Шерімұлы Мақұлбек (1890 — 1976)
Артықша туған өренім,
Өткел бермес тереңім.
Жасанған жау бетінде,
Сені ылғи көремін,
Ұлы дүбір бәйгеде
Жаныға ат қосқанда
Алдында көрем сөренің
Бұқар жырау
Қоғам қайраткері, Жуалы ауданына қарасты Қошқарата аймағындағы Көктал деген жерде дүниеге келген.
Сиқым шежіресі бойынша Мақұлбектің әкесі Шерім, оның әкесі Төребек, ал Төребек атақты Рысбек батырдың сегіз ұлының тұңғышы.
Қошқара ата өңіріндегі Марының сазы деп аталатын жер – Мақұлбектің әкесі Шерім датқаның жайлауы болатын. Осы жерде бүкіл Төребек әулеті: Шерім, Бегім, Пірім, Нарқозы, Ботабектердің үйлері тігілетін. Осы жерде бала Мақұлбек ат жалын тартып мінген.
Алғашында Мақұлбек ауыл молдасынан арапша сауатын ашқаннан кейін 1904 жылы Омбыдағы гимназияға оқуға түсіп орта білім алады.
Ол туралы Еркінбек Тұрысов төмендегідей мағлұмат береді: «Рысбек – Құдияр ұрпағынан шыққан Сәуірбай, Дәуімбет би, Батырбектен өсіп — өнген күллі Ақсу – Арыс, Шымкент атырабына билік жүргізген әйгілі Қасымбек датқа, Ыса датқа, Белқожа би, Төребек әулетінен шыққан Шерім, Нарғозы би. Кешегі ақ патша Николайдың тұсында сонау Ақмешіттен Әулие атаға шейін ұлан өлкеде қос – жүйрігі – қара тұлпар мен қасқа тұлпары аламан бәйгенің алдын бермеген атақты Мақұлбек болыс өз заманында дәуірлеп өткен Рысбек батырдың ұрпағы еді» (Е.Тұрысов Нұржаудың нұрлы күндері. Алматы: Нұрлы әлем 1998, 124 бет)
Мақұлбек Шерімұлы 1910 жылы Қошқарата өңіріне болыс болып сайланады. Ол төңкерістің тұсында сол елдегі оқыған, заман сазын баққан, көзі ашық, көкірегі ояу, жабыққан жанға жөн айтар азамат болды. Ел аузында «Шерімнің шешен ұлы» атанды.
Жастайынан іске де сөзге де пысық Мақұлбек ел ішінің билік жұмысына ерте араласады. Он тоғыз жасында старшын атанды. Жиырма үш жасында болыс болып сайланды. 1911 жылдың шамасында Күреңбелдің оңтүстік жағындағы Датқаның сазында үлкен дуан өтеді. (Бұл дуанды 1911 жылдың шамасы деп жазуымыздың себебі Е.Тұрысовтың кітабында сол дуанға қатысқан Мақұлбекті болымтыққа жаңадан сайланған жас жігіт деп көрсетеді).
Бұл дуанға арналып Қоңыртөбенің баурайына ат шаптырым аймаққа сансыз ақ боз үйлер тігіледі. Басы Батырбек, Төребектің әулеті болып Мақұлбек бастаған жергілікті елдің сөз сөйлері Датқа сазына ағылып келе бастайды.
«Сол қалың Шыршынайдың басында болыстыққа жақында сайланған, жиырманың ішіне жаңа кірген Мақұлбекті – Мақұлбек етіп қалыңға танытқан да сол Қоңыртөбе Шыршынайы болды. Тәшкеннен шығып, Шымкент, Сайрам, Көкірек арқылы ылғи ақбоз ат жеккен алтынды пәуескелер, солқылдапбылқылдаған трашпенкелермен тұтас бір көш болып, қалың нөкер, сарыала қылыш асынған жасауылдар жасағы ортасында қоңыраулатып, кернейлетіп келген ұлықты бүткіл қазақ, қырғыздың бек-бегімдері қоғадай жапырылып, қарсы алысып жатты.
Мақұлбек патша ағзамды мадақтап, қазақтар өмірбақи Ресеймен, орыспен бірге екенін айтып түйдек-түйдегімен төккен сөзіне тәшін қылған Шыршынай даланы жарып жібере жаздады ғой.
Мақұлбек сөйлеп болғасын патша ұлығы оны жанына шақырып, «маладе,с» деп құшақтап, оның мойнына алақандай награда асып, арқадан қаққан (Е.Тұрысов. «Тұлпардың ізі» 18 бет).
