь он бес жасқа енді толғанда әкесі қайтыс болды. Сөйтіп, бір әулетте бас көтерер өзі боп қалды.
Тағдыр сәтін түсіріп, он алты жасында ол жоғары лауазымды отбасынан шыққан қызға үйленді. Бірақ қолы ұзарып, жаңа мүмкіндіктерін пайдаланамын дегенше, Римде азамат соғысының от жалыны қайтадан бұрқ ете түсті.
Алмағайып кезең еді. Цезарьдың дүние-мүлкі тәркіленіп, билік басына келген топ тарапынан оның өміріне қауіп төнді. Ол Римнен кетіп, әскерде қызмет етуге аттанды. Әзірге бас сауғалай тұрып, қолайлы сәті туғанда қайтып оралуға бел буды.
Сөйтіп ол: “Римде екінші адам болғанымша, жабайы қыстақта бірінші адам болғаным артық” деп түйді.
Цезарь төрт жыл бойы Кіші Азиядағы соғыста болып, өзінің ерлігімен көзге түсті. Бұл уақытта Римдегі саяси ахуал да өзгерген еді.
Жасөспірім күйінде соғысқа аттанған Цезарь алдағы жаңа шайқастарға басқаша тұрғыда тас түйін бекінген қайсар азамат боп оралды.
Плутархтың айтуы бойынша, “ол әсіресе өзінің сыртқы әлпетіне қатты көңіл бөлді. Шашы ерте түсе бастағанға уайымдап, мұнтаздай боп тап-тақыр қырынып жүретін. Дүркін-дүркін ұстайтын талма ауруына қарамастан ол ғажайып төзімді еді.”
Ол сұмдық атаққұмар еді, сонысына қарамастан керемет жеңілтек те болатын. Даңққұмарлықтан өмір бойы арылған жоқ, оның бұл осалдығын елдің бәрі білетін. Бұл шын мәнінде бұзылған бала еді.
Жұртты ұйытып сөйлейтін шешендік өнерінің атаққұмар жас саясаткер үшін маңызы өте зор болды. Сондықтан Цезарь әйгілі грек ғұламасынан шешендік өнерді оқып-үйрену үшін кемемен Родос аралына аттанады. Бұл сапарда оны теңіз қарақшылары тұтқынға алып, аманат ретінде аралға қамап қояды.
Қарақшылар тұтқаннан босату үшін жиырма талант сұрағанда, Цезарь қарқылдап күледі: “Менің кім екенімді білмейсіңдер ме? Елу талант сұраңдар!” дейді.
Достары оны босатып алуға ақша іздеп жан-жаққа шапқылап жүргенде, Цезарь қарақшылардың ортасында жайғасып отырады.
“Ұйқысы келген кезде ол қарақшыларға үндеріңді шығармай тыныш отырыңдар деп бұйырады. Оларға өзінің өлеңін оқып береді, егер олар қажетті дәрежеде әсерге бөленгенін білдіріп қолпаштамаса, жабайы надандар, бәріңді ертең дарға асамын деп балағаттайды”. (Плутарх).
Қарақшылар оның бұл қоқан-лоқысына мән бермейді. Ақысын төлеп достары оны тұтқыннан босатып алады. Бірақ Цезарьдың өз ойлағаны бар еді. Сол бетте ол қарақшылардың соңынан қуып барып, тұтқындайды да, дарға асуға бұйрық береді. Әйтсе де мейірімі түсіп, қинамай тез өлтіру үшін, бауыздауға жарлық етеді.
Республика күрделі саяси жүйе еді. Онда әрі әскери міндет атқаратын азаматтар мен ақсүйектер арасында белгілі бір дәрежеде тепе-теңдік сақталды.
Сондай-ақ, бұл ақсүйектердің өз арасындағы тепе-теңдік те қатаң сақталған өте бір тиімді жүйе болатын. Ол үшін екі принцип қолданылды: біріншіден, барлық лауазымды қызметті атқару мерзімі шектеулі қысқа болды, екіншіден, барлық лауазымды қызмет коллегиальды түрде атқарылды.
Сондықтан, ешқандай ақсүйек шектеусіз билік жүргізе алмады.
Жыл сайын екі сенатор бірігіп басқару үшін консул ретінде сайланды. Консулдік Республиканы басқару жүйесіндегі жоғары орган болды, онда тек 42 жасқа жеткендер ғана істеді.
Цезарь алдында әлі ұзақ жол тұрағанын түсінді. 30 жасқа келгенде саяси биліктің жоғарғы сатысына көтеріліп, Рим провинцияларының бірі болып табылатын Испанияны биледі. Сонда жүріп ол ¥лы Александрдың мүсінін көрді. Сол сәтте Александрдың 31 жасында жаугершілік ұлы жорықтарының көбін жасап қойғанын, ал өзінің әлі күнге дейін жоғарыға есеп беріп, петиция жазудан басқа түк бітірмегенін есіне алды.
Жолы болмаған сорлылығын ойлағанда жерге жата кетіп еңірейді.
Бір жылдан соң Римге оралады. Испаниядағы атқарған қызметі автоматты түрде сенаттан өмір бойы орын алуға мүмкіндік беретін еді.
Сенатор болған соң ол ашық қызыл шытырамен әдіптелген туниканы мақтанышпен киіп жүретін болды. Теңіз ұлуынан ұсақталып жасалған бұл қызыл шытыра аса бағалы әшекей болып саналатын.
Бірінші әйелі қайтыс болған соң Цезарь екінші рет үйленді. Екінші әйелі Помпеяның арқасында құдіретті сенат топтарымен байланыс орнатып, үлкен мақсатты адамға қажетті мол байлыққа кенелді.
