СОЛОМОН (СҮЛЕЙМЕН) ПАТША
Т.Сәукетаев
Сан ықылым заман өтсе де өшпес даңққа бөленіп, тарих жадында сақталып келе жатқан ұлы тұлғалар санаулы-ақ. Сол аздың ішіндегі мерейі асқақ бірегейі – Соломон (Сүлеймен) патша. Осынау есім, міне үш мың жылдан бері адамзат баласын тамсандырумен келеді. Соломон туралы бізге жеткен мәлімет көп һәм соның бәрі бір ізбен жүйелі баяндалады. Сондай-ақ оның есімі иудейлердің қасиетті кітабы – Торада, Библия мен Құранда да аталып, дана патшаның ғибрат-тағылымы хақында көптеген мысал келтіріледі.
Соломонның өмірі мен соңында қалған мол мұрасы туралы мәліметтерді жүйелеп, байсалды зерделеген еңбектер деп біздің дәуіріміздің I ғасырында жасаған еврейдің әйгілі тарихшысы Иосиф Флавийдің, А.Таранов пен И.Пименованың зерттеулерін атауға болады. Енді біз сол деректерге сүйене отырып, әңгімемізді өрбітіп көрейік.
Соломон Израильді қырық жыл билеген құдіретті Давид (Дәуіт) патшаның оныншы ұлы, яғни Вирсавия есімді әйелінен сүйген екінші баласы болатын. Вирсавия – Урия деген бір жауынгердің зайыбы еді. Бір күні патша сарайдың төбесінен анандайда шомылып жүрген Вирсавияны көріп көңілі кетеді. Жас келіншекті дереу сарайға алдыртады. Кейін әйелдің жүкті болып қалғанын біліп, күнәсін жасыру үшін патша оның жорықта жүрген күйеуін жарлық беріп шақыртады. Бірақ Урия өз үйіне барудан бас тартады. Патшаға жан-тәнімен берілгені соншалық, онымен сөйлескеннен кейін сұлу келіншектің жалындаған құшағында балқығаннан гөрі патша сарайының босағасында ұйықтағанды жөн көреді.
Амалы таусылған патша қолбасшы Иоавқа хат жолдап, абыройдан айырылған жауынгерді мерт болатындай қатерлі шайқастарға сал деп бұйырады. Майдан басшысы, әрине, патша жарлығын екі етсін бе!
Урия өлген соң Давид Вирсавияға үйленеді. Халық қадірлеген Нафан пайғамбар Давидтің бұл келеңсіз қылығына тосқауыл қоймақ болады. Тура айтуға батылы бармай “Егер малы мыңғыраған бір бай кедейдің жалғыз ешкісін тартып алса, соны білген біздің әділ патша не істер еді?” деп тәмсілмен тұспалдап жеткізеді. Давид ашуға булығып, ондай жауызды дереу өлтіріңдер деп бұйырады. Сонда Нафан: “Ол адам – сенсің!” дейді.
Библиядағы әфсана бойынша, Давид бұл күнәсі үшін көп өтпей-ақ қарғысқа ұшырайды. Вирсавия екеуінің арасындағы некесіз туған бала ұзақ тұрмай шетінейді. Патшаның қалған балалары таққа таласып, өзара қанды қырқысқа түседі.
Соломон Давидтің міне, осы Вирсавиядан туған екінші баласы еді. Библияда “туа салып-ақ оған Құдайдың мейірімі түскен” деп жазады. “Соломон” яғни көне еврей тіліндегі “Шелемо” атауы “Тыныштық, рақат” деген мағына білдіреді екен. Нафан пайғамбардың ақылы бойынша, Израиль жеріне Жаратқанның шапағаты түсіп, бейбітшілік орнасын деген ниетпен нәрестеге Соломон деп ат қояды.
Соломон – көне Израиль мемлекетінің үшінші һәм соңғы патшасы. Өзі билік құрған заманда (біздің дәуірімізге дейінгі 961-922 ж.ж.) шынында да атына заты сай болып, елде тыныштық орнайды, соғыстан титықтап қасірет шеккен халық бейбіт, мамыражай тірлікке көшеді.
Соломон бала кезінен айрықша қабілетімен дараланады. Ушқыр ойлы, зейінді, аса сезімтал еді. Осы қасиеттеріне тәнті болған әке көзінің тірісінде-ақ басқа үлкен балаларына жол бермей, оны Тақ мұрагері етіп жариялайды. Сөйтіп, ол он алты жасында патша атанады. Әуелгіде онша мойындамай, баласынған жұрт жас патшаның өз жауларын қалай басып-жаншығанын, әсіресе алтын тақ үшін әкесіне қарсы опасыздық жасаған, өзінің басқа анадан туған ағасы Адонияны қатыгездікпен жазалағанын көрген соң күш-құдіретіне біржолата бас иеді.
Әке қарғысына ұшырап кінәлі болып жүрген Адония інісімен татуласпақ болады. Араға Соломонның анасын салады. Вирсавия тақта отырған ұлына келіп:
“Саған айтар жалғыз-ақ тілегім бар. Орындайсың ба?” дейді. Ол не өтініш екенін сұрамастан, Соломон басын шұлғиды:
“Ананың кез келген өтініші бала үшін қасиетті!”
“Ендеше, Адонияға Ависананы күйеуге бер!”
Ависана Давид патшаның көп кәнизактарының бірі болатын. Патша қартайып қауқары қалмағандықтан жас сұлуды жар төсегінде құша алмаған еді… Шешесінің не оймен келгенін енді аңғарған Соломон ашудан түтігіп: “Одан да ағаңа алтын тағыңды бере сал деп неге тура айтпайсың!” дейді.
Көп өтпей Адонияның да, қолбасшы Иоаваның да мойнына тағдырдың қыл арқаны түседі. Иоава, Соломонның өлтіруге батылы бармайды деген ниетпен, бас сауғалап храмның ішіне тығылады.
“Урия мен Ависсаломды неге өлтірді екен? Сотқа кеп жауап берсін” деген патшаның сырттай сыпайы өтінішіне Иоава:
“Менің басқа жерде өлгеннен гөрі храмның ішінде өлгенім артық!” деп жауап береді. Соломон оның тілегін орындап, тура сол жерде, храмның ішінде басын балтамен бір-ақ шапқызыпты.
Бұл азуын айға білеген жас перінің өз дұшпандарына танытқан айбарының бастамасы ғана еді. Көп өтпей әкесінің тұсында бармақ бүгіп, арам ниет танытқандардың да, өзіне қырын қарағандардың да басын қағып, тақ айналысында “тәжірибесіз жас” деп менсінбей кекжиіп жүргендерді түгелдей тәубесіне түсіреді.
Соломонның патшалық құрған алғашқы кезеңі туралы тарихшы Иосиф Флавий: “Байырғы барды нығайтып, Иерусалим дуалының аумағын ұлғайтты, сөйтіп елге берекелі тыныштықпен билік жүргізді, – деп жазды. – Жастығына қарамастан өте әділ, заңды қатаң сақтап, әке өсиетіне барынша адал болды. Бірақ жасы әлдеқайда үлкен, өмірлік тәжірибесі бай тісқақты, кексе адамдай барлық іске аса сақ, байыппен қарады”.
Соломонның қолдары әйелдің қолдарындай әдемі, аппақ, нәзік болыпты, бірақ айрықша қуат-қасиеті бар болса керек. Басы ауырған, безгек ұстаған, ұйқысы қашып жүйке дертіне шалдыққандар төбесіне алақанын қойса болды, құлантаза сауығып кететін болған. Сол қолының сұқ саусағына алты қырлы қан күрең лағылдан бедерлеп көз салған асыл сақина тағады екен. Сақинаның бетіне жүздеген жылдар бұрын жойылып кеткен белгісіз бір көне халықтың тілінде “Бәрі өтеді” деген сөз жазылыпты.
Басына ауыртпалық түсіп қапаланған сәтте сол жазуға қарап сабыр шақырып, сабасына түседі екен. Бірде үлкен бақытсыздыққа ұшырап, қатты қайғырса керек, ақылды сөз көңіліне медет берудің орнына одан сайын жүйкесін қажап, жынын қоздырады. Ашу үстінде сақинаны саусағынан жұлып алып, жерге лақтырып жібереді. Кенет Соломон еденде дөңгелеп бара жатқан сақинаның іш жағындағы бір жазуды көріп қалады да, не екен деп оқыса: “Бұл да өтеді” деп жазылыпты. Бұрын-соңды болмағандай көрінген бұл қасірет адамзаттың басына талай келіп, талай кеткенін түсінген патша амалсыз езу тартып, сақинасын саусағына салыпты. Содан қайтып өле-өлгенше қолынан тастамаған деседі.