«Жан-жақтан келген аттылардың санында есеп жоқ еді, — деп еске алушы еді осы дуанды бала кезінде көзімен көрген бұрынғы Кеңес ауылының дүниеден өткен тұрғындары Жанпейіс, Молдабай қариялар. Дуанға келушілер Күреңбелдің жотасына аттарын тұсап-тұсап қоя береді. Таң ата қараса, әлгі тұсап жіберген аттары әр жерде теңкиіп-теңкиіп өліп жатыр дейді. Сөйтсе әлгі жылқылардың өлімі сол жерде өсетін «күреңті» — деген улы шөптен болған екен. Біздің жергілікті жылқылар ол шөпке үйреніп кеткендіктен әсер етпейді екен. Кейінгі колхоз, совхоз құрылып талай қырат-қырқаларға түрен түскен кезде әлгә улы шөп құрып кеткен көрінеді».
Дуанның соңында қазақ қырғыз екі елдің батырлары «тұқыл найза» аталатын жекпе-жекке шығады. Сол айқаста қырғыз жақтың батыры жеңіліс тауып, қазақ батырларының тұқыл найзасынан мерт болады. Сол жанжал Мақұлбектің өктем билігі мен жандарал жасауылдарының аспанға мылтық атуымен зорға тоқтайды.
Кешікпей Жуалы өлкесіне Ресейден ағылып переселендер, герман-орыс соғысында тұтқынға түскендер келе бастайды. Олар Боралдай тауларының етегіндегі шұрайлы жерлерді иемденіп, жайлай бастайды. Осы тұста өкіметтің заңына жетік жас Мақұлбек Қошқарата аймағының сиқым, қаңлы, шақшамдардың бас көтерлерін ұйымдастырып үкіметтен қаражат бөлдіріп, шаруаларға таратып бергізеді.
1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейінгі «ұжымдастыру», «кәмпеске» кезеңдеріндегі кеңес өкіметінің жаңа билігін мойындап, бар малын өз еркімен тапсырған. Алаштың зиялылары, қазақтың марқасқалары Ахмет Байтұрсынұлымен, Жүсіпбек Аймауытұлымен, Мұхтар Әуезовпен, Сәкен Сейфулинмен ол тығыз қарым — қатынаста болды. 1920 шы жылдардың соңында Әулиеата уезіндегі ішкі істер бөлімінде де қызмет атқарды.
Мақұлбек Шерімнің ата даңқының ат даңқымен қосыла шығып алты алашқа аян болғанын көне көздер әлі де жыр етіп айтады. 1915 жылдың көктемінде Марының сазында отырған Мақұлбекке Билікөл жақтағы құдасы Мекемтастан хабар жетеді. Түркістан мен Әулиеата арасында өкімет поштасын таситын поштабайлар Мекемтастың бағымындағы қара дөненін «өкіметтің шаруасына» — деп еркісіз тартып әкетеді. Мақұлбекке приставқа сөзің өтеді, атты қайтарып алсын, — деп өтініш айтады.
Мақұлбек поштабайларға өзінің аяңшыл бір торы атын беріп қоя беріп қара бестіні өктемдікпен алып қалады. Сол күннен бастап қара бесті ерекше күтімге алынады. Шебер бапкер Мақұлбектің қолында құстай түлеп сары күзде алғашқы аламанына қосылады. (Біздің әңгімеміз Мақұлбек Шерімұлы туралы болғандықтан қара ат туралы мәліметімізді қысқа қайырамыз).
Сол Мақұлбек болыстың бағына бітіп, сорына айналған қара ат 1917 жылғы Төребек датқаның ұлы Темірбектің асынан – Сиқым Тұрыс баласы Бошақайдың асына дейін ірі-ірі 17 аламанға қатысқан бәйгенің алдын бермеген. Қара аттың сондай бас бәйгені алған аламанының бірін ғана айтып өтейік.
Сыр бойындағы Қоңыраттардың ішіндегі (атақты) Әбілбек деген байы отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап қызын ұзатады. Бұл тойға Әулие-ата тарапынан Тоғызтараудың Тасбастау жайлауында отырған Керімбай болысқа арнайы шақыртушылар жіберіледі. Бұл бір ғана Керімбайға емес, осы өңірдегі елге көрсетілген үлкен құрмет екенін түсініп Керімбай болыс алдын ала дайындалып өз аймағындағы тойға баратын болыс, билерін, ақын, палуандарын жинайды. Ол – Мақұлбек болысты өзінің атақты бәйгеқарасымен, Найманнан – Малдыбай биді, Құлидан – Жәрімбет биді, сондай-ақ Шаңышқылыдан Әміре мен Мәмбеталыны, Қошқаратадан күйеу баласы Марқабайды шақыртады. Сөйтіп жүз қаралы салтанатты топ Сыр өңіріне жүріп кетеді.
