Т.Сәукетаев
ЭЗОП
Адамзаттың ақыл-ой тарихында өшпес із қалдырған даналардың бірі – Эзоп. Өкінішке орай, қазақ оқырмандарының ол туралы мағлұматы тым мардымсыз. Әдебиетке бір табан жақын жүрген ағайынның өзінің де ол жайлы түсінігі “Эзоп – мысал жанрының атасы”, “Эзоптік стиль” т.б. тәрізді тиіп-қашты мәліметтен арыға аспайды десек, ақиқаттан онша ауытқи қоймаспыз. Шын мәнінде Эзоп деген кім? Тағдыр-талайы қандай болған адам? Шығармашылық өмірбаяны несімен ерекшеленеді? Енді осы сауалдар төңірегінде әңгімемізді өрбіту үшін тарихи деректерді зерделеп көрейік. Бұл ретте біз ең әуелі М.Л.Гаспаровтың орысшаға тәржімалап, байсалды дәйектеме жазған “Эзоптың мысалдары” дейтін еңбекке ден қойғанымызды атап өткеніміз абзал. Мұнда М.Л.Гаспаров Эзоптың өмірбаянын сипаттайтын деректер мен шығармаларын біршама толық қамтыған, тәржіма барысында антик дәуіріндегі грек әдебиетінің жауһары санатындағы “Ксанф философ пен оның малайы Эзоп туралы хикая яки Эзоптың бастан кешкендері”, “Эзоптың өмірбаяны” сияқты ғұмырнамалық баяндармен қатар тікелей туындыларына қатысты алты-жеті әдеби нұсқаны екшеп, іріктеп бір арнаға тоғыстырған.
Эзоп – қиын да қызықты тағдыр кешкен, іс-қылығы, мінез-құлқы қалыптасқан қарапайым түсініктің аясына сыймайтын аса қайшылықты тұлға. Ол туралы жалпақ жұртқа тарап кеткен аңыз-әфсана көп. Кейін бұл әңгімелерді хатқа түсірген адам, ел аузынан жай көшіріп алып қана қоймай, өзінше әсірелеп, белгілі бір жүйемен дамып, ортақ ойға бағындырылған, бас-аяғы бүтін көркем шығармаға, ғибратты тәмсілге айналдырып жібереді. Сондықтан бұл өмірбаяндық жазбада Эзоп қиялдан туған әдеби кейіпкердей әсер етеді. Өзіміздің қазақ ауыз әдебиетіндегі Қожанасыр, Алдар көсе, Жиренше, Тазша бала сияқты. Олардың қай-қайсы да халықтың шабытты шалқар қиялының жемісі екені белгілі. Әлеумет бүкіл күйініш-сүйінішін, қоғамға деген көзқарасын солардың аузымен айтқан, яки әр ұрпақ өзінің парасат-пайымын, даналығын соларға теліп, ғасырлар бойы аталмыш бейнелерді үнемі жетілдіріп отырған. Міне, сол себепті де көптеген зерттеушілер Эзоптың өмірде болғанына күмәнмен қарап, оны әлем әдебиетіндегі Фауст, Уленшпигель, Мюнхаузен т.б. сияқты типтендірілген әдеби бейне деп есептеп келді. Бірақ қазіргі ғылыми тұжырым Эзоптың өмір сүрген дәуірін, тағдырына қатысты кейбір деректерді айқындап, оның нақты тарихи тұлға екенін даусыз дәлелдеп отыр. Демек, Эзоптың дүниеде болған адам екеніне күмән жоқ. Ол туралы ең алғашқы деректі біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда “тарих атасы” Геродот хатқа түсіріп таңбалап кеткен. Ол өзінің Мысыр туралы жазбаларында Эзоптың өз айналасына әйгілі адам болғанын атап өтеді. Оның мысал шығаратын орақ тілді шешен екенін, Самос аралында Иадмон деген біреудің құлы болғанын, біздің дәуірімізге дейінгі шамамен бес жүз алпысыншы жылдары Дельфыда әлденеге байланысты өлтірілгенін, сол үшін дельфіліктердің құн төлегенін т.б. мәліметтерді әңгімелейді.
Енді жоғарыда атаған Ксанф туралы кітапқа ден қойып көрейік. (Ксанф – “Сары” деген сөз, Эзоптың қожасы, философтың күлдіргі лақап аты). Дерек бойынша, Эзоп шамамен б.д.д. 640 жылы Фригияда туып, 560 жылы Дельфыда сүйектен өтер ащы мысқыл, аяусыз сыны үшін дуан басыларының қолынан қастандықпен қаза табады. Шыққан тегі – құл. Өте ұсқынсыз, қор жаратылған кемтар жан болады. Аталмыш кітапта: “Барып тұрған сұрықсыздың өзі, жұмысқа жарамсыз, қарыны шартиған, басы қазандай, таңқы танау, үсті кір-қожалақ, терісі қара, кемтар, тілі мүкіс, қолдары қысқа, арқасы бүкір, еріндері салпайған – мұндай құбыжықты көргеннің өзінен жаның түршігеді” деп жазады. Әсірелегендік болар, “тіпті мүлдем сөйлей алмайтын мылқау” деп те үстемелейді. Кішкентай түлкінің алдында бүк түсіп отырған Эзоптың құбыжық бейнесі аттикалық құмыраның бүйіріне салынған. Философтың өмірбаянын хатқа түсірген белгісіз автор әлқисса-әңгімені былайша өрбітеді:
Эзопты сатып алған қожайыны Ксанф құлының мүлдем сөйлей алмайтын мылқау екенін көріп, қаладағы жұмысқа жарамайтынын біледі де, иелігіндегі бау-бақшалыққа жер қашауға жібереді. Арада біраз уақыт өткен соң қожайын бақшалығына келеді. Құлдың біреуі:
– Мінеки, қожайын, жаңа піскен миуаның дәмін татып көріңіз! – деп албырап піскен бір табақ інжірді алдына әкеліп қояды. Інжір қожайынға қатты ұнайды.
– Дәмі тіл үйіреді екен! Агафопод, бұл інжірді сен қоймаға тығып қой! – деп бұйырады құлға. – Мінәжат қып болған соң, түстік ішем, сонда әкеліп берерсің.
Дәл осы кезде Эзоп жұмысын тастап, әдеттегідей жүрек жалғап алуға сол жерге келе қалады. Агафопод қарыны ашқаннан шыдай алмай інжірдің бір-екеуін қылғытып жібереді, ындыны құрып, қалғанын да жеп қойғысы келеді, бірақ қорқады. Екінші бір құл жолдасының сабыры кетіп қиналған түрін көріп:
– Көкейіңді не тесіп бара жатқанын білем, достым! – дейді жымиып. – Мына інжірді жегің келіп тұр ғой, ә?
– Дәл таптың, оны қалай біліп қойдың? – дейді анау таңғалып.
– Оның не қиындығы бар, ойыңдағыны түрің-ақ айтып тұрған жоқ па! Бері қара, мен саған бір ақыл айтайын, осыны екеуіміз жей салсақ қайтеді?
Агафопод шошып кетеді.
– Не деп тұрсың? Қожайын інжірді әкел десе не бетімізді айтамыз?
– Сол да сөз болып па. Қойманың есігі аңдаусыз ашық қалған екен, Эзоп кіріп бәрін жеп қойыпты де. Эзоп бәрібір сөйлей алмайды, ой, өлгенше бір таяқ жейтін шығар. Есесіне екеуіміз тыңқиып жақсылап бір тоямыз.
Сөйтіп екеуі отырып алып, інжірді жеуге кіріседі.
– Эзоптың біткен жері осы! Таяқ жегеннен басқа ештеңеге жарамайтынын біліп қойсын сорлы неме! – Екі құл сылқ-сылқ күліп інжірді түгелдей соғып алады.
– Бұдан былайғы жерде бірдеңе сынса, бірдеңе төгілсе, не бірдеңе жоғалса, “Мұны істеген Эзоп” деп айтайық, өзіміз сүттен ақ, судан таза боп шыға келеміз! – Екеуі осылай пәтуаласады.
Сол екі арада мінәжат қылып ғибадатханадан қожайын да келеді. Жуынып, тамақ ішіп болған соң:
– Агафопод, кәне әлгі інжірді әкел! – деп бұйырады. Інжірді Эзоп жеп қойғанын естігенде терісіне сыймай ашуланады.
– Дереу Эзопты шақыр! – дейді ақырып. Дедектетіп Эзопты сүйреп әкеледі. Қожайын зіркілдеп қоя береді.
– Оңбаған неме, сен мені әбден басынайын деген екенсің! Тапа тал түсте қоймама кіріп, інжірімді неге ұрлап жейсің, сұмырай!
Мұны естіген Эзоп, айтарға тілі жоқ, пәленің қай жақтан келгенін көріп, оңбай таяқ жейтінін біледі де, сәл сабыр ет деп жалынғандай, қожайынның аяғын құшып жата кетеді. Қожайын не айтасың дегендей мұрсат қылады. Эзоп жанында тұрған шөмішті алып, ыстық су әкеліңдер дегендей ишара жасайды. Дереу астаумен су алып келеді. Эзоп шөміштеп суды түгел ішіп алады да, саусақтарын кеңірдегіне тығып жіберіп лақылдатып ішкен суын бір-ақ құсады. Ішінен судан басқа ештеңе шықпайды. Сөйтіп өзінің кінәсіз екенін дәлелдейді. Содан кейін ишара жасап, басқа құлдар да осылай істесін, сонда інжірді кім жегені белгілі болады дейді. Бұл ақыл қожайынның көңіліне қонып, екі құлға сендер де су ішіп, құсыңдар деп бұйырады. Екеуі бір-біріне қарап:
– Енді қайттік? – дейді абыржып. – Кәне, ішейік, бірақ саусағымызды кеңірдегімізге тықпай, ұртымызға жіберейік.
Бірақ ыстық су ішкен соң жүректері айнып, онсыз да божып аши бастаған інжірді лоқсып бір-ақ қотарып тастайды.
Бұл сұмдықты көрген бойда қожайын қаһарлана ақырады:
– Қорғансыз жанға осылай жала жауып қараламақ екенсіңдер ғой! Шешіндіріңдер мына екі кәззапты!
Екеуін өмір бойы есінен кетпестей қылып дүрелейді де:
– Біреуге ор қазба, өзің түсесің деген осы! – дейді. Бұл жерде сақалы беліне түскен қазақтың ата мақалының айна-қатесіз сонау антик дәуіріндегі гректің аузында жүргеніне қайран қалмасқа амалың жоқ.
Екі залым ақырында тілсіз, бейшара жанға жасаған зұлымдығы үшін осылай сыбағасын алыпты.
Келесі күні қожайын қалаға аттанып кетеді. Эзоп әдеттегідей атызда жұмыс істеп жүреді. Сол уақытта әйел құдай Исиданың жердегі елші-абыздарының бірі жолдан адасып кетіп, Эзоп жұмыс істеп жүрген атызға тап болады. Мұның бар-жоғымен шатағы жоқ, жанын салып жұмыс істеп жатқан адамды көреді.
– Қайырымды жан, мен адасып жүрмін, рақым етіп қалаға баратын жолды көрсетіп жіберші, – дейді. Эзоп жалт бұрылып, әулиенің көйлегін киген әйелді көреді, Құдайдан қорқатын адам болғандықтан, сол жерде аяғына жығылып ишарамен: “Үлкен жолдан шығып, бұл жақта неғып жүрсің?” дейді. Әйел оның естуін естігенмен сөйлей алмайтынын біледі де әуелі ишаралап, содан соң сөзбен түсіндіре бастайды.
– Менің абыз екенімді көріп тұрсың ғой, бұл жердің сырын білмеймін, адасып келдім. Жөн сілтеп, жол көрсетіп жібер маған.
Эзоп сол-ақ екен, бір қолына күрегін ұстап, екінші қолымен әйелді жеңінен жетелеп ағаштың саясына алып келеді. Дорбасынан нан, зәйтүн алып алдына қояды, жеуге жарайтын жабайы көкөністерді жұлып әкеледі. Әйел тамақтанып болған соң бастауға алып барып, іш деген ишарамен суды көрсетеді. Тамаққа тойып, шөлі қанған әйел Эзоптың нұсқауымен күре жолға түсіп, баратын жеріне қарай сапар шегеді. Эзоп қайтып келіп өзінің жұмысына кіріседі.
Осылай Исиданың абызы адасқан жерінен жол тауыпты. Эзоптың қайырымдылығына риза болған ол аспанға қолын жайып құдайға жалбарынады:
– О, әлемнің әміршісі Исида, өлшеусіз жапа шексе де өлшеусіз ізгілікті бойына сақтап қалған осынау еңбекқор жанға мейіріміңді түсіре гөр. Өйткені ол сені құдірет тұтқаннан маған жақсылық жасады. Басқа құдайлар айырған көптеген қасиеттердің бәрін қайта сыйлап бақытты етпесең де, оған ең болмаса тіл берші. Өйткені түнекке қамалғанды жарыққа алып шығатын сен ғана емессің бе!
Эзоп бұл уақытта атызда жұмыс істеп жүрген болатын. Күн шыжып шыдатпай бара жатқан соң: “Бақылаушы маған демалуға екі сағат мұрсат береді, ыстық қайтқанша екі сағаттай тынығып алайын” деп ойлайды. Жақын жердегі ағаштың саясына келеді, айнала көк шалғын, жайқалған қызыл-сары гүл, тоғайды қақ жарып бұлақ ағып жатыр. Эзоп көк шөптің үстіне қойдың тулағын төсеп, басына сөмкесін жастанып жата кетеді. Сол бойда қор ете түседі. Бұлақ сылдырлап, жұмсақ жел аймалай есіп, жапырақтар бүкіл орманның жұпарын желпіп діріл қағады. Құстардың сайрап, шілделіктің шырылдағаны, жел тербеген зәулім қарағайдың сықырлағаны мың құбылған үнмен жаңғырып, рақатқа бөлеп Эзопты тәтті ұйқының тұңғиығында тербетеді.
Міне, осы кезде құдай әйел Исида тоғыз Муза нөкерімен Эзоптың жанына келеді:
– Мына адамға қараңдаршы, қыздарым! – дейді ол. – Ұсқыны жоқ құбыжық. Бірақ қандай ғайбат болса да оның адамгершілігіне дақ түсіре алмайды. Менің адасқан қызметшімді жөн сілтеп, жолға салып жіберген осы. Сол жақсылығының өтеуін қайтарайын деп келдім. Мен оған дауыс сыйлаймын, ал сендер даусына лайықты сөз сыйлаңдар! – Осылай дейді де ол Эзоптың тіліндегі сөйлеуге кедергі жасап өсіп кеткен арам еттерді сылып тастайды. Содан соң оған үн салады да, музаларға әрқайсың өз қолдарыңнан қасиетті бойына дарытыңдар дейді. Сөйтіп олар оған қиыннан қиыстырып сөз табатын, грек тілінде мысал шығаратын дарын сыйлайды.
Ұйқысы әбден қанып оянған Эзоп:
– Қатты ұйықтаппын ғой! – дейді. Үні шығып кеткеніне таң-тамаша болып біраз тұрады да, өзіне-өзі сенбей тексергісі келіп айналадағы заттарды атай бастайды. Ақиқатқа көзі жеткен соң қуаныштан айғайлап жібереді:
– Мен сөйледім! Алақай, тілім шықты! О, Құдайдың құдіреті, қалайша сөйлеп кеттім? Ненің шапағаты бұл? Аһ, енді түсіндім! Исиданың қызметшісіне көрсеткен жақсылығым үшін екен ғой! Біреуге ізгілік жасау деген неткен ғажап нәрсе десеңші!..
Күрегін қуана қолына алып, қайтадан жұмысына кірісіп кетеді. Осы кезде шаруашылық басшысы Зенас атызды аралап, жұмысшыларды тексеріп жүрген болатын. Зенас ұр да жық, қатыгез жан еді. Эзоптың көзінше бір жұмысшыны таяқтың астына алып төпей жөнеледі. Эзоп шыдай алмай:
– Достым, ол бейшараның не жазығы бар, саған ештеңе істеген жоқ қой! – дейді. – ¥рып-соғып неге сонша аяусыз қорлайсың? Өзің бізге ойыңа келгенді істейсің, ол үшін бірақ ешкім сені ұрып-соқпайды ғой!
“Бұл не? – деп Зенас шошып кетеді. – Эзопқа тіл біткен бе? Сұмдық-ай, сөйлегені аздай, маған ә десе, мә деп тұр ғой! Пәле тауып, қожайынға жамандап қоймасам, түбіме жетіп жүрер, қызметімнен айырылып қалармын. Мылқау кезінің өзінде ымдап “осыдан қожайын келсін, бәрін ишаралап айтам” дейтін. ЬІмдап жеткізетін адам, тілі шыққан соң аясын ба. Қой, пәленің алдын алу керек!”
Үрейленген Зенас атқа міне салып, қалаға қарай шаба жөнеледі. Құйғытқан күйі қожайынның үйіне келіп, аттан қарғып түседі, шылбырды есіктің тұтқасына байлап, алқын-жұлқын үйге кіріп барады. Амандық-саулық жоқ:
– Қожайын – дейді айғайлап.
– Не болып қалды? – дейді қожайын таңырқап.
– Көз көріп, құлақ естімеген сұмдық болды.
– Не, ағаштар уақытынан бұрын жеміс берді ме, әлде қойдың бірі балаға ұқсас қозы тапты ма?
– Жоқ, қожайын.
– Ендеше, ол не сұмдық? Жасырмай айт кәне бәрін!
– Әлгі сен жер қашауға жіберген арамтамақ Эзоп бар ғой, әлгі шартық қарын ше…
– Не? Ол туып қалды ма? – дейді қожайын көзі бақырайып.
– Бүйткенше туғаны жақсы болар еді! – дейді Зенас одан сайын төндіріп. – Мылқау еді ғой, аяқ астынан тілі шығып сайрап кетті.
– Сөзің бар болсын! – дейді қожайын көңілі жайланып. – Сол ма сенің сұмдығың?
– Сұмдық болғанда қандай!
– Оның несі сұмдық? – дейді қожайын. – Құдай қаһарын төгіп бейбақты бір кезде тілінен айырған шығар, енді мейірімі түсіп тілін қайтадан шығарған болар, сол ма сұмдық деп тұрғаның?
– Әлбетте, қожайын! – дейді Зенас. – Аузын ашып сөйлей бастағаннан мен туралы айтпағаны жоқ, ал сен туралы айтқан ғайбатын естуге тіпті дәтің шыдамайды!
Қожайынның іші қылп етіп, көңілін үрей билейді.
– Ендеше сатып, оның көзін құрт!
Зенас шоршып түседі:
– Мазақ қылғың келе ме, қожайын? Оның қандай кеспірсіз құбыжық екенін өзің білесің емес пе? Ондай маймылды кісі орнына кім сатып алушы еді?
– Мейлі, ендеше тегін-ақ бере сал, – дейді қожайын. – Егер ешкім алғысы келмесе, соғып-соғып өлтіріп таста.
Сөйтіп Зенас Эзопты басыбайлы өз ғұзырына алады. Атына мініп кері қайтады. “Міне, енді Эзопқа не істесем де өзім білем! – деп ойлайды Зенас жолда келе жатып. – Біреуге сыйға тартам ба, сатам ба, өлтірем бе – өз еркім. Бірақ маған жасаған ешқандай жамандығы жоқ қой. Несіне өлтіремін? Оданда сатып жіберейін.”
Құдайдың мейірімі түсіп жарылқағанынан Эзоп міне осылай пайда көріпті.
Дәл осы сәтте құл сатып алушы бір саудагер қыстақтан қалаға қарай келе жатады. Ауыр жүк арқалаған құлдарын аяп, жолай бір көлік сатып алмақшы болады. Зенас оны ежелден таниды екен, екеуі жолда ұшыраса кетеді. Амандық-саулықтан кейін саудагер:
– Зенас, жалға беретін не сататын көлігің бар ма? – деп сұрайды.
– Болса бұйырмасын! – дейді Зенас ант-су ішіп. – Егер қаласаң, арзанға сататын құлым бар. Саудагердің көзі жанып кетеді:
– Қаласаң деген сөз бе екен, мен саудагер емеспін бе, арзан құлды неге алмасқа!
– Ендеше жүр! – Саудагерді атызға ертіп келеді де Зенас бір құлға:
– Тез бар да Эзопты шақырып кел! – деп бұйырады. Құл жүгірген күйі атыздың бір шетінде ақ тер-көк тер жұмыс істеп жатқан Эзопты тауып алады да айғай салады:
– Эзоп, күрегіңді таста да ер соңымнан. Қожайын шақырып жатыр.
– Қай қожайын? – дейді Эзоп одан ежіктеп. – Нағыз қожайынның өзі ме, әлде әлгі басқарушы ма? Өйткені ол қожайын емес, басқарушы ғана, анықтап айт, шатастырма: ол да біз сияқты басы ноқтадағы құл.
“Мәссаған! – деп ойлайды құл – Бұған не болды? Тілі шығар-шықпастан жағаласпаған кісісі қалмады!”
Эзоп күрегін жерге тастай салып:
– Құлға құл болғаннан өткен азап бар ма екен! – дейді басын шайқап. – Құдайдың өзі бұған лағынет айтқан. “Эзоп, ыдыс-аяқты жу! Эзоп, моншаға от жақ! Эзоп, су әкел! Эзоп, малға жем сал!” Дүниедегі ең лас, құлға лайықты ең қорлық жұмыстың бәрін Эзопқа итереді. Бірақ енді құдайдың шапағаты түсіп, сөйлей алатын болдым. Осыдан қожайын келсінші, бәрін айтамын, мына есерсоқ бастықсымақтың әуселесін сонда көрермін! Ал әзірге оның бұйрығын орындамасқа амал жоқ. Кәне, кеттік, достым!
Құл Эзопты дедектетіп Зенастың алдына ертіп келеді. Зенас:
– Саудагер мырза, міне, мынаған қара! – дейді. Саудагер бұрылып, Эзоптың сүрепетсіз сорлы түрін көріп:
– Мынауың ергежейлілер мен ұзын сирақ тырналар соғысқанда керней тартуға жараса жақсы. Құдайым-ау, бұл адам ба, шалқан ба немене өзі? Егер сөйлемесе, таяққа кигізіп қойған шелек не астық толтырған қапшық па деп ойлап қалар едім. Ой, Зенас, сен мені әбден қапа қылдың, сатуға дені түзу біреу таппадың ба, мына құбыжық сорлыға бола қаншама уақытым кетті, баяғыда-ақ үйіме жетіп қоятын едім! – Саудагер ашулы кейіппен жалт бұрылып жүре береді. Сол кезде Эзоп оның етегінен шап беріп оратыла кетеді.
– Тоқтай тұршы! – дейді өтініп.
– Жібер! – Саудагер қолын қағып жібереді. – Құдай қор қылып жаратқан сорлы неме. Не айтайын деп едің маған?
– Мұнда не үшін келдің? – дейді Эзоп.
– Сені сатып алайын деп келгенмін.
– Ендеше неге сатып алмайсың?
– Онда сенің шатағың болмасын! Сатып алғым келмейді.
– Мені сатып алшы! – дейді сол жерде Эзоп жалынып. – Ант етейін, өкінбейсің. Менен көп пайда көресің.
– Сенен маған қандай пайда бар? – дейді саудагер кекетіп. – Есім ауысып сені сатып алғандай болсам, не пайда көрсетесің?
– Құлдарыңның арасында тамақ сұрағаннан басқа қолдарынан түк келмейтін кішкентай балалар бар емес пе?
– Бар, – дейді саудагер.
– Ендеше мені сатып ал да, соларға бас-көз қылып қой. Менің құбыжық түрімді көргеннен-ақ олардың зәресі ұшып, бұзықтық жасағанын қояды.
– Мынауың табылған ақыл екен! – деп саудагер Зенасқа бұрылады. – Мына құбыжықты қаншаға сатпақшысың?
– Үш оболға.
– Қылжақты қой, қанша сұрайсың?
– Қаншаға алғың келсе, соншаға ал! – дейді Зенас қолын сілтеп. Сөйтіп саудагер Эзопты мардымсыз тиын-тебенге сатып алады.
Саудагер Эзопты қалаға алып келіп, өзінің құлдарының арасына қосады. Сол жерде екі баланы анасы тамақтандырып жатады. Балалар Эзопты көрген бойда бақырып аналарының бауырына тығылады.
– Міне, көрдің бе, – дейді Эзоп саудагерге. – Айтқаным айдай келген жоқ па. Енді сенің тентек балаларды қорқытатын құбыжық қарақшың бар. – Саудагер мырс етіп күліп жібереді де:
– Әне, асханада сенің жолдастарың отыр, – дейді. – Олар да құл. Соларға барып амандас.
Эзоп асханаға кірсе, бірінен-бірі өткен ажарлы өңкей сайдың тасындай жігіттер отырады.
– Тағдыр қосқан жолдастарға сәлем! – дейді Эзоп даусын көтеріп. – Мен де сендер сияқты құлмын, әйткенмен ештеңе істеу қолымнан келмейді.