Соломонның ұлы істерінің бірі Иерусалимдегі Яхве – Құдай храмын салдыруымен тікелей байланысты.
Иевусей тайпасы мекендеген Иерусалим (Қуддус-Шәріп) шаһарын шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 1005 жылы Давид патшаның жаулап алғаны мәлім. Иерусалим – “дүниенің негізі, кіндігі” деген сөз екен. Онда иудейлер үшін қасиетті Қасірет дуалы, христиандар үшін қасиетті Құдай табыты храмы, мұсылмандар үшін қасиетті Куббат ас-Сахр мешіті орналасқан. Сондықтан Иерусалим – мұсылмандар үшін де, иудейлер мен христиандар үшін де қасиетті шаһар. Давид патша Иерусалимді жаулап алғаннан кейін шаһардың айналасын тас дуалмен қоршатып, еврей мемлекетінің астанасына айналдырады. Міне, енді осы қалаға жас патша Соломон Құдай храмын салуға кіріседі. Құрылыс орнына Ибраһим пайғамбар жүз жасында көрген жалғыз ұлы Ысқақты Құдай жолына құрбандыққа шалуға апарғанда, Жаратқан ием шын ниетіне мейірімі түсіп, аспаннан ақсарбас жіберетін қасиетті Мориа тауының етегін таңдап алады. Бұл сәулетті ғибадатхана жұмысына орасан зор күш жұмсалады. Бір ғана ағаш дайындау үшін отыз мың адам жұмыс істейді. Құрылысқа қажетті заттар мен шеберлерді Соломон Тир патшалығынан алдырады, оларға айырбасқа бидай, зәйтүн майын береді. Ғибадатхананың қабырғасын ақ тастан өріп, ішін Ливан балқарағайымен қаптайды, алтынмен небір ғажайып өрнек төгіп әшекейлейді.
Он мыңдаған адам тынымсыз еңбектеніп жеті жылда храмды салып бітеді. Храм қырналған кесек тастардан қаланған. Ең ғажабы, бірде-бір балта-балғаның тықылдаған дыбысы естілмей, құрылыс жұмысы тым-тырыс жүргізілген. Аңыз бойынша, Соломонның “Шамир” дейтін сиқырлы құрты болыпты. Үлкендігі арпаның дәніндей-ақ, ұжмақ бағынан самұрық әкеп беріпті. Оны Соломон киізге орап, арпаның жармасы толтырылған қорғасын құтыға салып қояды екен. Сиқырлы құрт алып жартасты көзді ашып-жұмғанша кеміріп, үңгіп құлата салатын болған. Храмның тастарын соның көмегімен дыбыссыз кесіп, қырнаса керек. Сондай-ақ Соломон өзінің сиқырлы жүзігінің құдіретімен жын патшасы Асмодейді де храм құрылысына жегіпті-мыс.
Соломон салдырған бұл храм біздің дәуірімізге дейінгі 587 жылғы вавилондықтардың шапқыншылығы кезінде күйрейді. Басқыншылар еврейлердің бәрін қойдай көгендеп Вавилонға айдап әкетеді. Кейін сәті түсіп Иерусалимге қайта оралған еврейлер шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 520 жылы храмды қайтадан қалпына келтіреді. Ол ғибадатхана бұзылмай бес жүз жылдай тұрады.
Біздің жыл санауымыз бойынша жетпісінші жылы еврейлердің көтеріліс жасағанына кектеніп римдіктер Иерусалимнің тас-талқанын шығарып тонайды. Қираған ғибадатхананың орнын түренмен түріп тегістеп тастайды. Тек биік тас қабырғаны құлатуға шамалары жетпейді. Мориа тауындағы зәулім тас тақтаны еврейлер осы күнге дейін “Қасірет Дуалы” деп атап, тәу етеді.
Біздің мұсылман қауымы үшін де Мориа – қасиетті тау. 637 жылы мұсылмандар Иерусалимді жаулап алғаннан кейін 691 жылы осы тауға Куббат ас-Сахр (Құз күмбезі) мешітін салады. Мешіттің алтын күмбезін мұсылмандар “дүниенің кіндігі” деп есептейді. Жәбірейіл періште Мұхаммед пайғамбарды түнгі саяхат кезінде Меккедегі Кааба мешітінен осында алып келеді. Жәбірейіл періште Мұхаммед пайғамбарды ұйқысынан оятады да қанатты бір жануарға мінгізіп Иерусалимге алып ұшады. Сол жерде жоғарыдан саты түсіп, Жәбірейіл Мұхаммед пайғамбарды көкке көтеріп әкетеді. Жартас пайғамбардың ізінен ілесе көтерілмек болғанда, Жәбірейіл періште тоқтатып тастайды. Заман ақыр болғанда жер-жаһанды күңіренткен азалы үн осы жартастан естілмек екен. Мешіттің ішіндегі тастарда Мұхаммед пайғамбардың атының тұяғының ізі, Жәбірейілдің қолының таңбасы бар. Тас бағандардың бірінде пайғамбардың сақалының қылы сақталған.
Ғибадатхананы салып біткен соң Соломон өзіне Сарай салуға кіріседі. Дүниенің шартарабынан он саусағынан өнер тамған не бір хас шеберлерді алдырып он үш жыл дегенде сарайды әзер бітіреді. Ескі жазбалардың сипаттауынша, сарай бедер-нақыш, сән-салтанатын бейнелеуде тіл жетпестей ғажайып өнер туындысы болған. Бір ғана алтын тақтың сипатына көз жүгіртіп көрейікші. Тақтың алты баспалдағы бар екен. Бірінші баспалдақтың оң жағында саф алтыннан құйылған арыстан, екінші жағында өгіз жатады. Екіншіде – бөрі мен қозы, үшіншіде – қабылан мен лақ, төртіншіде – аю мен бұғы, бесіншіде – бүркіт пен көгершін, алтыншыда – қырғауыл мен торғай. Тақтың екі бүйіріндегі екі мінберде бас пірәдар мен орынбасары отырады. Қарсы алдындағы жетпіс орындықта сот мүшелері жайғасады. Екі босағадағы алтын арыстандардың ішіне хош иісті әтір толтырылған. Соломон баспалдақпен көтерілген кезде әтір өз-өзінен шапшып шығып жұпар иіс аңқи бастайды. Тақтың ішінде патшаның бірінші баспалдаққа табаны тиісімен қозғалысқа көшетін тегершік орналасқан. Сол сәтте-ақ арыстан мен өгіз екі жақтан аяқтарын созады. Патша соған сүйеніп, екінші баспалдаққа көтеріледі. Келесі баспалдақтарда да осы әрекет қайталанады. Сөйтіп алтыншыға көтерілгенде бүркіттер ұшып келіп, Соломонды таққа отырғызады. Бүркіттің ең ірісі алтын тәжді патшаның басына кигізеді. Сол сәтте күміс жылан қимылға келіп, арыстандар мен бүркіттер патшаның төбесіне шатыр құрады, ал алтын бағанда қонақтаған көгершін сандықтағы қасиетті Кітапты әкеп Соломонның қолына тұтқызады. Содан кейін ғана піәрадар мен игі жақсы-абыздар патшаға тағзым етіп, тақтың қос қапталын қаумалай өз орындарына жайғасады. Сөйтіп кезекті сот мәслихатына кіріседі.
Ең ғажабы – куәгер боп сот алдына келген адам жалған сөйлей бастаса, шығыршықтар айрықша қозғалысқа түсіп зырқырап айнала бастайды екен. Арыстан мен жолбарыс күркіреп, өгіз өкіріп, аю ақырып, оған қозы мен лақтың маңыраған даусы, қырғидың шаңқылы, торғайдың шырылы қосылады. Бөрі мен бұғылар, бүркіт пен тотықұс арлы-берлі жосып, аспан асты ию-қию арпалысқа түседі. “Біздің кесірімізден, міне, дүние тас-талқан қирайтын болды!” деп зәре-құты қашқан жалған куәгерлер амалсыз ақиқатын айтуға мәжбүр болады екен.
Енді бір аңыз бойынша, тақты күзеткен алтын арыстандар жат ниетті біреу жақындаса, жан бітіп тіріліп кететін болған. Сөйтіп Соломонның өзінен басқа ешқандай басқыншыны таққа отырғызбапты.
Кейін Иерусалимді жаулап алған Нехо перғауын басқа олжаларымен бірге Соломонның алтын тағын да Мысырға алып кетеді. Перғауын тақтың бірінші баспалдағын аттай бергенде, арыстан аяғымен дәл жамбастан теуіп кеп жібереді. Содан Нехо өмір бойы ақсақ боп қалыпты. Мысырдан оны Навуходоносор патша Вавилонға алып келеді. Таққа отырмақ болғанда арыстан аяғымен бір теуіп патшаны жерге жалпасынан түсіріпті. Вавилон қирағаннан кейін Дарий патша тақты Мидияға әкеледі, бірақ сұңғыла Дарий оған отыруға батпайды. Ескендір Зұлқарнайын тақты Мысырға қайта алып келеді. Кейін Мысырды ойрандаған Енифон тақты олжалап кемемен әкетіп бара жатқанда бір аяғын сындырып алады, сөйтіп оны дүниедегі ешбір шебер қайта жөндей алмапты.