Бірақ бекзат топ Цезарьды қабылдамайды.
Сондықтан ол батыл айлаға көшіп, қала кедейлеріне бет бұрады, Римнің қайыршы аудандарындағы жоқ-жітіктерді насихаттай бастайды.
Кедейлердің тұрмысы адам төзгісіз ауыр болатын. Лас, қайыршылықтан аз ғана жасайтын. Көше толған адам еді. Рим жылдам өсіп, үйлер қалай болса солай бейберекет салынды. Адамдар аузы-мұрнынан шыққан тар лашықтарда тұрып жатты. Үйлердің бір бөлігі канализация жүйесіне қосылғанмен, көбінде ондай мүмкіндік жоқ еді, сондықтан олар ауру-індеттің ұясына айналды. Жұрт жуынды-қоқыстарын жоғарғы қабаттан тура көшеге лақтырып төге салатын.
Кісі қаптаған лас көшелердің жайы белгілі ғой, жиі-жиі ауру-індет тарап, айналадағы сасық иіс қолқаны қабатын. Рим ақсүйектері әдетте көше аралағанда мұрындарына раушан гүлін басып жүретін.
Шет қақпай жүрген Юлий Цезарь айқын ойлы саясаткер ретінде нақты іс-әрекетке көшті. Яғни, өз мақсатын жүзеге асыру үшін басқа күшке сүйенуге бел шешті. Ол ендігі жерде ақсүйектерден бас тартып, қала кедейлеріне назар аударды. Санаулы ғана ақсүйектің батылы жететін іске тәуекел етті, яғни арланбастан көшедегі қарапайым адамдармен қол алысып амандасты.
Осыған орай, Кассий Дион былай деп жазды: “Ол кез келген адамға, тіпті қарапайым кедейге қызмет көрсетіп, көңілін табуға әзір еді, керек болса тіпті жағынудан да қашпайтын”.
Осындай пысықтықтың нәтижесінде ол тамаша лауазымға – ойын-сауық мекемесінің бастығы қызметіне тағайындалды. Несиеге алынған ұлан-ғайыр қаржыны Цезарь бұған дейін ел-жұрт көрмеген небір ғажайып ойындарға жұмсады. Су толтырған үлкен аренада кескілескен теңіз шайқастары жүріп жатты. Африкадан көптеген жабайы аңдар әкелінді. Күміс сауыт киген үш жүз жиырма жұп гладиатор жұртты ұлан-асыр қызыққа бөлеп, бір-бірімен қан-жоса боп айқасты.
Цезарь популист саясаткер еді. Сенаттан тиянақты қолдау таппаған соң, халыққа бет бұруға мәжбүр болды. Римде сайлау құқы бар азаматтар көп еді, әйткенмен олардың көңіл ауаны өте аумалы-төкпелі болатын. Сондықтан олар қай саясаткер пара берсе және кім тегін той-думан, ойын-сауыққа көбірек уәде етсе, соның соңынан еруге даяр тұратын.
“Ол жомарт еді, сондықтан арзан даңқты қымбат бағаға сатып алатын” – дейді Плутарх.
Алған қарыз еселеп өсе берді. Егер бұл саяси ойын жеңіліспен аяқталған жағдайда, оның елден қуылуы, тіпті мерт болуы айдан анық еді. Бірақ ол қауіп-қатерге қарамастан өзінің сән-салтанатты күйттейтін әдетін жалғастыра берді.
“Мәліметке қарағанда, – деп жазады Светоний, – Цезарь дене бітімі келіскен құлдарға аса көп ақша жұмсапты, бұл үшін оны ұялтып, бухгалтерлік кітапқа ол шығындарды жазуға тыйым салыпты”.
“Цезарьдың оңашадағы үйлерінде күндіз-түні жұмыс қызу жүріп жатты. Қарапайым азаматтар оны жұртпен емен-жарқын араласатын достық пейілі үшін жақсы көретін. Оған қоса, оның ағыл-тегіл шашып той-думан жасауы, сән-салтанат құруы оның саяси тұлғасын өсіріп, биіктете түсті” – дейді Плутарх. Римнің бай-кедей, ер-әйелінің бәрі оған тәнті болды. Осыған орай Светоний былай деп жазды: “Оның өте сауық құмарлығын, нәпсісі үшін ақшаны аямай шашатынын, сондай-ақ бекзат әулеттен шыққан талай әйелмен күнәға батқанын жұрттың бәрі білетін”.
Түнде Юлий Цезарь аса тамаша римдіктің бірі еді, ағыл-тегіл той жасап, әйелдермен әуейі болатын. Ал күндіз – мүлдем басқа адам: бұзақы, барып тұрған сорақы қарақшының өзі боп шыға келетін.
Ақыры оның жақтастары сан-салалы ұйымға бірікті. Отыз алты жасында ел арасындағы өзінің беделін сынап көру үшін Римның бас абызы боп сайлануға бел буады. Жеңіске жету үшін бар байлығын бәйгеге тігеді. Дауыс беретін күні үйінен шығып бара жатып анасына: “түнге қарай мен не абыз боламын, не қайыршы боламын”, – дейді.
Цезарь сияқты адамның саясат әлеміне араласуы үшін көп ақша керек еді, Цезарь мол мөлшерде несие алады. Қарызын өтеу үшін, жеңген жағдайда, қанатының астына алып, қамқорлық етуі керек болды. Ал жеңіске жете алмай қалса, өте қиын жағдайға душар болатын еді.