Құлдар шуылдап қоя береді.
– Қожайынның есі ауысқан шығар, мынандай құбыжықты неменеге сатып алып жүр? – дейді бірі.
– Неге сатып алғанын білесің бе? – дейді екіншісі ойнақыланып.
– Неге?
– Біздің тобымызға көз тимесін деп сатып алған ғой.
Сол кезде ішке қожайын кіріп келеді.
– Құлдарым, сорларың мұндай қалың болар ма. Көлік сатып алудың да, жалдап алудың да сәті түспеді. Сондықтан жүкті арқалауға ыңғайлы қылып бөліп алыңдар, ертең жолға аттанамыз, – дейді. Құлдар екіден жұптасып, жүкті бөлісуге кіріседі. Эзоп кенет олардың алдына тізерлей кетіп жалына бастайды:
– Достар, өтінемін сендерден, мен араларыңа жаңадан келген адаммын, әлсізбін, маған алып жүруге жеңілдеу нәрсе беріңдерші!
– Ештеңе тасымай-ақ қой! – дейді құлдар.
– ¥ят қой. Құлдардың бәрі жүк арқалап алғанда, менің салаңдап бос жүргенімді көрсе қожайын не дейді?
Құлдар өзара ақылдасып:
– Неғып бұл сонша құлшынып қалды? Көңілің қалағанды арқалай бер! – дейді. Эзоп лайықты не бар екен дегендей айналасына қарайды. Сандық, зат нығарланған қанарлар. Тең, бума, құмыралар. Кенет бір шетте нан салынған дәу себетті көреді, төрт адам алып жүрмекші болып дайындалып жатыр екен.
– Достар, мына себетті маған беріңдерші. Жалғыз осыны ғана алып жүрсем жетеді! – дейді өтініп.
– Мұндай ақымақты көрсем көзім шықсын! – дейді құлдың бірі басын шайқап. – Жеңілдеу бірдеңе сұрап тұрып, ең ауырын таңдағанын көрмейсің бе!
– Жоқ, – дейді екінші құл – Ақымақ емес. Әбден қарыны ашқан ғой. Жақын жерден қол салып, емін-еркін бір тоймақшы. Мейлі, себетті осы-ақ көтерсін!
Құлдар себетті төрт жақтап көтеріп, Эзоптың арқасына артады. Эзоп тау көтерген алыптай арлы-берлі шайқалақтап келе жатады. Мұны көрген қожайын аузын ашып таң-тамаша болады:
– Мәссаған, мына Эзопың мықты екен ғой. Көлік көтеретін жүкті жалғыз өзі көтеріп келе жатыр. Мұны сатып алып қанша ақша үнемдегенмін десеңші!
Құлдар жүктерін жұптаса көтеріп, Эзоптың іс-әрекетіне күлумен болады. Жол қайқаңға өрлегенде Эзоп себетін тіс, тырнағымен тартып, сүйреп, мықшыңдап жүріп әзер дегенде дөң басына шығарады, ал құлдилағанда қиындығы жоқ, оп-оңай, себет еңіске қарай өзі сырғып отырады, Эзоп тіпті кейде үстіне отырып алады.
Өліп-талып дамылдайтын бекетке келіп жетеді. Саудагер:
– Ей, Эзоп, әрбір жұпқа бір бөлке наннан бер! – деп бұйырады.
Құлдар көп, бәрі үлесін алып болғанда, себет жартылай босап қалады. Жүрек жалғап, сәл тыныққан соң жүктерін арқалап тағы да жолға шығады. Енді Эзоптың жүрісі бұрынғыдай емес, ширай түседі. Сөйтіп, тағы бір бекетке жетеді, Эзоп тағы да нанды құлдарға үлестіріп береді – себет мүлдем босап қалады. Бос себетті иығына салып алып елдің алдында қарыштай басып кетіп бара жатады. Құлдар күңкілдеп бір-біріне қарайды:
– Мына елдің ең алдында қайқаңдап кетіп бара жатқан кім? Біздің адам ба әлде бөтен біреу ме?
– Білмеймін, – дейді біреу. – Әлгі жаңадан келген-ау деймін, әлсіз болса да қашыр көтере алмас дәу себетті тәлтіректеп көтеріп келе жатыр еді ғой.
– Иә, – дейді екіншісі, – ақылдан құралақан емес екен!
Әңгімеге үшінші құл араласады:
– Мұндайлар түрі оңып тұрмағанмен, ақылға жүйрік болады. Ол нан салынған себетті алып жүрейін деп әдейі сұрап алды, міне, көрмейсің бе, нан барған сайын азайып, таусылуға тақалды, ал біздің арқалаған жүгіміз сол қалпында, әлі мықшыңдап келеміз.
– Қап! – дейді төртінші құл тісін шықырлатып, – бұл залымды асып өлтірсе обал жоқ!
Ақыры азапты ұзақ сапар бітіп, Эфеске жетіп жығылады. Саудагер құлдарын өзі діттеген бағаға сатып көңілін бірлейді. Тек үш құл ғана – бірі мұғалім, бірі музыкант екі жігіт пен Эзоп сатылмай қалады. Оларға ешкім ойындағыдай баға бере қоймайды. Бір танысы оған:
– Егер оларды шынымен жоғары бағаға сатқың келсе, Самос аралына бар, – дейді. – Ол бай жер, онда Ксанф-философтың арнайы мектебі бар, оған Грекиядан да, Азиядан да жан-жақтан жұрт ағылып келіп жатады. Біреу болмаса, біреу сабағын жеңілдету үшін мұғалімді сатып алар. Көңіл көтергісі келген музыкантты қағып кетер. Бәлкім есалаң біреу жолығып, мына үшінші құлыңның да өтіп кетпесіне кім кепіл, сатып алып күзетші не аспаз қылып қояр.
Саудагер бұл ақылды хош көреді де құлдарын алып, кемемен Самосқа жетеді. Сол жерде үй жалдап, құлдарын сатуға дайындай бастайды.
Музыкант келісті, көркем жігіт еді, қожайын үстіне ақ желбегей, аяғына үшкір тұмсық сандал кигізіп, шашын әдемілеп тарап сахнаға шығарады. Екінші жігіттің аяғы жіңішке болатын, соны көрсетпей жауып тұру үшін малынған ұзын етекті желбегей кигізеді, шашын тарап оны да сахнаға шығарады. Ал Эзопты қалай жасандырса да киген киімі жараспай сүрепеті кетіп ербиіп тұрады. Содан соң басын қатырмай, үстіне кенеп шекпен кигізіп, белін шүберекпен ширатып буа салады да сымбатты екі жігіттің ортасына тұрғызып қояды. Жаршы құлдар сатылатынын айғайлап айналаға жар салады. Жиналған халық құлдарға қарап өз бағаларын бере бастайды. “Ой, қандай келісті жігіттер десеңші. Орталарындағы мына бір сорлы неғып тұр? Үсқыны қандай жаман еді! Ей, адамның жүрегін айнытпай әкет мына құбыжықты!” деседі, бірі сымбатты жігіттерге сүйсіне қараса, екіншілері Эзоптан жиіркене сырт айналып. Қанша қорлықты сөз естісе де Эзоп түк болмағандай мелшиіп тұра береді.
Осы уақытта Ксанф философтың әйелі де базар аралап жүрген болатын. Төрт жағынан төрт құл көтерген зембілдің үстінде отырып жаршының айғайын құлағы шалады. Үйге келген соң күйеуіне:
– Отағасы, үйде құл аз екенін білесің ғой, күңдерімнің бәрін сен ылғи алып кетіп қаласың. Бүгін базарда құл сатып жатыр екен, бар да жұмысқа ұсынықты бір жақсы жігіт сатып әкел! – дейді. Ксанф мақұл көреді. Әуелі философ шәкірттеріне барып сәлемдесіп, біраз дәріс өткізеді де базарға жиналады. Шәкірттерін ертіп алады. Анандайдан екі сымбатты жігіт пен қасында тұрған құбыжықты көріп, саудагердің тапқырлығына таңғалады:
– Қандай керемет ойлап табылған ақыл десеңші! – дейді сүйсініп. – Жарайсың, саудагерім, қу әрі ақылды, нағыз философ екенсің! Саған тіпті таңғалып тұрмын!
– Не туралы айтып тұрсың, ұстаз? – деп сұрайды шәкірттер. – Мұнда қайран қалатындай не бар? Ол не құпия, жасырмай айтыңызшы бізге?
– Құрметті шәкірттерім! – дейді Ксанф сонда. – Философияны тек талдап-талқылау деп қана ұқпаңдар, философия адамның іс-әрекетінде де болады. Кейде үнсіз, әрекет арқылы көрініс табатын философия сөзбен айтылатын философиядан асып түсіп жатады. Оның бір мысалын бишіден көруге болады. Бишінің қолдары үздіксіз қозғалыс арқылы құбылыстың мәнін түсіндіреді, сөйтіп дүниеге деген философиялық көзқарасын үнсіз жеткізеді. Ал мына жерде саудагер екі жігіттің сұлулығын бадырайтып көрсету үшін сұрықсыз құбыжықты әдейі екеуінің ортасына қойған. Егер сұлудың жанына сұрықсызды қоймасаң, әдемілігі онша байқалмай қалады ғой.
– Кереметсіз, ұстаз! – дейді шәкірттері тәнті болып. – Неткен көріпкел дана едің, оның ішіндегі ойын қалай біліп қойдың!
– Жүріңдер, – дейді Ксанф шәкірттеріне. – Маған қызметші керек, мына құлдардың бірін сатып алайын.
Бірінші құлдың жанына келіп:
– Қай жақтансың? – деп сұрайды.
– Каппадакияданмын.
– Есімің кім?
– Лигурин.
– Қолыңнан не істеу келеді?
– Бәрі келеді! – деп жауап береді құл. Осы кезде Эзоп қарқылдап күліп жібереді. Бірақ жай тісі ақсиғаны болмаса, беті бүлк етпейді, сол тұнжыраған қалпы. Шәкірттер таңырқап бір-біріне қарасады.
– Бұл неғылған тісі ақсиған пәле? – дейді бірі.
– Неменеге қарқылдап күледі? – дейді екіншісі.
– Күлген жоқ, селкілдеп тұр, – дейді үшіншісі. – Кәне, не дейді екен сұрайыншы.
Желке тұсынан жақындап барып Эзоптың етегінен тартады:
– Неге күлесің, сұлу жігіт?
Эзоп жалт бұрылып:
– Жоғал, хайуан! – дейді. Мұндай зекуді күтпеген шәкірт қаймығып жасып қалады. Ксанф саудагерден:
– Мына музыкант қанша тұрады? – деп сұрайды.
– Мың денарий.
Саудагердің аранын көріп түңілген Ксанф екінші құлдың жанына келеді.
– Қай жақтан келдің?
– Лидиядан келдім.
– Есімің кім болады?
– Филокал.
– Қолыңнан не келеді?
– Бәрі келеді – дейді құл. Мұны естіп Эзоп тағы да қарқылдап күледі. Шәкірттер бір-біріне қарап:
– Мынау неменеге күле береді? – дейді.
– Мен барып сұрар едім, тағы да хайуан деп балағаттайтын шығар! – дейді бірі жүрексініп.
– Мына мұғалім қанша тұрады? – деп сұрайды Ксанф.
– Үш мың денарий!
Мұндай бағаны естіген соң Ксанф ары қарай ләм-мим деместен жалт бұрылып жүре береді. Шәкірттер жолын кес-кестейді:
– Үстаз, құлдар сізге ұнаған жоқ па?
– Үнады, – дейді философ. – Бірақ менің қымбат құлды сатып алмаймын, арзанын пайдаланамын деген өз қағидам бар.
– Егер қымбатын сатып алғыңыз келмесе, әне бір сұрықсызын сатып алыңыз, – дейді шәкірттердің бірі. – Жұмысты ешкімнен кем істемес. Ақшаны біз-ақ сізге жинап берейік.
– Ақшаны сендер жинап, құлды мен сатып алғаным ұят қой, – дейді Ксанф. – Оның үстіне әйелім өте кірпияз адам, сүрепетсіз, құбыжық құлды көргенде ат-тонын ала қашар.
– Үстаз, әйелді тыңдамау керек деп өзіңіз бізге ылғи айтушы едіңіз ғой? – дейді шәкірттері сонда. Ксанф сөзден тосылып еріксіз көнеді:
– Жарайды, сендердің ақшаларыңды құр далаға шашпас үшін, әуелі қолынан не келер екен сұрап білейік.
Ксанф Эзоптың жанына келіп сәлемдеседі:
– Амансың ба!
– Мені ауыру деп саған кім айтты? – дейді Эзоп. Шәкірттер ұтқыр жауапқа тәнті болады. “Дұрыс айтады, шынында да ауыру емес қой!” деседі бір-біріне. Ксанф сыр білдірмей ары қарай жөн сұрайды:
– Кім боласың?
– Ет пен сүйектен жаралған адаммын.
– Оны айтып тұрған жоқпын, шыққан жеріңді айтамын.
– Анамның құрсағынан шықтым.
– Тіфу, тіліңе теріскен шыққыр, – дейді Ксанф күйініп. – Оны сұрап тұрғамын жоқ, қай жерде тудың деймін?
– Оны маған анам айтқан жоқ. Бәлкім жатын бөлмеде, бәлкім ас бөлмеде туған шығармын.
– Қай жерліксің деп сұрап тұрмын! – дейді Ксанф та өршеленіп.
– Фригиялықпын.
– Қолыңнан не келеді?
– Ештеңе де келмейді.
– Ештеңе келмегені қалай? – деп Ксанф таңғалады.
– Солай, – дейді Эзоп жайбарақат. – Мына екі жігіт менсіз де бәрін істей аламыз деген жоқ па!
Шәкірттер бірін-бірі шынтағымен түртеді: “Тауып айтты. Мына екі жігіт құр бөсіп тұр, шынында да бәрін істей алатын адам бола ма? Сондықтан ол қолымнан ештеңе келмейді” деп әдейі айтып тұр. Күлгені де сондықтан.”
– Менің сатып алғанымды қалайсың ба? – деп сұрайды Ксанф. Эзоп оған:
– Сен не, мені кеңесші қылып сатып алып па едің? – дейді. – Менен неменеге сұрайсың? Сатып алғың келсе – сатып ал, алғың келмесе – қайқай, менің онда жұмысым жоқ. Менің сатушым алушыны етегінен ілгек салып өзіне тартып әкелмейді. Мені сатып ал деп сені қыстап тұрған ешкім жоқ. Не істейтініңді өзің біл. Алғың келсе, ақшаңды шығарып, тиісті ақысын төле, алғың келмесе, неменеге ауыз ауыртасың.
– Сен ылғи да өстіп сөйлеп, сарнап тұрасың ба? – деп сұрайды Ксанф. Эзоп одан ары желпіне түседі:
– Сайрағыш құстың бағасы қымбат болады!
Шәкірттер өзара күбір-күбір етеді: “Мәссаған, мынау біздің ұстаздың аузын аштыратын емес қой, тіпті!”
– Мен сені сатып алам, – дейді Ксанф. – Тек қашып кетіп жүрмейсің бе?
– Қашқым келсе қашамын, сенің менен сұрағаның сияқты, мен сенен сұрамаймын. Қашу-қашпауым саған байланысты ма, әлде маған байланысты ма?
– Әлбетте, өзіңе байланысты.
– Жоқ, саған байланысты.
– Неге олай дейсің?
Сонда Эзоп:
– Егер сен құлдарыңа жақсы қарасаң, ешкім де қашпайды, – дейді. – Жақсы жерден кісі безе ме екен, кім аш-жалаңаш, көрінгеннен қорқып тентірегенді жақсы көруші еді. Егер сен құлдарыңа қатігездік танытсаң, қолыңда бір сағат та, бір минут та тұрмаймын.
“Иә, бұл жігіт басын қатерге тігіп қаша қоймас,” – деп ойлайды Ксанф. Содан соң:
– Бұл айтқаныңның бәрі де жөні түзу адамға лайықты сөз, – дейді. – Бірақ сен сүрепетсіз құбыжықсың ғой!
Эзоп айылын жимайды:
– Сен менің түріме қарама, одан да дұрыстап жан-дүниеме үңіл!
– Сеніңше сонда түр деген не? – дейді Ксанф.
– Мәселен, сен шарапханаға жиі барасың емес пе. Шарап сатып аласың. Шарап ашытқан күбілердің түрі қандай жаман десеңші. Ал ішіндегі шараптың дәмі тіл үйірмей ме?
Ксанф Эзоптың жауабына риза болып арқасынан қағады да, саудагерге барады:
– Мынауың қанша тұрады?
– Сен не, менің тауарымды мазақ қылғың келе ме? – деп саудагер шар ете түседі.
– Қалай? – дейді Ксанф түкке түсінбей.
– Сайдың тасындай екі жігітті көзіңе ілмей, мына жапырайған жаманға құсың түсіп тұр ма? Екі жігіттің бірін сатып алшы, мынаны үстіне тегін-ақ берейін.
– Бәрібір қаншаға сатасың, бағаңды айт? – дейді Ксанф бетінен қайтпай.
– Алпыс денарийге сатып алған болатынмын, тамағына он бес денарий кетті, одан артық ештеңе де сұрамаймын.
Салық жинаушылар сауда жасалып жатқанын естиді де, қастарына келіп “сатушы кім, алушы кім?” деп сұрайды. Ксанф жетпіс бес-ақ денарийге құл сатып алдым деуге аузы бармайды, сатушы да бірдеңе деуге ұялады. Екеуі қипақтап тұрғанда Эзоп айғай салады:
– Сатылған менмін, сатушы – міне, алушы – міне. Екеуінің үндемегеніне қарағанда, мен ерікті адаммын деген сөз.
Сол жерде Ксанф шыдай алмай кетіп:
– Бұл құлды мен жетпіс бес денарийге аламын! – дейді. Салықшылар күліп Ксанфтан тиісті салығын алады да жөндеріне кетеді.
Эзоп Ксанфтың соңынан ереді. ЬІстық мезгіл еді, күн тас төбеде шақырайып тұр. Жұрт аптаптан жасқанып жатса керек, жол үстінде бұлардан басқа тірі жан жоқ. Кенет Ксанф ұзын желбегейінің етегін көтеріп, жүріп келе жатқан күйі мал сияқты сари бастайды. Эзоп мұны көріп ашуланады. Ксанфтың түрілген етегінен шап беріп ұстап өзіне тартады:
– Сен мені одан да басқа біреуге сатып жібер, әйтпесе қашып кетемін, бәрібір мені ұстап тұра алмайсың!
– Не болып қалады сонша? – Ксанф таңырқай қарайды.
– Мені басқаға сат! – дейді Эзоп өзеуреп. – Мен саған қызмет ете алмаймын.
Ксанф өзінше кесіп-пішеді:
– Е, басқаға жала жаппаса жүре алмайтын біреу келіп саған мені жамандаған екен ғой? Құлдарына қатыгез, маскүнем, төбелесқор, қазымыр, есерсоқ деп жақпаған күйесі жоқ шығар? Ондай сандыраққа сенбе. Өсек-аяң тыңдағанға жақсы, бірақ оған бола күйзелудің қажеті жоқ, менің айтар ақылым міне, осы!
– Саған күйе жаққан бөтен біреу емес, өзіңнің зәрің, Ксанф! – дейді Эзоп. – Сен қожайынсың, өзіңе-өзің қожасың. Кішкене кешігіп қалсам ұрып-соғып таяқтың астына алады-ау дейтін емес. Бірақ соған қарамастан тіпті кіші дәрет сындыру үшін де сәл тоқтағың келмей, жүріп келе жатып хайуан сияқты сарып келесің. Бұл түріңмен мына мен сияқты құлыңа жұмысқа жұмсаған кезде не істейсің? Сірә, зымырап келе жатып бұтыма жіберуіме тура келетін шығар!
– А-а, қорқынышың енді белгілі болды! – дейді Ксанф мән-жайді түсініп.
– Қорықпағанда ше! – дейді Эзоп.
– Үш түрлі ыңғайсыздықтан қашу үшін жүріп келе жатып саримын, – дейді Ксанф ағынан жарылып.
– Ол неғылған үш ыңғайсыздық?
– Ыстық топырақ, сасыған зәр, қайнаған күн.
– Сонда қалай?
– Міне, байқайсың ба, – дейді Ксанф, – күн тас төбеде шақырайып тұр, топырақ дегенің шоқтай қариды, міне сондықтан, егер мен бір орында тұрып сарысам, топырақ аяғымды қарыр еді, зәрдің иісі танауыма қабар еді, ал күн төбемді күйдірер еді. Осы үш ыңғайсыздықтан қашып, әдейі жүріп келе жатып зәр сындырдым.
– Енді бәрі түсінікті болды, – дейді Эзоп. – Жарайды, сөз таластырмай-ақ қояйын, жүре бер.
– Оһо, – дейді Ксанф басын шайқап. – Мен құл емес, өзіме қожайын сатып алғамын-ау деймін.
Сөйтіп олар үйге де жетеді. Есік алдына келгенде Ксанф қипақ қағады:
– Эзоп, менің әйелімнің мінезі шатақ еді, сондықтан барып ескертіп шығайын, сен оған дейін дарбазаның алдында күте тұр. Әйтпесе, бірден кіріп барсақ, сенің мына сиқыңды көріп, шошығаннан жасау-мүлкін алып тұра қашар.
– Жарайды, – дейді Эзоп, – әйеліңнің табанының астында тапталып жүрген сорлымын де, бара бер!
Ксанф самбырлай сөйлеп, табалдырықтан аттайды:
– Ал, сүйіктім, күңдерімді тартып аласың деп өкпелегенді енді қоятын шығарсың. Мен саған құл сатып әкелдім!
Әйелі есі шығып қуанып кетеді:
– Құдіреті күшті Афродита иеме мыңда бір рахмет! Тегін аян бермеген екен ғой. Түсімде сен елден асқан сұлу құл сатып алып, маған сыйлап жүр екенсің!
– Тоқтай тұр, сүйіктім! Сен ондай сымбатты еркекті өміріңде көрген жоқсың. Оның жанында Аполлон мен Ганимед, Эндимиондар жол қалады!
Мұны естіп тұрған малай әйелдер де қуанып кетеді. Бір жас қыз тіпті қолын шапалақтап жібереді:
– Қожайын мұны маған күйеу болсын деп сатып әкелді!
– Жоқ, маған! – дейді екіншісі. – Мен, оны түсімде көргенмін.
– Кім бұрын айналдырып алса, ол соныкі! – дейді үшінші қыз.
– Айналдырып алатын кісі, сенбісің?
– Бәлкім сен айналдырып аларсың? Дәмесінің зорын!
Қыздар көрмей жатып таласып, бір-бірімен ұрсыса жөнеледі.
Әйелі Ксанфтан тағатсыздана сұрайды:
– Иә, әлгі аяғын жерге тигізбей мақтаған жігітің қайда?
– Дарбазаның алдында тұр, сүйіктім, – дейді Ксанф. – Тәрбиенің бірінші ережесі – біреудің үйіне шақырусыз кірме деген. Міне, ол сол ережені сақтап, менімен бірге дарбазаға дейін келді де, енді шақыруды күтіп сол жерде тұр.
Әйел күңдеріне бұрылады:
– Біреуің ана жаңадан келген құлды шақырыңдаршы!
Ақылды, еті тірілеу бір малай қыз басқалар ұрсысып жатқанда: “Бұрын барып танысып алайын!” деп, лып етіп сыртқа шыққан болатын.
– Әлгі жаңа құл қайда? – деп дабыстайды жан-жағына қарап. Эзоп жалт бұрылады:
– Мұндамын, бойжеткен!
Қыз өз көзіне өзі сенбей абдырап тұрып қалады:
– Жаңа құл шынымен сенбісің?
– Иә, менмін!
– Ендеше құйрығың қайда? – дейді өткір тілді малай қыз қағытып. Эзоп оның бетіне тесіле бір қарап алады да маймыл деп мазақтап тұрғанын түсініп, кекете үн қатады:
– Құйрығым мүлдем сен ойлап тұрған жерде емес. Сен оны артымда деп ойлап тұрсың ғой, жоқ, ол – алдымда!
Малай қыз:
– Тоқта! – дейді алдын кес-кестеп. – Осы жерде кірмей тұра тұр, әйтпесе сендей құбыжықты көргенде үйдегілер тұра қашып жүрер!
Жүгіріп үйге кіреді, малай қыздар әлі таласып, бір-бірімен ұрсысып жатыр екен. Сырттан кірген қыз оларға:
– Ой, құрбыларым-ай, босқа арам тер болып қайтесіңдер – дейді. – Сол жігітке бола қызылшеке болмақсыңдар ма? Әуелі қандай сұлу екенін өз көздеріңмен көрмейсіңдер ме?
Бір қыз шыдай алмай сыртқа жүгіріп шығады:
– Жаңа келген менің сүйіктім, сөз жетпейтін сымбаттым қайда?