Көне еврей аңызында Соломонның мұншалық ақылды, бай болуының себебін “ол Даналық атты аспан перісіне үйленіп, жасауына бүкіл әлемді алды” деп түсіндіреді. Шынтуайтында, Соломон ешқандай перінің қызына үйленбеген. Некелескен бірінші әйелі Бифия деген Мысыр Перғауынының қызы екен. Қайын атасы жасауына мол байлық сыйлап, екі ел арасындағы сауда-саттыққа көп жеңілдік жасайды. Үйлену тойы дәл храм салынып біткен күні түнде өтеді. Сөйтіп, храмды жын-шайтаннан аластау рәсімі мен некелесу салтанаты қатар келеді.
Бифия той үстінде Соломынның алдында жетпіс түрлі би билейді, мың түрлі саз аспабын әкеп, өзі табынатын құдайларының әрқайсысына арнап әуен ойнатады. Тойдан соң Соломонның төсегінің үстіне шатыр құрып, ішкі жағына ай, жұлдыз сияқты жыпырлатып гауһар тас іліп қояды. Соломон басын көтеріп оянған сайын жарқыраған гауһарды жұлдыз екен деп ойлап, күн төбеге көтерілгенше жата береді. Храмның кілті Соломонның жастығының астында екен, оятуға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Храмның ашылу салтанатына жиналған қалың жұрт қатты қапаланады. Соломонды ашуланған анасы шәркейімен ұрып оятқаннан кейін барып, межелі мерзімнен төрт сағат өткен соң ғана құрбандық шалынып, ғибадатхананы жын-шайтаннан аластау рәсімі басталады.
Соломон діні бөлек жат жұртқа үйленген сәттен бастап Яхве-Құдайдың қаһарына ілігеді. Сол күні аспаннан Жәбірейіл періште түсіп, теңіз бетіне бір тал шөп егеді. Айналасына үлкен түбек пайда болып, сол жерден Рим қаласы бой көтереді. Кейін Рим әскері Иерусалимді талқандайды.
И.Пименованың зерттеуіне жүгенсек, Соломонның жеті жүз некелі әйелі, үш жүз кәнизагы болыпты. Дана патша ел мүддесін ойлап, саясатпен үйленген, яғни оның әрбір әйелі ел тыныштығының кепілі сынды. Әкесі Давид айналасына күш көрсетіп, қанды жорықтармен айбат шексе, бұл көрші елдермен арадағы қарым-қатынасты некелесу арқылы реттеп отырған.
Соломон туралы аса құнды деректер қалдырған тарихшы Иосиф Флавий патшаның сән-салтанат, байлығына тамсана келе, күн сайын сарайдағы қонақасыға бордақыланған алпыс өгіз, жүздеген қой, жиырма ірі қара сойылатынын айтады. Мұның сыртындағы желінетін құс, балық, қодас, бұғыда есеп жоқ. Соломонның жегін атының өзі қырық мың болыпты. Оған қоса он екі мың мініс атын ұстаған. Мүсіні көз жауын алардай, желмен жарысқан өңкей сәйгүлік. Атқа мінетін шабандоздар да шетінен мөлдіреп, жайнап тұрған жас ұландар екен. Өзге жұрттан еңселері биік, сұлу өң, сымбатты мүсін. Шаштарын ұзын ғып өсіріп, үстеріне бірыңғай қызыл жібек киеді төгілтіп. Күн сайын жорық алдында бастарына алтын ұнтағы араласқан құм сеуіп алады. Жайылған шаштары күн сәулесіне жалт-жұлт ойнап, садақ ұстаған осынау салтанатты нөкердің ортасында ақ торқаға малынған патша ат тізгінін өзі ұстап екі дөңгелекті күймемен жүйткітіп бара жатады.
Соломонның байлығына балама іздеген көне жылнамашылар “оның мемлекетіндегі күміс жай таспен бірдей еді” деген теңеу қолданыпты.
Сөйтіп, осыншама сән-салтанатпен шалықтап ғұмыр кешкен Соломон да қырық жыл патшалық құрып, ақырында бұл фәниден озыпты. Оның өлімі туралы мәлімет Библияда там-тұм ғана: “… өз әкесінің атындағы Давид қаласында жерленді, орнына баласы Ровоам патшалық құрды” делінген. Ал Құранның айтуынша, Сүлейменнің өлгенін әуелгіде ешкім байқамаған, таяққа сүйеніп тұра береді. Таяқты әбден құрт жеп болғанда, денесі жерге құлап түседі.
Соломон өлгеннен кейін елді баласы Ровоам билейді. Халық жаңа патшаға Соломонның тұсында қатты езгі көргендерін айтып шағынып, мейірімді болуын өтінеді. Сонда патша ағынан жарылып: “Бұрын арқаларыңды қамшы осса, енді шаян шағады” депті.
Жоғарыдағы мысалдардан біз Соломонның қайшылыққа толы ғұмыр кешкенін көреміз. Нәпсіге бой алдырып, даңққа, байлыққа құмартқан. Бірақ Соломон қисапсыз байлығы, гарем толы перизаттары, сән-салтанатымен емес, даналығымен тарих жадында қалды.
Соломонның соңындағы рухани мұралары мол. Даңқ пен байлыққа масайрап, жас сұлудың ыстық құшағында желіккен билеуші күндердің күнінде осының бәрінен жерінеді. Жер бетіндегі пенделік күйбіңнің бәрі өткінші, бәрі баянсыз екеніне көзі жетіп, өшпес, тозбас, жалғыз байлық – даналыққа ден қояды. Ол өзінің барлық ғақлияларының түйінінде Жаратушының сүйіспеншілігіне бөленетіндей іс қыл деген ойды меңзейді. Бір деректерде үш мың тәмсіл, бір мың бес жүз жыр шығарған делінеді. Онда жер бетіндегі аң-құс, өсімдік атаулының бәрінің сыр-сипаты баяндалып, дана патшаның өмір туралы түйінді ой-толғаныстары, нақыл сөздері, жүрек түбінен шымырлап шыққан ыстық жырлары қамтылады. Бұлардың қаншасы нақты Соломонның өзінікі екені белгісіз. Біразы кейін шығарылып, Соломонға телініп жүруі мүмкін дейді кейбір зерттеушілер.
Соломонның ғақлия-нақыл, тәмсілдерінен басқа, оның даналығын дәріптейтін аңыз-әфсаналар да көп. Олар иудейлер мен христиандар арасында, бүкіл ислам әлеміне кеңінен тараған. Көне еврей аңыздарындағы түбі бір бұл оқиғаларды әр жұрт сәл өзгеріспен өздерінше баяндайды. Қай-қайсысында да Соломонның есімі даналықтың баламасы іспетті, ұтқыр ой, тосын шешімімен тәнті қылады. Байырғы арап әдебиетінде, ислам дінін тұтынған иісі түрік дүниесінде, оның ішінде біздің қазақтар да Соломонды бағзыдан бері Сүлеймен Сулайман деп атайды.
“Су иесі Сүлеймен,
Судан балық тілеймін.
Судан балық бермесең,
Үйге барып не жеймін?..”
“Сүлеймен патша күллі аң мен құстың тілін біліпті…” деп басталатын әлқисса әңгімелер әлмисақтан атам қазақтың құлағына сіңісті. Тіпті оған қатынасты оқиғаларды өзіміздің би-абыздарымызға теліп жүрген мысалдарымыз да аз емес.
Әділетті патшаның билігіне жүгінуге бір күні екі әйел келеді. Бірі: “Мына әйел екеуіміз бір үйде тұрамыз. Мен жақында босанып, ер бала тудым. Үш күннен кейін бұл да ұл тапты. Бірақ оның баласы түнде өліп қалыпты. Өлген баланы ұйықтап жатқанда менің жаныма салыпты да, менің баламды өзі алып апты. Таңертең емізейін десем, бала өліп жатыр. Менің балам емес екенін бірден білдім. Қазылығын айтып, баламды алып беріңіз!” дейді. Екіншісі: “Айтып тұрғаны түгелдей жала” деп, бет бақтырмайды. Сүлеймен патша уәзіріне: “Мә, баланы шап та, екеуіне қақ бөліп бер!” деп қылышын ұстатады. Әйелдің бірі: “Мейлі, шапса-шапсын, маған да жоқ, оған да жоқ”, дейді. Екінші әйел: “Тақсыр, өлтіре көрмеңіз! – деп шырылдап қылышқа жармасады. – Осыған-ақ беріңіз баланы. Қайда жүрсе де тірі болсын!”