Бақытқа орай, Цезарь жеңді: жоғарғы Абыз атанып, өзінің мәртебесін көтерді. Дәулеті артып, Форумның жанындағы биік дуалмен қоршалған зәулім сарайға жайғасты. Бірақ Цезарь консул лауазымына қол жеткізсем деп көксеумен болды, сөйтіп бұл іске тікелей көмектесе алатын беделді екі римдікпен саяси одақ құрды. Біріншісі
– Красс дейтін, байлығы асып-тасқан ақсүйек. Екіншісі – римдік ұлы қолбасшы Помпей еді, ол осының алдында ғана Сирияны, Палестина мен Таяу Шығыстың көп бөлігін жаулап алған болатын. Үшеуі ымыраласып шартқа отырады. Одақтарын бекіте түсу үшін Цезары өзінің жап-жас қызы Юлияны Помпейге күйеуге береді.
Помпей мен Красс екеуі аса бай әрі өте беделді адамдар болатын. Красс тек өте бай ғана адам, ал Помпей таяуда ғана Шығыстан оралған, Рим бекзаттарының ең беделдісі, әрі Римдегі жоғары мансаптылардың бірі еді. Олар Цезарыға мүдделі болатын, себебі Цезары оларға қауіп төндірді. Сондықтан олар онымен не одақ құруы, не оның көзін жоюы керек болды. Б.д.д 59 жылы Красстың ақшасы, Помпей әскерінің тегеуріні арқасында Цезары консулдыққа сайланды. Жаңа консул өзінің әріптесі – екінші консулмен билікті бөліскісі келмеді. Сөйтіп ол бірден екінші консул
– Бибулды қорқытып-үркітудің амалына көшті, неше түрлі күйе жағып, соққыға жығып, құйтұрқы – айламен қалай болған күнде үйінен шықпауға мәжбүр етті.
Сенат оның бұрынғы қабылдаған заңдарды аяққа басып, заңсыз тәртіп енгізгеніне қатты алаңдап, үрке қарады. Тіпті ол қазынадағы алтын құймаларды қола көшірмемен ауыстырыпты деген де қауесет шықты.
Бәрінен бұрын Цезарыдың консулдықтағы билікті тек өз бас пайдасына ғана пайдалануы Рим ақсүйектерінің ашу-ызасын тудырды. Ол Республиканы қоғамдық құрылым ретінде қолдауға мүдделі болмады. Консулдық оның жеке басының табысқа жетуінің құралы ғана болды.
Кімде-кім қарсы шықса Цезарыдың жақтастары оны дереу жазаға тартты. Сенатор Цицерон ақсүйектердің алаңдаушылығын былай бейнеледі: “Цезары өзінің қорқау пиғылын ақжарқын дос сияқты жалған әрекеттерімен бүркемелей білді. Сондықтан жұрт не істерін білмей дал болатын. Егер сіз қарсы шықсаңыз, сол сәтте-ақ көзіңіз құрыды дей беріңіз”.
Консул болған кезінде Цезарь дәстүр, сыртқы әдеп-салт, өз әріптестері – сенаторлармен сөйлескенде сыпайылық сақтау дегенмен мүлдем есептеспеді. Бұған сенаторлар қатты қорланды, оның үстіне, зорлық-зомбылық жасап, күш қолдану жағдайды ушықтыра түсті. Цезарьдың жандайшаптары жұртты көшеде-ақ ұрып-соғатын болды, сөйтіп, Рим бейбастақ заңсыздықтың қара түнегіне шым батып бара жатты. Саясат дегеніміз – бақталастық: алдау-арбау араласқан лас іс. Онда кез келген уақытта күйрей жеңіліп, немесе мерт болуың әбден ықтимал. Цезарь бәсекелік күрес жүргізудің хас шебері еді, ол өзінің көптеген замандастарының бойында жоқ жауынгерлік қасиеттерімен дараланды.
Сөйтіп ол бәрін жеңді, яғни өзінің саяси қарсыластарын басып-жаншып, талқандап отырып жеңді. “Мен оның шашын әдемілеп тарағанын көргенде, сондай ақ шашының жарып тараған жерін саусағымен сипап жөндегенін көргенде, мұндай адам Рим Республикасын жойып жіберу сияқты жан түршігерлік қылмыс жасай алады дегенге сенгім келмейді” дейді Цицерон.
Республиканың болашағына қатысты бұлай қауіптенуге үлкен негіз бар еді.
Консулдық өкілетті мерзімі бітісімен Цезарь бірден Римнің басты провинцияларының біріне басшы болып тағайындалды. Сенаттағы қарсыластары оны “Италия ормандары мен бақташы соқпақтары шиырлаған” шет жаққа басшы ғып жіберуге жанталасты… Бірақ Цезарьдың күшті қолдаушылары ондай қорлауға жол бере қойған жоқ. Ол Иллария мен Цизальналық Галлияның билеушісі болып тағайындалды. Кейіннен оған Трансальналық – Галлияны қосып алды.
Осы өлкелердегі Рим легиондарының қолбасшысы болу арқылы өз құдірет-күшінің негізін қалады.
Ол жанталаса ақша іздеді және әскери билікті қолға алу үшін ештеңеден тайынбады, әскер оның саяси мансабының тірегі болды, соның көмегімен мәртебемді көтеріп, зор атақ-даңққа бөленемін деп ойлады.