– Мұндамын! – дейді Эзоп басын көтеріп. Малай қыздың екі көзі алақандай болады.
– Құдай төбеңнен ұрсын, құбыжық неме! Саған бола қызылкеңірдек болып жүрген бізде ми жоқ. Бүйтіп жер басып жүргенше құрып кет! Кәне, бері жүр, байқа, маған бір жерің тиіп кетпесін, жақындаушы болма!
Эзопты көрген қожайын әйел қып-қызыл боп ызаға булығып күйеуіне бұрылады:
– Байқаймын, Ксанф, сен айлакер, нағыз философ әрі барып тұрған алаяқтың өзі екенсің. Басқа әйел алмақ ойың бар екен ғой, пәлекет. Маған кет деп тура айтуға дәтің шыдамаған соң істеп тұрған айлаң ғой бұл. Менің талғамым өте нәзік екенін білесің, мына ұсқынсыз құбыжықты үйге алып келсем, өзі-ақ безіп кетеді деп ойлайсың ғой? Жарайды! Жасау-мүлкімді қайтарып бер, төркініме кетейін!
Ксанф Эзопқа қарап иегін қағады:
– Неғып аузыңа маржан салғандай үндемей тұрсың? Менің жүріп келе жатып зәр сындырғанымды көріп, жер-жебіріме жетіп едің, мына қатынға айтар бір ауыз сөз таба алмай қалдың ба?
– Сөз шығындап қайтем! – дейді Эзоп нәумез ғана. – Кетсе кете берсін, жолы болсын!
– Оттама, сүмелек! – дейді Ксанф ызадан жер тепкілеп.
– Менің оны өлердей сүйетінімді көрмей тұрсың ба?
– Сен бұл әйелді шынымен сүйесің бе?
– Иә.
– Оның кетпегенін қалайсың ба?
– Иә, деп тұрмын ғой, жетесіз жарымес!
– Жарайды, мен онда оған жауап қатайын!
Эзоп ортаға шығады да жер тепкілеп айғай салады:
– Ксанф философтың әйелі не айтса, соған көнетін ынжық сорлы екенін ертең-ақ бүкіл шәкірттерге жария етемін!
– Ол ненің ақысы, Эзоп? – дейді Ксанф таңырқап. Эзоп жауап қатпай, әйелге бұрылады:
– Ханым, ақылымды тыңдасаң, былай істе. Күйеуің бір жаққа кеткен кезде, өзіңе ұнайтындай құл сатып ал – жас, әдемі, тіл алғыш, шашы бұйра, көзі оттай жанған…
– Неге? – дейді әйел түкке түсінбей.
Негесі бар ма? Ол сұлу жігіт сені моншаға алып барады, киіміңді шешіндіреді, ол сұлу жігіт, моншаға түсіп болған соң сені киіндіреді, еңкейіп шәркейіңнің бауын байлайды, сенімен қалжыңдасады, ғашық болып қалғандай тесіліп көзіңе қарайды, дәл бір сен емес, ол сені сатып алғандай болады, ал сен болсаң оған күлім қағасың, көзіңді алмай қадаласың, аяғымды сипашы деп жатын бөлмеңе шақырасың, сол жерде алқынып арпалысқа түсесің, сол жерде оны құшақтай аласың, сол жерде оны сүйесің, сол жерде ақыры дегеніңе жетіп, күнәға батып тынасың; ал философ болса, масқара болып елдің күлкісіне ұшырайды. О, дана Еврипид:
“Көкке шапшып долырған толқын үсті,
Тасыған су, лаулаған өрт… – қорқынышты.
Жоқшылық, жалғыздық… ойласаң қорқыныш көп,
Бірақ әйелдің зұлымдыгынан асқан қорқыныш жоқ!”
деген сөзің неткен асыл еді! Философтың жұбайы, ақылды әйел бола тұрып, қалайша тек әдемі құлдардың қызмет еткенін қалайсың? Өсекке қалып, күйеуіңді мазаққа ұшыратарыңды неге түсінбейсің? Байқаймын сен, нағыз салдақының өзі екенсің, жаңа құлыңның қолынан не келетінін білмегендіктен өз нәпсіңе ерік бермей тұрсың!
– Бұл не сұмдық? – дейді әйел абыржып. Ксанф жұбайының бетіне қарап мырс етеді;
– Бұл қазір де майын тамызып тамаша сөйлеп тұр. Бірақ, сүйіктім, түзге отырған кезіңде оның көзіне түсуші болма, ондайды көрсе, нағыз Демосфеннің өзі болып шыға келеді!
– Бұл адам сиықсыз құбыжық болса да ақылды екен! – дейді әйел еріксіз мойындап. – Несі бар. Мұндай адаммен мен тіл табысып бітімге келуге әзірмін.
Ксанф риза қалыппен құлға қарайды;
– Естідің бе, Эзоп, әйелім сенімен татуластым деп тұр! Сонда Эзоп;
– Міне, қожайын, әйелді тәубесіне түсіріп жуасыту үшін ақыл керек! – дейді.
Ксанф Эзоптың ақылды, тапқырлығына тәнті болып, арқасынан қағады. Содан соң:
– Кәне, Эзоп, қапшық ал да соңымнан ер! – дейді. – Бақшашыға барып түскі асқа көкөніс сатып әкелейік.
Эзоп қапшықты иығына асып алып, қожайынның соңынан ілеседі. Ксанф бақшашыға келіп бұйымтайын айтады. Бақшашы бірнеше капуста кесіп, қызылша жұлып, басқа да көкөністерді әдемілеп түйіп Эзопқа ұстатады. Ксанф әмианын ашып, ақша ала бергенде:
– Бұл ненің ақысы, ұстаз? – дейді бақшашы.
– Көкөністің ақысы.
– Ол не дегеніңіз? – дейді бақшашы. – Менің бүкіл бақшам, күллі көкөнісім көз қырыңды салып бір қарағаныңа тати ма? Сен одан да маған бір нәрсенің сырын түсіндірші.
– Достым-ау, – дейді Ксанф абдырап, – мен саған пайдалы не айта қояды дейсің? Қол өнерші не ұста емеспін, саған орақ соғып не күрек жасап бере алмаймын. Бар болғаны мен философ қанамын ғой.
– Қайырымды мырза, – дейді бақшашы. – Бұл дүниенің сырын сен білмегенде кім біледі. Мені бір мәселе толғандырады. Күндіз-түні есімнен кетпейді, қалай ойласам да ақылым жетпей қор болдым. Міне, мен жерге өсімдік егемін. Оны түптеймін, суарамын, қолымнан келгенше баптаймын, бірақ қалай күтіп-бақсам да арам шөп олардан жылдам көктеп шығады. Мұның мәнісі не?
Ксанф мұндай философиялық сұраққа бірден жауап бере алмай, ойланып барып тіл қатады;
– Бәрі Құдайдың жазуымен болатын іс қой.
Теріс қарап тұрған Эзоп қарқылдап күліп жібереді сол жерде. Ксанф секемденіп жалт қарайды:
– Эзоп, менің айтқанымды қолдағаның ба, әлде маған күліп тұрсың ба?
– Жоқ, саған күліп тұрған жоқпын!
– Ендеше кімді мазақ қылып тұрсың?
– Сенің ұстаздарыңа күліп тұрмын.
– Әй, ант ұрған, – дейді Ксанф ашуланып. – Сен енді бүкіл Элладаға тіл тигізейін дедің бе? Мен Афинаның өзінде ең үздік философтар мен шешендерден дәріс алғанмын. Оларды күстаналайтындай сен кім едің?
– Түкке тұрмайтын бірдеңені айтып тұрсаң, ұстаздарыңа күлмегенде кімге күлемін?
– Мұндай сұраққа басқаша қалай жауап бересің? – дейді Ксанф аңтарылып. – Құдай жаратқан нәрсенің құпиясын ашуға философтар дәрменсіз. Бәлкім мұның басқалай жауабын сен білерсің?
– Сұрасын, айтамын! – дейді Эзоп тайсалмастан. Мұндай жауап күтпеген Ксанф, сасқалақтап қалады:
– Ой, алаяқ неме! Осы уақытқа дейін қаншама оқу орнында философиялық толғаныстарға беріліп дәріс оқыдым. Енді келіп бақшаның ішінде ділмарсып тұрғаным ұят емес пе… Жарайды, солай-ақ болсын, жүр, соңымнан ер.
Екеуі бақшашыға келеді, Ксанф оған:
– Міне, құлымды ертіп келдім, – дейді. – Тапқыр жігіт, нендей сұрағың болса да жауап береді.
– Қалай? – дейді бақшашы таңырқап. – Мына шөп толтырған тұлып бірдеңе біле ме?
Эзоп екі иығы селкілдеп күлсін сол жерде:
– Менімен бұлай сөйлесуге қалай тілің барады, сорлы?
– Мен бе сорлы?
– Сен бақшашы емессің бе?
– Иә, бақшашымын.
– Бақшашы болсаң, сорлы дегенге неменеге шамданасың? – дейді Эзоп тақымдап. – Сонымен сен еккен өсімдігіңді түптеп, суғарып қанша күтіп-баптасаң да арам шөптердің одан бұрын өсетінінің себебін білгің келеді ғой! Ендеше, дұрыстап құлақ сал. Бұл екінші рет байға шыққан әйелдің мысалы сияқты. Ол әйелдің бірінші күйеуінен тапқан балалары, мына күйеуінің бірінші әйелі тапқан өз балалары бар дейік. Демек, ол өз балаларына ана да, күйеуінің балаларына – өгей шеше. Мұның айырмасы жер мен көктей. Өзі тапқан балаларға жанын салып аузына барын тосады, ал бөтеннің өзегін жарып шыққан балаларға қызғанышпен қарайды, олардың несібесін аузынан жырып алып, балаларына бергісі келіп тұрады. Яғни өз қанынан жаратылған балаларды өліп-өшіп жақсы көріп, күйеуінің балаларын өгейсініп шетке қағады. Міне, жер де сол сияқты. Өз бойынан тамыр тартып көктеген нәрсеге ана да, сен еккен өсімдік үшін өгей шеше. Сондықтан ол сен еккен өсімдіктен гөрі өз өркендерінің жақсы өскенін қалайды, соған бүкіл нәрін беруге тырысады.
Бақшашы Эзоптың бұл ақылына қатты тәнті болады.
– Сен менің көп нәрсеге көзімді аштың! – дейді. – Мына көкөністерді саған сыйға тарттым. Бірдеңе қажет болса, келіп тұр. Мына бақшалықты өзіңдікіндей көр, қашан да өзіңе құшағым ашық!..
Бір күні Ксанф Эзопқа:
– Тым ақылгөйси берме, – дейді. – Артық та кем де емес, тек өзіңе бұйырылған нәрсені ғана істе. Әйтпесе, жағдайың қиын болады. Кәне, құты мен сүлгі ал, моншаға барамыз.
Ксанф шешініп, киімін Эзопқа береді де:
– Кәне, құтыны бері әкел, – дейді. Ксанф құтыны еңкейтіп, бос екенін көреді.
– Эзоп, мынаның майы қайда?
– Үйде, – дейді Эзоп.
– Неге?
– Өйткені сен маған: “Құты мен сүлгіні ал” дедің, май туралы ештеңе деген жоқсың. Бұйырғаныңнан артық маған ештеңе істеуге болмайды. Әйтпесе тіліңді алмаған болам да, босқа таяқ жеймін, – деп үн-түнсіз тұрып қалады.
Моншаға Ксанфтың достары да келген екен. Эзопқа қолындағы киімді достарының құлына бергіздіреді де өзіне:
– Үйге бар, – дейді. – Бағана әйелім жынданып, әкелген көкөністің бәрін аяғымен таптап тастағанын көрдің ғой. Сен бізге түстікке бір бұршақ пісіріп қой. Қазанға салып, су құй да ошаққа қойып, астына от жақ. Тасып бара жатса бетін үрле. Бар, бәрін айтқанымдай қылып орында.
– Жарайды.
Эзоп үйге келіп, қазанға бір тал бұршақ салып пісіріп қояды.
Бұл кезде Ксанф моншаға түсіп болып, достарын қонаққа шақырады.
– Достарым, жұпыны болса да дастарқанымнан дәм татып кетпейсіңдер ме? Түстікке тек бұршақ пісіріп қойды, бір-ақ достар көл-көсір дастарқаныңды емес, ықылас-көңіліңді бағалайды емес пе, кейде ағыл-тегіл тамақтан, күліп-ойнап отырып ішкен қара су артық.
– Кеттік! – дейді достары. Ксанф меймандарын үйге кіргізіп, Эзопқа:
– Кәне, аяқ жуатын астауды әкел! – деп бұйырады. Эзоп ішіндегі суын төгіп, бос астауды әкеліп береді.
– Бұның не тағы? – дейді Ксанф қатуланып. Эзоп түк болмағандай қожайынның бетіне қарайды:
– Сен маған “астауды әкел” деген жоқсың ба, енді не керек? “Су құйып, аяғымды жу” деген жоқсың ғой?
Ксанф сөзден тосылып, еріксіз басын шайқайды.
– Шәркейімді шеш те аяғымды дұрыстап жу! – деп бұйырады да меймандарына бұрылады. – Міне, достарым, көрдіңдер ғой, мен өзіме құл емес, ұстаз сатып алдым. Ал енді дастарқанға жақындайық!
Меймандар шөл басып, шарап ішіп көңілдері жайланғаннан кейін Ксанф Эзопқа иек қағады:
– Бұршақ пісті ме?
– Иә.
– Ендеше мұнда әкел, дәмін татып көрейін.
Эзоп бұршақтың дәнін қасықпен іліп алып, қожайынға ұсынады.
Ксанф бұршақты жеп, ризашылықпен басын изейді:
– Жақсы пісіпті. Дәл бабында екен. Кәне, әкел.
Эзоп тарелкелерге құр қайнақ су құйып, үстелге қояды да меймандарға:
– Ас ішіңіздер! – дейді. Ксанф түк түсінбей Эзопқа қарайды.
– Мынау құр қайнақ су ғой, бұршақ қайда?
– Бұршақты жаңа ғана өзің жеп қойдың емес пе?
– Сен не, бір түйір бұршақ қана пісірдің бе?
– Әлбетте! – дейді Эзоп айыл жимай.
– Сен маған “түстік бір бұршақ пісіріп қой” деген жоқсың ба. “Бұршақтан көже пісір” деген жоқсың… Екеуі екі түрлі нәрсе, біреуі жекеше, біреуі көпше.
Сөзден жеңілген Ксанф ашуланса да сыр бермейді:
– Жарайды, меймандардан ұят болмасын, кеше сатып әкелген шошқаның төрт сирағы бар еді ғой, соны жылдам асып жібер. Сірке су құйып аскөк сал.
Эзоп сирақтарды қазанға салып қайната бастайды. Ал Ксанф болса әбден ызасы өтіп басынған Эзопты мықтап тұрып бір сабап алуға сылтау іздейді. Жайлап басып ошақтың қасына келеді де Эзопқа:
– Қоймадан тез барып сіркесу әкел! – деп бұйырады. Эзоп жүгіріп қоймаға кетеді, сол аралықта Ксанф сирақтың бірін қазаннан алып тығып қояды. Эзоп қайтып келіп, қазандағы төрт сирақтың бірі жоқ екенін көреді. Ксанфтың сылтауратып өзін соғу үшін әдейі істеген айласы екенін бірден сезеді. Жан-жағына қарап аулада жүрген торайға көзі түседі. Ксанф оны әйелінің туған күніне сою үшін әдейі бордақылап жүрген болатын. Эзоп торайды сол жерде бас салып ұстайды да даусын шығармау үшін тұмсығын жіппен байлап, бір аяғын шауып алады. Сирақты апыл-ғұпыл үйтіп, тазалап, қазанға салады.
Ксанф алғашқы ойынан айниды. “Құрсын, Эзоп бір сирақтың жоқ екенін көрсе, қорқып қашып кетіп жүрер!” деп ойлап, сирақты қайтадан қазанға салып қояды. Сөйтіп қазандағы сирақ бесеу болады. Бірақ мұны Эзоп та, Ксанф та білмейді.
Біраз уақыт өткеннен кейін Ксанф Эзопқа:
– Сирақтарың пісті ме? – дейді.
– Иә.
– Ендеше әкел
Эзоп үлкен шараға қазанды төңкереді. Бес бірдей сирақты көргенде Ксанф түсі қашып бозарып кетеді:
– Эзоп, бір торайдың неше сирағы болады? – дейді қатуланып.
– Орташа сол өзіңіз білетіндей. Мынаның аяғы бесеу, ана аулада жүргендікі үшеу.
– Ой, достарым, – дейді Ксанф шарасыз күрсініп. – Мына жігіт мені жынды қылатын шығар!
Эзоп қожайынның бетіне мысқылдай қарайды.
– Осындай тәртіп енгізген өзіңнен көр! Бұл болмағанда менің пайдам көбірек тиер еді саған. Әйтсе де қайғырмай-ақ қой, қожайын, өз ережең өзіңе сабақ болады. Бұдан былай шәкірттеріңнің алдында қателік жасамайсың. Өйткені тым кең не тым тар мағынада анықтама беру қашанда қателікке ұрындырады.
Сөйтіп Ксанф Эзопты сабауға сылтау таба алмай дымы құрып, ақыры оның дегеніне көнуге мәжбүр болады. Сол күннен бастап Эзоп Ксанф дәріс оқитын жерге ылғи бірге барып отырады. Көп өтпей оны шәкірттердің бәрі танып алады.
Бір күні шәкірттердің бірі Ксанф пен сыныптас достарын қонаққа шақырады. Ксанф Эзопқа:
– Түстікке қажет нәрсенің бәрін ал да соңымнан ер, – дейді. “Қажет нәрсенің бәрі” дегенім” себет, табақша, сүлгі, шәркей, шырақ, тағы басқа мен ұмытқан нәрсе болса түгел ал.
Эзоп керек-жарақтың бәрін алып қожайынның соңынан ереді.
Тамақ үстінде Ксанф бірнеше кесек ет пен тағамдарды таңдап алып Эзопқа береді. Эзоп оларды алып, себетке салады. Бір уақытта Ксанф Эзопқа бұрылады:
– Қалай, бірінші, екінші, үшінші кезекте берілетін тағамдардың бәрі бар ма?
– Иә, бәрі бар.
– Ендеше соның бәрін менің адал берілген сүйіктіме апарып бер.
– Жарайды.
Эзоп жолда келе жатып ойға батады. “Міне, қожайын әйелді мықтап бір қатырудың орайы келді! – дейді алақанын ысқылап. – Өмірі оған жағуың қиын, мені сатып әкелгенде қалай мазақ қылып, жанжал шығарды? Бақшашы көкөніс сыйлағанда, жерге лақтырып, бәрін табанымен таптап езіп тастаған жоқ па? Сол күні қожайынды бір қуантайын деген еңбегім еш болды. Кісіні мазақтап, қорлағанның қандай болатынын мен оған көрсетейін. Қожайын маған: “Адал берілген сүйіктіме апарып бер!” деп тегін айтты дейсің бе? Адал берілген сүйіктісі кім екенін енді көреміз!”
Эзоп үйге кіріп, қолындағы себетті жерге қояды да Ксанфтың әйелін шақырады. Себеттің ішіндегілерді әйелге көрсетіп:
– Міне, ханым, көріп ал ештеңені жоғалтқан жоқпын, ештеңені жеген жоқпын!
– Көріп тұрмын, – дейді әйел. – Бәрі дұрыс, бәрі орнында. Мұны күйеуім маған жіберді ме?
– Жоқ, – дейді Эзоп.
– Сонда, кімге жіберді?
– Өзінің адал берілген сүйіктісіне.
– Ой, қояншық! – дейді әйел наздана күліп. – Сүйіктісі мен болмағанда кім дейсің?
– Кішкене тұра тұр, адал берілген сүйіктісі кім екенін қазір көреміз! – Сөйтеді де анандайда жүрген осы үйдің итін көріп шақырады.
– Бөлтірік, бері кел, мә, мә, жей ғой!
Ит жүгіріп жетіп келеді, Эзоп себеттегі тамақтың бәрін соған береді. Ит тыңқиып тойып алады, Эзоп топ болып жатқан жерге қайтып келіп, қожайынның қасына барады.
– Иә. Қалай, бердің бе? – дейді Ксанф.
– Бердім.
– Жеді ме?
– Бәрін жеп қойды.
– Қарыны жарылған жоқ па? – дейді Ксанф кекете күліп.
– Жоқ, әбден қарыны ашқан екен.
– Рақаттанып жеген шығар?
– Рақаттанғанда қандай! – деп Эзоп жандыра түседі.
– Не деді?
– Ештеңе деген жоқ, бірақ түріне қарағанда әбден риза болғандығы көрініп тұрды.
– Риза болса, болды! – дейді Ксанф көңілі толып.
Бұл екі аралықта Ксанфтың әйелі тас-талқан болып жатқан еді.
– Бітті қыздар, – дейді күңдеріне қарап. – Бұдан былай Ксанфпен бірге тұра алмаймын. Төркінімнен әкелген жасауларымды алам да кетем. Енді қалай? Менен итті артық көрген адаммен бірге тұрмақпын ба? – Долданған әйел бұлқан-талқан боп өз бөлмесінің есігін тарс жауып жатып алады.
Ал той болса, ары қарай жалғаса береді, әңгіме қызып, әдеттегідей білімдар аралдардың арасындағы әр түрлі тақырыптағы пікірталас басталады. Шәкірттердің бірі тұрып:
– Адамдар арасындағы астан-кестен ең үлкен әбігершілік қашан басталуы мүмкін? – деп сұрайды.
Эзоп қожайынының иығын қалқаланып елден бұрын жауап қатады:
– Нағыз әбігершілік аруақтар тіріліп келіп, артында қалған өз мүлкін талап еткенде басталады.
Жұрт қырқылдап күледі.
– Бұл әлгі жаңа сатып алған құл ғой, – дейді шәкірттер өзара әңгімеге көшіп. – Ксанф оны біздің көзімізше сатып алмап па еді.
– Ол мені сол күні мисыз есек деп тілдеген болатын! – дейді бірі кіжініп.
– Бәрін бірдей ол өз ойынан шығармайды, – дейді екіншісі білгішсініп. – Кейде еліктеп ұстаздан үйренгенін айтады.
– Мына сендер сияқты! – дейді Эзоп мысқылдап. Эзоптың тапқырлығына тәнті болған шәкірттер Ксанфқа қарап өтініш білдіреді:
– Ұстаз, Этоптың бізбен бірге отырып шарап ішуіне рұқсат етші!
Ксанф рұқсат етеді, Эзоп үстел басына отырып жұртпен бірге шарап ішеді. Шәкірттердің бірі екіншісіне:
– Қасапқа апара жатқанда қойдың үні шықпайды, ал доңызды сүйрей бастасаң болды, шыңғырып жер-дүниені басына көтереді. Мұның себебі не, түсіндірші? – дейді.
Ешкім қапелімде жауап бере алмай тосылып қалады. Сол кезде Эзоп іліп әкетеді:
– Мұның себебі, қойдың сүті – ақ, жүні – киім, сондықтан оны ауық-ауық сауып, жүнін қырқып отырады, оған одан бойы жеңілдегеннен басқа зиян жоқ. Мұндайға еті әбден үйреніп кеткеннен, союға әкеле жатқанда да ешқандай жамандық ойлап, пышақтап жасқанбайды. Ал шошқаның жүнінен де, сүтінен де пайда жоқ, сондықтан қасапқа әкеле жатқанда жаны шығып шыңғырады, өйткені өзінің етке ғана жарайтынын біледі.
Шәкірттер бастарын шайқап, таңдайларын қағады:
– Міне, керемет жауап!
Той бітіп, жұрт тарқай бастайды. Ксанф та үйіне қайтады. Жатын бөлмеге кіріп, әдеттегідей әйелін құшып– сүймек болады. Ал әйелі болса, маңына жолатпай бұлқан-талқан ашуланады:
– Аулақ кет менен! Құлдарыңмен көңіл көтеріп, төбеттеріңмен сүйіс. Төркінімнен әкелген дүние-мүлкімді қайтарып бер, кетемін!
– Мәссаған! – дейді Ксанф іші қылп етіп. – Әлгі Эзопы түскір тағы бірдеңені бүлдірмесе жарар еді!
– Жоғал! – Әйелі долдана айғай салады. – Тамақты ана қаншыққа береді екенсің ғой, ендеше сонымен бірге тұр!
– Мінеки, айттым ғой! – дейді Ксанф күйініп. – Бәрін бүлдіріп жүрген Эзоп. Шақырыңдар Эзопты!
Ауыз жиғанша Эзопты желкелеп алып келеді.
– Тамақты кімге бердің? – дейді кірген бойда Ксанф зіркілдеп.
– Адал берілген сүйіктіме бер деп өзің айттың емес пе?
– Бір түйірін де берген жоқ! – дейді әйел айғайлап. – Міне, өзі тұр ғой, өтірік десе жаны шығып кетсін!
– Бұл қалай, оңбаған неме? – дейді Ксанф кіжініп. – Ештеңе де берген жоқ деп, міне өзі айтып тұр ғой?
