Таймас Бектасұлы

Таймас Бектасұлы
(1795-1870)

Қареке руынан шыққан Таймас батыр ХVІІІ ғасырдың тоқсаныншы жылдарында (кейбір деректерге қарағанда 1795 жылы) дүниеге келіп, ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін өмір сүрген. Қарекелер ешқайда қоныс аудармаған. Осы Сарыарқадағы Нұра, Соқыр өзендері бойындағы Сұлу Мəдина, Жартас, Қарамұрын, Топар, Қарабас, Шахан, Қаражар аумағында өсі-өніп, өмір сүрген.
Қарекеден Тоқбура, Ақбура, Байбура өмірге келген. Солардың ішінде Тоқбура батыр болыпты. Қалмақтармен ұрыста талай рет ерлік көрсетіп, аты шыққан. Ақыры сол кездегі қиян-кескі соғыстардың бірінде елі үшін жанын пида етіп, ерлікпен қаза тапқан. Тоқбура батырдан тоғыз ұл тараған. Олардың есімдері: Əлгөшек, Сейіт, Қазы, Сəкі, Есен, Батықой, Өтен, Құлан, Тілеке. Тоқбураның тоғыз ұлының ішінде ерекше батырлығымен көзге түскен Əлгөшек көрінеді. Ол талай жауына қырғидай тиіп, өмірінің ақырына дейін ат үстінде жүріпті.
Ел аузындағы əңгімеде Əлгөшек елуге келгенше балалы болмапты. Артымда ұрпақ жоқ болғасын жинағаным «тістегеннің аузында, ұүстағанның қолында» кететін болды ғой, деп уайымдайды екен. Сөйтіп жүргенде бір күні түс көреді. Түсінде бабалары аян беріпті. «Балам, неге ұйықтап жатырсың? Тұр, оян. Бəлен деген жерде бір қолында қос бармағы бар кедейдің қызы бар. Сол қызға үйлен. Сол қосбармақ қыздан ұрпақ тарайды» — депті. Түсін ешкімге айтпай өзі барып, қосбармақ қыздың үйіне құда түсіп, соған үйленеді. Содан Əлгөшек: «бұл қызды ауылдан басқа жерге киіз үй тігілсін, сол үйге орналастырыңдар», — деп жарлық береді. Сонда қосбармақ қыз: «Мырза, мені бəйбішенің қолына түсіріңіз, егер олай етпесеңіз мен сізге бармаймын жəне риза болмаймын», -деген екен. Əлгөшек оның айтқан тілегін орындап, бəйбішесінің қолына əкеп түсіріпті. Қыз келе жатқанда Əлгөшектің кісесін сұрап алып, есіктен аттай бергенде кісені мойнына салып: «Құдайым, бала берсең екеуімізге бірдей бер», — деп тілеген екен. Содан бəйбішеден — Қошыбай (Көшібай) мен Кішік (Кетік), тоқалдан — Бектас, Меңдібай, Шілікбай (Шылық-бай), Қошан, Баймырза туады.
Көнекөз қариялар Əлгөшектің баласы Бектас жайлы аса бір ілтипатпен айтып отырады. Бектастың 13-14 жасқа келген кезі болса керек, əкесі Əлгөшек оны аң аулауға бірге ала шығады екен. Сонда Шерубай батыр балаңа тек қана аң аулатып қоймай, қаруды қалай пайдалануды жəне кімге қарсы пайдалануды үйрет депті, Бұл айтқанын екі етпей орындаса керек. Бірде аң аулап жүріп, Қарабас тауын аралап келе жатқанда Алтыба-сардың тұсынан қалмақтың бес-алты əскерін көреді. Осы кезде əкесі Бектасқа анау тұрған жау, қолында туы бар, сол туды садақпен бір тартып түсірсең, олар қашады дейді. Түсіре алмасаң бізге қарсы шабады. Осы кезде бала ойланбастан қорамсақтан бір оқ алып тартып жібереді. Оқ дəл тиіп, ту жерге құлайды. Аңдаусыз тұрған қалмақтар тұра қашады. Бала тұра қуады. «Қап, мені қара басты» — деп əкесі баланың соңынан шабады. Содан бұл тау Қарабас атанған екен. Қалмақтар қазіргі Қарамұрын тауына келгенде баланың жалғыз екенін біліп, қарсы тұрып күтіп алады. Айқас басталады. Бала екеуін аттан түсіреді де, өзі де ауыр жарақаттанып, ат үстінде кейін шегінеді.
Артынан келе жатқан еңгезердей Əлгөшекті көрген жау сескеніп, өзеннен əрі өтіп кетеді. Келсе Бектас қанға боялыпты, шоқпар бетіне тиген екен. «Баламды аң аулатып, аузын майға толтырам деп жүргенде, мынау жау қара мұрын етіп кетіпті-ау» — деген екен. Содан бұл тау Қарамұрын атанып кетіпті.
Бектастан төрт ұл туған: Матақбай, Үсенбай (Сембай), Мыржықбай, Таймас. Бізге жеткен хикая бойынша, Таймас батырдың атына байланысты оқиғалар екі ғасырға жуық уақыттан бері аңыз болып айтылып келе жатыр. Мысалы, Таймастың жас кезінде наға-шысына жиендік жасағаны жайлы əңгімені ақсақалдар осы күнге дейін айтады.
