Тоқтыбайұлы Саңырық (1691-1740)
Апаны үшін аю арыстанмен алысады.
Адамның намысы үшін жүйріктер жарысады
Елінің бостандығы, ары үшін екі елдің жауынгерлері шабысады. Туған жер, атамекен үшін адал ұл ғана жауымен алысады.
Төле би
Сұрапыл замандардағы шайқас даласындағы болған оқиғалар ауыздан — ауызға, ұрпақтан ұрпақққа жетіп отырды. Қанды қырғындарды бастан кешкен қилы замандардан бізге дейін ел қорғаған қаһарман батырлардың есімдері мен ерліктері шежіре болып жатталып келеді. Солардың ішінде есте қалған ерекше тұлғалардың бірі- Саңырық Тоқтыбайұлы.
Саңырық батыр Ошақты руының Тасжүрек атасынан шыққан. Ол үш жүздің хандары мен билері Ордабасыдағы ұлы кеңеске қатысқанда 35 жаста екен. Тарихтан белгілі бұл ұлы кеңес 1726 жылы өтті десек, оның туған уақыты 1691 жыл болады. Ол шешесі жағынан, Кіші жүз Тайлақ батырға немере жиен — деп көрсетеді Ә. Диваев.
Аңызға айналып кеткен Бұланты — Білеуті шайқасы 1727 жылы Бұланты мен Білеуті өзендерінің аралығындағы жазықта, Ұлытау маңында болғандығы тарихтан белгілі. Ол кезде әскердің бас қолбасшысы Әбілқайыр хан болды да мыңбасы батырлар Саңырық, Наурызбай, Бөгенбай, Өтеген, Шақшақ Жәнібек, Тайлақтар барлығы отыз мыңдай жауынгер ұрысқа шықты. Жекпе — жекте Наурызбай батыр қалмақтың атақты батырлары Шамалхан мен Қаскелеңді ал, Өтеген батыр Ботшықора мен Сабан Тайшықты мерт қылды.
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Тоқтыбайдың үш ұлы да (Дәнен, Саңырық, Сарымерген) батыр әрі құралайды көзге атқан мерген болған. Ошақтының бір ауқатты адамы той жасағанда мергендер жарысын өткізеді. Бас бәйгеге тігілген алтын — күміспен әшекейленген садақты 16 жасар бозбала Саңырық жеңіп алады. Кейін «Саңырықтың сырнауығы» деп аталып кеткен осы садақ Саңырық батырдың жоңғарлармен соғыста бас қаруы болған. (Бұл мәлімет Ұлы көш атты энциклопедиясынан алынды авторлар Ж.Тілеухан, Б.Жұматаев. Алматы «Аруна» 2006)
Саңырықтың жасөспірім кезеңдегі батылдығы туралы бір үзік аңыз әңгіме «Төле би мен Қойгелді батыр» кітабында кездеседі.
Жасөспірім Саңырық ағасы Дәнен екеуі Бетпақдалада аң аулап жүргенде жортуылдап жүрген он екі қалмаққа кездеседі. Бес қаруы сай әлгі қалмақтар екі баланы оңай олжа санап қоршап алады. Жастайынан жауынгерлік өнерге жатыққан ересектеу Дәнен найзамен он бір қалмақты түсіреді. Буыны қатпаған Саңырық болса он екінші қалмақты жеңбесе де жеңілмей шайқасып жатады. Мұны ағасы Дәнен көріп:
-Маған қарай тақалт,- деп айқайлайды. Сөйтіп екеулеп он екінші қалмақты да аттан түсіреді.
Екеуі жаудың он екі атын олжалап, ауылға жаралы жоңғарларды байлап алып қайтады. Осы шайқас ел аузында аңыз болып тарап үлгереді. Онда: — он екі жоңғарды аттан түсірген Дәнен емес, Саңырық делінеді. Сонда Дәнен тұрып:
-Түбінде менің емес інім «Саңырық батыр»- деген сенің атың әйгілі болады, деп ырым жасапты.
Осында келтірілген және бір аңыз Саңырықтың інісі Сарымерген туралы айтылады.
Кезекті бір қырғын соғыста Сарымергеннің атына оқ тиіп, жаяу қалады. Мінгескен қос қазақты көріп бір қалмақ батыры екеуінің соңынан қуады. Қалмақ батырының толғаған найзалы Сұрмергеннің қолтығынан өтіп, інісінің сауытсыз тәніне тиеді. Атқа теріс мініп отырған інісі:
-Өлдік қой аға, айтсаңызшы, — деп айқай салады. Дәл сол кезде жау бетін ашып қалады. Сарымерген садағын кере тартқанда жебе жаудың бетін тесіп өтіп, желкесінен бір-ақ шығады.
1723 жылдары қытай императоры Сыбан-Рабтанның ең үлкен қауіп тудырар қарсыласы Конси-Сюань қайтыс болған демек, қытайлар тарапынан қауіп жоқ болатын. Оның үстіне қазақтың Тәуке ханы қайтыс болып, таққа таласқан Әбілқайыр мен Қайып өзді-өзі қырық пышақ болып қырқысып жатқан шақ еді. Таққа отырған Болат хан саясатқа, халыққа ықпалы жоқ боскеуде жан болатын.
Осындай оңтайлы сәтті пайдаланып Сыбан-Рабтанның Жетісу мен Сыр бойын басып алып орыс пен хиуаға кеткен жайлауларын қазақтардың үлесінен қайтарып алмақ болады.
Қулықты әріден ойлаған Сыбан-Рабтан қазақтардың басы бірікпей бытырап тұрған осындай сәтін дөп басып, күн жылып, көк шықпай жайлауларына көшпейтін қазақ батырларының әрқайсысын өз қыстауларында бейқам отырған жерлерінде басып қалуды көздейді. Жер қайысқан қолмен келген Аюке ханның шеріктері Жем, Елек, Ырғызға қарай жеделдете жылжып, шығыстан СыбанРабтанның қолы Қаратау мен талас өңіріне келіп құйылды. Қазақтар қос қыспақта қалады.
Жаудың алғашқы соққысының астында қалған батырлар – Талас бойындағы, Боралдай өңіріндегі қыстауларда отырған Жомарт пен Шыршықтағы Бөрте батырлардың ауылдары болды. Онан кейін Сырдың бас жағындағы Қаракесектің Аралбай, Түйте батырлары да жаудың оңай олжасына айналды. Осылайша қол бастайтын серкелерін жойған ойрат қолы Сайран, Қарамұрт, Түркістан, Ташкент қалаларын басып алғаны тарихтан мәлім…
1723 жылдың ерте көктеміндегі Сыбан-Рабтанның сегіз түмен қолын қазақ даласының Жетісу аймағына қаптатқан кезде алғашқылардаң бірі болып қол жиып қарсы тұрған Райымбек, Саңырық, Қара батыр сынды батырлар мен оның жасақтары болатын.
1723 жылдың көктеміндегі Талас өзенінің бойындағы ойраттармен болған алғашқы ұрыстан кейін Саңырық батыр өз қолымен шегініп, Қаратау асып Шыршық бойына, одан Сыр бойына өтіп кетеді. Одан екі жыл өткен соң 1725 жылы Саңырық батырдың қолы Қабанбай, Бөгенбай батырлардың жасағына келіп қосылып жауға қарсы тізе қосып бірге соғысады. Саңырық батырлардың бұл әрекетін Софы Сматаев «Елім ай» романының бірінші томында былай жазыпты:
«Сонау Талас бойындағы алғашқы ұрыстан кейін Қаратау асып, Сыр бойына кеткен Саңырық қолы бұл кезде Қабанбай, Бөгенбай батырлар жасағына қосылды. Бәрінің де көп-көп күтері – Қаз дауысты Қазыбек бидің сауыны, Бөгенбай батырдың елден елді адақтаған қаракеті. Кешегі соғып өткен қасірет дауылынан кейін қайта бас көтерген қазақ халқы елдігін, бірлігін қорғап қалу үшін жорыққа дайындала бастады…(426 бет)
Саңырық қолы Қаратаудың Арбатас, Саясу асуларында көшкен елдің артынан ентелеп келген қалың қалмақтың қолына тосқауыл болады. Саңырық батыр ұрыста әсіресе ойраттардың қолбасыларын нысанаға алып олардың көзін жойып отырған.