– Тоқта, сен тамақты кімге бер деп бұйырып едің?
– Кімге болушы еді, адал берілген сүйіктіме дедім.
– Мынау ма сенің адал берілген сүйіктің? – дейді Эзоп әйелді көрсетіп.
– Енді кім деп едің? – Ксанф ашуға булығып айғай салады.
– Қазір көресің, – дейді Эзоп. Сөйтеді де итті шақырып, Ксанфқа көрсетеді. – Міне саған нағыз берілген! Әйелің де саған адал берілген сияқты боп көрінуге тырысады. Бірақ онысы жалған. Бір аяқ асқа бола дау-дамай шығарды, жасауымды қайтарып бер, төркініме кетем деп бұлқан-талқан болып отыр. Осы ма саған адалдығы? Ал итті қанша ұрып-соғып, тепкілеп қусаң да сенен кетпейді. Бәрін кешіреді, құйрығын бұлғаңдатып қожайынына жетіп келеді. Сен маған “адал берілген сүйіктіме” демей, “Әйеліме апарып бер” деуің керек еді. Өйткені адал берілген әйелің емес, итің.
– Міне, көрдің бе, сүйіктім, – дейді Ксанф әйеліне ақталып. – Бұл жерде менің ешқандай кінәм жоқ, бәрі мына көк езу мылжыңның кесірі. Бір ашуыңды бер, бұдан былай қабағыңа кірбің түсіргізбеймін, ал мына сүмелек менен мықтап тұрып сыбағасын алады! Жоқ! – дейді әйелі жер тепкілеп. – Бүгіннен бастап сенің үйіңнің табалдырығын аттап бассам, атым өшсін! – Жалт бұрылып жүгіре жөнеледі, сол күйі төркініне кетіп қалады.
– Міне, көрдің ғой! – дейді Эзоп қожайынына қарап. – Саған адал берілген әйелің емес, итің деп айттым емес пе!
Арада бірнеше күн өтеді. Ксанфтың әйелі ерегесіп келмей қояды. Ксанф араға елші салып, жолдастарын жібереді. Олар: райыңнан қайт, үйге жүр деп қалай өтінсе де қырсығып көнбейді. Эзоп қожайынының ұнжарғасы түсіп жүдеп кеткенін көріп аяп қасына келеді.
– Уайымдай берме, қожайын. Ертең бір қулық жасаймын, әйелің өзі-ақ саған жүгіріп келеді.
Қожайыннан ақша алып, базарға барады. Қаз, тауық, тағы басқа оны-мұны сатып алып, сол буыншақ-түйіншегін арқалаған күйі жай әлдеқалай жүрген адамға ұқсап, Ксанфтың әйелі тұрған үйдің жанынан өтеді. Сол жерде малайдың бірімен кездесіп:
– Бауырым, сендерде қаз-тауық сияқты тойға керекті нәрселер сатылмай ма? – дейді.
– Оны қайтесің?
– Менің қожайыным – Ксанф ертең үйленгелі жатыр!
Анау жүгіріп барып Ксанфтың әйеліне естіген сол жерде аудармай-төңкермей жеткізеді. Әйел бұл хабарды естіген бойда құстай ұшады. Күйеуіне келіп:
– Ксанф, көзім тірі тұрғанда басқа әйелді бұл үйге аттап басқызбаймын! – дейді дірілдеп-қалшылдап.
Келесі күні Ксанф сыйға сый жасап, шәкірттерін қонаққа шақырмақ болады да, Эзопқа тапсырма береді:
– Эзоп, бүгін түстік ішуге осында достарым келеді. Кәне, тездетіп дүниедегі ең жақсы, ең тамаша нәрсені пісіріп қой.
“Жарайды, – дейді Эзоп ішінен. – Сандырақтап жөн-жосықсыз ойланбай бұйрық бергеннің қандай болатынын көрсетейін саған!” Ет дүкеніне барып жаңа сойылған шошқаның тілдерін сатып алады да, үйге келіп тілдің бірін суға қайнатып пісіріп, екіншісін қуырып, үшіншісін татымал қосып суық күйінде дайындайды. Белгіленген уақытта меймандар келеді, Ксанф малайына бұйыра тіл қатады:
– Эзоп, бізге жейтін бірдеңе әкелші.
Эзоп меймандардың әрқайсының алдына соус қосылған тіл қояды.
– Оһо, ұстаз! – дейді шәкірттер. – Тіпті түстік асыңның өзінің философиялық мәні бар, ештеңені қалт жібермейсің-ау! Үстел басына отырмай жатып, алдымызға тіл қойды!
Екі-үш тостаған шарап ішкеннен кейін Ксанф тағы да малайын шақырады:
– Эзоп, бізге жейтін бірдеңе әкелші.
Эзоп тағы да әрқайсының алдына бұрыш пен тұз қосып қуырылған тіл қояды.
– Міне, ғажап, тамаша! – дейді шәкірттер риза болып. – Отқа қақталып оның үстіне бұрыш пен тұз қосылған соң тілдің дәмі ащы бола түседі.
Тағы да қауқылдасып, біраз шарап ішкеннен кейін Ксанф:
– Эзоп, бізге дұрыстап тамақ әкелсеңші! – дейді даусын қатайтып.
Эзоп бұл жолы қонақтардың алдына аскөк қосылған суық тіл қояды.
Мұны көрген меймандар өзара гуілдесіп кетеді.
– О, Құдайым-ау, тілді жей-жей өзімнің тілім ауыра бастады!
– Тілден басқа беретін ештеңесі жоқ па? Шамасы, Эзоптың жан салуына қарағанда, ішіне бүккен бір пәлесі бар-ау! Суық тілден бәрінің жүрегі айни бастайды. Ксанф малайына алая қарайды.
– Эзоп, сұйық ас әкел!
Эзоп тілдің суып қалған сорпасын әкеледі. Меймандар жиіркеніп теріс айналады.
– Мына Эзоп антұрған бізді тілмен тойғызып өлтіретін шығар!
– Эзоп! – дейді Ксанф ақырып. – Бұдан басқа беретін тамағың жоқ па!
– Басқа ештеңе жоқ, – дейді Эзоп.
– Ештеңе жоқ деймісің? – Ксанфтың көзі шарасынан шығып кетеді. Сұмырай неме, мен саған “дүниедегі ең жақсы, ең тамаша нәрсені сатып ал!” деген жоқ па едім?
Эзоп аспай-саспай жайбарақат жауап қатады.
– Бақытыма орай, мына оқымысты мырзалардың көзінше кінәлағаның жақсы болды. Ойланшы өзің, сен маған: “Дүниедегі ең жақсы, ең тамашаны сатып ал” дедің. Ал дүниеде тілден артық, тілден керемет не бар? Бүкіл философия, күллі ғылымның тірегі тіл емес пе? Тілсіз ештеңе де істей алмайсың, ештеңені ала да, бере де алмайсың. Мемлекеттегі тәртіп, заң, қаулы-қарардың барлығы осы тіл арқылы жүзеге асырылады. Бүкіл өміріміздің негізі тіл, дүниеде одан артық, одан керемет ештеңе жоқ.
Естіп тұрған шәкірттер тәнті болып бастарын іііұлғыдіы:
– Өте дұрыс айтып тұр. Сөзі көкейге қонымды. Ұстаз, сенікі қате!
Шәкірттер үйлеріне қайтады, түнімен бәрінің іші ауырып шығады. Ертеңінде Ксанфқа келіп шағымданады. Ксанф оларға:
– Оқымысты достарым, менің кінәм жоқ, бәрін былықтырып жүрген сұмырай Эзоп, – дейді. – Есесіне сендерді бүгін түсте жақсылап қонақ қыламын. Міне, қандай бұйрық беретінімді өз құлақтарыңмен тыңдаңдар! – Сол жерде Эзопты айғайлап шақырып алады да былай дейді. – Айтқан нәрсенің бәрін теріс істейтін сенің әдетің ғой. Ендеше, базарға бар да дүниедегі ең жаман, ең жағымсыз нәрсені сатып ал!
Эзоп бұйрықты үн-түнсіз тыңдап басын изейді. Ет дүкеніне барып тағы да шошқаның тілін көп қылып сатып алады. Кешегідей тамақ пісіреді. Сол екі арада Ксанф шәкірттерін ертіп келіп, үстел басына жайғасады. Бір-бір тостағаннан шарап сіміріп алғаннан кейін Ксанф күлімдеп Эзопқа:
– Тамағыңды әкел! – дейді.
Эзоп әрқайсының алдына сірке суын қосып тұздалған тіл қояды.
– Қалай, тағы да тіл ме? – дейді зәрезеп болған меймандар үрейленіп. Ксанфтың түсі қашып кетеді.
– Е, бұл біздің кешеден бері ішіміздің өтіп жүргенін біліп, сіркесумен емдейін деп жүрген шығар! – дейді шәкірттердің бірі көңіл жұбатып.
Бір-екі тостаған шарапты қағып тастаған соң Ксанф малайына:
– Эзоп, тамағыңды әкел! – дейді бұйырып.
Эзоп қонақтардың алдына қуырылған тіл қояды.
– Бұл не пәле? – дейді шәкірттер өре түрегеліп. – Мына нақұрыс бізді тағы да кешегідей тышқақ қылып біржолата өлтірейін деп отыр ма?
– Тағы да ескі әніңе бастың ба, сұмырай? – Ксанф қаны басына шауып, тұтығып әзер сөйлейді. – Қалай дәтің барып мұны сатып алдың? Мен саған: “Базарға барып, дүниедегі ең жаман, ең жағымсыз нәрсені сатып ал” деген жоқпын ба?
Эзоп қожайынның бетіне мысқылдай қарайды.
– Дүниеде тілден жаман не бар? Тіл бізді алдап-арбайды, қастандық, ұрыс-керіске итермелейді, арандатып, араздастырып арамызға өшпенділік, соғыс өртін салады. Қарап отырсаң, тілден жаман, тілден өткен жиіркенішті не бар?
Үстел басында отырған шәкірттердің бірі Ксанфқа:
– Ұстаз, мына сүмелекті тыңдай берсеңіз, бір күні бұл сізді жынды қылып жібереді, – дейді. – Сырты қандай сүйкімсіз болса, іші де сондай жиіркенішті. Ешкімді жақтырмайтын ызақор зұлым. Мен мұндайды соқыр тиынға сатып алмас едім!
– Жап аузыңды, бозөкпе! – дейді Эзоп көзінен оты жарқ етіп, – байқауымша, менен гөрі сен зұлымсың. Ксанфқа сен бөтен адамсың, соған қарамастан қат-қаттап ашуын қоздырып, қожайынды малайына айдап салғың келеді. Көрінген жерге тұмсығын тығып пәле іздеп тұратын көрсе қыздардың өзісің!
Онсыз да Эзопты қалай таяқтың астына алып төпеп аларын білмей сылтау іздеп тұрған Ксанф қуанып кетеді.
Сен, Эзоп, менің досымды пәлеқор, көрсеқызар дедің бе? Өзімнің малайыммен өстіп айтыстырып қойған бұл құдайға не дейін. Ендеше, оны неге көрсеқызар дейсің, соны түсіндірші?
– Әлбетте, көрсеқызар! – дейді Эзоп бетінен таймай. – Біреудің есебінен ішіп-жегенді жақсы көретіндер толып жатыр. Бірақ олардың бәрі бірдей бүйтіп бөтеннің ісіне мұрынын тығып өңмеңдей бермейді.
– Сеніңше, сонда дүниеде көрсеқызар емес адамдар бола ма? – Ксанф мырс етіп малайына мысқылдай қарайды. – Ендеше менің бұйрығым мынау: бүгін бізге тамақты басқа біреу жасайды, ал сен бар да, көрсеқызар емес адамды тауып түскі асқа ертіп әкел. Біреудің ісіне араласа ма, жоқ па сонда көреміз. Бір рет араласса – үндемеймін, екіншісінде – кешіремін, ал үшінші рет тұмсығын тықса – сандырақтағаның үшін сол жерде өлтіріп тұрып соямын!
Эзоп қожайынның айтқанын тыңдап, ертеңінде көрсе-қызар емес адамды іздеу үшін базарға барады. Орталық алаңға келсе екі адам төбелесіп жатыр екен. Топырлап, ентелеген халық. Тек бір кісі ғана ештеңемен шатағы жоқ, анандай жерде өзімен-өзі кітап оқып отырады. “Көрсе-қызарға ұқсамайды, осыны шақырайын” деп ойлайды Эзоп. Қасына келіп сәлемдеседі.
– Құрметтім, Ксанф ғұлама сенің ізгілікті істеріңе аса тәнті. Сені қонаққа шақырып отыр.
– Барамын, – дейді бейтаныс. – Қақпаның алдында күтемін.
Эзоп үйге келіп, ас әзірлеуге кіріседі. Ксанф қасына келіп мысқылдай тіл қатады.
– Эзоп, әлгі көрсесоқыр емес қонағың қайда?
– Дарбазаның алдында күтіп тұр.
Түстік әзір болған кезде, мейманды шақырып үйге кіргізеді. Елмен бірге үстел басына отырады. Ксанф тәтті шарапты бірінші мейманға беріңдер деп бұйырады. Мейман бас тартады.
– Ол не дегенің, қожайын, әуелі өзің іш, екінші әйелің ішсін, содан кейін барып біз ішейік.
“Бір!” – дейді Ксанф Эзопқа көзін қысып, бөтеннің ісіне араласты деген осы емес пе дегендей жымың қағады.
Содан соң балық сорпасын әкеледі. Соқтығуға ілік іздеп отырған Ксанф тыжырынып, алдындағы ыдысты кері итереді:
– Аспазға сорпаға қос деп қаншама аскөк бердім, сірә, мені ақымақ қылғысы келген болу керек. Аскөк те, май да жоқ, сорпасы сылдыр-су, ашыған бірдеңе. Аспазға дүре соғыңдар!
– Ол не дегенің, қожайын, – дейді қонақ ара түсіп. – Ешқандай міні жоқ, сорпа өте дәмді екен.
Ксанф Эзопқа қарап тағы да көзін қысады: “Екі!” Бұдан кейін де, ашулана айғай салады:
– Пірәміш пісірушіні шақырыңдар! Пәрәмішке неге бал мен мейіз қосылмаған?
– Ол не дегенің, қожайын! – дейді мейман тағы да сөзге қыстырылып. – Пәрәміш өте дәмді пісіпті, дастарқанға қойылған тағамның бәрі де, керемет, құлдарыңды соғатындай ешқандай кінәсі жоқ!
Ксанф Эзопқа қарап тағы да көзін қысады: “Үш!.
– Сен жеңдің! – дейді Эзоп ұнжырғасы түсіп. Дастарқан жиналып болғаннан кейін Эзопты жығып салып, таяқтың астына алады.
– Мә, ал сыбағаңды! – дейді Ксанф айызы қанып. – Енді маған қайтсең де көрсеқызар емес адамды тауып әкел. Әйтпесе аяқ-қолыңа кісен салып, шірітіп өлтіремін!
Келесі күні Эзоп көрсеқызар емес адамды іздеп, қала сыртына шығады. Жол-жөнекей бір адамға ұшырасады. Түріне қарасаң, қарапайым шаруа сияқты, бірақ өзін тәкаппар ұстайды. Отан теңдеген есегіне мініп алып, өз бетімен келе жатыр. Топ-тобырдан айналып өтіп, есегімен күбір-күбір сөйлесіп қояды. “Міне, өз ісін ғана білетін, өзгемен шатағы жоқ адам!” деп ойлайды да Эзоп, оның соңынан ереді. Жолаушы бүлк-бүлк телген есегімен сөйлесіп келеді:
– Қазір, достым, базарға жетеміз. Отынымызды он екі ассоға сатамыз, екі мәнетіне саған сұлы алып беремін, екі мәнетін тамағыма жұмсаймын, ал сегізін, кейін күн қалай деп бола ма, соған қалдырамыз. Аяқ астынан ауырып-сырқап немесе ауа райы бұзылып үйден шыға алмай қалатындай күн бола ма, қайдан білесің? Бүгін арнаға қарныңды қампайтып тойып алғанмен, ертең басыңа бір қиындық түссе, тіске басар арпа да, сұлы да болмай қалады ғой!..
Жолаушының бұл сөзін естіген Эзоп: “Құдай біледі, мынау көрсеқызарға ұқсайтын адам емес. Қасына барып тілдесіп көрейінші!” деп ойлайды. Сөйтіп жанына келіп амандасады:
– Сәлеметсіз бе, әкей!
Жолаушы да амандасады. Эзоп:
– Мына отыныңды қаншаға сатасың? – деп сұрайды.
– Он екі ассоға.
– Дұрыс, – дейді Эзоп. – Ішінен қанша деп ойласа, сонша сұрап тұр. Риза болады да:
Әкей, Ксанф деген ғұламаны білесің бе? – дейді.
– Білмеймін, балам.
– Қалай, шынымен білмейсің бе?
– Мен елмен шатағым жоқ адаммын. Естісем естіген шығармын, шын айтамын!
– Ендеше сені құдай жарылқады, – дейді Эзоп қуанып кетіп. – Мен – соның малайымын.
– Онда менің шатағым қанша? – дейді жолаушы таңырқап. – Мен сенен малайсың ба, жоқсың ба деп сұрадым ба?
“Міне, көрсеқызар емес адамның нағыз өзі!” дейді Эзоп ішінен. Содан соң жолаушыға қарап иегін қағады:
– Отыныңды мен сатып аламын, әкей. Есегіңді Ксанф философтың үйіне қарай айда.
– Оның қайда тұратынын қайдан білемін?
– Менің соңымнан еріп отыр.
Жолаушыны Ксанфтың үйіне ертіп келіп, отынын алып, ақысын төлейді.
– Әкей, қожайын саған үйге кіріп дәм татып кетсін деп өтінді. Есегіңді аулада қалдырып кет, оған қарайтын кісілер бар, – дейді.
Жолаушы бұл ненің құрметі деп сұрамайды да, маңмаң басқан күйі үйге кіріп, шәркейінің балшығын сүртпестен төрге қарай озады:
“Иә, көрсеқызарлығы жоқ, нағыз ештеңеге мән бермейтін адамның өзі!” деп ойлайды Эзоп.
Ксанф Эзоптың бұл адамға мықтап үміт артып отырғанын сезіп, әйеліне сұраулы жүзбен үн қатады:
– Қымбаттым, Эзоптың сазайын тартқызғың келе ме?
– Өшіңді ала алмай қор болып жүрмін!
– Ендеше мен не айтсам, соны істе. Орныңнан тұр да мына қонаққа, аяғын өзің жуатын сияқты болып, алдына астау алып бар. Ол түріңе қарап, үйдің қожасы екеніңді түсініп, әлбетте, бас тартады. Бәйбіше, менің аяғымды жуатын малайыңыз жоқ па дейді. Бөтеннің ісіне араласу деген, міне осы. Сөйтіп Эзопты сойып саламыз.
Ксанфтың әйелі Эзопты өлердей жеккөретін, сөзге келмей сол жерде бір сүлгіні беліне байлап, екіншісін иығына асып, астан ұстап мейманның алдына келеді. Мейман оның қожайынның әйелі екенін біледі, бірақ ішінен: “Ксанф – ғұлама адам, егер аяғымды малай жуу керек болса, солай деп әмір еткен болар еді, – деп ойлайды. – Ал аяғымды әйеліне жуғызып құрмет көрсетпек болса, онда несіне біреудің ісіне араласып, ақымақ боламын. Мейлі, жусын!” Аяғын жуғызып алып, үстел басына келіп отырады.
“Қудың өзі екен!” деп ойлайды Ксанф бармағын тістеп. Айлаға көшіп, тәтті шарапты бірінші қонаққа беруге бұйырады.
Мейман: “Әдетте, бірінші болып қожайын ішуге тиіс. Бірақ Ксанф ғалым адам ғой, маған бірінші ұсынып құрмет көрсетейін деген шығар, сірә. Біреудің ісіне килігіп қайтемін!” деп ойлайды да, шарапты сіміре салады.
Ксанф ыстық асты әкеліңдер деп бұйырады. Алдарына балықтың сорпасын әкеліп қояды. Мейманды арандату мақсатымен:
– Ей, тез мұнда аспазды шақыр! – дейді малайға айғайлап. Көзі алақандай боп алып-ұшып аспаз жетеді. Ксанф оған дүрсе қоя береді:
– Мұның қалай, алаяқ! Татымалдың бәрін бергенім қайда? Сорпада не соус, не май, не бұрыш жоқ, дәм-татусыз сылдыр-суды алып келгенің не? Шешіндіріп дүре соғыңдар мына найсапқа!
Мейман: “Сорпа өте дәмді, бәрі дәл бабында, бірақ Ксанф аспазына ашуланып, сабағысы келіп отырса, босқа араларына килігіп қайтемін!” деп ойлайды да үндемейді.
Бейшара аспазды шырылдатып, сол жерде сойып салады. Ксанф: “Мына қонақ керең не мылқау, бәлкім тіпті меңіреу біреу шығар!” деп ойлайды.
Ақыр соңында үстелге пірәміш әкеледі. Мейман мұндай пәрәмішті суретте де көрмеген еді. Үлкен бір кесегін сындырып алады да бет-аузын ағал-жағал ғып жей бастайды.
Ксанф дәмін татып көреді де тағы да айғай салады:
– Пәрәміш пісірушіні шақыр!
Пәрәміш пісіруші жүгіріп жетіп келеді. Ксанф оған:
– Оңбаған! – дейді ақырып. – Пәрәмішіңде не бал, не бұрыш жоқ, қамыры ашып кеткен, бізге әкелгенше, итке неге тастамайсың?
– Қожайын! – дейді пәрәміш пісіруші ықпастан, – егер пәрәміш шикі болса – менің кінәм, ал бал аз болып, қамыры ашып кетсе, ол әйеліңіздің кінәсі. Қамыр илеп жатып, одан бал сұрағанмын ол: “Моншаға түсіп келейін содан соң берем” деді. Керіліп-созылып ол келем дегенше, бал қосылмаған қамыр ашып кетті.
– Егер әйелім кінәлі болса, мен оны қазір отқа тірідей өртеймін! – дейді Ксанф айғайлап. Әйеліне бұрылып ақырын сыбырлайды. – Кәне, қымбаттым, рөліңді ойна! – Содан соң Эзоп бұйырады: – Тез отын әкел де тура бөлменің ортасына от жақ!
Эзоп бір құшақ шырпы әкеліп от жағады. Ксанф әйелін қолынан сүйреп отқа қарай апарады, көзінің қиығымен мейманға қарап қояды: Мұның не деп ұшып тұрып, ара түсер ме екен деп ойлайды. Бірақ мейманның қаперінде дәнеңе жоқ, ұрып-соғып алдындағы тамақты жаудай жапырып жатыр. Ақырында мейман Ксанфтың өзін сынағысы келетінін түсінеді де:
– Қожайын, әйеліңді шынымен өртегелі жатсаң, кішкене тұра тұр, – дейді қолын сүлгіге сүртіп. – Үйге жүгіріп барып мен де әйелімді алып келейін, екеуін бірге өртейік!
Ксанф мейманның ештеңеге селт етпейтін мұншалықты немқұрайлылығына қайран қалып:
– Жарайды, Эзоп, сен жеңдің! – дейді. – Мені осы ақымақ қылғаның да жетеді. Қайдағы жоқ өнер шығарғаныңды қой да, маған дұрыстап қызмет ет!
– Жарайды, қожайын, – дейді Эзоп. – Бұдан былай маған кінә таға қоймассың, қалай қызмет ете білетінімді өзің көрерсің әлі!
Бір күні Ксанф, Эзопқа:
– Моншаға барып, адам көп пе екен біліп кел! – дейді. Жолда келе жатып, қала бастығымен ұшырасып қалады.
Қала бастығы Эзопты танып, жөн сұрайды:
– Эзоп қайда бара жатырсың?
– Білмеймін! – дейді Эзоп.
– Білмегені қалай? – Қала бастығы таңырқап қасына кіреді.
– Мен сенен қайда бара жатырсың десем, білмеймін дейсің ғой.
– Ант етейін, білмеймін! – дейді Эзоп ешқандай күлкісіз қайталап. Қала бастығы мазақтап тұр деп ойлап, ашудан түтігіп кетеді. Қасындағы көмекшілеріне иек қағады:
– Мынаны тұтқындап, түрмеге қамаңдар!
– Міне, көрдің бе, бастық! – дейді сонда Эзоп. – Мен саған шынымды айттым ғой! Түрмеге бара жатқанымды білді дейсің бе?
Қала бастығы аң-таң боп, Эзопты қоя бере салады.
Эзоп моншаға келіп, жуынып жатқан адамның көп екенін көреді. Моншаның дәл табалдырығының алдында бір алақандай тас жатады, кірген адамның әрқайсысы соған сүрініп, кім екен мұны бұр жерге тастаған деп бір боқтап өте береді, былай лақтырып тастайыншы деген ой біреуіне де кірмейді. Қарап тұрып Эзоп олардың ақымақтығына қайран қалады. Ақырында сүрініп құлай жаздаған біреу: “Жолың болмағыр қай найсап екен мұны бұл жерге тастаған!” деп ұрсып, тасты жолдан лақтырып жібереді де, моншаға кіріп кетеді.