Нағашысында тұлпар бар екенін əкесі Бектастан естіп, сырттай соған беріле қызығып жүрген Таймас он екі, он үш жасқа толған шағында сол атты қалап алып, тақымына басуды мақсат етіп сапар шегеді. Нағашысының бар сый-сияпатын көріп болып, енді ауылына қайтпаққа жиналған Таймасқа үй иесі:
— Ал, жиен, сенің келгенің бірінші рет қой, мен саған тай мінгізейін, -дейді. Жылқыға əкелген соң, бала нағашы атасына: «Ата, анау кетіп бара жатқан атты ұстап беріңізші, одан басқаңыз маған керек емес», — деп өтінеді. Жиенінен мұндайды күтпеген нағашысы оның бетін бірден қайтарып тастамақ болып, іле-шала:
— Қой, шырағым, бұл — өзіңдей жасқа мүлде лайық емес, тек батырлар үшін ғана жаратылған тұлпар. Басқаны қала, — дейді.
Жалын атқан намысшыл жас батыр нағашысының өзін кемсіткенін көріп қатты ашуланып, бұрылып кетпекші болады. Қимағандықтан жəне сынау үшін нағашы атасы жиеніне: «Жарайды, балам, өзің ұстап ала ғой», — деген екен.
Жиені жылқының ішіне барып, жүгіріп, тұлпардың құйрығынан шап беріп ұстағанда, ат төрт аяқтап тұрып қалған екен.
Нағашы атасы жиенінің күшіне таңғалып, тұлпарды өзі жүгендеп жатып: «Балам, менің саған айтар тілегім бар»,-депті. Ол тілегі мынау екен: «Мықтымын деп топқа түспе, шешенмін деп айтысқа түспе».
Таймас Бектасұлының іс-əрекеттері Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ даласындағы ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы ұлт-азаттық қозғалысымен тығыз байланысты болды.
Халық əңгімесінде көрнекті батырдың бірі- Арғынның Қареке руынан шыққан Таймас батыр Бектасұлы. Ол өз заманында ел бостандығы үшін өлшеушіз үлес қосқан қолбасы. Бұл туралы көрнекті тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов өзінің еңбегінде былай жазады: «Баянауыл округтік приказындағы Төрткүл болысының көтеріліске шыққан қазақтарын Таймас Бектасов басқарды. Кейінен Кенесарының жанында елеулі рөл атқарады жəне оның əскери мəселелер бойынша ең жақын кеңесшілерінің бірі болды.
Таймас Бектасовты Кенесары қатты сыйлап, жақсы көреді. Сол уақыттағы ресми үкімет қужаттарында Таймас Бектасов туралы былай делінген: «Ол Кенесарыдан бір елі қалмайтын жəне орыс отрядтарына шабуыл жасаған сайын, істің басы-қасында болып, орыстарға қалай қарсы тұру керек екенін айтып, Кенесарыға көбінесе жөн-жоба көрсетіп отырды, сонысы үшін Кенесары оны жақсы көретін жəне онымен бір табақтағы тамақты бөліп жейтін» // Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40жылдарында (Оқу құралы). –Алматы: «Санат», 1994, 233-ші бет/.
Тарихи деректерден білетініміз, Кенесарының қолға түсуінің негізгі себебі; «Соғыста жаудан қашқан хан, хан бола алмайды. Сайдан шыққанымыз – майданнан шыққанымыз, қашқанымыз. Қашсам мен хан емеспін», -деушілігі болыпты.
Кенесарымен бірге болған Таймас, Бұғыбай, Саурық, Ағыбай, Бəйсейіт, Орман, Таятай т.б. батырлар Кенесары мен Наурызбай қолға түскен соң ғана шегінген. Олар да қоршауда болған (дала жағынан), бірақ та олар соғыс арқылы таумен шегініп, құтылып кеткен.
Таймас батыр Кенесары көтерілісі ыдырағаннан кейін Сарыарқаға қайта көшіп келген.

Əдебиеттер:

Есенберлин І. Көшпенділер: Тарихи трилогия.- Алматы: І.Есенберлин атындағы қор, 1998.- 584 с.: ил.
Есенберлин, І. Қаһар: Роман.-Алматы: Атамұра, 2003.- 288 б.-(Атамұра кітапханасы)
Есенберлин І. Көшпенділер: Тарихи трилогия.- Алматы: І.Есенберлин атындағы
қор, 2002.- 760 бет
Каренов Р. Таймас батыр: [«Қаһар» романының кейiпкерi туралы не бiлемiз?]// Егемен Қазақстан.-2001.- 6 сəуiр.
Кəренов Р. Кене ханның серiгi Таймас батыр: Ұлытау ауданының əкiмi Б.Мұқышұлының назарына // Орт.Қазақстан.- 2001.- 23 мамыр
Кəренов Р. Тұғырлы тұлға Таймас батыр Бектасұлы туралы толғаныс //Азия транзит.-Қарағанды, 2005.-N9.-12-15 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *