ЭМПЕДОКЛ
Т.Сәукетаев
Даналық әлемінде жұлдызы биіктен жарқыраған ой алыптарының бірі – Эмпедокл. Ол Сицилиядағы Акрагант қаласында біздің дәуірімізге дейінгі 490 жылы туып, шамамен 435-23 жылдары дүниеден өткен. Шамамен дейтін себебіміз, оның қайтыс болғаны туралы нақты мәлімет сақталмаған, көне тарихшылардың бірі оны алпыс жыл жасады десе, екіншісі алпыс жеті жасында көз жұмды дейді, енді бірі, тіпті, жүз тоғыз жас жасап, қартайып, әлі құрғаны сонша, теңіз жағасында суға тайып жығылып, тұншығып өлді деген дерек келтіреді.
Жалпы, Эмпедоклдің өмір тарихына қатысты бізге жеткен деректер әрқилы, көбі бір-біріне кереғар, кейбірі аңыз күйінде сақталған. Біз шындыққа жанасымды, нобайы осылай-ау деген долбармен әңгіме желісін өрбітпекпіз.
Эмпедокл күллі грек жұртына әйгілі жуан тұқым, бай әулеттен шыққан. Ата-бабасынан бері асыл тұқымды арғымақ өсірумен айналысқан. Эмпедоклдің өзі де бұл кәсіптен көпке дейін қол үзбесе керек, Сатирдің жазбаларына жүгінсек, көне грек еліндегі өтіп тұратын дәстүрлі олимпиадалық сайыстардың бірінде Эмпедоклдің өзі ат жарысында бірінші бәйге алып, баласы – Эксенет күрестен жеңімпаз атанады.
Әке дәулетінің арқасында алаңсыз ғұмыр кешкен зейінді жас бар ынта-жігерін білім жолына жұмсайды. Өз заманының даналары – Парменид пен Ксенофанның шәкірті болады, аракідік Пифагордан да дәріс тыңдайды. Аз жылдың ішінде ұлы ұстаздарымен үзеңгі қағыстырар кемелдікке жетіп, өзінің ақындық өнері, биік парасатымен кең таныла бастайды.
Әлеуетті тұқымнан шыққан әрі бай, әрі білімі жетік жігерлі жасты саясат әлемінде жарқын болашақ, яғни небір бас айналдырар мансап биігі күтіп тұр еді. Бірақ табиғаттың тылсым сырына жүрегі сиқырланған Эмпедокл оған қызықпады, ғылыммен алаңсыз айналысу үшін тіпті патша тағынан да бас тартты.
Эмпедокл жастайынан поэзияға мықтап ден қояды. Әдеби-көркем туындыларымен қатар ғылыми еңбектерінің денін де өлеңмен жазған. Тарихшылар оның бес мыңға тарта шығармасы өлең түрінде жазылған һәм соның төрт мың бес жүздейі сақталған деген дәйек айтады.
Ақын алғашқы кезде өзінің ұстазы Парменидке қатты еліктеген. Оған Парменид сияқты оның да “Табиғат туралы” дастан жазуы куә. Бірақ Алкидамент “Физиктер” кітабында оған Парменидтің әсер еткенін жоққа шығарып: “… ол негізінен Анаксагор мен Пифагорға ынта қойды; бірінің биік бекзаттығына, сыртқы сымбатына еліктесе, екіншісінің дүниені танып-білудегі даналығына тәнті болды” дейді.
Заманындағы ұлы ойшылдарының талайы Эмпедоклдың поэзиясын жоғары бағалаған. Мәселен, Аристотель: “Эмпедокл риториканың негізін салса, Зенон диалектиканың іргетасын қалады…” дей келіп, оның Гомер поэзиясына құлай берілгенін, небір қиыннан қиысқан теңеу, кейіптеу сияқты әр түрлі поэтикалық тәсілдерді қолдану арқылы өлең өнерінің ғажап үлгілерін жасағанын айтады.
Әрине, Эмпедоклдың қаламынан тамған сөздің бәрі бірдей алтын болмаған. Сәтсіз шыққан, өз дәрежесіне жетпеді-ау деген өлеңдерін қарындасы өртеп жіберіп отырған.
Эмпедокл ұлы ақын, қырықтан астам трагедия жазған драматург қана емес, өз заманындағы даналар сияқты, ғылымның сан-саласына құлаш ұрған ғұлама еді. Әсіресе, ол медицина, жаратылыстану ғылымдарын жете меңгеріп, небір ғажайып тәжірибелер жасаған. Мысалы, бір қан тамыры соғуын тоқтатып, демсіз қалған әйелді ол сол қалпында денесін суытпай отыз күн бойы сақтап тірілтіп алады. Осыны өз көзіммен көріп қайран қалған жамиғат оны жай дәрігер емес, сиқыршы, шаман деп есептеген.