Эзоп үйге келіп Ксанфқа:
– Моншада бір-ақ адам бар екен, – дейді. Ксанф қуанып кетеді:
– Біреу дейсің бе? Қандай керемет, рақаттанып еркін бір жуынатын болдым. Заттарымды жина!
Екеуі моншаға келеді. Қаптап жуынып жатқан халықты көріп Ксанф Эзопқа дүрсе қоя береді:
– “Бір-ақ адам жуынып жатыр” дегенің қайда, суайт неме? Кімді алдағың келеді?
– Әрине, бір-ақ адам, – дейді Эзоп жайбарақат. – Әнеу бір тасты көріп тұрсың ба? Сол дәл табалдырықтың аузында жатқан болатын. Келгендердің бәрі соған сүрініп құлай жаздаса да, жолдан былай лақтырып тастауға ешқайсының ақылы жетпеді. Қаншама халық шалынып жығылғанмен, біреуі ғана сүрінген бойда, басқалар аяғын соғып алмасын деп, тасты жолдың шетіне лақтырып тастады. Соған қарап көптің ішінде жалғыз-ақ адам бар екен деп ойладым. Сол ойымды саған айттым.
– Ой, – дейді Ксанф қолын сілтеп. – Бұл Эзоптың кез келген кінәсына ақтауы дайын!
Ксанф шомылып болып, Эзопқа түстік әзірле дейді. Тамақ пен шарапқа әбден тойған соң іші ауыра бастағанын сезіп, әжетханаға барады. Эзоп та ілесе шығып, құмған мен сүлгі ұстап қасында тұрады.
– Осы, Эзоп, кісі дәретке отырып болғаннан кейін нәжісіне міндетті түрде қарайтыны несі екен? – дейді Ксанф шалбарын көтеріп жатып. Эзоп мырс етіп мұртынан жымияды:
– Баяғыда бір патшазада болыпты. Тамақты да, шарапты да өлгенше ішеді екен, сол себепті дәрет сындырғанда ұзақ отыратын болса керек. Бір күні ұзақ отырғаны сонша, күшене-күшене тіпті құйрығынан миы қоса ағып кеткенін білмей қалыпты. Міне, сол кезден бастап адамдар миым ағып кеткен жоқ па екен деп қауіптеніп нәжісіне қарайтын болыпты. Бірақ сен қожайын, ол жағынан қорықпай-ақ қой. Өйткені, сенің ағып кететіндей миың жоқ!
Ксанф қайтадан үстелге келіп жайғасады. Сен іш, мен ішпен үсті-үстіне сілтеп, лезде мас болып қалады. Қызып алған меймандар оқымыстылардың әдетіне басып, әр түрлі тақырыпта әңгіме қозғап, бір-бірімен білім жарыстыра бастайды. Ақыры талас-тартысқа ұласады. Ксанф та әңгімеге араласып, дастарқан басында емес, дәл бір дәріс оқып тұрғандай үлкен бір толғаныстарға көшеді. Қожайынның бәрінен асып түспек болып жұлқынған түрін көріп басын шайқайды.
– Дионис жұртты шараппен сыйлаған кезде үш тостағанға құйып, біріншісі – дәмін татуға, екіншісі – көңіл көтеруге, үшіншісі – жазуға деп қалай ішудің жөнін айтып атап береді екен. Сен қожайын, дәмін де таттың, көңіліңді де көтердің, ал бас жаратынды жастарға-ақ қалдыр. Оларға дәріс оқығың келсе, мектебің бар емес пе!
Ксанф тілі күрмеліп айғай салады:
– Өшір үніңді, малғұн! Ақылыңды о дүниеге барғанда айтарсың!
Эзоп жымиып езу тартады:
– Несі бар, сенің ол жаққа баруыңа да көп қалған жоқ!
Осы кезде Ксанфтың әбден мас болып мантырай бастағанын көріп шәкірттердің бірі оған сауал тастайды:
– Ұстаз, адамның қолынан бәрі келе ме, соны айтшы? Адамның құдіретіне күмән келтіретіндей бұл қай ақымақ! Адамнан асқан шебер жоқ, оның қолынан бәрі де келеді! – дейді Ксанф лепіріп.
Шәкірт түрт шайтандап, одан сайын ұстазды тығырыққа тірей түседі:
– Сонда адам теңіздің суын түгел ішіп қоя ала ма?
– Сол да сөз болып па? Мен өзім-ақ ішіп қоямын!
Шәкірт бүйірінен түртіп қоздыра түседі:
– Егер іше алмасаң ше? Онда не болады?
Ксанф мастықтан басы айналып не айтып, не қойғанын білмейді?
– Бар дүние-мүлкімді бәске тігемін. Егер іше алмасам, қайыршы болып қаңғып кетейін!
Сөйтіп бәс тігеді де, кепілдік үшін қолындағы сақинасын шешіп береді. Эзоп Ксанфтың аяғына жығыла кетеді, шалбарының балағынан тартып, жалына тіл қатады?
– Есің ауысқан ба, қожайын? Не істеп тұрсың? Бір теңіздің суын бір-ақ қалай ішпексің?
– Жап аузыңды, сүмелек! – дейді Ксанф ақырып. Не үшін бәс тігіп тұрғанын өзі де білмейді.
Келесі күні таңертең Ксанф орнынан тұрып беті-қолын жумақшы болады. Айғайлап Эзопты шақырады.
– Не боп қалды, қожайын? – Эзоп жүгіріп қасына келеді.
– Қолыма су құй!
Эзоп шөмішпен суды көсіп алып, қолына су құя бастайды. Ксанф бетін жуып жатқанда кенет саусағында сақинасы жоқ екенін байқайды.
– Эзоп, менің сақинам қайда? – дейді таңырқап.
– Білсем бұйырмасын!
– Мәссаған безгелдек! – Ксанф күрсініп басын шайқайды.
– Қожайын, – дейді Эзоп сыбырлағандай үнмен. – Шамаң келгенше қазына-байлығыңды ақырындап басқа жаққа тығуға тырыс, өйткені оның бәрі енді сенікі емес.
– Не деп тұрсың? – Ксанф көзі жыпылықтап түкке түсінбейді.
– Не деуші едім, кеше мас болып, теңіздің суын бір-ақ ішіп қоймасам қайыршы боп кетейін деп бүкіл байлығыңды бәске тіккен жоқсың ба. Сол жерде сақинаңды кепілдікке шешіп бердің.
– Ойбай-ау, теңізді қалай ішпекшімін? – дейді Ксанф жыларман болып.
– Мен сенің аяғыңа жығылып: “Ақылға кел, қожайын, не істеп тұрсың? Бұл мүкін емес нәрсе ғой!” дедім. Тыңдадың ба, айғайлап өзіме дүрсе қоя бердің. Ксанф сол жерде Эзоптың аяғына жалп етіп құлай кетеді.
– Эзоп! – дейді қыңсылап.
– Өтінемін, сен ақылдысың ғой, бәсекеден ұтудың не құтылудың бір амалын ойлап тапшы! – ¥ту мүмкін емес, – дейді Эзоп. Ал құтылудың айласын табамын.
– Қайтып табасың, түсіндірші маған? – дейді Ксанф қуанып кетіп. Эзоп оған мән-жайды түсіндіріп береді.
– Қазы бәсекелесіңді ертіп қасыңа келеді де, саған теңізді іш деп бұйырады. Сен бас тартушы болма. Мастықпен айтқаныңды сау кезіңде қайтала: Жағаға үстел қойып, айналдыра малайлар тұрсын де. Сөйтсе әсерлі болады. Өйткені сенің теңізді қалай ішкеніңді көру үшін қызықтан жағаға қалың халық жиналады емес пе. Жұрт әбден жиналып болған соң, тостағанға теңіздің суын толтырып аласың, қазының алдына қойып: “Иә, сонымен шартымыз қалай?” деп сұрайсың. О: “Бәрін” деп жауап береді. Сол кезде сен куә болып тұрған жұртқа қарап: “Уа, халайық, теңізге жан-жағынан сарқырап құйып жатқан өзендер көп. Мен оған құятын өзен-дарияларды емес, тек теңізді ішуге ғана серттескенмін. Менің бәсекелесім әуелі бүкіл өзен-дариялардың алдын бекітіп бөгесін, содан кейін мен теңізді ішемін!” де. Жер жүзіндегі өзен-дарияларды бөгеу де мүмкін емес, теңізді ішіп тауысу да мүмкін емес. Сөйтіп даудан құтыласың.
Ксанф малайының тапқырлығына қуанып, қанаттанып кетеді.
Ертеңінде бәсекелесі қасына қаланың жақсы-жайсаңдарын ертіп Ксанфтың үйіне келеді: “Не теңізді іш, не болмаса дүние-мүлкіңнің бәрін маған бересің!” дейді шіреніп.
Эзоп оған кекесінмен мырс етеді:
– Одан да өзің дүние-мүлкіңмен қош айтыса бер, теңіздің жартысы ішілді деп есепте!
– Оһо, Эзоп, – дейді шәкірт күліп. – Сен – енді Ксанфтың емес, менің малайымсың!
– Бос сөзді оттай берме! – Эзоп қатуланып қабағын түйеді. – Одан да қазына-байлығыңның бәрін тездетіп менің қожайыныма бер!
Сол жерде ол теңіздің жағасына үстел қойғызып, тостаған әкеліңдер дейді. Қызық аңдыған халық жан-жақтан анталайды. Бір кезде Ксанф келіп, үстел басына жайғасады. Эзоп оң жағаны келіп тұрады. Теңізден тостағанға толтырып алып, қожайынына ұсынады.
– Мынау шынымен өстіп теңізді ішіп тауыспақ па? – дейді шәкірт таңырқап.
Ксанф тостағанды ерніне апара береді де, кенет тоқтай қалады.
– Әлгі қазы қайда?
Қазы басына келеді. Ксанф оған бұрылып тамағын кенейді.
– Сонымен біздің шартымыз қандай?
– Теңізді ішіп қоясың! – дейді шәкірт.
– Бәрін бе?
– Бәрін! – дейді қазы.
Ксанф жиналған халыққа бұрылып үн қатады.
– Қымбатты халайық, теңізге көптеген өзен құятынын өздеріңіз білесіздер. Мен серттескенде өзендерді емес, тек қана теңізді ішемін деп бәстескенмін. Сондықтан менің қарсыласым, теңізбен қосылып ішіліп кетпеу үшін әуелі барлық өзеннің алдын бөгеп жапсын.
Міне, өстіп Ксанф қарсыласын тақырға отырғызып жеңіп шығады. Философтың тапқырлығына тәнті болған жұрт қошаметпен айғайлап, айналаны басына көтереді. Ал шәкірт сол жерде Ксанфтың аяғына жығылып кешу сұрайды:
– Ұстаз, сен шын мәнінде ұлы адамсың, сен жеңдің, жеңілгенімді мойындаймын! Ал енді сөзімізді қайтып алып татуласайық!
Екеуі алысып татуласады.
Эзоп Ксанфтың қасына келіп:
– Міне, қожайын, көрдің ғой, сенің бүкіл дүние-мүлкіңді құтқарып қалдым, – дейді. – Осының өтеуіне басыма азаттық беруге тиіссің!
– Өшір үніңді! – дейді Ксанф кіжініп. – Не істеу керек екенін сенсіз де білемін!
Эзоп қарнын ішіне тартып сұрланып кетеді. Ксанфтың басына бостандық бермегеніне емес, осыншама жақсылықты білмес қасиетсіздігіне күйінеді. Бірақ үндемейді. “Тоқтай тұр, бәлем, – дейді ішінен тістеніп. – Бұл қорлығыңды әлі талай алдыңа келтірермін!”
Бір күні Эзоп үйде жалғыз қалған сәтінде етегін көтеріп, ұлы мүшесін салмақтап тұрады. Кенет Ксанфтың әйелі де үстіне кіріп келіп, таңырқай тіл қатады:
– Эзоп, не істеп тұрсың?
– Денсаулыққа пайдалы іс жасап жатырмын, – дейді Эзоп айыл жимастан.
Әйел оның ана ұятты нәрсесінің қуатты, сом екенін көріп нәпсісі қозып, қаны басына шабады, тіпті оның сиықсыз, құбыжық екенін де ұмытып кетеді.
– Бері қарашы, Эзоп, – дейді алқынып. – Егер менің тілегімді орындасаң, қожайыннан да ары ләззатқа батасың!
Эзоп басын шайқайды.
– Егер мұны қожайын сезіп қойса, сазайымды тартқызатынын білесің ғой.
Әйел сиқырлана күліп Эзопты арбай түседі:
– Мені он рет рақатқа бөлесең, ақысына плащ аласың!
– Құдайдың атымен ант ет! – дейді Эзоп.
Құмарлық билеп есі шыққан әйел ант етеді. Эзоп әйелдің сертіне сенеді, әрі қожайыннан өш алғысы келіп, ойланбастан іске кіріседі. Әйелді сол жерде қатарынан тоғыз рет ләззатқа батырады да:
– Ары қарай шамам жоқ! – дейді.
Еркектік қуатын байқаған әйел оны қайрай түседі:
– Жоқ, он рет, әйтпесе ештеңе де алмайсың!
Бар күшін салып Эзоп оныншы рет артылғанда, байқамай басқа жаққа сып еткізеді. Бірақ онысын да есепке алып:
– Кәне, берем деген плащыңды әкел, әйтпесе қожайынға шағымданамын, – дейді.
Әйел оған келіспейді:
– Мен сені атызымды жыртуға шақырдым, ал сен болсаң межеден шығып кетіп, көрші атызды жырттың. Кәне тағы бір рет қимылда да плащыңды ал!
Сол екі арада үйге Ксанф кіріп келеді, Эзоп оған өзінің шағымын айтады:
– Қожайын, әйелің екеумізге төрелігіңді айтшы!
– Не болып қалды?
– Әңгіме былай, – дейді Эзоп. – Әйеліңіз екеуміз баққа барғанбыз. Бір алма ағашының мәуесі төгіліп тұр екен. Әйеліңіз бұтаққа қарап, алма жегісі келіп қызығып кетті де маған: “Егер осыдан таспен дәлдеп атып, он алманы түсіріп беретін болсаң, ақысына плащ беремін” деді. Таспен дәлдеп тұп-тура он алма үзіп бердім, бірақ біреуі қиға түсіп кетті. Енді әйеліңіз сөзінен танып плащты бергісі келмей тұр.
Әйел күйеуіне бұрылып, қылымси тіл қатады:
– Әлбетте, мен тоғыз-ақ алма алдым, қидың үстіне түсіп кеткені есеп емес. Таспен атып тағы бір алма түсіріп берсін, сонда ғана оған плащ беремін.
Эзоп қашқалақтап күңк ете қалады:
– Алма әлі пісіп-жетілген жоқ қой!
Екеуінің уәжін тыңдап болған соң Ксанф әйеліне плащты беру жөнінде бұйырады да, Эзопқа қарай иегін көтереді:
– Эзоп, тез базарға барып кел, менің қолым тимей тұр. Келген соң әлгі алманы сілкіп түсіріп, әйеліме берерсің.
– Әлбетте, – дейді әйелі сиқырлана жымиып. – Тек өзің сілкем деп әуре болмай-ақ қой, Эзоп сілкіп түсіріп, сонда мен оған плащты беремін.
Бірде Ксанф Эзопты шақырып алып:
– Сен менің құсқа қарап бал ашатынымды білесің бе? – дейді мақтанып. – Дарбазаның сыртына шық та, арам ниетті құстар жүрген жоқ па екен қара. Егер екі қарға қатар отырғанын көрсең. Жүгіріп келіп мені шақыр. Оны көрген адамға тағдыр зор бақыт сыйлайды.
Эзоптың жолы болады, сыртқа шықса, дарбазаның алдында екі қарға қатар отыр екен. Алқынып Ксанфқа жүгіріп келеді:
– Қожайын, тез шық, есік алдында екі қарға отыр!
– Кеттік! – дейді Ксанф.
Бірақ екеуі ырғалып-жырғалып шыққанша, қарғаның бірі ұшып кетеді де, Ксанф біреуін ғана көреді.
– Оңбаған! – дейді Ксанф зіркілдеп. – Мен саған екеуін көрсең, шақыр дедім емес пе, ал сен біреуін көріп шақырғаның не?
Эзоп ақталуға тырысады.
– Екіншісі ұшып кетті.
– ЬІлғи өстіп басымды қатырасың да жүресің! – дейді Ксанф ашуға булығып. – Шешіндіріп дүре соғыңдар!
Эзопты мықтап тұрып сол жерде дүрелейді. Эзопты жығып салып шыбықтың астына алып жатқан кезде Ксанфтың бір досының малайы келіп, философты қонаққа шақырады. Эзоп зәбірлене айғай салады.
– Қожайын, сен мені жөнсіз таяқтатып жатырсың?
– Неге жөнсіз? – дейді Ксанф қасын қайшылап.
Эзоп жөткірініп алып, қожайынға тіктеле қарайды:
– Сен егер кімде-кім қатар қонақтаған екі қарғаны көрсе, сол адамның жолы болады дедің емес пе? Мен екі қарғаны көре салып, саған айтайын деп жүгіріп келгенімше біреуі ұшып кетті. Сен шығып, біреуін ғана көріп едің, мені шықпыртып таяқтың астына алдың. Осыдан кейін сенің құсқа қарап бал ашамын дегенің құр сандырақ емей немене?
Сөз таба алмай дымы құрыған Ксанф теріс қарап малайларына күңк етеді.
Осы ұрғандарың да жетеді, қоя беріңдер! – Эзоптың бетіне қарауға жүзі шыдамай, сол теріс қараған күйі түстікке шақырған малайдың соңынан ереді.
Бірнеше күннен кейін Ксанф Эзопты шақырып алып тапсырма жүктейді:
– Дәмдеп тұрып бізге ас даярлап қой, бүгін менің шәкірттерім келеді.
Эзоп бар өнерін салып ас әзірлейді, қожайын әйел сол жерде бір бұрыштағы топшанда жантайып демалып жатады. Эзоп оған:
– Бике, мына дастарқан үстіндегі тамаққа қарай тұршы, – дейді өтініп. – Ит кіріп, бірдеңені алып кетіп жүрмесін.
Әйел мәумезрене қалып сілтейді:
– Бара бер, алаң болмай-ақ қой. Менің алдымда да, артымда да көзім бар.
Эзоп басқа жұмыстармен арлы-берлі жүгіріп, біраз айналып қалады. Асханаға қайтып келсе, әйел іргеге қарап ұйқыны соғып жатады. Ит бірдеңені алып кетті ме деп зәресі ұшып кетеді де, кенет әйелдің әлгінде: “менің алдымда да, артымда да көзім бар” дегені есіне түседі. Сол жерде әйелдің етегін түріп, құйрығын жалаңаштап қояды да, өзі жұмысын ары қарай алаңсыз істей береді.
Межелі уақытта Ксанф пен шәкірттері тамақтануға келеді, қожайын әйелдің бөксесі жарқырап ұйықтап жатқанын көреді. Қарауға дәттері шыдамай теріс айналады. Ксанф ызаға булығып, Эзопқа келіп:
– Бұл не сұмдық, оңбаған!
– Қожайын, – дейді Эзоп жайбарақат үнмен. – Мен оны-мұны жұмыспен сыртқа шығып кеттім. Әйеліңізге “ит бірдеңені алып кетпесін, дастарқанға қарай тұр” деп едім, ол маған: “Алаңдамай бара бер, менің алдымда да, артымда да көзім бар” деді. Қайтып келсем, теріс қарап ұйықтап жатыр екен, содан соң артындағы көзімен қарасын деп етегін әдейі түріп қойдым.
Ксанф қалш-қалш етіп айғай салады:
– Сүмелек, азғын неме, қанша рет сен мені масқараға ұшыратып, сүйегіме таңба салдың, бірақ мынауың бәрінен де асып түсті – әйелім екеуімізді бірдей қара бет қылдың! Тек меймандардың шырқын бұзбайын деп сыйлағандықтан ғана қазір саған тимеймін, бірақ тұра тұр бәлем, кезі келгенде, өмірі есіңнен кетпейтіндей қылып сабаймын.
Біраз күннен соң Ксанф философтар мен от ауыз, орақ тілді шешендерді қонаққа шақырады. Эзопқа:
– Дарбазаның аузында бақылап тұр, – дейді қатаң ескертіп. – Қарапайым біреулер кіріп кетіп жүрмесін, тек оқымыстыларды ғана енгіз!
Меймандар келеді-ау деген Эзоп дарбазаны бекітіп алып, анандай жерде шоқиып отырады. Әне-міне дегенше алғашқы мейман да келіп, дарбазаны тақылдата бастайды. Эзоп оған дабыстап:
– Ит несін бұлғаңдатады? – деп сұрайды.
Мейман мені ит деп атады деп ренжиді де, теріс бұрылып кетіп қалады. Содан соң басқалары келе бастайды. Эзоп әлгі сұрағын оларға да қояды, бәрі бізге тіл тигізді деп өкпелеп ішке кірмей үйлеріне қайтады. Ақыры бір адам келіп дарбазаны қағады. Эзоп одан:
– Ит несін бұлғаңдатады? – деп сұрайды.
Анау ойланбастан жауап қатады:
– Ит құлағын қайшылап, құйрығын бұлғаңдатады.
Эзоп мұндай ұтқыр жауапқа риза болып, мейманның алдынан дарбазаны ашады да, өзі жүгіріп барып Ксанфқа хабарлайды:
– Қожайын, міне саған жалғыз ғана философ келді, басқа ешқандай оқымысты болған жоқ.
Ксанф: олар келеміз деп келмей, алдаған екен ғой деп ойлап, қатты қапаланады. Бірақ ертеңінде Ксанфтан дәріс тыңдағалы келген шәкірттер керісінше оның өзіне налып, реніш білдіреді:
– Ұстаз, сен сірә, бізді ақымақ қылғың келген болу керек, тек өзің ұялатып болған соң, бізді боқтап-балағаттату үшін ана жексұрын Эзопыңды әдейі дарбазаның алдына үргізіп қойдың ба?
– Не, түс көріп тұрғаннан саусыңдар ма? – дейді Ксанф түкке түсінбей.
– Біз ұйықтап отырған жоқпыз, – дейді шәкірттер. – Өңімізде көрген нәрсені айтып тұрмыз.
Бар пәле Эзоптан келгенін түсініп, Ксанфтың іші қылп ете қалады:
– Эзопты мұнда шақырыңдар! – дейді қатулана бұйырып.
Эзоп жүгіріп келген бойда қожайын дүрсе қоя береді:
– Сен сүмелек, менің достарым мен шәкірттерімді құрметтеп үйге кіргізудің орнына, ғайбаттап, қорлап қуып жібергенің қалай?
Эзоп бейкүнә түрмен Ксанфтың бетіне қарайды:
– Қожайын, сен өзің маған: “білімсіз надандардың ешқайсысын жіберме, тек шешендер мен философтарды ғана кіргіз” деп бұйырдың емес пе?
– Әлбетте, ербиген албасты неме! – деп Ксанф айғайлап жібереді. – Сонда қалай, сеніңше, мына адамдар оқымысты емес пе?
– Оқымыстыдан садаға кетсін! – дейді Эзоп жерге түкіріп. – Түгелдей хас надан! Мен ауланың ішінде отырып, дарбазаны қаққандардың әрқайсынан: “Ит несін бұлғаңдатады?” деп сұрадым. Ешқайсысы жауап бере алмады. Ешқандай оқымысты емес екендерін көріп, үйге кіргізген жоқпын, тек дұрыс жауап берген біреуін ғана кіргіздім, – деп кешегі мейманды көрсетеді. Мұндай жауапты естіген шәкірттер амалсыздан Эзоптың уәжін Ксанф Эзоппен бірге қала сыртына шығып, серуен құрады. Әңгіменің қызуына елігіп, бір уақытта қалың зираттың арасына кіріп кеткендерін байқамай қалады. Ксанф айналасына зер салып, қабір басындағы жазуларды оқи бастайды. Кенет Эзоп бір қабірдің басындағы тақта таста қалай болса солай ойылған: “ДТҚАБ” деген әріптерді көреді. Ксанфқа көрсетіп:
– Бұл не нәрсе? – деп сұрайды.
Ксанф ары ойланып, бері толғанып, мұның неғылған жазу, не мағынасы бар екеніне қалай қиналса да бәрібір ақылы жетпейді. Әйгілі ғұлама, философ басымен қарапайым әріптердің сырын аша алмағанына ыңғайсызданып жасып қалады.
– Эзоп, ал өзің қалай ойлайсың? – дейді ұялса да қысылғанынан не істерін білмей.
Эзоп қожайынының тығырыққа тіреліп қатты қиналғанын көріп аяп кетеді, кенет сол кезде қасиетті Музалар шарафатымен алқап, құлағына сыбырлағандай, көкірегі сайрап жүре береді.