Сонда Сүлеймен патша: “Баланың шын анасы мына әйел екен, осыған беріңдер”, – деп, баланы екінші әйелге бергіздіріпті.
Біз осы күнде әр биге бір теліп жүрген бұл аңыз-әңгіменің түп иесі Соломон екеніне ешкімнің дауы жоқ. Ескен жел, көшкен керуенге ілесіп, су кешіп, құрлық асып, бір кездері қазақ сахарасына да жеткен. Демек, бұдан біз бабаларымыздың бағзы заманда-ақ дүниенің төрт бұрышынан хабар ап, әлемдік мәдениетпен тығыз байланыста болғанын көреміз.
Бабаларымыз оны әулие тұтып қастерлеп, ақылды, дана болсын деген ниетпен перзенттеріне “Сүлеймен” деп ат қойған. Қазақ арасына Сүлеймен есімінің кең тарауы да, міне сондықтан.
Жастайынан зейінді, алғырлығымен танылған Соломонға Давид патшаның айрықша ықыласы түседі. Әкесі билік айтқанда бала Соломон ылғи қасында отырады екен. Бірде жанжалдасқан екі адам патшаның алдына жүгінуге келеді. Бірі:
– Мына кісінің қойлары менің атызыма кіріп кетіп, таптап тастады! – дейді шағынып. Давид қойдың иесіне қарайды:
– Қойыңның таптағаны рас па?
– Рас, тақсыр!
– Ендеше атыздың иесі шеккен шығыны үшін қойларыңды алсын!
Сонда Соломон тұрып:
– Дат, тақсыр! Мен басқаша кесім айтқан болар едім! – дейді.
– Айт!
– Қойдың иесі атызды алып қалпына келтірсін, ал атыз бұрынғы қалпына келгенше иесі қойды сауып, сүтін пайдалана тұрсын. Содан соң атыз өз иесіне, қой өз иесіне қайтарылсын!
Баласының әділ қазылығына риза болған Давид патша:
– Менің дәуренім өткен екен. Қартайып қаусағаным осы. Сен кемеліңе келіпсің. Аузымдағы сөзді, алдымдағы дауды енді сен ал! – деп баласына алтын тағын беріпті.
Баяғыда бір патшаның ақылды уәзірі болыпты. Патша айрықша жақсы көреді екен. Бірде оған:
– Не тілегің бар, айт. Бәрін орындаймын, – дейді. Уәзір ойланып: “Алтын, күміс сұрасам ғой, патша береді. Гауһар, меруерт десем де қолымнан қақпайды. Одан да патшаға қызыңды бер дейін. Қызын алсам, дүние-байлық өзі-ақ келмей ме!” дейді.
Сол сияқты Соломон да, бір күні Жаратушы түсінде аян беріп: “Не қалайсың, сұра!” дегенде, “Маған ақыл-парасат бер!” дейді. Сонда Жаратушы: “Сен басқалар сияқты өзіңе ұзақ ғұмыр, байлық, жауыңды жер түбінен ықтырар айбат сұрамай, ақыл-парасат сұрадың. Сондықтан мен саған сұрағаныңды беремін, оған қоса сұрамағаныңды да беремін!” депті. Сөйтіп, даналықпен бірге Соломон патшаға бақ-дәулет, абырой-даңқ өзі келіп қоныпты. (Билеуші біткен Соломонның осы даналығынан ғибрат алып, Құдайдан алтын емес, Ақыл сұраса ғой, шіркін!)
Бір кісінің жеті ұлы болыпты. Жетінші ұлы екібасты боп туған екен. Күндердің күнінде әлгі кісі қайтыс болып, балалары артында қалған мұраны бөліседі. Жетіге бөлмек болғанда, екібасты жігіт келіспей, “мен – екі адаммын, екі үлес алам, сегізге бөлейік” дейді. Жігіттер Соломонның қазылығына жүгінеді. Соломон екібасты жігітке:
– Қазір бір басыңа сынақ жасағанда, екінші басың сезсе – бір адамсың, сезбесе – екі адамсың, – дейді. Шөмішпен ыстық суды алып бір басына құйып кеп жібергенде, екінші бас та “өлдім, өлдім!” деп айғай салыпты.
Үш жолаушы бір жерге түнейді. Үйықтап жатқанда қарақшы кеп тонай ма деп қауіптеніп, үшеуі ақшаларын бір жерге жасырады. Түн ортасында біреуі білдірмей тұрып, ақшаны басқа жерге тығып қояды. Таңертең тұрған соң жігіттер ақшаны таба алмай, бір-біріне “сен алдың, сен алдың!” деп жанжалдасып, ақыры Соломонның алдына барады.
Соломон оларға:
– Байқаймын, жөн білетін ақылды, есті жігіт көрінесіңдер, – дейді. – Маған бір патшаның “шешімін айт” деп жүгінген бір өтініші бар еді. Соған сендер өз қазылықтарыңды айтыңдаршы. Әлгі патшаның елінде көрші тұрған қыз бен жігіт бірін-бірі сүйіпті. Жігіт қызға: “мен келіспейінше, ешқашан күйеуге шықпаймын деп ант бер!” дейді. Қыз ант етеді. Біраз уақыт өткен соң қызды ата-анасы басқа біреуге ұзатады. Некесі қилып оңаша қалғанда, қалыңдық күйеуге: “Менің ант берген жігітім бар, – дейді. – Содан барып рұқсат алмайынша, мен саған әйел бола алмаймын!”
Күйеуін ертіп бірінші жігітіне келеді: “Айыбыма алтын-күміс ал да некелескен адамыма әйел болуға рұқсат ет!” – дейді өтініп.
“Антыңа адал болғаның үшін ештеңе де алмаймын” – дейді жігіт. – Бақытты бол, азатсың!”
Сыртқа шыққан соң қалыңдық: “Дегеніңе жеттің, қуан!” дейді күйеуіне.
Қайтар жолда қарақшыларға тап болады. Қарақшының біреуі мосқал тартқан егде адам екен. Тонап алған ақша, тартып алған алқа-сырғаны қанағат тұтпай, жас келіншекті иектеп қойнына алмақ болады. Келіншек қалай тұрмыс құрғанын, алғашқы көңіл қосқан жігіті мен отасқан күйеуінің қандай бекзаттық танытқанын әңгімелей келіп: “Ақылға кел, – дейді оған. – Ана жап-жас жігіт не істеймін десе де еркі бола тұрып, маған тиіспеді, сезімін ақылға жеңдіре білді. Оның жанында сен сияқты кәріге нәпсісін ауыздықтау неге тұрады. Одан да алтын-күміс, ақшамызды ал да күйеуім екеумізді жөнімізге жібер!”
Келіншектің әңгімесін тыңдаған кәрі қарақшы “Бір аяғым көрде, бір аяғым жерде тұрғанда, мұным не?” деп өз ісіне өзі қатты өкініп, тәубеге келеді. Ерлі-зайыптыларды босатып қана қоймай, тонап алған мүлкін түгел қайтарып, жолға салады.
Соломон жігіттерге қарап:
– Осылардың ішінде қайсысының әрекеті ең ізгі? Соған қазылықтарыңды айтыңдаршы, – дейді.
– Тақсыр! – дейді жігіттің бірі. – Мен берген сертінен таймаған қалыңдықты ең ізгілікті адам дер едім.
Екіншісі:
– Мадақтауға лайықты адам – күйеу жігіт, – дейді. – Бірінші жігіт рұқсат еткенше, нәпсісін ауыздықтап, қалыңдығына тиген жоқ!
– Оны қойшы! – дейді үшіншісі ентелеп. – Бәрінен бұрын ана кәрі қарақшыға қайран қаламын. Тұтқынға түскен жас сұлуға тимегені аздай, ана қолындағы ұстап тұрған ақшаны қайтадан бере салғанын айтсаңшы!
Сонда Соломон патша:
– ¥ры – осы! – депті. – Әлі тіпті көрмеген, жай ғана естіген ақша туралы бүйтіп өліп-өшіп тұр, ал қолы жететін жердегі ақшаны бұл не істер еді?
Соломонның әділ қазылығына байланысты бізге жеткен бұдан басқа да мысалдар баршылық. Әйгілі орыс жазушысы А.И.Куприн Иосиф Флавийдің тарихи деректері бойынша жазған “Суламифь” атты хикаятында көптеген қызықты мысалдар келтіреді.
Ахиор деген зергер шет жақта жұмыс істеп жүріп, бір асылтас тауып алады. Тасты қырнап, өңдейді де оны Құддұс-Шәріп /Иерусалим/ шаһарына кетіп бара жатқан досы Закариядан әйеліне беріп жібереді. Біраз уақыттан кейін үйіне Ахиордың өзі де келеді. Аман-саулықтан соң әйелінен әлгі тас туралы сұрайды. Әйелі таң-тамаша болып, ондай тасты көрген жоқпын деп ант-су ішеді. Ахиор анық-қанығын білмек боп досы Закарияға барса, ол да “келген бойда бергенмін” деп ант-су ішіп, азарда-безер болады. Тіпті бергенін көрген екі куәгерді де табан астында сол жерге алып келеді.
Сөйтіп Ахиор, Закария, екі куәмен төртеуі Соломонның алдына жүгінуге барады.
Соломон әрбірінің көзіне кезекпе-кезек үнсіз қарап, күзетшіге: “Әрқайсысын апарып, жеке бөлмеге қамаңдар!” деп бұйырады. Содан соң төрт бөлек иленген балшық әкелдіртіп: “Әрқайсысы осы балшықтан әлгі тастың бейнесін жасасын!” деп жарлық етеді. Біраздан кейін бейне дайын болады. Куәгерлердің бірі асылтастан ойып жасайтын әдеттегі үрдіс бойынша жылқының басын бейнелепті, екіншісі қойдың басын салыпты, тек Ахиор мен Закарияның жасаған мүсіндері ғана ұқсас боп шығады, екеуі де әйелдің омырауын бейнелейді.
Соломон сонда: – Закарияның куәгерлерді сатып алғаны соқырға таяқ ұстатқандай анық. Сондықтан Закария Ахиорға асылтасын қайтарып берсін, оған қоса сот шығыны үшін отыз склей төлеп, қасиетті храмға он склей берсін. Ал өздерін өздері әшкерелеген куәгерлер жалған айғақ болғаны үшін, әрқайсысы бес склейден қазынаға өткізсін! – деп билік айтыпты.
Бір күні мұраға таласқан ағайынды үш жігіт Соломонның алдына жүгінуге келеді. Әкелері өлер алдында оларға: “Кейін бір-біріңмен жанжалдасып араздаспауларың үшін көзімнің тірісінде дүние-мүлкімді үшеуіңе әділдікпен еншілеп кеттім, – дейді. – Мен өлген соң үй іргесіндегі тоғайға барсаңдар, сол жердегі төмпекке жәшік көміп қойғам. Жәшікте үш бөлік бар: жоғарғысы – тұңғыш ұлымдікі, ортаңғы бөлік – ортаншымдыкі, төменгісі – кенжемнің еншісі. Әрқайсысың өз тиесілі мүліктеріңе ие болыңдар”. Әкелері қайтыс болғаннан кейін үшеуі тоғайға барып, жәшікті қазып алады. Жоғарғы бөлігі лықа толған алтын теңге екен. Ортасына жай сүйек-саяқ салыпты, ал түбіне ағаш толтырып қойыпты. Әке өсиетіне риза болмай сол жерде ағайындылар арасында қызғаныш туады. Екі іні ағасына көз алартып, жауласа бастайды. Араздық ушығып өршіп бара жатқан соң, амалсыз Соломонға жүгінуге мәжбүр болады. Алтын тақтың алдында тұрғанда да атарға оғы болмай, айқайласып бір-біріне дес бермейді. Мән-жайды байыппен тыңдап болған соң, Соломон басын шайқап:
– Жанжалды қойыңдар, – дейді. – Тас та ауыр, құм да ауыр, ал ақымақтың ашуы екеуінен де зілмауыр. Әкелеріңнің дана, ғаділ адам болғаны көрініп тұр. Бақырауық бейшаралар, қалай ғана сезбейсіңдер, әкелерің тұңғыш ұлына – барлық ақшасын, ортаншысына – мал мен құлдарын, кенжесіне – үйі мен егістік жерін мирас қып кеткен жоқ па! Жаулықты ұмытып, татуласыңдар.
Жаңа ғана бір-бірімен дұшпан болып тұрған жігіттер сол жерде дана патшаның аяғына жығылып, жүздерінде нұр ойнап, алтын сарайдан қол ұстасып шығады.
Тағы да мұраға таласқан ағалы-інілі екі жігіт Соломонның алдына келеді. Бір кісі көз жұмар алдында: “Екі ұлымның ең лайықтысы бүкіл байлығыма мұрагер болсын” деп өсиет қалдырыпты. Бірақ екі жігіт “мен артықпын” деп бірімен бірі теке-тіресіп, ақыры әділдік іздеп, Соломонға келіп жүгінеді. Патша олардан: “Қолдарыңнан не кәсіп келеді?” деп сұрайды. Екеуі садақ ататын мерген, аңшы екендерін айтады. Соломон:
– Үйлеріңе бара беріңдер. Әкелеріңнің өлігін ағаштың басына асып қоюға бұйрық етемін. Әуелі қайсың өліктің кеудесіне дөп тигізер екенсіңдер көрейік, мәселені содан соң шешеміз, – дейді.
Сөйтіп ағайынды екеуі патшаның тексеруге жіберген адамымен бірге үйлеріне қайтады. Әлгі адам қайтып оралған соң Соломон мергендік сайыстың қалай өткендігін сұрайды.
– Айтқаныңды мүлтіксіз түгел орындадым, тақсыр ием, – дейді өкіл. – Әкелерінің өлігін ағашқа астым да ағайынды екеуінің қолына садақ ұстаттым. Ағасы бірінші боп атты. Жүз жиырма шынтақ жерден дәл жүректің тұсынан дөп тигізді.
– Мерген екен! – дейді Соломон. – Ал інісі ше?
– Інісі ме… Жарлығыңды түгелдей орындата алмағаныма кешір, Әміршім… Інісі адырнаға жебе қадап көздей берді де, садағын жерге тастай салды. Теріс қараған күйі еңкілдеп жылап жіберді: “Жоқ, мен бұлай ете алмаймын… Әкемнің мәйітін қорлауға дәтім бармайды!” деді.
– Ендеше әкесінің дүние-мүлкіне сол ие болсын, – дейді патша кесім айтып. – Әке өсиетіне ең лайықты сол екен. Ал ағасы, қаласа, менің қорғаушы жасауылдарымның бірі болсын. Маған сол секілді қайсар, ашкөз, қолы селт етпейтін мейірімсіз мерген, жүрегінің түгі бар адамдар керек.
Сондай-ақ, патшаның Ливандағы үйіне бір кедей жесір әйел келіп, аяғына жығылады:
– Әділ қызылығыңды айт, тақсыр ием! Қолымдағы қалған соңғы екі динарға ұн сатып алып, соны қыш тегешке салып үйге әкеле жатқанмын. Кенет қатты жел соғып, ұнымды түк қалдырмай ұшырып әкетті. О, дана патша, менің бұл шығынымды кім өтейді? Балаларымды енді немен тамақтандырамын!
– Бұл қашан болып еді? – деп сұрайды Соломон.
– Бүгін таңсәріде.
Соломон дереу кемелеріне жүк артып, бүгін Финикиаға сапар шеккелі жатқан бірнеше бай саудагерлерді шақыртып алады. Сот залына именіп, үрейленіп кірген саудагерлерден:
– Желкенімізді кеулетіп оңынан жел соқтыра гөр деп құдайға мінәжат етіп жалбарынып па едіңдер? – дейді.
– Иә, патшам! – деп саудагерлер сол жерде сайрап қоя береді. – Дәл солай. Құдайға бағыштап шалған құрбандығымыз қабыл болып, жел оңынан соқты!
– Қуаныштарыңа ортақпын! – дейді Соломон. – Бірақ сол жел мына бейшара әйелдің тегешке салып әкеле жатқан ұнын ұшырып әкетіпті. Жағдайын түсініп, бейшараға қайырымдылық танытсаңдар қалай болар екен?
Патшаның осы үшін ғана шақырғанына қуанып кеткен саудагерлер сөзге келместен сол жерде-ақ әйелдің тегешін жез, күміс теңгелермен толтырып тастайды. Әйел көзінен жас сорғалап, патшаға алғысын жаудыра бастағанда, бүгін Суламифь перизатпен жолығып көңілі тасып тұрған Соломон:
– Тоқта, сыйымыз бұл ғана емес, – дейді күлімдеп. – Бүгінгі таңғы жел маған да қуаныш әкелді. Сондықтан мына саудагерлердің сыйымен қатар патшаның да қолынан сыйлық ал!
Сөйтіп қазынашысына бұйырып, саудагерлердің күміс теңгесінің үстіне үйдіріп алтын теңге салдырады.
Еврей мен христиан аңыздарында да, мұсылман әфсаналарында да Соломон патша аң-құстың, жер бетіндегі қыбырлаған күллі жәндіктің тілін біледі деп баяндалады.
Бір күні Соломон әскерін жорыққа бастап келе жатады. Алдарынан құмырсқа жайлаған кең ойпат кез болады. Құмырсқаның үлкені дабыл қағып, тез індеріңе кіріңдер, патша біз сияқты елеусіз нәрсені байқайды деймісің, таптап өте шығады дейді. Құмырсқаның бұл сөзін естіген Соломон қосынын дереу басқа жаққа бұрып әкетіпті.
Қазақ арасындағы аңыздың бір парасында, Сүлеймен патшаның әскері шөл далада адасып, қырылып қалу қаупі төнеді. Сол кезде көкек ұшып келіп, жеті қырдың астындағы суға бастап апарады. Содан көкек әулие құс атанып, құс патшасы – самұрық, бүркіт, сұңқар тұрғанда, ай атын иемденіпті-мыс. Арап әфсанасында бұл әулие құс бәбісек, ал еврей аңызында Бар деген кекілік (кейде әтеш) делінеді.
Бір күні шараптан буыны балқып көңілденген Соломон күннің шығысы мен батысындағы көрші елдердің патшаларын қонаққа шақырады. Әрқайсысын сырнайлатып-кернейлетіп қарсы алады. Бәрі жиналып болған соң өзінің құдірет-сиқырын көрсету үшін Соломон ұшқан құс, жүгірген аң, жын-шайтан, дию-перінің бірі қалмай келіп, мәртебелі меймандардың алдында өнер көрсетсін деп жарлық етеді. Патша хатшылары аттарын атаған сәтте-ақ аң-құс та, жын-шайтан да бәрі түгел Соломонның алдына жетіп келеді. Тек орманда мекендейтін Бар деген кекілік қана жоқ боп шығады. Соломон ашуланып, тілімді алмағаны үшін, тез тауып әкеп жазалаңдар дейді. Көп өтпей Соломонның алдына кеп жүгінген кекілік сайрай жөнеледі:
– Күллі әлемнің патшасы, тақсыр ием! Рахым етіп, сөзіме құлақ қоя гөр. Міне, үш ай болды, бір ойға берілгенім сонша, тіпті нәр татуды ұмыттым. Аспан асты, жер үстінде Сенің құзырыңа құлдық ұрмайтын ел бар ма екен деген ой жатсам-тұрсам көкейімнен кетпеді. Ақыры дүниені ұзақ шарлап, ондай елді таптым. Шығыста Саба деген ел бар екен. Халқы Жаратушы хаққа емес, Күнге табынатын көрінеді. Патшасы әйел, есімі – Билкис. Жерінің тозаңы алтыннан қымбат. Күмісі қоқыстан құнсыз. Жайқалған көкжелек дарақтары Құдай алғаш дүниені жаратқан кезде отырғызылған, пейіштің суымен суғарылады екен. Жасағы көп, жауынгері басына тәж киеді, бірақ әскери іске машықтанбаған, тіпті садақ тартуды да білмейді. Егер тақсыр ием мұрсат етсе, мен олардың билеушілерін бұғаулап алдына алып келер едім!
Бардың бұл сөзіне Соломонның көңілі жібіп қалады. Хат жазып, кекіліктің қанатына байлап, Саба еліне жібереді.
Билкис төсегінде ұйықтап жатқанда кекілік ашық терезеден бөлмеге кіріп, хатты патшайымның кеудесіне тастай салады. Билкис оянып, хатты қолына алады. Айнала тоғыз қабат күзет, хаттың қалай келгенін ойлап, таң-тамаша болады.
Одан арғы оқиға еврей аңызында Соломонды сиқырлы құдірет иесі ғып дәріптеу тұрғысында өрбиді. Ал арап әфсанасында діни сарын басым. Сүлейменді Алланың елшісі, пұтқа табынып адасқан пендені тура жолға салушы ғып көрсетеді. Біз осы екі желіні қатар ұстанып, ортақ қисын табуға тырыстық.
Патшайым Билкис бүкіл елдегі әміршілерін жинап алады.
– О, менің мемлекетімдегі ақылды басшы, игі жақсылар! Мен бүгін Сүлеймен патшадан хат алдым. Онда бізге Күнге табынғандарыңды қойып, Жаратушы иеміз салған тура жолға түсіңдер. Әйтпесе күшпен бағындырам. Жер-дүниедегі аң-құс, жын-шайтан, дию-перілерді жауып жіберемін депті. Бұған не айтасыздар? – дейді. Игі жақсылар өре түрегеледі.:
– Біз күштіміз. Жер қайысқан әскеріміз бар, ол патша соғысамын десе, соғысамыз. Қорқатын не бар? Бірақ кесімді шешімді өзің айт.
– Тығырықтан шығар жол – соғыс емес, – дейді ақылды патшайым. – Еріміз қырылып, жеріміз ойрандалады. Басымыз иіліп, бағынышты елге айналамыз. Әуелі елші жіберіп, тарту-таралғы жасап, тамырын басып көрейік.
Билкис дүниеде жоқ асыл бұйымдарды кемеге артып, Соломонға жібереді. Елшісіне патшаның күш-қуаты қаншалықты екен анықтап біл, не жауап айтады – түгел маған жеткізесің дейді.
Патшайымның сарайында не болып, не қойғанын кекілік сол сәтінде ұшып келіп, Соломонға хабарлайды. Соломон елшіге өзінің күш-құдіретін паш етпек болып, жын-перілері мен сарай маңындағы адамдарына дайындық жасаңдар деп бұйрық береді. Олар кездесетін жерді сән-салтанатпен безендіреді. Елшіні патша ашық алаңда алтын тақта отырып қарсы алады. Айналасында қалың нөкер, қаптап ұшқан құстар күннің көзін тұтып, Соломонның үстіне сая түсіріп тұрады. Өмірінде көрмеген сән-салтанат пен ғажайып көрініске елші қайран қалып аузын ашып, көзін жұмады. Патшайымның жіберген сый-сыяпатын алудан Соломон бас тартады.
– Сендер маған байлық сыйламақсыңдар ма? Жаратқан ием маған бәрін берген, сондықтан сендердің байлықтарың маған керек емес. Сендер байлықты мақтан тұтсаңдар, мен сендердің тура жолға түсіп, Жаратушы хаққа құлшылық еткендеріңді мерей көремін. Күнге табынуларыңды қоймасаңдар, қалың әскермен барып еліңді талқандаймын! – деп елшіні қайтарып жібереді.
Қайта оралған елші Билкис патшайымға көрген-білгенін түгел айтып:
– Соломон сенің сыйлығыңды алмай қайтарып жіберді! – дейді. Патшайым таң-тамаша болады:
– Біздің тарту еткен соншалық байлығымызды алмады ма?
– Біздің сыйлығымыз ол үшін түкке де тұрмайды. Оған жын-шайтандар құлдық ұрып, құстар төбесіне сая түсіріп тұрады екен. Айтқанына жел де бағынады. Аспан асты, жер үстінде оған құдіреті тең келетін патша жоқ!
Патшайым ары толғанып, бері толғанып өзі жолға жиналады. Сапарға аттанбас бұрын алтын тақты қайда жасырған қауіпсіз болады деп ұзақ ойланады. Өйткені таққа таласып көз алартып жүргендер көп еді. Ақыры бір бөлмеге жасырып, қырық жерден кілттеп, айналасына жеті қабат күзет қойып, мұқият табыстайды. Көңілі жайланғаннан кейін жол қамына кіріседі. Кемелерді жабдықтап, небір асыл бұйымдарды толтырады. Соломонға тарту ету үшін бір сағат, бір күн, бір ай, бір жылда туған, бойы, түр-түсі бірдей, шымқай қызыл киінген алты мың жасөспірім қыз-жігітті таңдап алып, сапарға шығады.
Соломонның патшалығы мен Саба елінің арасы жеті жылдық жол еді. Билкис патшайым Соломонға “еліңе үш жылда жетуге мүмкіндік бер” деп өтініп хат жазып, кекіліктің мойнына іліп жібереді. Тура үш жыл толғанда жолаушы діттеген жеріне жетеді. Сарай маңындағы абыр-сабыр шуды естіп, Соломон Билкистың келгенін біледі.
Соломон өзінің әлемде теңдесі жоқ құдірет иесі екенін көрсетіп, патшайымды таң қалдырмақ болады. Есіне кекілік сипаттап берген Билкистың алтын тағы түседі. Қырық қабат құлыптап, жеті жылдық жер түбінде қалдырған алтын тағы алдынан шыға келсе, патшайым қалай таңырқамас дейсің! Дереу жын-перілері мен нөкерлерін шақырып алып:
– Кәне, Билкистың патшалығындағы алтын тақты патшайым осында келгенше қайсың алып келе аласың? – дейді.
Бір дәу пері: – Мен оны сен орныңнан тұрғанша-ақ алып келем! – дейді.
Жаратқанның құдіретіне шын жүрегімен иланатын нөкердің бірі:
– Мен көзді ашып-жұмғанша әкелем! – дейді. Соломон соған әкел деп бұйырады. Әлгі адам:
– О, Құдайдың құлы, құдіретті патшам, оң жағыңа қара! – дейді. Соломон оң жағыңа қарайды.
– Енді қарсы алдыңа қара!
Соломон қарсы алдында тұрған Билкистың алтын тағын көреді.
– Міне, Жаратқан иемнің құдіреті осы! – дейді басын иіп. Сол жерге асты-үстін жылтыратып, әйнектен сарай салдырады. Жын-перілер оны қас қағымда-ақ орындайды. Бір қарағанда алтын тақ судың үстінде тұрғандай әсер етеді. Патшайым су кешеді екенмін деп етегін көтергенде, аяғы көрінеді. Аяғы ешкінің сирағы сияқты айыр тұяқ екен дейді. Патшайым алдында тұрған алтын тақ өзінікі екенін көргенде есі шығып қайран қалады. Сол жерде Соломонның тура жолға бастаушы шын құдірет иесі екеніне көзі жетеді.
Таққа отырған күйі аспанға қарап:
– Жарық дүниенің Жаратушы жалғыз иесі, күнге табынып адасып жүрген мен пендеңді кеше гөр! Енді Сүлейменмен бірге өзіңе жүзімді бұрдым! – дейді. Араб әфсанасындағы сарын солай. Ал еврей аңызында бұл оқиға сәл басқаша баяндалады.
Патшайым Соломонмен жолыққан сәтте сынамақ болып:
– Саған үш жұмбақ айтам, шешуін тап, – дейді. Соломон құп көреді.
– Ағаш құдық, темір шелек. Тасты көсіп алады. Сумен шаяды. Ол не?
– Сүрме.
(Ерте кезде сүрменің сауытын қамыстан, сабын темірден жасайды екен. Бояудың өзі минералды қатты қорытпа, жаққан кезде көзден жас ағызады.)
– Жерден шығады, топырақпен қоректенеді. Су сияқты ағады, жарқ-жұрқ етеді. Бұл не?
– Мұнай.
– Дауыл соқса, өксіп, сыңсиды күйініп, Қамыс сияқты жерге басы иіліп.
Өліге – ілтифат, тіріге – жаза.
Торғайға ризық, балыққа – сор. Бұл не?
– Кендір.
(“Өліге ілтифат” – кебін, “тіріге жаза” – дардың арқаны, “торғайға ризық” – шоқып жейтін дәні, “балыққа сор” – кендірден тоқылған ау).
Бойлары да, түр-түсі де бірдей, біркелкі киінген жасөспірім қыз-жігіттерді Соломонның алдына әкеліп патшайым:
– Осының қайсысы ер бала, қайсысы қыз, анықта, – дейді.
Соломон жаңғақ пен қуырылған бидай алдырып, әрқайсына бере бастайды. Ер балалар қымсынбастан бірден киімдерінің етегін көтеріп, патшаның берген сыйлығын сонда төгеді. Ал қыздар ұялып жаңғақты сәлделерінің шетіне салады. Соломон:
– Мынау ер, анау әйел, – дейді дөп басып.
Сонда патшайым:
– Бұрын естігенде сенбеуші едім, енді міне, көзіммен көріп даналығыңа әбден тәнті болдым. Дәрегейіңе жығылған жамиғатың да, қолыңа су құйған құлың да бақытты екен! – депті.
Соломон туралы әфсаналардың ендігі бір парасы жоғарыда біз әңгімелеген әйгілі ғибадатханаға байланысты. Храм салуға кіріскен кезде Соломон Мысыр Перғауыны Нехоға ағаштан түйін түйетін шеберлеріңді жібер, ақысын төлеймін деп өтініш айтады. Перғауын жұлдызшы – көріпкелдерін шақырып алып:
– Жұлдыздарға қарап, биыл өлетін шеберлерді анықтаңдар, соларды Соломонға жіберейін! – дейді.
Перғауын жіберген шеберлерді көрген кезде Соломон олардың биылдан қалмай өлетінін бірден біледі де, әрқайсысына бір-бірден кебін ұстатып қайтарып жібереді. Перғауынға хат жолдап: “Еліңде, шамасы, мәйітті орайтын кебін жетіспейтін болу керек. Кебінмен қоса кісілеріңді қайтып ал!” депті.
Храм қабырғасына қаланған тастарды кесіп, қырнауға Соломон “Шамир” деген сиқырлы құртты пайдаланғанын жоғарыда шет жағалап айтқынбыз. Сол сиқырлы құрт жын патшасы – Асмодейдің қолында болыпты. Асмодей шатқал арасындағы үңгірде мекендесе керек. Сол жердегі терең құдықтың аузын таңбаланған жалпақ таспен бастырып қояды екен.
Асмодей күн сайын көкке ұшып аспан әлемінің, жерге түсіп жер дүниенің даналығын меңгереді. Содан кейін өзінің құдығына барып, таңбасы бұзылмағанына көз жеткізген соң ғана тасты ысырып су ішеді де, қайта жауып қояды екен.
Соломон өзінің сенімді көмекшісі Бенаяға шынжыр, қойдың жабағысы мен шарап толы мес беріп Асмодейді алып келуге жұмсайды.
Беная Асмодей жоқта шатқалдағы үңгірге барады. Құдықтың түбінен шұңқыр қазып, суды сонда ағызып жібереді де, тесікті балшық жағып жабағымен нығарлап тастайды. Құдықтың жоғарғы жағын тесіп, местегі шарапты құяды. Істі бітірген соң ағаштың басына шығып, Асмодейдің келуін күтіп отырады.
Бір уақытта Асмодей келеді. Құдықты ашып көріп, судың орнына шарап құйылғанын сезіп қалады.
“Шарап – әзәзіл, қылыш – есер,
оған әуестенгеннің түбі кесел!”
деп ішпей қояды. Бірақ шөл қысып, жанын қоярға жер таппайды. Ақыры шыдай алмай, құдықтағы шарапты түгел ішіп алады. Мас боп, ес-түссіз серейіп ұйықтап қалады. Сол кезде Беная ағаштың басынан түсіп, шынжырмен қол-аяғын байлап тастайды. Есін жиып оянған соң Асмодей: “Босат!” деп тулап жұлқынады. Онысынан түк шықпасын түсініп амалсыз Бенаяның айдауына жүріп, айтқанына көнуге мәжбүр болады.
Алдарынан адасып жүрген зағип кездеседі. Асмодей қолынан демеп, оны жолға салып жібереді.
– Неге бұлай істедің? – деп сұрайды Беная.
– Ол – Жаратқанның шапағатына бөленген нағыз әулие. Оған сәл қайырым еткенге Жаратқан ием мәңгілік ғұмыр сыйлайды.
Әр жерге бір соғылып шайқалақтап келе жатқан маскүнем ұшырасады-Асмодей оны да жолға салып жібереді.
– Оны неге жолға салдың? – дейді Беная.
– О дүниеде тозақ отына күйетін сорлы, ең болмаса бұ дүниеде қас қағым сәт рақат көрсін дедім.
Күймемен думандатып өтіп бара жатқан жас жұбайларды көргенде, Асмодей жылап жібереді.
– Неге жыладың?
– Күйеу жігіт отыз күнге жетпей қайтыс болады, ал қалыңдық кішкентай қайнысының өсуін күтіп отыз жыл бойы сарғаяды.
Біреудің етікшіге: “Маған жеті жылға жететіндей ғып шәркей тігіп бер” дегенін естіп Асмодей қарқылдап күледі.
– Неге күлдің?
– Жеті жылдық ғұмыры қалған жоқ, жеті жылға жететін шәркей тіккізбекші!
Зікір салып отырған сиқыршының жанынан өтіп бара жатып Асмодей тағы да қарқылдап күледі.
– Неге күлдің?
– Сиқыршы отырған жердің астында ат басындай алтын жатыр. Соның иісі мұрнына бармай тұрып өзін сиқыршымын дейді.
Беная Асмодейді Соломонға алып келеді. Асмодей екі құлаш шыбықты өлшеп сындырады да Соломонның алдына тастай салады:
– Міне өлгеннен соң артыңда осындай-ақ жер қалады. Ал қазір күллі әлемді жаулап алсаң да көзің тоймай отыр. Енді маған ауыз салдың ба?
– Сенен бір ғана өтінішім бар, басқа ештеңе талап етпеймін, – дейді Соломон. – Мен ғибадатхана салмақшымын, сол үшін маған “Шамир” керек.