Сондай-ақ, ол өзі туып-өскен Акрагант қаласының ауа райын өзгертуге ықпал етіпті деген де аңыз бар. Бірнеше жыл бойы тау аңғарынан үзбей соққан қатты жел жеміс-жидек, еккен егінді өсірмей жұрттың әбден күйін кетіреді. Сонда Эмпедокл есек біткеннің терісін сыпырғызып алыпты да, тау жоталары мен аңғарларға жағалата керіп, желдің бағытын өзгертіпті. Сөйтіп “жел аулағыш” атаныпты.
Енді бірде Селингнуттегі өзен қатты ластанғаннан сасық иіс шығып, індет тарайды. Жағалаудағы халық қырылып, әйелдер түсік тастайды. Мән-жайды түсінген Эмпедокл дереу сол атыраптағы екі өзенді бұрып әкеліп, әлгі өзеннің арнасына құйғызады. Нәтижесінде дария тазарып, жұрт індеттен аман қалады. Қуаныштары қойнына сыймай мәз-мейрам болған селингнуттіктер өзеннің жағасында ұлан-асыр той жасайды. Сол кезде Эмпедокл келеді. Жұрт алдынан жүгіріп шығып, етпеттеп жата қалып, құдайдай оған табына бастайды. Осы әсер жұрт көңілінде мәңгі қалсын деген ниетпен Эмпедокл лаулап жатқан отқа бір-ақ қарғып, өртеніп өліпті дейді, оның ажалы туралы көп аңыздың бірінде.
Эмпедокл қарапайым, сыпайы өмір салтын ұнатқан. Мәселен ол: “… біздің Акрагант – ұлы шаһар, өйткені онда сексен мыңға жуық адам тұрады, бірақ бір ғажабы, жұрт тамақты ертең өлетіндей өліп-өшіп жейді, үйді сонда мәңгі тұратындай ғып салады” деп ынсапсыз ашкөздікке кейістік білдіреді.
Бірде жоғары лауазымды біреу оны қонаққа шақырады. Меймандар дастарқан басында сарылып ұзақ отырады, бірақ ешкім оларға шарап құя қоймайды. ЬІза болған Эмпедокл шарап әкеліңдер деп айғай салады. Бірақ қожайын Жоғары Кеңестің мүшесі келу керек, соны күте тұрайық дейді. Біраздан соң күткен мәртебелі мейман да келеді. Бірден билеп-төстеп үстемдік жүргізе бастайды. Әбден қызып алған соң ол: шарапты ішіңдер, әйтпесе төбелеріңе құйыңдар деп әмір етеді. Эмпедокл үндемейді. Бірақ ертеңінде қожайын мен мәртебелі мейманның екеуін де соттың алдына шақыртып, өлім жазасына кестіртеді.
Акрон (Биік) деген емші Кеңеске келіп, “менің әкемнің дәрігерлік өнері бәрінен биік, ескерткіш қоюға жер бөліңдер” деп өтініш айтады. Эмпедокл оған қарсы болады. Адамдардың бір-бірімен теңдігі туралы айта келіп, біз оның ескерткішіне не деп жазамыз:
“Биік емші, биік еді мұраты да көздеген,
Биік жотада биік жатыр өзгеден!” –
дейміз бе деп мысқылдайды.
Эмпедокл Теңдік, Еркіндік сезімін бәрінен биік қойған. Әкесі – Ментон қайтыс болғаннан кейін Акрогантта зорлық-зомбылық, билеушілердің тежеусіз үстемдігі белең ала бастайды. Осыны жіті аңғарған Эмпедокл отандастарын жік-жік болып қырқысқанды доғарып, береке-бірлікпен ұйысқан өзара теңдікке шақырады. Тіпті, өзінің дүние-мүлкіне дейін кедей-кембағалдарға тең қылып үлестіріп береді.
Әйткенмен ол өзін асқақ ұстаған, Тәңір төбесіне тұтқан айрықша жанмын деп есептеген. Сондықтан да ол өзінің “Табиғат туралы” әйгілі дастанында:
“… Мен құдайдай мәңгілікпін пенделердің ішінде,
Қарсы ал мені басыңды иіп үлкенің де, кішің де!..” –
деп шалықтайды.
Енді бірде ол Олимпиада ойындарын тамашалауға барғанда, жамиғатқа басқа ешкімді әңгіме қылмай, тек мен туралы айтыңдар деп бұйырады.
Эмпедокл аяғына жез кебіс, басына алтын тоға, үстіне қызыл мауыт шапан киіп, беліне алтын зерлі белбеу тағып, көп нөкерлермен грек шаһарларын шарлап жүреді екен. Қашан көрсең де қабағы тұнжырап, бір қалыптан аумаған. Қараған жұрт оған құдіреттей табынып, тәнті болған деседі.