– Қожайын, – дейді тамағын кенеп, – егер осы жазу арқылы саған қазына тауып берсем, ақысына маған не бересің?
– Қазынаның жартысын және басыңа еркіндік беремін! – дейді Ксанф екі сөзге келместен.
Мұны ести салысымен Эзоп жерден бір қыштың сынығын тауып алады да, үлкен дарақтың оң жағына барып жерді қаза бастайды, сәлден кейін көміп қойған көп алтынды тауып алады. Алтынды Ксанфқа әкеліп береді де:
– Кәне, қожайын, енді айтқан уәдеңді орында! – дейді.
Ксанф қайран қалғаннан тіл-ауыздан айырылып, біраздан кейін барып үн қатады:
– Құдайдың атымен ант етейін, қазынаның қайда тығылғанын қалай білгеніңді айтпайынша, уәдемді орындайды деп дәметпей-ақ қой. Маған қазына емес, қалай тапқаның қымбат.
– Ендеше, сөзіме құлақ сал, қожайын, – дейді Эзоп маңғазданып: – Сірә, бұл алтынды көмген адамның өзі де философ болса керек, өйткені құпия орынды осы әріптер арқылы ишаралап көрсеткен. Міне, көрдің бе, мұнда әр сөздің басқы әріпін жазған: Д – дарақ, Т – түбінде, Қ – құпия, А – алтын, Б – бар” деген сөз.
– Құдайдың атымен ант етемін, – дейді Ксанф сол жерде екі қолын көкке сермеп. – Мұндай сұңғыла, ақылды екенің рас болса, сені өліп кетсем де қолымнан шығармаймын!
Қожайынның айтқан уәдесінен айнып шыға келгенін көріп, Эзоп айлаға көшеді:
– Ендеше, қожайын, бірден ескертіп қояйын, алтынды иесіне беруіміз керек.
Ксанф көзі жыпылықтап Эзопқа қарайды:
– Қайдағы иесі?
– Византияның билеушісі Дионисий оның иесі.
– Оны қайдан білдің?
– Мына әріптерден білдім. Онда бәрі ап-анық айтылған.
– Қалай? – дейді Ксанф таңғалып.
– Міне, былай, – дейді Эзоп түсіндіруге оқталып. – Бері қара: Д – Дионионге, Т – табылған, Қ – қазынаны, А – апарып, Б – беріңдер.
Эзоптың көкейге қонымды ұтқыр жауабына тосылып, Ксанф үндей алмай қалады. Әңгіме ушығып кетеді:
– Эзоп, алтынның жартысын ал да, үніңді өшір!
– Онсыз да жартысын алуға тиіспін, – дейді Эзоп шалқалап, – Сен өйтіп жомартсынбай-ақ қой, алтынды көмушінің өзі осылай өсиет қалдырған.
– Қалай? – деп Ксанф тағы да таңырқайды.
– Мына әріптерде солай деп жазылған. Бері қара: Д – дарақ, Т – түбіндегі, Қ – қазынаны, А – ашкөзденбей, Б – бөлісіңдер – деген сөз.
Ксанф амалсыз басын шайқап, Эзопты құшақтай алады:
– Сен нағыз дананың өзісің! Жүр, тез үйге барып алтынды бөлісейік. Содан соң қайда кетсең де еркің, басыңа бостандық беремін!
Бірақ үйге келген соң Ксанф уәдесінен айнып қалады. Егер Эзопты қоя берсем, Дионисий патшаға барып табылған қазына туралы айтып қоюы мүмкін деп қорқып кетеді. Сөйтіп Эзопты аяқ-қолын байлатып, қаматып тастайды.
– Алтынның бәрін ал да, маған тек бостандық бер, – деп жалынады Эзоп.
– Қулығын қарай гөр! – дейді Ксанф. – Бостандыққа шығысымен менен алтынды талап етесің, алтынды патшаға апарып көрсетіп үстімнен арыз айтпақшысың ғой? Жо-жоқ, ол дегенің бола қоймас!
Эзоп шақарланып көзін ежірейтеді:
– Байқа, қожайын, осыдан мені өз еркіңмен босатпасаң, күштеп тұрып босатуға мәжбүр етеді!
– Жап аузыңды сүмелек! – деп Ксанф айғайлап жібереді сол жерде ашуға булығып.
Осы уақытта қалада сайлау жүріп жатады, бүкіл халық театрға жиналады. Заң қадағалаушы мемлекеттік заңдар жазылған кітап пен үлкен мөрді әкеліп, мәжілістің алдына қояды да жамиғатқа қарап тамақ кенейді:
– Азаматтар, сіздер өз қалауларыңыз бойынша жаңадан заң қадағалаушы сайлауға тиссіздер. Ол тек заңды қатал сақтап, мемлекеттік мөрге ие болатындай адам болсын.
Жиналған жұрт бұған кім лайықты, кімді сайлағанымыз жөн деп өзара қызу талқылауға кірісіп жатқан кезде, кенет бір бүркіт жоғарыдан зымырай шүйіліп келеді де мемлекеттік мөрді қағып алып аспанға шарықтай жөнеледі. Самостықтардың есі шығып шошып, мұны алдағы болатын кесепат-жамандықтардың белгісі деп жориды. Дереу сол жерде көріпкел-абыздарды шақырып, бұл ненің нышаны екенін сұрайды, бірақ ешкім оған нақтылап мардымды жауап бере алмайды. Сол кезде жұрттың арасынан бір қария түрегеліп, даусын көтере үн қатады.
– Уа, халайық, бұларды тыңдап не бархадар таппақпыз, құрбандыққа шалған малымыздың етімен қарындарын нығарлағаннан басқа бұлар не білуші еді? Өтірік ізгілікті жан болғансып, елді алдап-арбап байығаннан өзге ойлары жоқ. Мұндай ишараның сырын шешу, әлбетте, оңай емес, ол үшін бүкіл ғылымды меңгерген ғұлама болу керек. Міне, біздің арамызда есімі күллі Элладаға мәшһүр болған әйгілі философ Ксанф отырған жоқ па. Кәнеки, соған жүгінейік, бұл ненің нышаны екенін айтып берсін.
Қария орнына отырар-отырмастан халық оның сөзін шуылдап қоштап, Ксанфқа қолқа салады. Ксанф амалсыздан жұрттың алдына шығады, бірақ көкейге қонатындай ештеңе айта алмайды, сондықтан бұл жұмбақтың сырын шешу үшін ойланып-толғануға мұрсат сұрайды. Жұрт пәтуаға келіп, тарауға бет ала бастаған, кенет әлгіндегі қыран бір тұстан тағы да жалт етіп ойнап шығады да, сорғалаған күйі құлдилап көзді ашып-жұмғанша шеңгеліндегі мөрді бір мемлекеттік қызметшінің дәл қойнына тастап жібереді. Халық дүрліге шулап, бұл тағы нендей кесапаттың нышаны деп зәресі ұшады. Ксанфқа жалынып, бұл жұмбақтың да сырын шешуді тапсырады. Ксанф “жарайды, уәделі уақытта бәрінің жауабын айтамын” деп үйіне қайтады. Ойы онға бөлініп түнеріп, не істерін білмей абыржиды. “Бұл жұмбақтың сырын шешу үшін, сірә, Эзопқа тағы да жалынатын шығармын!” деп күйінеді ішінен. Қиналғанмен амал жоқ. Үйге келген бойда:
– Эзопты шақырыңдар! – деп бұйырады құлдарына.
Аяқ-қолы бұғауланған Эзопты сол бойда алдына алып келеді дедектетіп. Ксанф малайларына иек қағады.
– Аяқ-қолын шешіңдер!
– Мен саған шеш деп өтінген жоқпын ғой! – дейді Эзоп қияңқыланып.
Ксанф мәмілеге шақырған майда үнмен тіл қатады:
– Маған бір жұмбақты шешуге көмектессін деп сенің қол-аяғыңды шешкізіп отырмын!
Эзоп одан сайын өршелене түседі:
– А, сен мені жымысқы есеппен шешкізіп отырмын де!
– Сөзді қой, Эзоп! – дейді Ксанф өтініп. – Ашуыңды басып, қол ұшыңды бер.
Қол-аяғын кісеннен босатқан соң Эзоп:
– Иә, қожайын, не айтайын деп едің? – дейді.
Ксанф бұйымтайын айтады, Эзоп оған көмектесуге уәде етеді. Бірақ жасаған қысастығы үшін біраз сыбағасын беріп қинағысы келеді. Ертеңінде сөзінен айнып аунап түседі:
– Қожайын, егер сөзбен айтылған жұмбақ болса, бірден оның шешуін табар едім, бірақ мына сен айтып тұрған нәрсеге қалай ойлансам да ақылым жетпейді, қолдан келер қайраным жоқ!
Мұны естіген Ксанф бар дүниеден түңіліп, өзін қоярға жер таппайды. Самос халқының алдында ертең қара бет болатынын ойлап, өзіне-өзі қол салмақшы болады. “Ойлануға берілген уақыт таяп қалды. Даңқым бүкіл елге жайылған ғұлама басыммен уәдемді орындай алмасам, масқара емес пе. Бүйткенше өлгенім артық!” деп ойлап, түн болуын күтеді, көз байланған соң, арқан алып, үйден шығып кетеді.
Эзоп өзі ұйықтайтын кішкентай үйшіктен қожайынның жасырынып беймезгіл шығып бара жатқанын байқап қалады. Жүрегі бір жамандықты сезе қояды да, бүкіл өкпе-ренішін сол жерде ұмытып соңынан жүгіре жөнеледі. Дарбазаны айнала бергенде үстінен түседі, сөйтсе ағаштың бұтағына арқанның бір ұшын байлап екінші ұшындағы ілмекке басын сұққалы жатыр екен.
– Тоқта, қожайын! – деп Эзоп анандайдан жан ұшыртып, айғай салады.
Ксанф жалт бұрылып, айдың жарығында өзіне қарай құстай ұшып келе жатқан Эзопты көреді. Басын шайқап, өкінішпен тіл қатады:
– Үстімнен түстің, Эзоп. Енді сен маған өлуге де мұрсат бермейтін болдың ба?
Эзоп жерге тізерлей кетеді:
– Қожайын, сенің философ болғанда бар тапқан ақылың осы ма? Ел мақтаған ғұламалығың қайда? Даналарға тән парасат, сабырың қайда? Шынымен осындай қорқақ сорлы ма едің? Сәл нәрсеге бола өміріңді қиып, арқанға асылып өлгелі тұрмысың? Ақылға кел, қожайын!
– Бөгет болма, жібер мені, Эзоп! – дейді Ксанф бетінен қайтпай. – Бүйтіп иттен қадірсіз қара бет болып өмір сүргенімше өлгенім артық.
– Райыңнан қайт, қожайын, өлуге асықпа. Әлгі айтқан жұмбағыңды шешуге тырысып көрейін.
Ксанф қуанып кетіп, басын арқанның ілгегінен суырып алады:
– Қалай? Шын айтып тұрсың ба?
– Әлбетте, – дейді Эзоп байыппен. – Мені өзіңмен бірге театрға алып бар да, халық иланатындай бір сылтау айт: бал ашып, көріпкелдік жасау философқа лайықты нәрсе емес, сондықтан мұндай сұрақтарға жауап беруді шәкіртіме тапсырамын деп, жұртқа мені таныстыр. Халық ортаға шық деп маған қолқа салады. Сол кезде мен оларға бәрін түсіндіріп айтып беремін.
Екеуі осыған уағдаласады. Ертеңінде Ксанф жиналған жұрттың алдына шығып, Эзоптың үйреткені бойынша сөйлей бастайды:
– Біздің іс-әрекетіміз логикалық философияның белгілі бір қағидаларымен шектелетін болғандықтан, мен көріпкел, сәуегейлікпен айналыса алмаймын. Әйткенмен бұл мәселеде сіздерге лайықты дәрежеде жөн-жоба көрсететін адам бар. Міне, сондықтан өзімнің философтық абыройымды түсірмеу үшін, бұл істі малайыма тапсырамын. Ол менің философиялық тұжырымдарымды пайдалана отырып, сіздерге жұмбақ нышанының сырын түсіндіріп береді. – Солай деп Эзопты елдің алдына шығарады.
Эзопты көрген бойда самостықтар қарқылдап күліп, айғай салады:
– Бізге жөні түзу басқа бір сәуегей тауып бер. Мынау бір түрінен адам шошитындай албастының өзі ғой. Қарыны шартиған қара маймыл, аударылған қапшық, себетке салынған күшік, ит кемірген сүйек!..
Эзоп кірпік қақпастан осының бәрін тыңдап тұрады да, жұрт тынышталғаннан соң барып тіл қатады.
– Самостық азаматтар, менің түріме қарап неменеге қарқылдап күлесіңдер? Адамның түріне емес, ақылына қарау керек. Ажарсыз адамның бәрі бірдей ақымақ бола бермейді. Түрі ұсқынсыз болғанмен парасатты жандар қаншама. Адамның бойы аласа екені бірден көрініп тұрады, ал ойы қандай екені бірден көрінбейді, сондықтан оны ғайбаттауға болмайды. Дәрігер де науқастың түріне қарап ауыруын анықтамайды ғой, әуелі тамырын ұстап көріп, содан соң науқасын біледі. Күбідегі шараптың дәмін татпай, көзбен қарап жақсы-жаман екенін кім айыра алады? Музаның құдіреті театрда, сұлудың от-жалыны төсекте, ал адамның ақылы сөзінен танылады.
Тыңдаған жұрт мұның бетінің әрі болмағанмен сөзінің нәрі бар екеніне көзі жетеді.
– Мынау ақымақ емес, сөзге шебер екен! – деседі. Әр тұстан: – Кәне, қорықпай-ақ қой, сәуегейлік өнеріңді көрсет! – дейді айғайлап.
Жұрттың ықыласын таныған Эзоп енді көсіліп, еркін сөйлей бастайды:
– Самостық азаматтар, бұрын-соңды құл сәуегейлік танытып, еркін халықтың алдында сөйлеп көрген емес. Сондықтан маған еркін азамат ретінде сөйлеуге рұқсат етіңіздер. Егер жауабым көңілдеріңізден шықса, еркін адам ретінде ықылас білдіріңіздер, ал егер жауабыма қанағаттанбасаңыздар, онда да құл сияқты емес, еркін азамат ретінде жазалаңыздар. Күнім не болады деп қорқып, қаймықпау үшін, маған еркін сөйлеуге мұрсат беріңіздер.
Самостықтар жан-жақтан гуілдеп, Ксанфқа өтініш жасайды:
– Ксанф, өтінеміз сенен, Эзопқа бостандық бер!
Жиналысты басқарушы да Ксанфқа қолқа салады:
– Жібере алмаймын, – дейді Ксанф басын шайқап, – көптен бері маған қызмет етіп келеді, әбден бауыр басып қалыппын.
Ксанфтың оңайшылықпен келіспегін көріп жиналыс басқарушы:
– Ендеше қанша сұрасаң да құнын төлейін, оны маған бер. Мемлекеттің атынан мен оның басына бостандық беремін.
Ксанф бір кезде Эзопты жетпіс бес денариге сатып алғаны есіне түседі де, ақшаға бола босатты деп ойламасын деп, Эзопты халықтың алдына алып шығады:
– Мен, Ксанф, Самос халқының өтініші бойынша, Эзопқа бостандық бердім! – дейді. Жұрт қошаметтеп айғай салады.
Содан соң Эзоп еркін, азат адам ретінде, саңқылдап сөйлей жөнеледі:
– Самостық азаматтар, өз қамдарыңды өздерің жасап, өз бостандықтарың туралы ойланатындай уақыт жетті, өйткені, бұл нышан соғыс пен құлдықтың таяп қалғанын әйгілейді. Соғыс бірінші келеді. Естеріңде болсын, бүркіт – құс патшасы. Өйткені, ол құс атаулының бәрінен күшті. Міне, сол бүркіт ұшып келіп биліктің белгісі болып табылатын мемлекеттік мөрді іліп әкетті де құлдың қойнына тастай салды. Бұл дегеніміз бостандықтан айырылып, құлдық езгіге түсесің деген сөз. Ишараның сыры міне, осында. Әлдебір патша сендерді бостандықтан айырып, азат бастарыңды бұғауға салмақ, заңдарыңның күшін жойып, өз тәртіп-билігін орнатқысы келеді.
Эзоп ауыз жиып болғанша, Крез патшадан шапқыншы келіп жетеді, үстінде етек-жеңі ақпен әдіптелген желбегейі бар, жүрісі суыт, Самостың билеушілері қайда деп сұрайды. Халық жиналысын өткізіп жатқанын естиді де, аялдамастан театрға барып, жарлықты билеушілердің қолына табыс етеді. Жарлықты ашып оқи бастайды: “Лидия патшасы Крез Самостың әміршілері мен жоғарғы кеңеске һәм бүкіл Самос халқына сәлем жолдайды. Бүгіннен бастап маған алым-салық төлеуді бұйырамын, бас тартатын болсаңдар, бүкіл әскерімді қарсы саламын!”
Билеушілер: талап етіп отырған алым-салықты беріп құтылайық, әйтпесе мынандай айбарлы патшаның қаһарына ұшырап, еркіндігімізден айырылып қалармыз деп, халықты келісуге шақырады.
Эзоптың айтқаны айдай келгеніне куә болған жамиғат сол жерде оны көріпкел әулие санап, зор құрмет көрсетеді. Тек соның айтқанына ғана бас ұрады. “Келісейік пе, әлде бас тартқанымыз жөн бе?” деп одан ақыл сұрайды.
Эзоп басын шайқап, қашырта тіл қатады:
– Самос азаматтары, жаңа ғана өздеріңіздің таңдаулы асыл азаматтарыңыз алым-салық төлеуге келісейік деп кеңес берген жоқ па? Келісейік пе, жоқ па деп менен неге сұрайсыздар? Егер мен: “Келіспеңіздер!” десем, Крез патшаға дұшпан болып шығамын емес пе!
Халық жан-жақтан шулап қоя береді:
– Бәрібір кеңесіңді айт!
Эзоп қолын көтеріп, жұрт тынышталған соң тамағын кенейді:
– Мен сіздерге ақыл қоспаймын, одан да бір мысал айтып берейін. Баяғы заманда Прометей Зевстің бұйыруымен адамзат баласына екі жолды – бостандық жолы мен құлдық жолын нұсқапты. Бостандық жолын ол алғашқыда ой-шұңқыры көп, құлама жар, тайғанақ, айналасы сусыз шөл, табан асты тікенек, анталаған қауіп-қатермен басталып ақырына қарай теп-тегіс жазық, айнала миуасы төгілген орман-бақ, аттаған сайын сылдыраған бұлақ, яки бүкіл шеккен азабың рақатпен аяқталатындай етіп көрсетеді. Ал құлдық жолын ол әуелгіде бұдыры жоқ теп-тегіс, қызыл-жасыл гүл өскен, алаңсыз рақат боп басталып, ақыры бұралаңы көп, тау-тас, тар соқпаққа ұласатындай ғып көрсетеді.
Самостықтар Эзоптың бұл сөзінің астарынан өздері үшін ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ұғады да, бәрі бір дауыспен айғайлап, шапқыншыға өздерінің қатерлі болса да қиын жолды таңдайтындарын айтады. Тұмсығы тасқа тиіп кері оралған шапқыншы Эзоптың не айтып, не қойғанын аудармай-төңкермей сол қалпында патшаға жеткізеді.
Мұны естіген Крез ашудан жарылардай қаһарына мініп, дереу әскерін жасақтайды. Айналасындағы нөкері түгелдей патшаның жорыққа аттанбақ бұл ниетін құптап, дем бере түседі.
– Дұрыс, бетіңнен қайтпа, мәртебелі тақсыр. Қаптат әскеріңді қасарысқан аралға! Жаулап аламыз да Атлант мұхитының түбіне бір-ақ батырамыз, басқа халықтар үшін сабақ болсын, ұлы патшаға қарсы келудің қандай болатынын көрсін!
Тек патшаның бір туысы ғана бұл шешімге келіспей уәж айтады:
– Мына басыңдағы алтын тәждің киесімен ант етейін, ана ақыл-кеңес беруші Эзоп тірі тұрғанда, сен ешқашанда самостықтарды бағындыра алмайсың. Одан да: “Эзопты маған беріңдер, өтеуіне не сұрасаңдар да беремін” деп ұсыныс жаса.
Бұл сөз Крездің көкейіне қонады. Сөйтіп кеңесшінің өзін Самосқа баруға бұйырады, өйткені патшаның одан сенімді, одан ақылды ешкімі жоқ еді. Елші аялдамастан Самосқа жүріп кетеді. Бүлікші аралға келісімен халық жиналысын шақырып, патшамен босқа араздасқанша, Эзопты беріп құтылыңдар деп ақыл айтады. Халық ешқандай қарсылықсыз қолпаштап айғай салады:
– Ала бер Эзопты! Патшаның жолында садақа!
Эзоп топтың алдына шығып, кекесінмен үн қатады:
– Самостық азаматтар, мен патшаның аяғын құшып өлуге әзірмін. Бірақ әуелі сендерге бір мысал айтып берейін, кейін мен өлгенде соны бейітімнің басындағы тасқа ойып жазып қойыңдар. Аң-құс адамша сөйлейтін баяғы өткен бағзы заманда қой мен қасқырлардың арасында қырқысқан соғыс болыпты. Бөрілер басым түсіп, қойлардың жағдайы қиындай бастайды, дәл сол кезде иттер жәрдемге келіп, қасқырларды түре қуып тастайды. Иттерден қауіптенген қасқырлар қойларға елші жібереді. Елші қасқыр келіп, қалың қойдың ортасында шоқиып отырып алып, бұлбұлдай сайрасын келіп: “Егер арамызда бейбіт бітім болсын десеңдер, иттерді бізге беріңдер. Сонда ұйқыларың тыныш, ешқандай қауіп-қатер ойламай алаңсыз өмір сүресіңдер” дейді. Қойлар ақымақ, аңқау еді, алдағанға көніп, иттерді қасқырларға береді, бөрілер оларды сол жерде-ақ түте-түтесін шығарып талап өлтіреді. Біраз күн өткен соң қойлардың өзі де қасқырлардың қанды аузына ілінеді. Міне, осы тәмсілдің ғибратына құлақ ассаңдар, сендер де пайдалы адамдарыңды жауға бермегендерің абзал.
Тәмсілдің астарын түсінген самостықтар алғашқы ойларынан айнып, Эзопты енді патшаға бермейміз деп шешеді. Бірақ Эзоп қалғысы келмейді де, елшімен ілесіп Крез патшаға аттанады.
Эзопты көрген кезде патша ашуға булығып, өзін-өзі ұстай алмай сақалы селкілдеп айғай салады:
– Менің Самосты бағындырып, алым-салық жинауыма кедергі жасап жүрген осы екен ғой! Ең болмаса, адам сияқты біреу болса бір сәрі, құбыжық албастының өзі ғой мынау! Адамзаттың азғыны!
Эзоп селт етпестен сабырмен тіл қатады:
– Тақсыр, мені мұнда ешкім зорлап әкелген жоқ, өз еркіммен аяғыңа жығылайын деп келдім. Сен оқыс жараланып, жанына жарақат батқан бойда баж еткен адам сияқты айғайлайды екенсің. Жарақатың болса, дәрігер емдейді, ал ашу-ызаның дертінен сені менің сөздерім емдеп жазады. Егер мен әділдігіңе сеніп алдыңа келгенде мерт болсам, онда сенің патшалығыңның күні еңкейді деп есептей бер, өйткені осы сәттен бастап достарыңның бәрі теріс айналып, ниеттес болудан бас тартады: ізгі жүрекпен жақсылық жасағысы келгендердің мерт болғанын көрген соң, жаулық, қысастық ниетпен сенің патшалығыңа тек зияны тиетін кеңестер береді.
Патшаның жүзі жылып, Эзопқа таңырқай қарайды:
– Иә, әңгімең жақсы екен, айта түс. Маған адамның тағдырына қатысты бір тәмсіл айтып берші! – дейді сынамақ ниетпен.
Эзоп мүдірместен сөйлей жөнеледі:
– Көне бір өткен заманда, хайуанат біткен адамша сөйлейтін кезде бір жарлы бейшара, талғажу ететін басқа ештеңе болмаған соң, шілделік ұстап, кептіріп жеп, қалғанын арзанға сатып күн көреді екен. Бір күні бір үлкендеу шілделікті ұстап алып, енді өлтірейін дей бергенде, әлгі жалынышты үнмен тіл қатады: “Жазықсыздан жазықсыз мені өлтірмеші. Масаққа да, сабаққа да, бұтаққа да, жапыраққа да ешқандай зияным жоқ қой. Аяғым мен қанаттарымды қоса дірілдетіп, әсем үн шығарып, естіген құлақты рақатқа батырғаннан басқа не кінәм бар?” Кедей аяп кетіп, шілделікті қоя береді. Міне, сол сияқты мен де сенің аяғыңа бас ұрамын. Маған рақым ете гөр. Сенің жолыңа кедергі болатындай мен күшті, құдіретті біреу емеспін. Сұрқым да келіспеген адаммын, сүйкімді түрімен қазыларды алдап-арбайтын жалақор, алаяқ болу да қолымнан келмейді. Дене-бітімім де әлсіз, тек ел-жұртқа пайдасы тиер ақылды саз ғана айта аламын.