Жолында кездескен бейбіт ауылдарды өртеп, қырып, малын айдап Таластың жоғарғы саласына мың қолмен Қалдан-Сереннің қолбасы, Сыбан-Рабтанның үлкен ұлы – Манжу келіп кіреді. Жолында қарсы тұрар күш болмаған соң ол әбден есіріп қалған еді.
-Жау келіп қалды! – дегенді естіген Саңырық батыр бұл кезде жеті жүздей қол жинап үлгерген еді. Саңырық батыр жауға қарсы қол жинап жатыр дегенді естіп, Ошаған бидің ұлы Дәулен де шағын қолмен Саңырыққа келіп қосылады.
Қарсы келер қазақ жасағы болмаған соң Манжудың шеріктері бейғам болатын.Түн ішінде Саңырық қолы жаудың қосынын қоршап алады. Саңырық батыр сарбаздарын үш топқа бөліп, өзі ортаңғы топты басқарады. Елшібай батырға сол қанатты, оң қанатты Сыпыра батырға тапсырады. Таласқа қарай Манжу қолы ойысса қарсы алатын шағын жасақты қамыстың ішіне жасырады. Сөйтіп Саңырық жауды ашық майданда жеңуді ойлайды. Ол: «Кек қуған жасағымды қарақшылыққа баулымаймын. Ашық ұрыста жеңген қолдың мерейі үстем болады. Жауынгерлердің рухы көтеріледі» — деп Манжу қолын ашық айқасқа шақырады. Жекпе-жекте Дәулен ойраттың батырын шоқпарымен қарақұстан дәлдеп ұрып өлтіреді. «Қоршауда қалдық» -деп ойлап сасып қалған ойраттар қаша соғысады.
Талас өзенінің бойында болған осы шайқасты Софы Сматаев былай баяндайды:
«…Қотанға еркін араласқан көкжалдардай қазақ жасағы тақымдағы шоқпарын, айбарлы алдаспанын оңды-солды сілтеп, көбісі атына міне алмай жаяу қалған жау тобына екпіндете араласып кеткенде, тым-тырақай жүгірген Манжу қолы бір-бірімен сеңдей соғылысты.
Манжу шеріктерін тегіс үрей биледі. Тар қыспақтан қайтсек құтыламыз деген жанталас әрекетпен бейберекет безіп берді. Соңынан түре қуған Саңырық қолы ондап, жиырмалап жусатып келеді.
Елшібай батырдың тобы ұрандап Манжудың дәл маңдай алдынан шығашыға келеді. Бүйірден тосқауылда тосып отырған жүз жігіт те аныздап жетті.
Енді Саңырық қолы аянбай сілтеді. Үш жағынан бірдей қоршап бұрқ-сарқ тасыған Таласқа қамап әкеп, ойрат қолына ойран салды. Бие сауым уақыт ішінде Манжу қолынан жүз қаралы шерік қалды. Бір кезде Манжу Сандалкөгінің ауыздығын қарш-қарш шайнатып қарсы кеп қалған айбынды Саңырықты көрді де, бетпе-бет келуге шыдамай жалт бұрылып, ат-матымен Таласқа қойып кетті. Серке бастаған бір қара қойдай шеріктер де бірін-бірі баса жаншып, жарқабақтан суға секіреді. Бұрқ-сарқ көпірген Талас толқынын тулата сапырып, Манжуға ілесе арғы бетке өткен он шақты шеріктен басқа жау әскерін әп-сәтте түк қалдырмай жұтып жібереді»… («Елім ай» I том, 360-361 беттер).