Эмпедоклдің өлімі де құпия, жоғарыда біз келтірген деректерден басқа тағы да бірнеше нұсқа бар. Бәрі де аңыз іспетті.
Гераклидтің айтуынша, Эмпедокл, біз баяндағандай, қан тамыры тоқтап, демсіз қалған әйелді отыз күннен соң тірілтіп алғаннан кейін, соған арнап құрбандық шалып, достарын қонаққа шақырады. Олардың арасында Эмпедоклдің жақын досы, дәрігер Павсаний да болады. Той тарқаған соң меймандардың әрқайсысы әр жаққа кетіп, жақын маңайдағы ағаштардың саясында дем алады. Эмпедокл сол жатқан жерінде жатып қалады. Ертеңінде ел орнынан тұрып қараса, Эмпедокл жоқ боп шығады. Жабыла іздеп, қызметшілерден сұрастырады. Олар да ештеңе білмейміз дейді. Кенет біреуі түн ортасында әлдебір күркіреген құдіретті дауыс Эмпедоклді шақырғанын, орнынан ұшып тұрғанда аспаннан жарқыраған бір сәуле көргенін айтады. Барлығы бұл хабарға қайран қалады.
Павсаний әуелі жан-жаққа іздеуші жіберіп, соңынан оны тоқтатады да: “енді әуре болудың қажеті жоқ, дұғамызды оқып, мінәжат қылайық“ дейді. Содан бері Эмпедоклді Акрагант жұрты құдірет тұтып, оған жыл сайын құрбандық шалып табынатын болыпты.
Енді бір аңызда Эмпедокл той жасап, сексендей адамды қонаққа шақырады. Дыр-ду басылып, елдің бәрі ұйқыға бас қойғанда, Эмпедокл Этна жанар тауына барады да, артында құдіретті әулие деген ат қалдыру үшін от бүркіп күркіреп жатқан оқпанға бір-ақ секіреді.
Бұны жұрт оқпаннан күлмен бірге шыққан оның жез кебісінің сыңары арқылы біледі.
Қалай болғанда да Эмпедоклдің өмірі де, өлімі де ел аузында аңыз болып қалған.
Эмпедокл – дүние сырын терең барлаған кемеңгер. Оның ғылыми көзқарастары, өмір құбылыстарын тамыршыдай дөп басып зерделеген философиялық мәйекті тұжырымдарының көпшілігі әлі күнге дейін өз оқушысын қызықтырары даусыз.
* Сезіміңе сенім артсаң – адастың.
Оймен барла – асулардан ары астың.
* О, адамзат, азап сені қажытты-ау.
Қанды тырнақ қырқысқанды пешенеңе жазыпты-ау!
* Ғылым ақыл-ойды кемелдендіреді.
* Ой дегеніміз – сезімнің өзі немесе соған ұқсас нәрсе.
* Біздің дене мүшелерімізге танымның мардымсыз мүмкіндігі ғана берілген.
* Ақымақтар! Егер әу баста жоқ нәрсе енді болады яғни әлдене жоғалады немесе мүлдем құрып кетеді деп ойласаңдар, ақылдарың шолақ болғаны.
* Біртұтас болмыс сапалық жағынан қарама-қарсы сипатта болуға тиіс.
*Махаббат пен өшпенділік! Екеуі де мәңгілік, жаратылған күннен бері бір-бірімен бітіспес жау. Олар бізге дейін де болған, бізден кейін де бола береді һәм олардың бірі күндердің күнінде жоғалады деп еш ойламаймын.
* Егер Махаббат пен Өшпенділік мүлдем құрып жоғалып кетсе, әлем қалай жаратылар еді!
*Махаббат бәрін қосады.
Өшпенділік – талқандап, шашады.
* Құдай – алтау: төртеуінің ғұмыры шектеулі (от, су, ауа және топырақ), ал екеуі мәңгілік, және олар бір-бірімен өмір бақи қырқысып өтеді (Өшпенділік һәм Махаббат).
*Барлық жерде ой-сана мен қажеттіліктің бір бөлшегі бар.
*Табиғат барлық нәрсеге ақыл берген: хайуанаттарда ғана емес, өсімдікте де ақыл бар.
*Қажетіне қарай дүниедегі барлық затқа Махаббат пен Өшпенділік кезек билік етіп, оларды қозғап отырады, аралық уақытта тыныштық орнайды.
*Әрбір зат өз бөлшектерінің белгілі бір арақатынасына қарай өмір сүреді.
*Мен бозбала да, толықсыған бойжеткен де, құс, балық, тіпті өсімдік те болдым.
* Жо-жоқ, біз ештеңе де сезбейміз, ештеңе де көрмейміз: барлық зат біз үшін жұмбақ, өйткені біз анықтап біле алатындай дүниеде бірде-бір зат жоқ.