ЭПИМЕНИД
Т.Сәукетаев
Аты аңызға айналған грек даналарының бірі. Шамамен біздің жыл санауымызға дейінгі VI ғасырда ғұмыр кешкен. Көне Эгей мәдениетінің тал бесігі болған әйгілі Крит аралында дүниеге келеді. Әйтсе де Эпименид туралы біршама құнды дерек қалдырған тарихшы һәм замандасы Феопомп “криттіктерге түрі ұқсамайды, жалбыраған ұзын шашты” деп күмән да келтіреді.
Диоген Лаэрций, Тимей, Деметрий Магнесийдің бізге жеткен жазбаларына жүгінер болсақ, Эпименидтің өмірі аңызға толы. Алғыр ой, даналығымен қоса, әулие, көріпкелдігімен де атағы шыққан.
Бір күні оны әкесі жоғалып кеткен қойды іздеуге жібереді. Күн ысып түс болғанда шаршаған бала жолдан бұрылып, тоғайдың саясына жата кетеді. Сөйтіп, сол жерде елу жеті жыл бойы ұйықтапты. Ояна салысымен, сәл ғана мызғып тұрдым деп ойласа керек, қайтадан қойын іздейді. Түк таба алмай қора-қопсысына келсе, бәрі өзгерген, қожайын да бөтен біреу. Бұл не сиқыр екенін түсінбей таң-тамаша боп, қаладағы өз үйіне келеді. Онда да танымайтын, бөгде жандар, кімсің деп бұның өзінен сұрайды. Тек әбден қаусап шал болған інісімен кездесіп, сонымен сөйлескеннен кейін барып істің мән-жайын түсінеді.
Бұл оқиға ел арасына тез тарап, Эпименидті сол күннен бастап күллі Эллада жұрты “құдайдың сүйген құлы” деп әулие тұтатын болыпты.
Осы кезде Афинаны бұрын-соңды адам естімеген індет жайлайды. Абыз: қаланы жын-шайтаннан аластап тазарту керек деп бұйырады. Шаһар билеушілері Никераттың баласы Никиді арнайы кемемен Эпименидті алып кел деп Крит аралына жібереді.
Эпименид келген соң маңайдағы ақ, қара қойларды түгел жинап алып, Арес жотасына айдап апарады да, сол жерде бет-бетімен бытыратып қоя береді. Артынан ерген адамдарға: қой қай жерге барып жатса, сол жерде бауыздап, құдайға құрбан шалыңдар, – дейді. Сөйтіп қаланы жайлаған індеттен аластапты.
Риза болған афиналықтар оған көп ақша тарту етіп, арнайы кемемен еліне шығарып салады. Эпименид ақшаны алмайды, бірақ Афина мен Крит жұртының арасына мызғымас достық көпірін орнатып кетеді.
Айтқаны айнымай келетін дуалы ауыз көріпкелдігімен де Эпименидтің даңқы өз заманында көпке жайылған. Отандастары айрықша қасиет дарыған құдірет иесі ретінде оған табынып құрбандық шалып отырған. Бір жолы ол Афинадағы Мунихий қамалын көріп: “мына жердің қаншалық қасірет әкелетінін афиналықтар білмейді ғой, әйтпесе, тіс-тырнағымен болса да үгітіп, тас-талқанын шығарып тастар еді-ау!” депті. Сөйтіп ол Пирее айлағындағы бұл қамалға бір ғасырдан кейін македондықтар әскері бекініп, Афинаның күлін көкке ұшыратынын алдын ала болжап білген. Сондай-ақ, бес жүзінші жылы Тегеямен болған соғыста Спартаның күйрей жеңілетінін де сәуегейлікпен айтып кеткен.
Эпименид шын мәнінде табиғат айрықша жаратқан жан иесі болса керек, ол туралы тылсым сырлы аңыз-әңгіме көп. Диоген Лаэрцийдің айтуынша, ол елу жеті жыл ұйықтап тұрғаннан кейін өмір бойы ұйықтамапты. Қолы боста шипалы шөптер жинап, әр түрлі ішірткі жасаумен айналысқан. Ал Деметрийдің деректеріне сүйенер болсақ, Эпименид су перілерінің берген тамағымен қоректеніпті-мыс. Ол оны өгіздің тұяғына салып сақтайды екен. Тамақты аз ішетіндігі сонша, тіпті ол не ұлы, не кіші дәретке де отырмайтын болған. Сол сияқты ол су перілеріне арнап храм салайын деп жатқанда аспаннан: “Су перілеріне емес, Зевске арнап сал, Эпименид!” деген дауыс естіліпті.
Эпименид елу жеті жыл ұйықтап тұрғаннан кейін елу жеті күннің ішінде қартайып шыға келіпті. Қанша жыл жасағаны туралы нақты мәлімет жоқ. Флегонт өзінің “¥зақ жасаушылар туралы” деген кітабында жүз елу жеті жыл, ал криттіктер жүз елу төрт жыл өмір сүрді десе, ендігі бір аңыз бойынша ол үш жүз жыл жасап қайтыс болған.
Эпименид өлең түрінде де, қара сөзбен де көптеген әдеби һәм ғылыми шығарма жазған. Өкінішке орай, олардың дені бүгінгі күнге жеткен жоқ. Әйткенмен логика ғылымындағы ашқан жалғыз жаңалығының өзі-ақ оны әлемдік даңққа бөледі. Ол “Криттік өтірікшінің парадоксы” деп аталады. Бұл парадокстың логикалық жүйесін ғалым былай тұжырымдайды: “Егер өтірік айтқан біреу мен өтірік айтып тұрмын деп мойындаса, онда оның айтқаны өтірік болып есептеле ме, әлде шындық болып табыла ма?” Бұл сұрақтың жауабын іздеп сана түкпірін қаузай бастасақ, күрделі кереғарлыққа тап боларымыз анық. Мысалы біреу: “мен айтып тұрған бұл сөз – өтірік” десін. Егер сөз расымен өтірік болса, онда ол шын айтқан болып шығады, демек, оның айтқаны өтірік емес. Ал егер айтылған сөз ақиқат болып, бірақ айтушы оны өтірік десе, онда оның сөзі өтірік болып шығады. Сөйтіп мұндай жағдайда айтушы өтірік айтса шындықты айтқан боп, ақиқатты айтса, жалған айтқан боп есептеледі.
Эпименид парадоксы өз тұсында да, кейінгі заманда да ғылыми ортада зор қызығушылық туғызды. Біздің дәуірімізге дейінгі 281-208 жылдары аралығында өмір сүрген философ Хрисипп осы тақырыпқа арнайы үш кітап жазған. Филет деген ғалым бұл парадокстың жұмбағын шеше алмай тығырыққа тіреліп өзін-өзі мерт қылады. Атақты көне грек логигы Диадор Кронос те егде тартқан шағында “Криттік өтірікші парадоксының” сырын ашпайынша нәр татпаймын деп ант етіп, ақыры аштан өлген.
Бұл логикалық парадокс заман озған сайын жаңғырып жаңа сипатқа ие болды, болмыс тудырған құбылыстар негізінде кереғарлық ұғымдардың небір мысалдары дүниеге келді. Көркемдік тұрғыда дамытылған бұл ілім кейбір фантастикалық шығармаларға арқау болғаны да мәлім.
Эпименид – данышпан Солонның замандасы һәм көңілі жақын досы. Солон Афинада тұңғыш демократиялық заң жобасын жасағанда көмектесіп, көптеген ақыл-кеңес береді. Кейін билік басына рақымсыз, озбыр Писистрат келгенде, Солондай дананың сау басы саудаға түсіп, отанынан безуге мәжбүр болғаны белгілі. Қуғында жүрген досының тағдырына алаңдаған Эпименид оған былай деп хат жолдайды: “Еңсең түсіп жабырқама, досым. Егер Писистрат әділ заңның не екенін білмейтін иіс алмас құлдарды басып алған болса, онда ол мәңгі бақи алаңсыз билік құрған болар еді, бірақ ол Солон заманындағы еркіндіктің дәмін татып, сол күндерін өкіне һәм сағына еске алатын азат ойлы азаматтарды қалай құлдықта ұстай алмақ? Олар оның зорлықшыл өктемдігіне төзбек емес. Тіпті егер Писистрат тірісінде тақтан айырылмаған күннің өзінде, билік тізгінін балаларына мұра етіп бәрібір қалдыра алмайды, өйткені әділеттің арқасында еркін өмірге үйреніп қалған азаматтар ондай қорлыққа өлсе де көнбейді. Досым, сен бұлай қаңғи бермей менің қасыма – Критке кел Бұл жерге Писистрат жауыздың құрығы жетпейді. Жат елде жүргеніңде оның сілімтіктерінің қолына түсіп, бірдеңеге ұшырап қаласың ба деп қатты қорқамын!..”