Цезарьға не керек екені елдің бәріне де белгілі еді. Ол – соғыс болатын. Ол да ұзақ күттірген жоқ. Б.д.д 58 жылдың көктемінде Цезарь гильвет тайпасының Альпы арқылы Рим жеріне өтуін тоқтатып, оларды тас-талқан күйретті. Содан кейін сенаттың рұқсатынсыз, Галлияның әлі жауланбаған дербес бөлігін басып алу үшін терістікке аттанды. Сөйтіп, даңқа бөленіп, ерекше салтанатпен Рим көшелерінен шерулетіп өтуге мықтап бел буды.
Ең жан түршігерлігі – жеңіс салтанатын тойлау үшін бес мың адамды қыру – жазылмаған ережеге айналып еді. Басты мәселе, өлген адам бес мыңнан кем болмауға тиіс болды, сондықтан құрбандардың саны өте көп екені шүбәсіз. Түптеп келгенде, оларды ізгілік атаулымен еш санаспайтын Римнің әскери машинасы өлтірді.
200 жылға жететін уақыт ішінде 70 рет жеңіс салтанатын тойлаған Рим өз шапқаншылығын өрістете түсті. Шапқынның бағыты мен ауқымы қолбасшының ұйғарымына қарай әр жолы әр түрлі болды… Римдіктер Жерорта теңзі аймағындағы ең қатыгез әскер боп есептелді. Егер біреу көтеріліс жасаса, мәселен, қала көтерілсе, римдіктер оларды қаладағы жан-жануарлармен қоса тып-типыл қырып тастайтын. Миллиондаған тұтқындарды туған жерінен Италияға айдап әкеліп құлдыққа салды. Империя шын мәнінде қанаушы, құлдық жүйе болды.
Ол өз адамдарын ізгілік қасиеті, не әлеуметтік жағдайына емес, оларды әскери табыстарына қарап бағалады. Кейде, жеңіске жеткен жағдайда, ол сарбаздарын әскери міндетті орындаудан босатып, ойларына не келсе соны істеуге рұқсат берді.
Светоний айтқандай, ол: “менің сарбаздарым үстерінен қаншалық тер мүңкісе, соншалық жанкештілікпен шайқасады!” деп мақтайтын.
Әскери науқан аса қатал тәртіппен жүргізілді. 60-тан астам тайпа Римге қосылды. Жаңа дәуірге дейінгі 55 жылы Цезарь бірінші боп Рейн өзеніне көпір салды. Содан соң елу төртінші жылы сол тұстағы беймәлім Британ аралын жаулап алған бірінші римдік атанды. Британ жағалауына әскер түсіру ауа райының қолайсыздығы мен жергілікті тұрғындардың өршелене көрсеткен қарсылығы нәтижесінде нағыз қанды қасап, қырғынға айналды. Бірақ Цезарь ресми Римді бұл жеңіс деп сендірді.
Бірте-бірте Галлия мен Батыс Еуропаны жаулап алып, империя иелігіне айналдырды. Сегіз жыл бойы қарыны тойып ас ішпей, ұйқы-күлкі көрмей тау-тас, қия жолдарды басып жорық үстінде болды; 8 жыл бойы бас алмай картаға үңіліп, айла-тәсіл ойлап, әр түрлі шарттарға отырды; 8 жыл бойы ерлік көрсетіп, небір қиян-кескі қанды шайқастарды бастан кешті.
Галль соғысы барысында Цезарь өзінің теңдесі жоқ қолбасшы, көреген көсем екенін көрсетті. ЬІлғи да алдыңғы шепте болып, ең ауырды өзі көтеріп, жұртты асықтырып, бірінші боп жетуге үндеді. Бұған қоса ол, алысты болжайтын шебер дипломат та болды. Өзінің әскери ерлігін баяндайтын “Галль соғысы туралы жазбаларын” жазу арқылы ол саясатқа қайта оралуға дайындық жасады. Бұл “Жазбаларында” Цезарь бір-ақ мақсатты, өзінің абырой-даңқын асқақтатуды көздеді.
Цезарь барлық нәрсені бір уақытта істеуге тиіс болды. Әскерге белгі беретін туды көтеріп, жұртты лагерь жұмысына шақырды, жауынгерлерді сапқа тұрғызды, сарбаздарға арнап сөз сөйлеп, керней тартты.
Егер қысылтаяң сәт туып, қосымша күш жете алмай қалған жағдайда, Цезарь өзінің ту сыртын қорғаған сарбаздың қалқанын жұлып алып, алдыңғы шепке қойып кететін. Әрбір орталық шабуылшыны атымен атап, бүкіл қалған жауынгерлерге дем бере ұран салатын. Осылай жеңіспен аяқталған шайқаста жауласқан тайпа түгелге жуық қырылып, аты жер бетінен біржолата өшті. Цезарь осы арқылы басқаларға сабақ беруге тырысты. Барлық көсемдерді өлтіріп, қалған жұртты құлдыққа сатты. Он жылдың ішінде Цезарь Францияның қазіргі территориясын жаулап алып, Британияға көз қиығын тастады, бірақ оны жаулаудың қажеті жоқ деп шешті.
Жиһангерлік жорықтан ол бай адам боп оралды. Енді оның саясат майданында жеңіске жетуіне таланты да, атақ-даңқы мен ақшасы да жеткілікті еді.
Елу жасар Цезарь осыдан жиырма жыл бұрын Александр Македонскийдің мүсіні алдында еңіреп жылаған адамнан мүлдем бөлек еді. Ол жеңіс салтанатын бастан кешіп, шексіз биліктің шырын дәмін татты. Галлияда одан құдіретті ешкім болмады. Жан дүниесін арбаған биліктен ол ешқашан бас тарта алмайтын еді. Келесі кезекте енді Римнің өзімен шайқасты.