Патшаның бұл сөзге көңілі жібіп, оған рақымшылық етеді.
– Өміріңді қидым, не тілегің бар, орындаймын! – дейді. Эзоп ойланбастан:
– Самоспен бітімге келіп, татулас! – дейді.
– Тілегің болсын, татуластым!
Эзоп сол жерде етпеттей кетіп патшаның аяғын құшып алғысын жаудырады.
Патшаға арнап Эзоп осы жерде өзінің әйгілі тәмсілдері мен мысалдарын жазып, оларды патшаның кітап қоймасына сыйға тартады. Олар қазірге дейін соның атымен айтылып жүр. Эзоп патшадан: “Тек Эзоп үшін ғана сендермен бейбіт бітімге келіп отырмын” деген жарлық пен көп тарту-таралғы алып, Самосқа аттанады. Аралға келісімен халық жиналысын шақырып, патшаның жарлығын оқып береді. Эзопқа бола Крездің бейбіт мәмілеге келгенін білген жұрт оған тәнті болып, зор құрмет көрсетеді, осы құрмет көрсетілген жерді “Эзоппен” деп атайды. Ал Эзоп музаларға арнап құрбандық шалып, храм салады. Сол жерге олардың мүсіндерін орнатады. Ең ортасына Аполлонның емес, Мнемозиканың бейнесін тұрғызады. Сол күннен бастап Аполлон оған қаһарын төгеді.
Эзоп Самосқа ұзақ жыл тұрып, сол жерде зор сый-құрметке бөленеді. Кейіннен бүкіл әлемді шарлап саяхат құрмақ болады. Қай жерге келсе де, айналасына шәкірт жинап, әңгіме-дүкен құрады, ол үшін оған көп ақы төлейді. Сөйтіп, жер бетін түгел айналып, ақыры Вавилонға ат басын тірейді. Бұл кезде Вавилонның патшасы Ликруг болатын. Осы жерде ол философия жайлы ой толғайды. Вавилондықтар оны ұлы адам деп танып, төбелеріне тұтады. Мінез-құлқы, ақыл-парасатымен патшаның оң көзіне ілігеді, сөйтіп патша оны өзіне қазына күзетшісі етіп алады.
Ол замандарда патшалар тек ақыл-парасат майданында ғана бір-біріне соғыс ашып алым-салық төлейтін дәстүр болыпты. Жорыққа шығып, шайқасқа түспейді, бір-біріне хат арқылы жұмбақ мәнді философиялық сұрақтар жолдайды, жауап бере алмаған адам хат жолдаушыға салық төлейді. Эзоп Ликругке келген жұмбақ сұрақтардың шешуін дәл тауып, патшаның даңқын асқақтатады. Ал Ликругтің атынан басқа патшаларға жіберілген оның сұрақтарына ешкім де жауап бере алмайды, сөйтіп олар салық төлеуге мәжбүр болады. Сөйтіп Вавилон патшалығы қанатын кеңге жайып, тек айналасындағы жабайы тайпаларды ғана емес, тіпті Грекияның көптеген өлкелеріне дейін өзіне қаратып алады.
Вавилонда Эзоп асыл текті бір жасөспіріммен танысып, өз кіндігінен бала болмағандықтан, соны асырап алады. Патшаға оны өзінің мұрагері ретінде таныстырып, баланы тәрбиелеуге көп күш жұмсайды. Әйткенмен жас жігіт тым көрсеқызар өркөкірек болып шығады. Патшаның кәнизагына ұнап қалып, екеуі көңіл қосады, соған масайрап, дүниенің бәрін ұмытады. Мұны байқаған Эзоп оған ұрсып та, ұялтып та ақыл айтады. Патшаның қошаметіндегі әйелге көз салу қылышқа кеңірдегіңді тосумен бірдей екенін айтып қорқытады. Жас жігіт одан айыл жимайды, қайта Эзоптың сөзін кек тұтып, көңіліне дұшпандық кіреді. Сөйтіп, достарының дем беруімен Эзопқа жала жауып, патшаның алдында арандатпақшы болады. Эзоптың атынан патшаның жауларына, қол ұшын беріп көмектесуге дайын екенін айтып, жалған хат жазады да оған Эзоптың мөр-таңбасын басады. Сөйтіп хатты Ликуругтің қолына апарып береді:
– Міне, сеніп жүрген адал да ізгі досыңның сиқы. Жауыңмен ауыз жаласып, іргеңнен ор қазып жүр! – дейді.
Патша Эзоптың мөрін көрген соң сенбеске лажы жоқ, ашудан жарылып, сол жерде күзет бастығы Гермиппке Эзопты сатқын ретінде өлтір деп бұйрық береді. Бірақ Гермипп оны өлтірмейді, өйткені Эзоп екеуі айнымас дос еді. Патшаға бұйрығыңызды орындап, Эзоптың басын шаптық деп айтады да, өзі оны ешкімге көрсетпей абақтыға қамап қояды. Эзоптың орнына Гелий қазына күзетшісі болады.
Көп өтпей Мысыр патшасы Нектанебон, Эзоптың қаза тапқанын естісімен, хат жазып Ликургке елшілерін жібереді. Хаттың ішінде жұмбақ бар еді, оны Вавилонда Эзоптан басқа ешкім шеше алмайтынын ол жақсы білетін. Хаттың мазмұны мынандай еді:
“Мысыр патшасы Нектанебон Вавилон патшасы Ликургке үшбу сәлем жолдайды. Аспанға да, жерге де тимей қалықтап тұратын бір биік мұнара салмақ ойым бар. Соны салуға маған кісілер жібер һәм менің сұрақтарыма жауап бере алатын адамың болса қоса жібер. Сонда мен саған он жыл бойы салық төлеймін, ал егер жібере алмасаң, сен он жыл бойы маған салық төлейсің.
Ликург хатты оқып, жағдайдың бұлай аяқ астынан күрт өзгергеніне қатты өкініп, бармақ тістейді. Дереу кеңесшілерін шақырып, арасында Гермипп те бар, ақыл сұрайды.
– Мына мұнара туралы жұмбақтың сырын шеше аласыңдар ма, әлде осы отырған бәріңнің бастарыңды алайын ба? – дейді түнеріп.
– Жоқ, аспан мен жердің арасында қалықтап тұратын ондай мұнараны қалай салу керек екенін біз білмейміз, – дейді кеңесшілері пұшайман болып.
Араларындағы именшектеу біреуі жалбарына тіл қатады:
– Тақсыр, бұдан басқа не бұйырсаң да бәрін орындауға әзірміз, тек мұны орындауға дәрменсізбіз, қолымыздан келмейді. Рақым ете гөр бізге!
Патша ашуланып, күзетшіге бәрінің басын алуға бұйрық береді. Өзі жерге отыра кетіп, шашын жұлып, шекесін тоқпақтайды. Эзоптың орынын жоқтап, өксікке булығады.
– Патшалығымның жалғыз тірегін өз қолыммен құртыппын ғой, неткен ақымақ едім десеңші! – деп көз жасын көл ғып ағызады. Талай күн бойы нәр сызбай, күйіктен жер бауырлап жатып қалады.
Күзет бастығы патшаның нендей күйге тап болғанын көріп, шындықты айтуға бел буады. Патшаның алдына келіп жүгініп отыра кетеді:
– Тақсыр ием, өмірімнің соңғы сәті соққалы тұрғанын білемін!
– Не болып қалды? – дейді патша жүзіне таңырқай қарап.
– Бір бұйрығыңды орындаған жоқ едім. Енді сол үшін өміріммен қош айтысайын деп тұрмын.
– Соншалық таусылатындай не бүлдіріп едің?
– Эзоп тірі, – дейді күзет бастығы өңі қашып.
Мұндай тосын жаңалықты естіген Ликург қуаныштан есі шығып, Гермиппті құшақтай алады.
– Егер Эзоптың тірі екені рас болса, мен сенің соңғы күніңді мәңгілікке айналдырамын. Өйткені сен Эзопты құтқару арқылы менің өзімді де құтқарып тұрсың! Бұл жақсылығың өтеусіз қалмайды, бүгіннен бастап Патшаның құтқарушысы деген мәртебелі атқа ие боласың! – дейді де, дереу Эзопты алып келуге бұйырады.
Сәлден соң Эзоп келеді. ¥зақ уақыт қамақта отырып әбден жүдеген, сақал-шашы өскен, үсті-басы лас. Патша көрген бойда шыдай алмай теріс қарап жылап жібереді. Содан кейін жуындырып, киіндіріп, патшаның алдына дұрыстап алып келіңдер дейді. Эзоп біраз күтімнен өтіп, есін жиған соң, патшаның алдына келеді. Патша құшақтап қарсы алады. Эзоп асырап алған ұлының қалай жала жауып, арандатқанын айтып, өз сөзінің ақиқаттығына ант ішеді. Патша Гелийді сол жерде әкесіне зұлымдық жасағаны үшін жазалап басын кестірмек болады, бірақ Эзоп оған ара түседі: егер Гелий өлсе, ажал оның өміріндегі бүкіл масқараны жуып-шайып, кетеді, ал тірі жүрсе, ұяты жанып кеміріп, өмір бойы өзін-өзі кінәлаумен өтеді дейді. Патша жөн көріп, Гелийге рақым етеді. Содан соң Эзопқа:
– Міне, Мысыр патшасының бізге не жазғанын оқы! – деп хатты ұсынады. Эзоп хатты оқиды да миығынан күліп:
“Мұнара салатын құрылысшыларды да, сұрақтарыңа жауап беретін адамды да қыс өтісімен жіберем” деп жауап бер, – дейді. Патша солай деп жазып, хатты елшілер арқылы Мысырға жөнелтеді. Патша Эзопты қайтадан қазына күзетшісі етіп тағайындап, Гелийді де, не істесең де өзің біл деп оның қолына береді. Эзоп жас жігітті алдына шақырып алып, ақыл-кеңес айтады:
– Балам Гелий, сөзіме құлақ қой, бұған дейін айтқан ақылым аз емес еді, бірақ бетің шімірікпей қатыгез зұлымдықпен опасыздық жасадың. Енді сол ақылымды қайтадан тыңдап, сеніп тапсырған қазынадай көкірегіңнің түбінде сақта.
Ең бірінші шын жүрегіңмен құдайды құрмет тұт. Одан кейін патшаны құрметте, өйткені ол құдайдың жердегі пенделерді басқаруға жіберген әміршісі. Ұстазыңды ата-анаңмен бірдей қадір тұт. Ата-ананы саған табиғат етті, ұстаз сені өз жүрек қалауымен жақсы көреді, сондықтан оның алдында сен екі есе қарыздарсың.
Ертеңгі күнгі жұмысқа күш-қуат, денсаулығың жетердей болу үшін күнделікті уағымен жақсылап тамақтан.
Патша сарайында қызмет етсең, естігеніңнің бәрі ішіңде өлсін, әйтпесе ажалыңнан бұрын өлгенің.
Әйеліңнің тілін табуға тырыс, өйтпесең ол мұндардың басқа еркекке көңілі ауып кетуі мүмкін. Әйел заты жаратылысынан жеңілтек, мақтап қойсаң, жетегіңе ере береді.
Шарап ішіп отырып, білімділігіңді көрсетпе. Көп сөйлеп мылжыңдап босқа күлкіге қаласың. Аузыңа қақпақ қой.
Біреудің жетістігіне іштарлық жасама қайта бірге қуана біл, сонда оның қуанышы сенің де қуанышың болады. Ал қызғаншақ болсаң – өз сорың.
Құлдарыңа қамқорлық ет, қолыңдағы барыңнан бөліп бер – тек қожайыным деп бағынбай, қамқоршым деп құрмет тұтсын.
Ешқашан ашуға ерік берме.
Есейгенде де үйренуден ұялма: мақұрым қалғанша, кеш те болса оқуға ұмтыл.
Әйеліңе сырыңды ашып, ешқашан да құпияңды бөліспе: жұбайлық өмірде әйел – сенің бақталасың, қолынан қаруын тастамай қапысын тауып қашанда саған жер қаптырғысы келеді.
Барға қанағат қыл, бүгінгі артылғанды ертеңге сақта: өзің тентіреп достарыңнан қайыр сұрағанша, артық нәрсең жауға бұйырсын.
Ісің түскен адамның тілін табуға тырыс, биязы, кішіпейілділік таныт: иттің өзі де еркелетсең, құйрығын бұлғаңдатып, ұрсаң ырылдап қабады емес пе.
Бай емес, ақылды болуға тырыс: байлық-баянсыз, бүгін бар да, ертең жоқ, ал ақыл әрқашанда өзіңмен бірге.
Кекшіл болма, дұшпаныңның өзіне рақымшылық жаса, сонда олар қандай адамға қысастық жасағандарын көріп, бармағын шайнап өкінеді.
Егер жақсылық жасауға шамаң келсе, аялдамай бірден кіріс, тағдырдың құбылмалы, тайғақ екенін ұмытпа.
Өсекші, мылжыңды, мейлі ол туған бауырың болса да, сол жерде тырқыратып қуып шық: бүгін біреудің сөзін саған айтса, ертең сенің сырыңды елге жаяды.
Ақшам көп деп қуанба, аз деп қайғырма.
Осылай деп нақыл айтып, Эзоп жігітпен қоштасады. Әйткенмен, Гелий өзінің жасаған жасықтық әрекетіне қатты өкініп, қатты күйінеді, әке орнына әке болған қамқор ұстазының ғибраты туралы ойлап күндіз-түні күйзелгеннен нәр татпай ақыр аяғында көз жұмады. Эзоп оның қазасына қатты қайғырып, зор құрметпен жерлейді.
Осы оқиғадан кейін Эзоп бірнеше саяшыны шақырып алып, төрт бүркіт ұстап әкеліңдер дейді. Қолға түскен қырандардың ұзын, қатқыл қауырсындарын жұлып тастайды да, құсбегіне жақсылап жемдеп, балаларды көтеріп ұшатындай етіп үйретіңдер дейді. Қауырсындары қайтадан өсіп жетілген кезде қырандар балаларды көтеріп ұшатындай болады. Балалар оларға арқан тағып, делбенің ұшымен қажетті жақтарына қарай бағыттап отырады. Жаз ортасы болғанда Эзоп патшамен қоштасып, Мысырға аттанады. Мысыр жұртын таң-тамаша қалдыру үшін үйретілген бүркіттері мен балаларды, көптеген құл, түрлі жабдықтарды қоса ала шығады.
Кеме Мемфиске тұмсық тірегенде, Нектанебон патшаға Эзоптың келгенін хабарлайды. Бұл хабарды естіп, патша қатты абыржиды, уәзірлерін жинап:
– Мырзалар, мен Ликургке ақыл сайысына шақырып хат жолдап едім, бірақ Эзоп өлді деген хабар жалған боп шықты, – дейді өкінішпен. Сөйтіп Эзопты кемеден түсіріп, күтіп алуға бұйрық береді.
Ертеңінде Эзоп патшаға сәлем беруге келеді. Нектанебон өзінің күллі уәзірлері мен сардарларына ақ киініп алуға бұйырады, өзі де үстіне ақ желбегей жамылып, басына мүйіз қадап алады. Таққа жайғасып, Эзопқа кірсін дейді. Эзоп бұл көрініске таңырқай қарайды, патша одан:
– Мен кімге ұқсаймын, жолдастарым кімге ұқсайды? – деп сұрайды кірген бетте. Эзоп іркілместен жауап береді:
– Сен ай сияқтысың, серіктерің жұлдызға ұқсайды. Аспан шырақтарының арасында Ай қалай жарқыраса, сен де басыңдағы айдай мүйізіңмен достарыңның арасында сондай жарқырайсың.
Эзоптың бұл сөзіне риза болған патша оған мол сыйлық береді.
Келесі күні Нектанебон қаумалаған уәзірлерінің ортасында үстіне қызыл күрең шапан киіп, қолына гүл ұстап, таққа отырады да, Эзопқа кірсін дейді. Енген бойда тағы да Эзопқа сауал қояды:
– Мен кімге ұқсаймын, серіктерім кімге ұқсайды?
– Сен көктемгі күнге ұқсайсың, – дейді Эзоп. – Ал серіктерің жердегі өскен жеміс тәрізді. Әлемнің әміршісіндей айналаңды алқызыл нұрға бөлейсің, ал шапағыңа бөгіп гүл жайнаған жер саған өз жемісін тарту етеді.
Риза болған патша Эзопқа мол сыйлық тарту етеді.
Үшінші күні Нектанебон аққа малына киініп, нөкерлерін нарт қызыл жасандырады да, алтын таққа жайғасады. Эзоп кіріп келгенде тағы да сол сұрағын қайталайды.
– Мен кімге ұқсаймын?
– Сен күн сияқтысың, – дейді Эзоп іркілместен. – Айналаңдағы серіктерің күннің шапағы тәрізді.
– Міне, менің патшалығымның құдіретін көрдің ғой! – дейді патша сонда масаттанып. – Менің жанымда Ликруг түкке тұрмайды емес пе?
Эзоп мырс етіп басын шайқайды:
– Оның есімін даусыңды шығарып атама: Зевс ғаламнан қаншалықты биік тұрса, Ликруг те сенен соншалық биік тұр. Күн мен айды жарқыратып, жыл мезгілін бір-бірімен алмастырып тұрған соның құдіреті. Егер ол қаһарланса, бүкіл ғалам гүрілдеп, найзағай ойнап, жер шайқалады. Сол сияқты, Ликруг патшалығының ақақтаған айдын-айбаты мен сенің патшалығыңның абройы салыстыруға келмейді, өйткені оның ұлылығының алдында бәрі пәс.
Нектанебон мейманның қиялы ұшқыр, тілге жүйрік екенін көріп:
– Сен маған мұнара салатын адамдарыңды әкелдің бе? – дейді.
– Кісілер дайын. Тек орынын көрсетсең болды.
Патша қайран қалып, Эзоптың бетіне қарайды, бірақ сыр бермейді. Екеуі қала сыртына шығып, мұнараны қай жерге салу керек екенін көрсетеді. Эзоп белгіленген тұстың әр бұрышына бүркіттерін қойып, балаларды үстіне мінгізіп, ұшыңдар деп бұйырады. Балалар бүркітпен самғап ұшып, биіктен айғай салады:
– Кәнеки, балшық, сырғауыл, кірпіш, бүкіл керек-жарақтың бәрін бері әкеліңдер!
– Қалай? – дейді Нектанебон таңырқап. – Бұл неғылған қанатты адамдар?
– Ликруг патшаның осындай қанатты адамдары да бар. Сен, жай бір қарапайым пенде, құдайдай құдіретті патшамен қалай теңесем деп жүрсің?
– Сен жеңдің, Эзоп! – дейді Нектанебон басын иіп. – Бірақ менің тағы бір сұрағым бар, соған жауап берші.
– Иә, айта бер.
– Менің Грекиядан арнайы алдырған асыл тұқымды биелерім бар еді. Құдай ұрғанда, жылда желіндеп тұрған кезінде, Вавилондағы айғырлардың кісінегенін естісе болды, іш тастайды.
– Жақсы, – дейді Эзоп. – Ертең жауабын беремін.
Эзоп үйге келісімен малайларына мысық ұстап әкеліңдер деп бұйырады. Ұстап әкелген үлкен бір мысықты елдің көзінше бажылдатып шыбықпен ұрғыздырта бастайды. Мұны көрген мысырлықтар жан-жақтан жүгіріп келіп, айғай-шу шығарады. Эзоп мысықты қоя бердіреді. Бірақ жұрт бұл сұмдыққа назаланып, патшаға барып, Эзоптың үстінен шағымданады. Патша, Эзопты шақырып алып:
– Мұның жарамайды! – дейді кейіп. – Мысық – қасиетті құдай – Бубастистің бейнесі. Мысырлықтар оны кие тұтады.
Эзоп оған айыл жимайды:
– Бүгін түнде бұл мысық Ликург патшаның несібесіне қол сұқты. Патшаның бір жас қоразы бар еді, төбелескенде қайтпайтын өжет болатын, мезгілінде шақырып уақытты білдіріп тұратын, мына мысық бүгін түнде соны қылғындырып өлтіріпті.
– Бетің бүлк етпей қалай өтірік айтасың? – дейді патша шыдай алмай. – Сонау жердің түбіндегі Вавилонға бір түннің ішінде қалай барады?
Эзоптың күткені де осы сөз еді, қарқылдап күліп жібереді:
– Ендеше осы жердегі биелер біздің айғырымыздың кісінегенін естіп қалай құлын тастайды?
Бұл тәмсілдің өзіміздің Қаз дауысты Қазыбек биге қатысты белгілі аңызды сөзбе-сөз қайталайтынына қайран қалмасқа амал жоқ. Қалмақ қонтайшысы жаулық ниетпен тиісу үшін алты қырдың астында жатқан қазақ ауылдарына “сендердің айғырларыңның кісінегенін естіп менің биелерім құлын тастады” деп қоқан-лоққы жасайды. Дау ушығып бара жатқан соң екі араға Қазыбек би елшілікке жүреді. Қазыбек нөкерлерімен қонтайшының ауылына кірген бойда үріп алдынан шыққан иттерді бықпырт тигендей ұрып, садақпен атып қыра бастайды. Қалмақтар дүрлігіп, қонтайшыны ертіп, Қазыбектің алдынан шығады.
– Мұның не, иттерімізді неге өлтіресің? – дейді қонтайшы ашуланып. Қазыбек би түгін бермейді.
– Өткенде қойымызға қасқыр шапқанда біздің иттеріміздің үргенін естіп тұрып иттерің көмекке келген жоқ. Мұндай пайдасы жоқ иттерге тамақ шығындап қайтесің?
Қонтайшы бақырайып елшінің бетіне қарайды:
– Оу, не айтып тұрсың? Күндік жердегі иттің үргені мұнда қайдан естіледі?
Сонда Қазыбек би мырс етіп:
– Ендеше күндік жердегі айғырдың кісінегенін естіп биелерің қалай құлын тастайды? – деп сол жерде қалмақты сөзден тосыпты.
Міне, байқап отырғанымыздай, жоғарыдағы Эзопқа қатысты тәмсіл мен Қаз дауысты Қазыбек би айтыпты-мыс әңгіменің желісі де, сөз жүйесі де егіздің сыңарындай, тек кейбір нысандар көшпелі тіршілік сыпатына икемдендіріліп, патша – қонтайшыға, мысық – итке т.б. ауыстырылған. Демек, бұдан Эллададағы ұлы мәдениеттің жаңғырығы ескен жел, көшкен керуенмен қазақ сахарасына бағзы заманда-ақ жеткенін көреміз.
Патша Эзоптың сұңғыла ақылдылығын көреді де, бәсекеде одан ұтылып Ликург патшаға салық төлеймін бе деп қорқады.
Уәзірінің бірін қаладағы дүниенің тылсым сырына жетік сәуегейлерге шаптырады. Уәзір олармен Эзопты қалай сүріндірсек деп ұзақ ақылдасады. Ақыры сәуегейлер Эзоппен бірге патша сарайындағы тойға келетін болып пәтуаласады. Аталған уақытта меймандар сарайға келіп, үстел басына жайғасады. Сәуегейдің бірі Эзопқа қарап, маңғаздана тіл қатады:
– Құдай бізді саған жұмбақ айтыңдар, соның шешуін таба алар ма екен деп жіберді.
Эзоп мырс етіп басын шайқайды:
– Сендер өздеріңді де, Құдайларыңды да күстаналап тұрсыңдар. Егер ол Құдай екені рас болса, оған кез келген адамның ой-пиғылы хатқа жазғандай аян болуы керек қой. Жарайды, қандай сауалға да жауап беруге әзірмін, айта беріңдер.
Жаңағы сәуегей тағы да суырылып сұңқылдай жөнеледі:
– Дүниеде бір ғимарат бар, ғимараттың іші толған баған, ал әр бағанның үстіне он екі шаһар орналасқан және әрқайсының төбесіне отыз бөрене салынған, әр бөренені шыр айналып екі әйел жүгіріп жүреді. Бұл не?
Эзоп сол да сөз болып па дегендей, қолын сілтейді:
– Біздің елде мұндай жұмбақты бала да шешеді. Ғимарат дегеніміз – ғалам, өйткені оның ішіне бәрі сыйып кетеді. Баған деген – жыл, өйткені ол мызғымайтын берік. Үстіндегі он екі шаһар – тіршілік толассыз қайнап жатқан он екі ай. Төбесіндегі отыз бөрене – уақытты тоқтаусыз жеп алға жылжыған отыз күн. Екі әйел дегеніміз – күн мен түн, өйткені өкшелеп, бірін-бірі үнемі қуады да жүреді.