– “Шамир” менде емес, теңіз перісінің қолында. Теңіз перісі оны ант ішкізіп кекілікке тапсырып қойған.
– Кекілік оны не істейді?
– Кекілік иен тауға келіп “Шамирді” жартастың үстіне қояды. Жартас қақ айырылады. Тастың жарығына кекілік ағаштың тұқымын тастап жібергенде, сол жерде шаһар пайда болады.
Кекіліктің ұясын іздеп тауып, үстін әйнекпен қаптап қояды. Бір уақытта кекілік ұшып келеді. ¥яға кіре алмаған соң сындырсын деп “Шамирді” әйнектің үстіне қояды. Кесекпен ұрып үркіткен кезде кекілік “Шамирді” тастай қашады. Сөйтіп сиқырлы құртты Соломон қолға түсіреді.
Соломон Асмодейді ғибадатхана салынып біткенше жанынан жібермей ұстапты. Бір күні ол Асмодейден:
– Адамдардан сендердің нелерің күшті? – деп сұрайды. Асмодей:
– Әуелі мені бұғаудан босат та жүзігіңді бер. Сонда біздің адамдардан неміз күшті екенін көрсете аламын, – дейді. Соломон айтқанын орындап, бұғаудан босатып, сиқырлы жүзігін береді. Сол-ақ екен Асмодей Соломонды бас салып бір-ақ жұтады. Содан кейін бір қанатымен көк тіреп, бір қанатымен жер тіреп тұрып қайта лоқсығанда, жер түбіне бір-ақ лақтырады. Сөйтіп Соломон айдалада таяқ ұстап тентіреп қалады. Көрінгеннің босағасына барып телмеңдеп қайыр сұрайды. Біреу таяқтап қуып шығады, біреу мүсіркеп қалған-құтқан бірдеңесін береді. Сонда Соломон:
“Опасыз дүние деген осы, пенденің жер бетіндегі жанталасқан тірлігінен не пайда. Кеше ғана Израильдің әлемді тітіренткен құдіретті патшасы едім, бүгін, міне таяқ ұстаған қайыршымын!” депті.
Пенделік астамшылығы үшін осылай біраз жыл жапа шегіп мехнат шегеді. Осыдан ғибрат алып, тәубеге келген Соломон кейін халқын асып-тасқан күпіршіліктен аулақ болуға уағыздайды.
Күндердің күнінде Асмодей сиқырлы жүзікті суға түсіріп жоғалтып алады. Соломон оны теңіз тұңғиығында жүзген балықтың қарнынан тауып алып, алтын тағына қайта отырыпты.
Арап әфсанасы бойынша, Сүлеймен өмірінің ақырында жын-перілерді жинап алып, өзіне мехраб салғызыпты. Жын-перілер патшаның қаһарынан қорқып тырп ете алмайды екен. Бірде Сүлеймен таяғына сүйеніп, жындарды сыртынан бақылап тұрыпты. Қашан мехрабты салып бітіргенше солай тапжылмай тұра беріпті. Кенет Сүлеймен жерге құлап түседі. Жындар жүгіріп жетіп барса, Сүлеймен өліп қалған екен. Сүйенген таяғын құрт жеп сынып түсіпті. Сонда жындар:
– Қап, Сүлейменнің өлігінен қорқып, босқа арамтер болғанымызды қарашы! – деп өкініпті.
Мұның бәрі Соломон дүниеден озғаннан кейін ертелі-кеш шығарылған әфсаналар екені белгілі. Әр ұрпақ өзінің өмірден көрген-түйгенін данышпан патшаның аузымен кейінге ғибрат қып қалдырып отырған. Оның қаншасы ақиқат, қаншасы ғибрат үшін дана патшаны асқақтатып сырттан телінгені бізге беймәлім, әрине.
Соломонның ғаділ хакім болумен қатар, адамзаттың ақыл-ойына өшпес із қалдырған даналардың бірі екенін жоғарыда шет-пұшпақтап сөз арасында айтып өттік. Енді сол тарапқа ат басын бұрайық.
Соломон шығармаларын өз қолымен жазбаған. Шабытты сәттегі толғаныстарын Елихофер, Ахия деген қаламы ұшқыр екі хатшысы қалт жібермей хатқа түсіріп отырған. Кейіннен екі жазбаны қарап, бір ізге түсіреді екен.
Қазіргі ғылымдағы басы ашық мәліметтерге жүгінер болсақ, Соломонның үш мыңға тарта өлеңнен тұратын “Тәмсілдер”, “Экклезиаст”, “Құдіретті жыр” деп аталатын туындылары мәлім.
Осы уақытқа дейін Библияға енген кейбір аңыздарды да Соломон жазды деген пікір бел алып келді. Әйтсе де қазіргі зерттеушілер ол аңыздар біздің дәуірімізге дейінгі екі мыңыншы жылдары жазылған көне Мысырдағы “Амен-емопе тағылымдарының” тәржімасы екенін дәлелдеп отыр.
Ол айтқан мәтел-нақылдардың көбі әлемдік афористиканың алтын қорына енді. Соломоннан қалған сондай даналық сөздердің кейбір нұсқасына ден қойып көрейік. Бұл жерде бір еске тұтатын мәселе – біз сүйенген орыс тіліндегі деректерде Соломонның нақыл-мәтелдері ұйқассыз жай қара сөзбен берілген. Біз түпнұсқаның әу баста өлең түрінде шығарылғанын ескеріп, әрі ойға үйірілімді болу үшін кейбір тұстарда шама-шарқымыз келгенше ұйқаспен өрнектеуге тырыстық.
* Өзіңді-өзің мақтай берме – тоқташы!
Мықты болсаң, өзгелер-ақ мақтасын!
* Досыңды қолпаштайсың белсеніп,
Аяғына тор құрғаның ол сенің.
* Сөз – лүпілдеп соққан жүректің ұшқыны.
* Жеті қат аспанның тұңғиығындай,
Жеті қабат жердің тереңіндей,
Патша жүрегінің сыры тылсым.
* Төрт тамаша тіршілік иесі бар,
Мақтайтындай сөзімнің жүйесі бар:
Құмырсқа – кіп-кішкентай, өзі әлсіз.
Жаздай тыным таппайды – қыста қамсыз.
Тау тышқаны қауқарсыз болсадағы,
Бұзып-жарып жартасты ін салады.
Патшасы жоқ қаптаған шегірткенің,
Бір қимылмен жайпайды жүрген жерін.
Өрмекші өрмелеп-ақ, ақырында
Кіреді патшаның да шатырына.
* Аузын баққан жанын қорғайды,
Сумаң қаққан түбі сорлайды.
* Данышпан болам ғой деп дәметіп ем.
Сағымдай жеткізбейді – әлі өкінем.
* Әлсізді жақтап, әділ жолдан таймасаң,
Алтын тағың шайқалмайды ешқашан.
* Ақымақ жан түзелмейді – құр сен бе.
Ақымақтығынан арылмайды келіге сап түйсең де.
* Бәрі – тозаңнан жаралып, тозаңға айналады.
* Көп сөйлеп ұятқа ұрынар кей кісі,
Аузын баққан – ақылдының белгісі.
* Құдайдың қолындағы істі адам біліп бола ма?
* Адамзат келер-кетер жаңғырық. Тек қара жер мәңгілік.
* Дүниеге келмеген, мына өмірдегі зұлымдықты көрмеген адам қандай бақытты!
* Тым әділ болма, өте ақылды болма – жүрегіңді ауыртып қайтесің.
* Біреуден екеу жақсы… екеу жатса – жылы болады, жалғыз өзі қалай жылынбақ? Үшеу – есілген жіп, оңайлықпен үзілмес.
* Үйқың қашар алтын жисаң құмартып,
Құдайдан қорық, қанағат ақыл – сол артық
* Ерліктен ақыл артық деуші едім, бірақ кедейдің ақылын менсініп ешкім құлақ аспайды екен.
* Ор қазба – өзің түсесің, өрге қарай тас домалатпа – астында қаласың.
* Үмтыламыз билеушінің көңілін табуға,
Ал адамның тағдыры тек Құдайдың қолында.
* Құсығына қайта оралған төбеттей,
Ақымақ өз қылығын қайталайды көп өтпей.
* Доңыздың мұрнына таққан алтын шығырдай,
Ақымақ әйелдің ажарынан пайда не.
* Құдай адамды тура жүрсін деп жаратқан, ал пенде неше түрлі айла іздейді.
* Ертеңгі күнмен күпінбе – ол күн не даярлап тұрғанын қайдан білесің.
* Болған нәрсе бола береді, істелген нәрсе істеле береді, Күн астында жаңа ештеңе жоқ.