Цезарь өз жауынгерлеріне жер берем деп уәде еткен еді, енді сол сөзінде тұру керек болды. Бірақ басқыншыдан қорыққан сенат, оның бұл тілегін орындаудан бас тартты.
Бір ғажабы, қолбасшылардың Римнен жырақта жүргенде бақылаусыз өз бетімен әрекет етуі Римнің бүкіл тарихындағы күрделі мәселенің бірі боп келді. Қолбасшылар алыста болған кезде ешқандай қиындық болмады. Ал олар әскерін бастап кейін қайтқан кезде небір мәселелер туындады. Цезарьдың сенаттағы қарсыластары оның осыдан он жыл бұрын консул болған кезіндегі заңсыз әрекеттері үшін сотқа тартылыуын талап етті. Олар Цезарь ешкімге бағынбайды деп оның бұрынғы одақтасы Помпейге арыз айтты. Нәтижесінде, римдік жетекші әскери басшылардың одағы талқандалды. Сенат Цезарьге әскеріңді тарат деп әмір бергенде, ол тас-талқан ашуланып, бұйрықты орындаудан бас тартты. Сөйтіп ол Римге қарсы соғыс жариялады.
Оның қарсыластарының бірі – Цициерон жұрттың көпшілігі сияқты өзінің Цезарьге деген жеккөрініш сезімін былай бейнеледі: “Мына ессіз сорлы неме мұның бәрін мен ар-намысым үшін істеймін дейді. Сенаттың рұқсатынсыз әскер ұстауды ар-намыстың ісі деуге бола ма? Әлдекімнің намысына бола қалай азамат соғысын бастауға болады?”
Цезарь қошамет, марапат талап етеді. Зор билікке ие болғысы келеді, бірақ мансап биігіне көтерілгеннен кейін өзі өліп-өшіп ұмтылған биліктің шын мәнінде не екеніне көзі жетіп, көңіліне көлеңке түсті. Ол өзінің жауларын таң-тамаша қалдырғысы келді. Ақсүйектер ортасында қалыптасқан дәстүр бойынша, біреу сені қорласа, сен де оны қорлауың керек, кегіңді қайтарып, жұрт алдындағы абырой-беделіңді өсіруге тиіссің. Сөйтіп ол қадір-қасиетін асыру үшін азамат соғысын бастайды.
Тығырықтан шығудың екі жолы бар болатын. Бірі – әскерді таратып, сот алдында жауапқа тартылу, ондай жағдайда жер аударылып не өлім жазасына кесілу қаупі бар еді. Екіншісі – күрес жолы. Ол “Жребий тасталды!” деп айқай салды да, Италияның солтүстік шығыс шегіндегі Рубикон өзенінен өтіп, Римге бет алды. Азамат соғысын ашуға бел буып, Рубиконды кесіп өткен ол өзінің “Жребий тасталды!” деген атақты сөзін айтты. Бұл сөздің екі мағынасы бар. Біріншісі – мәселе шешілді, шегінер жол жоқ деген сөз. Бұл жерде оның құмар ойынында айтылатын сөзді қолданғаны қызық, мұнда ол ойын шақпағы жоғары лақтырылды, енді оның жерге қалай түсерін ешкім де білмейді дегенді білдірді.
Жаман хабар жылдам тарады, Цезарьдың Галлиядағы есерсоқ мінезін білетін жұрт одан жақсылық күткен жоқ. Цезарьдың сыннан өткен сарбаздары тосқауылдарды жарып өтіп оңтүстікке лап қойды.
Қала қақпалары қарсылықсыз айқара ашылысымен Цезарьдың сенаттағы дұшпандары, оның ішінде ең бітіспес жауы Цицерон да өздерінің қолдаушылары азайып, оқшауланып қалғанын сезді.
Шет аймақтағы қалалар оны құтқарушы құдіреттей көріп қарсы алды. Қандай қошамет, құрмет көрсетті десеңші! Оларды Цезарьдың қулық-есеппен жасаған мырзалығы қайран қалдырды.
Цезарь Римге кіргенде өз жауларының орнын сипап қалды, олар асығыс түрде қашып кеткен еді.
Бірнеше аптаның ішінде Помпей өзіне адал әскери жасақтарды қол астына жинады.
Бұл Цезарь мен Помпейдің жеке жаулықтарынан туған қанды қырқыс емес еді. Олардың сыртында белгілі бір мақсатты көздеген басқа адамдар тұрды. Сондықтан бұл азамат соғысы жеңімпазының тағдырын, бір тараптан, аянышты деуге болады.
Оның артында сый-сыяпат күткен қолдаушылар тұрды, яғни оларды Цезарь өз соңынан ерткен жоқ, керісінше олар Цезарьды соғысқа итермеледі.
Испаниядағы жеңістен кейін, Фарсал қаласының маңында Помпейдің өзімен ұрыс майданында кездесу үшін ол Грекияға бойлай енді. Цезарьдың қол астында 22 мың сарбаз болды, бұл дегеніміз – қарсыласынан саны жағынан екі есе басым деген сөз. Алайда, шайқас басталған сәтте ол қолбасшы – сардар ретінде өзінің үстем өнерін көрсетті. Қосалқы күшті шешуші сәтте ұрысқа қосып, аңқау қарсыласын күйрете талқандады. Помпейдің 15 мың таңдаулы әскері мерт болды, тірі қалғандары тұтқандалды. Бұл шешуші жеңіс болды. Помпей жанұшырып, Мысырға кемемен қашты. Цезарь оны Александрияға дейін қуып барды. Ол өкшелеп жағаға жеткен кезде Мысырдың жас патшасы азамат соғысының жеңімпазына Помпейдің басын тарту етті.