Сыр елі Әулие-атаның жекжаттарды тік тұрып қарсы алады. Керімбай болыс өздеріне арнап бөлек екі ақ үй және екі қара үй тіктіртеді. Бір қара үйге Мақұлбектің қара аты байланады. Оның айналасына қарауыл қойылады.
Ертеңіне кешке аламан бәйгеге қосылатын аттардың тізімі жасалады. Әулие-аталықтар тарапынан тізімге қара ат қосылады. Керімбай мен Мақұлбек ат тіркеушілеінің ішінде сыншы бар екенін біліп, Әміре деген жігітті сыншының аттарға берген сынын біліп келуге жұмсайды.
Сыр бойындағы Көк аттың иесі бәйгемді шаппай беріңіздер, — деп отыр екен. Сыншы оған:
-Сенің Көк атыңды шаң қаптырып кететін Әулиеатадан келген бір қара ат бар. Бірақ, аттың пышақ сырты қазысы бар екен, — депті. Әміре бұл сөзді жеткізіп келген соң Мақұлбек Қара атты түнімен тізеден келетін батпаққа байлап қойыпты.
Бәйгеге ұзын саны бес жүздей сәйгүлік қосылады. Екі күндік жәрдем жіберілген бәйгеден мәреге Қара ат бірінші, Көк ат екінші болып келеді. Көк аттың иесі:
-Бәйгеге қосылған ат бұл емес, бұл жолдан қосылған, — деп шатақ шығарады.
Сонда Керімбай мен Мақұлбектер:
-Екі атты қайта жіберейік, дау солай шешілсін, — дейді. Көк аттың иесі оған көнбей қояды. Ат сыншысы келіп Қара атты қайта қарап:
-Апыр-ай, мен кеше көрген мына Қара аттың ішіндегі қазысы қайда кеткен, ішіне кіріп, сылып тастаған ба? – деп таң қалады.
Бәйгеге тігілген бес пұт күміс, бір пұт алтын, қалыңдық, күң, құлды Керімбай болыс «қалта түп» — деп қызды, күңді, құлды той иесіне қалдырады. Күмісті тойға жиналғандарға таратып береді.
Сөйтіп Қоңырат елінде өткен дүбірлі той ел есінде Қара аттың ерен жүйріктілігімен қалады…
«Тұлпар түбін табады» демекші Шымырлар Қара тұлпардың өздерінен шыққанын пайдаланып,Күзекі жайлауында тұрған қара тұлпарды жетекке алып, жондағы жүз қаралы жылқыны айдап әкетеді. Ашуға булыққан Мақұлбек болыс:
-Барымта кезегі – қарымта, — деп мылтық асынған орыстар мен сиқым, шақшамдардың сойыл соғарларын көтеріп. Қожық ауылдарының үш жүз жылқысын айдап алады. Айдап алған жылқының біразы Оңғарбайдың асына сойылып, біразы көкпардың додасына салынады. Шымырлар болса бір түнде келіп төсегінде жатқан Мақұлбекті мойнына қыл шылбыр салып, қол-аяғын байлап алып кетеді. «Еруілге қарулы» — деп халық сиқымдар бастаған үш жүз қарулы жігіттер ылдиға қарай аттанады. Екі жақтың қарулы қақтығысын қалыс ағайын – найман Малдыбай би бастаған игі жақсылар ақ киіз, ала арқан үстінде табыстырады. Дүйім жұртты дүбірлеткен қара тұлпардың дауы қақтығыссыз, қапасыз осылай аяқталады.
Мақұлбектің өз атағы мен дүбірлі жиын – тойларда аламанның алдын бермейтін әйгілі қара тұлпары тек қана Жуалы аймағы емес бүкіл Орта Азияға танымал болды. Мақұлбектің әуелде бағы болған әйгілі қара тұлпар кейін өз басына сор болып жабысты. «Тұлпар түбін табады» — деп қара аттың түбін қуған Шымыр мен Сиқым елінің арасында үлкен дау — жанжал туады. Ақыр аяғында екі елдің Нарқозы мен Белқожа сынды игі жақсылары мен билері араласып, боз биені құрбандыққа шалдырып екі жақты әрең табыстырған еді.
Жиырма алтыншы барыс жылының күзінде Қошқарата өңіріне бір шеті сонау Ұлытауға дейін берісі Сарысу бойын жайлаған, Жетіқоңыр мен Шу бойын қыстаған Алшын руының Кәку атты байы келіп қоныс тебеді. Ол ел шетіне жау келіп тықыр таянған соң Мойынқұм, Қамқалының сырты мен Қаратау өңіріндегі Көсегеннің көк жонымен көшіп, туысы Нұралы ұлы Рахман болса Мақұлбекпен құдандалы, көңіл жетерлігі болған соң Кәку туысы осы аймақтан қоныс сұрайды. мақұлбек болса:
-Бір байға пана болмасаң несіне кісі болып жүрміз. Мына Аралтау сырты мен Үшсүңгіге дейінгі жанды жайласын, — деп кеңшілік танытады.