Сөзден тосылған сәуегейлер салдары суға кетіп, орындарынан тұрады.
Ертеңінде Нектанебон патша тағы да уәзірлерін шақырып алып кеңес құрады:
– Шынымен мына сүмелек құбыжыққа бола Ликург патшаға салық төлегенім бе? Айтсаңдаршы бір амалын! – деп ширығады. Сол кезде уәзірдің бірі былай деп ақыл қосады:
– “Біз көрмеген, естімеген нәрсе не?” деп сұрақ қояйық. Ол не ойлап тапса да, біз: “Ой, мұндайды көргенбіз, естігенбіз” деп жауап берейік. Содан соң өзі-ақ тығырыққа тіреліп, біз ұтып шығамыз.
Патшаға бұл ақыл ұнайды, жеңетініне нық сеніп, көңілі масайрайды. Эзоп келгенде патша:
– Менің тағы бір жұмбағымды шеш, содан соң Ликургке салық төлеймін, – дейді. – Біз көрмеген, біз естімеген не нәрсе, соны аташы?
– Үш күн ойлануға мұрсат бер, содан соң жауабын айтамын, – дейді Эзоп.
Патшаның алдынан шыққан соң Эзоп көп ойланады: “Қандай жауап айтсам да, олар, жоқ, біз мұны көргенбіз, естігенбіз деп бет бақтырмайтыны кәміл Не істеу керек?” Бірақ Эзоптан айла артылған ба, ойына бір қулық сарт ете қалады. Сол жерде отыра қалып: “Мен Нектанебон патша Ликург патшадан мың талант алтын қарызға алдым” деп жалған қолхат жазады. Қайтару мерзімін өтіп кеткен қылып көрсетеді.
Уәделі үш күннен соң Эзоп Нектанебон патшаға келеді. Патша уәзірлерінің ортасына жайғасып, қазір Эзоптың қалай тұйыққа тіреліп жауап бере алмай сасқалақтайтынын ойлап, өз-өзінен айызы қанып, рақаттанып отырады. Эзоп қалтасынан қолхатты алып ұсынады:
– Мына шартты оқыңыздар!
Уәзірлер беттері бүлк етпестен жарыса шулайды:
– Біз мұны талай рет көргенбіз, талай рет естігенбіз!
– Бәрекелді, – дейді Эзоп жымың етіп. – Куә болғандарыңыз үшін бек ризамын. Ендеше қарызды тура қазір осы жерде төлеңіз, өйткені өтеу мерзімі баяғыда өтіп кеткен!
Патша мұны естісімен түсі бұзылып, нөкерлеріне қарайды:
– Не сандырақтап тұрсыңдар? Өмірі алмақ түгілі ойыма да келмеген қарызға куә болмақсыңдар ма?
Уәзірлер жамырап қоя береді:
– Жоқ-жоқ, біз мұны көрген де емеспіз, естіген де емеспіз!
– Егер олай болса, жұмбақтарыңның шешуі, міне осы! – дейді Эзоп жүзі жайнап.
Амалы таусылған патша ақылға жүгініп, еріксіз жеңілгенін мойындайды:
– Елінде осындай данасы бар Ликург патша қандай бақытты еді!
Патша үш жылдың салығын төлеп, Эзопты еліне қайтарады, кетерінде бейбіт бітім сұрап хат беріп жібереді. Эзоп Вавилонға оралып, хат пен ақшаны Ликургке табыс етеді, Мысыр елінде бастан кешкенінің бәрін айтады. Сөйтіп даналығына риза болған патша Музалардың ортасына Эзоптың алтын мүсінін қоюға жарлық етеді, Эзоптың даналығын ұлықтап, ұлан-асыр той-думан өткізеді.
Эзоп дүниені саяхаттап, Дельфы аралдарына барып қайтпақ болады. Патшамен қоштасып тұрып, Вавилонға қайтып оралатынын айтады, өмірімнің ақырына дейін осында тұрамын дейді. Сөйтіп Эзоп грек жолай қалаларын аралап саяхат құрады, болған жерінің бәрін де өзінің даналығы мен білімдарлығын танытып, жұртты тәнті қылады. Ақыры Дельфыға келіп, жиналған жамиғат алдында тәмсілмен астарлап өзінің уағыздарын айта бастайды. Халық әуелгі де оның сөздерін ұйып тыңдайды, бірақ ешкім оған ақы төлемейді.
Көп өтпей Эзоп күнделікті қоректенетін көкөністің әсерінен мұндағы жұрттың жүзі топырақ түсті күлгін, сұрықсыз екендігін байпқап:
– Адамзат баласы армандағы ағаштың жапырағы сияқты, – дейді. Содан соң оларды мысқылдап күлкі қылады:
– Сендер дельфыліктер, теңізде ағып келе жатқан бөрене сияқтысыңдар. Жырақтан қарағанда, толқында қалықтаған қарасынын көріп, жарамды бір нәрсе екен деп ойлап қаласың, ал жақындап келсең, түкке тұрғысыз шірінді екеніне көзің жетеді. Сол сияқты мен де сендердің шаһарларыңа алыстан таңырқап, өздеріңді бай, бекзат жандар шығар деп ойлағанмын, енді міне онымның қате екеніне куә болып отырмын. Бойларыңда қадір тұтатындай қасиетті ештеңе жоқ, дүниедегі адамның ең қорысыңдар.
Іс-қылықтарың өздеріңнің ата-бабаларыңнан да асып түскен.
– Соншалықты күстаналайтындай біздің ата-бабамыз кім екен? – Дельфыліктер өре түрегеліп жан-жақтан шулайды.
– Сендердің ата-бабаларың – құлдар! – дейді Эзоп айбынбастан. – Білмесеңдер біліп қойыңдар. Гректерде баяғыдан басын алған қаладан түскен олжаның оннан бірін Аполлонға сыйға тарту дәстүрі бар болатын. Әрбір жүз өгіз, ешкінің басқа қалған байлықтың, мейлі ол ақша болсын, құл болсын, күң болсын – онын соған тарту ететін. Сол құлдардан мына сендер тарағансыңдар. Демек, сендер де еркіндіктерің жоқ құлсыңдар. Бүкіл Эллин халқының ішіндегі ең қор жаратылған тексізсіңдер! – Осылай ашына сөйлейді де, Эзоп кетуге жиналады.
Эзоптың бұл пікірін естіген дуан басылары қатты алаңдайды. “Егер оны қоя берсек, басқа қалаларға барып, біз туралы аузына келгенін айтып, абройымызды төгеді!” деп күдіктенеді. Сөйтіп оған арам ниетпен қастандық жасамақ болады. Олардың бұл қылмысты ісіне Аполлонның өзі қол ұшын береді, себебі Эзоп Самоста музалардың ортасына Аполлонның мүсінін қоймай оның қаһарына ілігіп еді. Сенімді сылтауы жоқ болған соң һәм Эзопқа басқа ізгі жандар араша түспеуі үшін, айлаға көшеді. Эзоптың есігін күзетпен құлдың ұйықтаған сәтін пайдаланып олар өздерінің арам пиғылын іске асырады – Эзоптың жүктерінің арасына ғибадатханадан ұрлап алтын тостаған салып қояды. Сөйтіп Эзоп Фокидаға қарай жолға шығады. Дельфыліктер біраз ұзаған соң, ізінен қуып жетеді де, қол-аяғын байлап, қалаға алып келеді.
– Не үшін менің қол-аяғымды байлайсыңдар? – дейді Эзоп ышқынып.
– Сен ғибадатханадан алтын ұрладың! – дейді аналар безеріп.
Қаперінде ештеңе жоқ Эзоп көзінен жас парлап жәбірлене айғай салады.
– Егер менен бірдеңе тапсаңдар, тура осы жерде өлтіре салыңдар!
Дельфыліктер жүкті ақтарыстырып, алтын тостағанды тауып алады да бүкіл шаһарға жария ғып көрсетеді, жұрт Эзопты ғайбаттап бетіне түкіреді. Эзоп тостағанды әдейі салып қойғанын түсінеді, ол туралы қалай айтып ақталғанымен, дельфыліктер бәрібір құлақ аспайды.
Сөйтіп оны абақтыға салып, өлім жазасына кесуге ұйғарады. Енді құтыла алмасын біліп, қайраны таусылған Эзоп:
– Біткен жерім осы, тағдырдың жазуынан қашып құтылу жоқ! – дейді түңіліп.
Дос-жар бір адам күзетшіге жалынып, Эзопқа жасырын келіп жолығады. Көзінің жасын төгіп:
– Бұл не нәубет, мұндай күйге қалай душар болдық! – дейді. Сонда Эзоп оған мынандай тәмсіл айтып береді.
– Бір әйелдің күйеуі өліп, зират басында зар еңіреп жылап отырады. Атыз жыртып жүрген дихан әйелді көріп, қасіретін түсіне қояды. Өгіздерін атыз шетіне қаңтарады да әйелдің қасына таяп, өтірік ол да өксіп қоя береді. Әйел еңірегенін қойып: “Сен неменеге жылайсың?” дейді. Дихан: “Менің мейірімді, ақылды сүйген жарым бар еді, сол жақында қайтыс болды. Енді өстіп анда-санда жыласам, бойым жеңілдеп қалады” дейді. “Менің де күйеуім өлген еді, қайғымды жеңілдету үшін өстіп жылап алам” дейді әйел Сонда еркек оған: “Екеуіміз де көңіліміз жарым мұңлық екенбіз. Екі жарты бір бүтін болайық. Мен сені өзімнің марқұм әйелімдей қадірлеп жақсы көремін, сен мені өзіңнің күйеуіңдей жақсы көр” дейді. Әйелдің көкейіне бұл ақыл қонады. Сөйтіп екеуі аймаласып, ләззатқа батып жатқанда, ұры келіп, диханның қаңтарып қойған өгіздерін айдап алып кетеді.
Солығын басып орынынан тұрған дихан өгіздерінің қолды болып ізім-қайым жоғалғанын көріп, сол жерде шынымен еңіреп отыра кетеді. Әйел түкке түсінбей: “Сонша қайғыратындай не болды!” дейді таңырқап. Сонда еркек: “Е, бикеш, нағыз қайғыратындай іс енді болды!” деп жауап беріпті. Сол айтқандай, құтыла алмас қандай қырсыққа тап болғанымды өзің көріп тұрып, менен оның несін сұрайсың!
Эзоптың досы өкінішпен басын арлы-берлі шайқайды;
– Бұл жердің халқын өз үйі-өз қаласында, ашса алақаны, жұмса жұдырығында тұрып ғайбаттап нең бар еді. Даналығың қайда? Оқымыстылығың қайда? Бүкіл халықты, сандаған шаһарды оқытуға жеткен ақылың өз басыңа жетпеді ме?
Оның бұл уәжіне жауап ретінде Эзоп тағы бір тәмсіл айтып береді:
– Бір әйелдің ақымақ қызы болыпты, шешесі ылғи қызыма ақыл енгізе гөр деп Құдайға құлшылық етіп жалбарынады екен, қызы оны үнемі естиді. Бір күні екеуі жолаушылап қыстаққа барады. Шешесі үй иесімен әңгімелесіп, лашықтың ішінде қалады, қызы қақпа сыртына шығады, сол жерде бір еркектің құнжыңдап ұрғашы есекті зорлап жатқанын көреді де: “Не істеп жатырсың?” деп сұрайды. Еркек: “Бұған ақыл енгізіп жатырмын!” дейді. Ақымақ қыз шешесінің құдайдан жалбарынып сұрайтын тілегі есіне түсіп: “Маған да ақыл енгізші!” деп өтінеді. Анау кергіп бас тартады: “Әйелдерден пайда жоқ, ешқашан рахмет естімейсің!” “Олай деме, қайрымды адам, – дейді қыз. – Менің шешем жақсылығыңды еселеп қайтарады, қанша сұрасаң, сонша төлейді. Маған ақыл енгізе гөр деп күндіз-түні Құдайдан тілейді”. Сөйтіп, еркек қыздың абройын төгеді, қыз қуанышы қойнына сыймай шешесіне жүгіріп келіп айғай салады: “Міне, маған ақыл енгізді!” Шешесі тіксініп: “Ақыл енгізгені қалай?” – дейді. Ақымақ қыз қалай болғанын егжей-тегжейлі түсіндіре бастайды: “Бір еркек жуан, қып-қызыл бір нәрсесін маған кіргізіп арлы-берлі қозғады…” Мұны естіп түңілген шешесі: “Е, қызым-ай, бар ақылыңның өзінен айырылып келген екенсің ғой!” – депті басын шайқап. Міне, менде, достым, Дельфыға келгеннен бері бар ақылымның өзінен айырылып қалғандаймын.
Мұны естіген досы шарасыз күймен зар еңіреп жылай-жылай басы ауған жаққа кете барады.
Дельфыліктер Эзопқа келіп өздерінің үкімін айтады:
– Бүгін сені біз құздан лақтырамыз, намысымызды таптап қорлағаның үшін осылай жазалауға үкім шығардық. Өйткені сендей азғынды қара жерге көмудің өзі күнә. Кәне, өлуге дайындала бер!
Эзоп қатыгез үнді естісе де сабырдан айырылмайды.
– Мен сендерге бір тәмсіл айтып берейін, – дейді жайбарақат. Жендеттер соңғы сөзін айтып қалсын деген ыңғаймен рұқсат етеді.
– Жан-жануарлар адамша сөйлейтін баяғы өткен заманда бір тышқан бақамен дос болыпты деп бастайды Эзоп сөзін. – Тышқан досын қонаққа шақырады. Астық, ет, ірімшік, інжір, зәйтүн тағы басқа азық-түлік сақталған қоймаға алып келіп: “Ас болсын, жей бер” дейді. Әбден тойып риза болған бақа қарымта кәде жасамақ болып қонаққа шақырады: “Сен де маған келіп мейман болып кет. Сенен артық күтпесем, кем күтпеймін!” Сөйтіп уағдалы уақытта келген тышқанды тоғанға ертіп апарады да: “Кәне, жүзейік! – дейді. Тышқан бейшара сасқалақтап шегіншектей береді: “Мен жүзе білмеймін ғой!” Бақа қарсыласқанына қарамайды: “Оқасы жоқ, білмесең үйретемін!” деп, тышқанның аяғын өзінің аяғына жіппен байлайды да тоғанға секіріп түседі, тышқанды өзімен қоса ала кетеді. Суға бір батып, бір шығып тұншыққан тышқан: “Мен өлемін, бірақ өліп жатсам да сенен өшімді аламын!” дейді ышқынып. Сол кезде бақа суға сүңги жөнеледі, тышқан қоса батып кетеді. Денесі су бетіне қалқып шыққан кезде, құзғын ұшып келіп тышқанды да, онымен бірге байланған бақаны да іліп әкетеді. Әуелі тышқанды жейді, содан соң кезек байлаулы жатқан бақаға келеді. Тышқан бақадан өшін осылай алыпты. Сол сияқты мен де, азаматтар, егер мені өлтіретін болсаңдар, сендердің түптеріңе жетемін. Лидиялықтар да, вавилиондықтар да, тіпті бүкіл Эллада менің өлімім үшін қан қақсауы мүмкін.
Бірақ дельфыліктер оның сөзіне құлақ аспайды, құздың жиегіне қарай сүйрей жөнеледі. Эзоп қолдарынан жұлқынып шығады да қашып барып, қасиетті Музалар ғибадатханасына тығылады. Жендеттер бәрібір құтқармайды. Сонда Эзоп желкелеп сүйреп әкеле жатқандарға қарап:
– Дельфылік азаматтар, бұл қасиетті орынды бүйтіп қорлауға болмайды! – дейді. – Баяғыда бүркіттен қашқан бір қоян тезек домалатқан сасық қоңызға келіп араша түс деп жалынады. Қоңыз бүркіттен араша сұрап: саяма келіп тығылған бейшараға рақым ет, Зевстің атымен ант етемін, мені бір қор жаратылған сорлы санап асылық етпе” деп өтінеді. Бүркіт сөзді елең қылмай, қанатымен бір қағып қоңызды ұшырып жібереді де, қоянды бас салып сол жерде түте-түтесін шығарып қылғыта салады. Қатты жәбірленген қоңыз бүркіттің соңынан ұшып барып оның ұясын көріп алады. Ұядағы жұмыртқаны жарып, қайтадан ұшып кетеді, Бүркіт жұмыртқаның жарылғанын көріп қатты ашуланып, қаскөйді тауып өлтірмекші болады. Бірақ ол әрекетінен түк шықпайды. Келесі жылы ұясын ешкім шыға алмайтын биікке салады. Бірақ қоңыз тағы да ұшып барып, жұмыртқаны жарып кетеді. Бүркіт: “Зевстің қарғысына ұшырап, тұқымым құритын болды!” деп қайғыға батады. Пұшайман болған бүркіт келесі жылы жұмыртқасын ұяға салмай, Олимпке ұшып келіп, Зевстің тізесінің үстіне қояды: “Екі жыл бойы жұмыртқамнан айырылдым, үшінші жолы саған сеніп тапсырып отырмын, құтқара гөр!” дейді жалбарынып. Қоңыз мұны білісімен қидың түйірін іліп алып, Зевстің жанына ұшып барады да, бетіне тиер-тиместей ғып шыр айналдыра ұшады. Сасық қоңызды көріп жиіркенген Зевс тізесінде жатқанда жұмыртқаны ұмытып кетіп орнынан ұшып тұрады. Жұмыртқа жерге түсіп қақ жарылады. Сол жерде Зевс қоңыздың көрген қорлығы үшін кек алып жүргенін түсінеді, бүркіт келген кезде: “жұмыртқаңнан айырылатындай қылығың бар екен, қоңызды жәбірлегенсің, сол үшін сазайыңды тартып жүрсің!” дейді. Қоңыз қосыла сөйлейді. “Ол мені ғана жәбірлеп қойған жоқ, сені де қорлап масқаралады. Сенің атыңды айтып жалбарынғаныма қарамай, араша сұраған қоянды өлтірді! Енді мен мұның тұқымын тұздай құртпайынша тоқтамаймын!” Зевс бүркіттің тұқымы құрып кетпеу үшін қоңыздан бір ашуыңды маған беріп, рақымшылық ет деп өтінеді. Бірақ қоңыз көнбей қояды. Амалы таусылған Зевс бүркітке қоңыз ұшпайтын басқа мезгілде жұмыртқалауға кеңес береді. Міне, сендер де, дельфылік азаматтар, бұл қасиетті ғибадатхананың киесін аяққа таптап қорламаңдар, кішкене болса да мен одан пана іздедім емес пе, сасық қоңыздың мысалын еске алып, Зевстің қаһарынан қорқыңдар.
Дельфыліктер бірақ оған да тоқтамайды, Эзопты сүйреп әкеліп құлама құздың шетіне тұрғызады. Біткен жері осы екенін сезген Эзоп жендеттерге бұрылып, күрсіне тіл қатады:
– Сендерге қалай жалбарынсам да бәрібір есіл сөзім далаға кетті. Енді ең болмаса, тәмсіл айтуға мұрсат етіңдер. Бүкіл тірлігі қыстақта күйбеңмен өткен бір дихан өмірі қаланы көрмеген екен. Қартайған шағында балаларынан “көзімнің тірісінде қала деген қалай екен, көріп қайтайын” деп өтінеді. Балалары арбаға есек жегіп береді де: “Қамшымен жасқап айдап отыр, қалаға өзі-ақ апарады” деп жолға салып жібереді. Бірақ жолда жауынға ұрынып, түнге қалып қояды. Есек басы ауған жаққа адасып, бір биік жарқабақтың шетіне алып келеді. Қандай күйге тап болғанын көріп, пұшайман болған қария: “О, Жаратқан ием, бүйтіп қорлайтындай не жазығым бар еді? Ең болмаса, есек емес, ат жегілген арбадан құлап өлмедім-ау!” деп айғай салыпты. Сол айтқандай, жөні түзу адамның емес, азғын құлдардың қолынан мерт болғаныма өкінемін.
Ақырында, құздан құлар алдында, тағы бір тәмсіл айтып үлгіреді:
– Шайтан шатастырған бір азғын өзінің қызына көз салып, ес-түссіз ынтық болыпты. Нәпсіге бой алдырып, ақыл-естен айырылғаны сонша, бір күні әйелін қыстаққа жібереді де, қызын оңаша алып қалып зорлайды. Сонда қызы: “Бүйтіп жалғыз саған қор болғанша, бөтен жүз еркекке бұйырғаным артық еді!” деп жер тырналап жылапты. Сол сияқты, ойда жоқ қапияда сендердің қолдарыңнан қаза тапқанша, Шам мен Финикия, Иудеяны шарлап қаңғып жүргенім артық еді ғой!
Дельфыліктер бәрібір өз дегенінен қайтпайды. Тығырыққа тіреліп, әбден ашынған Эзоп жендеттерге лағынет жаудырады да, құлама құздан шыңырауға бір-ақ қарғиды.
Көп өтпей Дельфы жерін оба дерті жайлайды. Абыздар мұны Эзопты жазықсыз өлтіргендері үшін Құдайдың жіберген зауалы дейді. Эзоптың өлімін естіген Эллада, Вавилон, Самос жұртшылығы түн қопарыла көтеріліп, дельфыліктерден кек алады.
Міне, Эзоптың өмір тарихын тұтастай қамтыған, жартылай аңыз аралас хикаяның ұзын-ұрғасы осылайша тәмам.
Енді Эзоптың шығармашылығына қарай ат басын бұрайық. Эзоп – мысал жанрын қалыптастырып, оны ғажайып көркемдік биікке көтерген бірден-бір ұлы суреткер. Өмірдің сан алуан сипатын қамтыған өткір әжуаға кемел туындылары бағыздан бері адамзаттың талай ұрпағын тамсандырумен келеді.
Бүгінгі күнге Эзоптың төрт жүзден астам мысал-тәмсілі жетіп отыр. Олардың әрқайсысы – тіршіліктегі сапырылысқан қайшылықтарды езу тартқызар ишарамен аңдатқан бір-бір даналық түйін іспетті. Эзоптың ұтқыр теңеу, оралымды ой жүйесіне өз заманындағы данышпандар қатты тәнті болған, өз шығармаларында оған жиі-жиі жүгініп, көптеген мысал келтіріп отырған. Соның нәтижесінде, кейінгі зерттеушілер Эзоптың бірқыдыру тәмсілдерін Аристотель, Диоген, Плутарх т.б. авторлардың шығармаларындағы үзінді-мысалдар арқылы қалпына келтіргені мәлім.
Әдебиеттанушылардың еңбектеріне сүйенсек, Эзоп шығармаларының әлемнің төрт тарабына бірдей кеңінен тарағанын көреміз. Оның тіпті жаңғырығы бағзы заманда-ақ қазақ сахарасына еміс-еміс жеткендігінің кейбір мысалдарын жоғарыда сөз арасында атап өттік. Жазу-сызуы ерте дамыған өркениетті елдерде мысал жанры тікелей Эзоптың ықпалымен қалыптасты. Батыс пен Шығыстың мысалшылары Эзоп шығармаларын түрлендіріп, өз ортасының ұғым-түсінігіне қарай бейімдеп еркін баяндады. Сондай-ақ, Бабрий, Архилох, Синтипа, Лукиан, Гесиод, Феокрит т.б. авторлардың Эзоп мысалдарын өлеңге айналдырғаны белгілі. Бұл ретте алысқа бармай-ақ орыс әдебиетіндегі мысал жанрының атасы саналатын Крыловтың шығармаларында да індетіп қараған кісіге Эзоп іздері сайрап жатыр. Біздегі мысал жанры Абай тәржімалары арқылы қалыптасқаны аян. Демек, бұл жерде де Эзоптың игі ықпалын атап өткен ләзім.
Эзоп айтқан даналық сөздер де ғасырлар бойы ұрпақпен бірге жасап келеді. Соның кейбірін төмендегідей:
* От пен су, әйел – үшеуі де апат.
* Эзоп құл базарында сатылғалы тұрғанда: “қожайын керек болса, мені сатып алыңдар!” деп айғай салыпты.
* Адамның түсіне қарама, ісіне қара.
* Өтірікшінің шын сөзіне де ешкім нанбайды. (Осы жерде қазақтың “Өтірікшінің шыны да зая” деген мақалы еріксіз тіл ұшына оралады).
* Эзоптан адам бойындағы ең асыл қасиет не деп сұрағанда: “Ақыл” деп жауап беріпті.
* Хилон Эзоптан Зевс немен айналысуда деп сұрайды. Сонда Эзоп: “Биікті аласартып, аласаны биіктетіп жатыр” дейді.
* Біреу Эзоптан байлардың даналарға бармай, даналардың байлардың алдына баратыны несі деп сұрағанда: “Өйткені даналар өмір сүру үшін не қажет екенін біледі, ал байлар оны білмейді, әйтпесе байлыққа емес, даналыққа ұмтылар еді” деп жауап беріпті.
* Эзоп жолда келе жатып бір ағаштың бұтағында асылып өлген әйелді көріп: “Шіркін, бар ағаш осындай жеміс берсе ғой!” депті.