Цезарь бір жағынан жаны түршігіп, әрі мойнынан ауыр жүк түскендей еркін дем алды.
Ол таңырқай қолын жайып, бұл әділетсіздік деуіне әбден болар еді, бірақ түптеп келгенде, істеуге тиіс нәрсе істелгені ақиқат, енді Цезарьдың, ең болмағанда, мұны мен істеген жоқпын деп ақталуына мүмкіндік туды.
Римнің моншаларында, шарапхана мен нан дүкендерінде жұрт тек Цезарьдың жеңісі, сондай-ақ оның құдіретті ашынасы туралы әңгіме қылды. Көңілдесі Клеопатра есімді Мысырдың жаңа патшасы еді. Екеуі Ніл дариясын өрлей жүзіп, жаңа табысқан жас ғашықтардай сайран құрады.
Цезарь Клеопатрамен саяхат құрып жүрген кезде де, Римге оралған соң да әр түрлі алыпқашпа сөз басылған жоқ.
Қара теңіз жағалауындағы бір елдің патшасын жеңген соң ол: “Келдім, көрдім, жеңдім!” деп мақтаныпты деседі.
Енді Рим халқы Цезарь бұдан ары Римге не істер екен деп бас қатырумен болды.
Б.д.д. 46 жылы 54 жасар Цезарь ақыры дегеніне жетіп, Рим көшелерінен қызыл плащ киіп, салтанатпен шерулетіп өтті. Плащқа күннің алтын шеңбері мен жұлдыздардың суреті салынды, ал етек жағына төрт ақ өгіз жегілген арба бейнеленіп, ерлік белгісі ретінде үлкен жасанды фаллос (ер адамның ұлы мүшесі) байланды.
Цезарьдың арқа жағында құл отырды, ол жұртшылық шуылдасып жеңімпазды асқақтатқан сайын оның құлағына: “Ұмытпа, сен бар болғаны адам ғанасың!” деп сыбырлады.
Әрине, ол өзінің талай елді жаулаған ерлігі үшін лайықты құрмет даңққа бөленгісі келді. Бірақ, ондай қошеметке бөленудің бірден-бір шарты – барлық ерлік Рим халқының игілігі жолында жасалынды деген ұран көтеруде еді. Сондықтан Жеңімпаз қашан да болсын осылай деуге тиіс болды. “Мен Рим халқының игілігі үшін соғыстым. Міне, сондықтан олар маған құрмет көрсетіп жатыр” деді.
Сенат әрі құрметтеп, әрі қорыққанынан Цезарьды диктатор ғып тағайындады. Әдетте, диктатор қиын-қыстау сәтте тағайындалып, оның билік мерзімі 6-ақ айға созылатын. Цезарьға бұрын-соңды болмаған жомарттық жасап, он жылға билік берілді.
Азамат соғысы Римнің және бүкіл Италияның қалыпты тірлік-тынысына зор нұсқан келтірді. Үкімет жанталасқа түсіп, демалыстағы ардагерлер әскер қатарына шақырылды, әскери шығын мемлекет қазынасын жалап-жұқтап жұтып қойды. Римді қайта құдай сақтады, көрші мемлекеттердің ішінде Римнің уақытша әлсіреуін пайдаланып тарпа бас салатындай күштісі табылмады.
Цезарь көп жылғы соғыстан тұралаған Римнің жағдайын қалпына келтіруге жанталаса кірісті.
Светоний: “Әдетте Цезарь бір уақытта жаза да, айта да, оқи да беретін, – деп жазды. – Бір мезетте ол өзінің хатшыларына әр сипаттағы жеті түрлі хатты қатарынан айтып жаздыра беретін”.
Цезарь уәдесін орындап, жорыққа қатысқан ардагерлерге жер бөліп берді. Содан соң қоғамдық бастама көтеріп, кітапханалар, каналдар мен кеме жөндеу орындарын салдырды. Сондай-ақ, әбден шатысқан ай календарының орнына жылды 365 тәулікке бөлетін күн календарына ауыстырды.
Цезарьдың дүниенің быт-шыт бейберекетсіздігін сезінгеннен барып календарьды реформалауға кірісті. Сөйтіп ол жаңа календарьдан бастап әлемге тәртіп орнатпақ болды.
Бұған дейін ай, күнді анықтауда көп шатасулар болып келді. Сондықтан жылдың ұзақтығын нақты бір уақыт мөлшерімен белгілеу қажет болды. Цезарь солай істеткізді де.
Отыз жыл бойы ол билік биігіне ұмтылды, енді міне сол арманына жетті. Әйткенмен ол Республиканың түйінді мәселелерін түгелдей шеше алмады. Оның көңілі қайтадан соғысқа ауды. Сөйтіп, Римнің шығыстағы бақталасы боп келген Парфияға қарсы майдан ашу үшін кең ауқымды дайындық жүргізілді.
Әскери қимылдар театрына аттанар алдында Цезарь сенаторлар санын көбейтті, сол арқылы азамат соғысы кезінде өзіне көмектескендерді риза етті.
Диктатор енді қызыл тога киіп жүретін болды. Оның туған күні мемлекет мейрамы ретінде тойланды. Кейін ол туған Квинтилий айы оның Юлий атына сәйкес “Июль” деп аталынды.
Әйткенмен тегеурінді жаулар да шықты. Цезарьдың өзіне жасап алған жағдайын өрескел заңсыздық санап, көптеген сенатор қарсы болды. Ол шексіз үстемдік құрып, өзін патша сияқты ұстады.