1927 жылдың жазында жаңа өкімет Кәкудің ұшан-теңіз малын кәмпескелеп Боралдай, Бөкей тауларын бөктерлеп айдап әкетеді. Малы айдауда, қолы байлауда Кәку байдың өзі Сібірге айдалады.
Кәку байдың артынан өз туыстарының; «Кәку байдың сыбайласы, зорлықшыл, шонжар тұқымы» — деп көрсетуімен «қара тізімге» Мақұлбекті де іліп жібереді. Сонда Мақұлбек Шерімұлы 1928 жылдың қысында Сүңгідегі қыстауында қаперсіз отырған жерінен ұсталады (Қазір ол жер «Мақұлбектің айрығы» деп аталады).
28-ші ұлу жылы елден кеткеннен кейін Мақұлбек Өзбекстан жеріндегі Әндіжан жаққа өтіп кетеді. Содан ол Өзбекстан өкіметінің сол кездегі басшысы Ақұнбабаевтың алдына барып жағдайын айтады. Шарапаты мол ақпейіл азамат тиісті жерлерге тапсырма беріп Мақұлбекті Самарқанд, Құжант жағындағы қазақ, түрікпен ортасынан құрылған керуен артеліне басшы етіп қояды. Сөйтіп ол Самарқан мен Бұқар арасында мақта, жеміс-жидек, күріш тасымалдап жаңа өкіметке қызмет етеді. Содан он сегіз жыл өткен соң қараша айының ортасында Мақұлбек туған жерге оралады.
Мақұлбек Шерімұлы 1928 жылы қазақтың бар көзі ашық зиялылары сияқты өз туыстарының арғы аталарынан бастап зорлықшыл шонжар тұқымы деп көрсетуі бойынша қуғын сүргінге ұшырады.
Мақұлбектің ұсталуы туралы Еркінбек Тұрысов былай жазады:
«Мақұлбек сол жиырма сегізінші ұлу жылы қыршылдаған қыс ортасында ұсталды. Әулиеата, Борнай жағынан келген қызыл жағалы ГПУ – лер орта Сүңгіде қыстау жайында жайбар жатқан кезінде түнемеге үстінен түсті. Қолын қайыра бұғаулап, аяғын таралғыға таңып, айнала қоршап, сықырлаған сары аязда Көлтоғанның бай орысы Башкатов Степанның қызыл түнекелі көк үйіне жеткізді. Қамба тамына қамап, зілдей қара құлып салып, сыртынан қолына мылтық беріп, қарауыл қойды.» (Сонда 169 бет)
Көлтоғаннан ұзап, Қоңыртөбеден өтіп Күреңбелге ілінген кезде ебін тауып, екі айдаушының винтовкаларын сыпырып алып, өздерін байлап тастап, қос атты жетекке алып, Бөкей тауын бөктерлеп Шыршық арқылы Сырдан асып Байсын жағына өтіп кеткен көрінеді.
Ол 1953 жылы толық ақталды.
Мақұлбек Шерімұлы Шерхан Мұртазаның «Қара маржан» атты шығармасының прототипі — басты кейіпкері болып табылады.
Қошқарата аймағындағы қариялардың есінде қалған естеліктерге қарағанда, Мақұлбек Шерімұлы болыс бастығы болған атасы Төребекпен бірге өзінің тұрған Көктал өзенінің өңіріне Қаратау шатқалына Ташкент қаласынан жеміс ағаштарын әкеліп отырғызған. Сондай-ақ Мақұлбек сол аймаққа үйеңкі мен қарағаш та әкеліп өсірген, өңірдің жасыл желекті, жемісті болуына көп еңбек сіңірген. Ол кісі қартайған шағында Қаратау шатқалындағы метеостанцияда жұмыс істеп, ауа райын болжау орталығына мәліметтер жіберіп отырумен айналысқан.
Мақұлбек Шерімұлы 1976 жылдың қаңтар айының 31 күні тоқсанға қараған шағында өзінің атамекені Көкталда дүниеден қайтты.
Өз заманының ауыр жүгін, ел жүгін қара нардай қайыспай көтеріп өткен, асылдың сынығы, бір өзі тұтас тарих, ашылмаған кітап болып ғұмыр кешкен Мақұлбек Шерімұлының өмірі баршаға өнеге болуға лайық.