Жиынның ордасы болған Телікөлге үш жүздің игі жақсылары төбе басына жиі жиналатын. Мұнда дені білікті би атақты батыр мен от ауыз күміс көмей ақын-жырау, қорғанса – қалқаны, шапса — қылышы, сауын айтса – ұраны болған батыры мен ақынын шақыртатын.Осы жиында Арғын батырлары Бөгенбай, Аралбай, Керней, Түйте жас пері Олжабай, Шақшақ Жәнібек, Найман батырлары Қабанбай, Жомарт Бөрте, Қуат, Ұлы жүзден жас серік Дулаттың Бөкейін ерткен Райымбек батыр, ошақты Саңырық пен Дәулен, Қыпшақ Маңдай, Уақ Сары, Тама Есет, жыраулар Ақтамберді, Бұқар, Үмбетайлар қатысады.
Мәселенің күрмеуі былай. Найманның ақ тотыдай үкі қадап, мәпелеп өсіріп өсіріп отырған ақ тамақ қызын күйеуі ұрын келетін түні Арғынның сертке берік бір жігіті алып қашады. Найман жағы бұған қатты бүлінеді. Ызалы тайпа жаулық көргендей дүрлігіп ат сойылын қамдап, Арғынның біраз ауылын шауып алады. Арғынның да атқа қонған намысшыл жігіттері екіленіп, қарсы шабады. Екі жақтан сойылға жығылып найзаға түйрелгендер бұл күнде жүздеп саналады. Бүліктің алдын алып тездетіп мәмлеге келмесе Арғын, Найман ат құйрығын шерт кесісіп соғысуға да дайын.
Бүгінгі төбе билік аға баласы Ұлы жүзде Дулат Ошаған биде.
Арғын, Найман – бірі аға, бірі іні. Ежелден тойда – дастарқаны, шандуылда шаңы біріккен. Дастарқанды- қанмен, татулықты- лаңмен былғама. Аралбай Ақтанбердіге:- Сен қан тілесең! Ел тыныштығы үшін садағыңа ұлым он жеті жасар Жандырымды қададым дейді.
Жандыр әке тілегін қабылдап қара тастың қасына барып қасқайып тұра қалады. Осылай екі жақ табысады. Дау шешіліп, жиынның соңы тойға ұласады. Жандыр сол тойға тігілген жамбыны атып түсіреді. Жамбыны атып түсірген жігіт сүйгенін қалыңсыз, құдалықсыз дәл сол думан үстіне қолына қондырады. Отау көтеріп, алдына мал салады, жасау жасап ауыл ғып шығарады.
Жандыр Ошаған бидің алдына келіп.
-Ата, өзіңіз байлау айттыңыз ғой, рұқсат етсеңіз мына жамбыны анау қарындасыма берейін дейді. Жандыр нұсқаған қыз бидің немересі Бексана болатын. Жігіт талабы өзінің бір тілегін қиып түскендей сезінді би. Ошақты Саңырық батырдың әкесімен екеуінің Сайрам түбінде байласқан уәдесі бар-тын. Оған да міне, отыз жылдан асып барады. Ойраттың Сыбан-Рабтан деген қолбасы 1685 жылы Сайрамды шапқанда көп сарбазбен бірге қолға түскен Ошаған биді қарғыс тырнағынан құтқарған Саңырықтың батыр әкесі Тоқтыбай еді. Елу шақты адамды батырдың аулының үстіне айдап әкеліп түнеп жатқан бір топ шерікті түн ішінде ол түгел байлатып тастап Ошаған бидің қол-аяғын шешкен болатын. Бидің ақылымен жауларын биік құздан суға лақтырып, түнделетіп әлгі ауыл үдере көшіп кетеді. Көш соңында он шақты жігітімен тосқауылда жүрген батыр бірде ауыр жараланып келіп Ошаған бидің алдында көз жұмады. Мықтап тапсырғаны қолындағы екі жасар ұлы – Саңырық болатын.
-Адал дос болдың, Ошаған. Балам саған аманат. Жетімшілік көрмесін. Тірі болса жаудан кегімді алар, — деген.
-Аманатыңды құп алдым. Жалғыздық көрмес! Кіндігімнен туған ұлдардың бірінен қыз туса, құдай алдында ант еттім, келінің болар. Қанды көйлек достығымыз қан қосқан туыстыққа жалғасар, — деп уәде еткен. Содан Бексананы көргелі немересін тоқалдық күйге қимаса да, уәдесі орындалатын сәтті күнді асыға тосып жүрген. Мына ұланның талабы қыл майқаның түбінен қадалған жебедей тұтқиылдан тиіп, ойсыратып тұрғаны содан еді. Ұлындай болып кеткен Саңырықты аяғанымен, өз сөзін өзі жұта алмай, қол жайып келісімін берді.
«Елім ай» дастанында Саңырық батырдың мергендігін, алты алашқа әйгілі болғандығын Қожаберген жыраудың өлеңінен мына үзінді дәлелдей түседі:
…Қатысты Кіші жүзден Тайлақ мерген.
Құлатты көздегенін атқан жерден.
Бір мерген Саңырық атын жаралады, Тайлақтың жолдас болып қасына ерген…
Саңырық батыр қазақ жерінің барлық түкпірінде де соғысқан. Ол сонау
Қарасиыр, Аңырақай шайқастарына да қатынасып қазақ қолының жеңістеріне өз үлесін қосады. Аңырақай шайқасында Саңырық батыр қазақ жауынгерлерінің садақшыларын басқарған деседі. Ол өз ағайындарын бастап, Еділ, Жайыққа, Оралға, Ертіс, Тобылға тіпті Жоңғар қақпасына барып азаттық жолындағы айқастардың бел ортасында болған.
Саңырық батыр бастаған жасақтарда болған немере інісі Қалет батырдың ерлігі де ерекше. Қалет батыр да Саңырықтың бастауымен Тайкөк, Таскөк атты қос тұлпарларын кезек мініп Абылайхан бастаған кейінгі соғыстардың бәріне де қатысқан. Абылай ақтық, азаттық айқасқа дайындалып, қазақ жауынгерлеріне арнап, шарайналы он бір сауыт соққызғанда, соның алтауын ғана кигенде емін — еркін соғыса алатын батырлардың бірі осы Саңырықтың інісі Қалет батыр еді. Ал 500 кіреуке, жейде сауытты қазақ жауынгерлерінің қолы жеткендері ғана таласып киген..(Бұл мәлімет Б.Әбілдәұлының Төле би мен Қойгелді батыр кітабынан алдық)
Тоқтыбайұлы Саңырық батырдың ерлігі жазушылар І.Есенберлин мен С. Сматаевтың романдарына да арқау болған.
Төле бидің жарлығымен Саңырық батырдың денесі қасиетті Түркістанға жерленген.
Өзінің көзі тірісінде ақ ерлігі алты алашқа әйгілі болған Саңырық батырдың ерлігін, өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізу баршамыздың парызымыз. Батырдың өз кіндігінен тараған ұрпақтары Тараз, Алматы қалаларында, облысымыздың Талас, Сарысу аудандарында, тіпті Шымкент, Қызылорда облыстарында да өмір сүруде. Саңырық батырдың ерлігі — барша қазақ жұртына өнеге болуға тиіс.
Саңырық батыр шамамен 1691 жылы Талас өңірінде туылған, 1740 жылы дүниеден қайтқан.