Рим халқының патшаларды тақтан құлатып, тарих саханасынан аластағанына әлденеше ғасыр өткен еді. Тіпті Римде “патша” деген сөзді ауызға алудың өзі қауіпті болатын.
Клеопатра патшайымымен әуейі болғаннан бері ол өзінің үшінші әйелі Кальпурнияны зайыбым деп есептеуден мүлдем қалды. Клеопатра Цезарьдан тапқан ұлы Цезарионмен бірге виллада тұрды. Оның мүсіні форумның жанындағы жаңа храмның ішіне орнатылды.
Көпшілік мұны Рим дәстүрін бұзған ерсі әрекет деп қабылдады. Бірақ біздің дәуірімізге дейінгі қырық төртінші жылдың ақпанында оны халық өмір бойы диктатор етіп сайлады. Бұл оның дұшпандарының ашу-ызасын одан ары қоздыра түсті.
Ол иеленген жоғары билікке Рим ақсүйектерінің жан-тәнімен қарсы екенін оның өзі де түсінетін. Бірақ халық сайлап қойғаннан кейін ол билікке өзін лайықтымын деп есептеді.
Римдіктердің бәрі бірдей, әрине, Цезарьға қарсы болған жоқ, тек жоғары лауазымды ақсүйектер ғана біз сияқты біреудің өмір бойы әмірші, диктатор болғаны қалай деп қызғаныштан қылғынып өле жаздады, әрі Цезарь оларды тегіне қарап берілетін биліктен аластап, шен-шекпеннен айырған еді.
Шын мәнінде Рим республикасы мемлекеттік жүйе ретінде өмір сүруін тоқтатты. Тіпті Цезарьдың одақтастары да одан теріс айнала бастады. Оның мен-мен өктемдігі адам төзбес жағдайға жеткен еді. Аса беделді елу әлде алпыс сенатор, ішінде оның ең жақын досы Брут та бар, Цезарьды биліктен аластауға уағда байласады. Сөйтіп оны өлтірмек болады. Қастандықты он бесінші наурыздағы сенат мәжілісінде, яғни Цезарь парфяндармен соғысқа аттанардан үш күн бұрын жасауға келісілді.
Цезарь сенатқа келді. Ол “қорқа-қорқа мың рет өлгенше, бір-ақ рет өлген артық” деп күзетшілерін қоя береді. Сенат үйінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан еді, сондықтан сенаторлар Цезарьдың ата жауы – Помпей салдырған Римнің тас театрында бас қосады. Мәжіліс залына кіре бергенде-ақ Цезарьды қоршап алады да, әй-шайға қарамастан жиырма үш жерден қанжар салады. Цезарь өзінің қызыл тогасына оранған күйі жерге құлап түседі, сөйтіп оның қалай жан тапсырғанын ешкім көрмейді.
Бес күн аза тұтқаннан кейін мәйіт өртеп жіберілді.
Цезарьды өлтірушілер, тіпті кейбірі өзіне жақын жүрген адамдар болса да, ол бақылаусыз бағынбай кетеді деп қорыққаннан осындай қанқұйлы әрекетке бел буды.
Олардың Цезарьды не үшін өлтірдіңдер деген сұраққа айтар жауабы “бостандық” деген бір-ақ ауыз сөз еді. Бәлкім бұл түсініксіз боп көрінетін де шығар, егер сіз бостандық дегеннің не екенін түсінбесеңіз, онда сіз шын мәнінде бақытсыз болғаныңыз. Римдіктер үшін бұл жеке адамның шексіз билеп-төстеуінен құтылу еркіндігі, ойыңды, көкейіңдегі сөзіңді жасқанбай айту мүмкіндігі.
Олардың көздеген мақсаты, әрине, дұрыс болатын, әйтпесе Цезарьдың диктаторлық басқару жүйесі шексіз билікке ұмтылған басқа билеушілерге кең жол ашары сөзсіз, сөйтіп олар Рим халқын біржолата бостандықтан айырар еді.
Міне біз сондықтан өлтірдік, және оны дұрыс деп есептейміз деді олар. Бостандықты қасиет тұтып ардақтай білгенде ғана сізге ешқандай диктатор үстемдік ете алмайды, шексіз билеп-төстеуге жол бермейміз.
Цезарь – әр қадамын есепке құрған, жолы болғыш, аса әккі тұлға, өз дәуіріндегі саяси қайраткерлердің ішінде одан терең ойлы ешқайсысы жоқ. Ол солардың барлығынан асқан әйгілі қолбасшы еді, тек бұған Помпейді қосуға болмайтын шығар, ол қабілеті тұрғысынан Цезарьдан кем емес еді, әйткенмен Цезарь оны айласын тауып жеңе білді.
Ол үлкен парасат иесі еді, оның ой-тұжырымдары заңға айналып, ол заң өзінен кейінгі тақ мирасқорлары шығарған заңдардан әлдеқайда ұзақ өмір сүрді.
Юлий Цезарьдың біз айтып өткен әрекеттеріне қарап, байырғы республикалық жүйенің талқандалғанын білуге болады. Күш көрсету, зорлық-зомбылық, саяси мәселелерді шешудің бірден-бір құралына айналды.
Цезарь зорлыққа жүгінген нағыз қанқұйлы озбырдың өзі болды. Сөйтіп өзі де ақыры сол озбырлықтың қолынан қаза тапты.
Ол – ескі жүйенің жаңа жүйеге алмасар өтпелі кезеңін бейнелейтін тұлға. Оны жаңа жүйенің бет-бейнесі деуге болады, яғни оның бойынан сол жүйенің сыр-сипатын ешқандай боямасыз айқын көре аламыз.
Біз ешқандай бақылауға көнбей, шектен шыққан билеушінің ақыры нендей зауалға тап болатынын, қандай жазаға ұшырайтынын көрдік.
Ол мұндай қадам жасаған бірінші адам еді, сондықтан оның есімі әлі күнге дейін ұмытылған жоқ, Римнің билеушілері соның атымен аталды. Олардың әрқайсысы Цезарь болды.
Цезарь ұлы билеуші, әскери даналығымен қатар өз заманында ауыздыға сөз бермейтін шешендігімен де айрықша дараланған. Замандасты Цезарь сөз өнерін ұстағанда, Цицеронмен терезесі тең шешен болатынына еш шүбә келтірмейтіндіктерін айтады. Ұтқыр ой, өткір тілдің асқан шебері еді. Саяси айтыстарда қарсыластарын не бір қиыннан қисын тауып қапысыз сүріндіретін. Өкінішке орай, ол айтқан ұтымды сөз, даналық ойлардың бірсыпырасы ғана тарих жадында сақталған.

* Кладий деген асыл текті біреу Цезарьдың әйелі Помпеяға ғашық болады. Жігітшілік жасап онымен ұшырасып жүреді. Үлкен бір тойда екеуі қолға түсіп әшкереленеді. Бұл масқарашылыққа Римнің дегдар жұртшылығы мен сенаторлар дүрлігіп қатты наразылық білдіреді. Кладийді сотқа тартуды талап етеді. Бірақ куәгер ретінде сотқа барған Цезарь Кладийді ақтап, оған тағылған айыптың негізсіз екенін айтады. Сот таңырқап: “Ендеше әйеліңмен неге ажырастың?” дейді. Сонда Цезарь: “Өйткені менің әйеліме тіпті көлеңкесі түсуге де болмайды!” деп жауап беріпті.

* Цезарьдың асқа онша кірпияздығы жоқ екен. Күй талғамайтын қарапайым болған. Бір күні жолда келе жатып өзінің бір танысының үйінде түстенеді. Үй иесі мейманына теңіз балдырын әдеттегідей зәйтүн майына емес, жай майға араластырып береді. Қасындағы серіктері бұған күңкілдеп реніш білдіреді. Сонда Цезарь: “Егер сендерге ұнамай отырса, жемей-ақ қойыңдар. Біреуді білместігіне бола жазғырып надан деген адамның өзі надан!” дейді.

* Бірде жолда жауын-шашынға тап болып, бір кедейдің лашығына аялдайды. Бір-ақ адам аярлықтай жалғыз бөлмесі бар екен. Цезарь жолдастарына қарап: “Құрметті күштіге көрсету керек, әлсізге қажетін беру керек!” дейді де бөлмені Оппийге ұсынып, өзі басқалармен бірге есік алдындағы лапасқа жайғасады.

* Германдықтарға қарсы соғыс ашарда қол астындағы жауынгерлердің, әсіресе шапқыннан түсетін мол олжа үшін ерген бекзат әулеттен шыққан жастардың толқып, жүрексінгенін байқап кеңес ашады. Ажалға бас тігуден қорқатындардың үйлеріне қайта берулерін өтінеді. “Мен жауға қарсы әскерімнің оннан бірімен-ақ бара беремін, өйткені айқасатын дұшпаным кимврден күшті емес, ал өзімді Мариден кем қолбасшымын деп есептемеймін!” дейді.

* Фернактың әскерімен соғысып Зеле қаласын тұтқындап қалай тез алғанын білдіру үшін Римдегі достарына Цезарь: “Келдім, көрдім, жеңдім!” деп хабарлапты.

* Бір қиян-кескі шайқас үстінде Цезарьдың әскері жаудың тегеурініне төтеп бере алмай жеңіле бастайды. Жанұшыра қашып бара жатқан ту ұстаушы жауынгерді Цезарь желкесінен шап беріп: “Жау ана жақта!” деп кері қарай бұрыпты.

* Бітіспес хас дұшпаны Катонның өзін-өзі өлтіргенін естігенде Цезарь: “О, Катон, сенің өлімің неткен жиіркенішті еді, өйткені мені аяушылық еткенім саған да соншалық жиіркенішті болар еді!” депті.
Помпейге қарсы соғыс барысында Цезарь қару сатып алу үшін мемлекет қазынасынан ақша бөлуді талап еді. Халық жүрегін жалынды сөзімен баураған әйгілі шешен Метелл мұның заңға қайшылығын айтып қарсы шығады. Сонда Цезарь: “Қару мен заң бір-бірімен сыйыспайды, – дейді. – Менің іс-әрекетіммен келіспейтін болсаң, оралғы болмай аулақ жүр, өйткені соғыс ешқандай қарсылықты көтермейді. Бітімге келіп, қаруды қолдан тастаған соң, осында қайтадан келіп, шешендік өнеріңді көрсете бер!” Осыны айтып Цезарь қоймаға қарай беттейді. Есіктің кілті табылмаған соң, құлыпты бұзуға кісі шақыртады. Жанындағылардың жел бергеніне қанаттанған Метелл тағы да оған қарсылық көрсете бастайды. Сонда Цезарь қаһарланып: “Біліп қой, менің мұндай айтуымнан істеуім оңай!” деп қолын қаруға апара бергенде, Метелл зәресі ұшып қаша жөнеледі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *