ПИФАГОР

ПИФАГОР

 

Т.Сәукетаев

Мектеп қабырғасынан әрқайсымызға есімі етене таныс Пифагордың ғылымдағы қайталанбас заңғар тұлғасын екінің бірі жете танып зерделей бермейді. Ол туралы түсінігіміз атүсті, көбінесе тік бұрышты үшбұрышқа қатысты әйгілі теоремамен ғана шектеледі десек қателеспеспіз. Ал ол ұлы математик болумен қатар, ұлы философ, ұстаз, сиқырлы сөз иесі – шешен… Жә, алға озбайық, қадарихалімізше сана сүзгісінен өткізіп саралаған азын-аулақ мағлұматты ретімен әңгімелеп көрейік.
Пифагор – біздің дәуірімізге дейінгі 576-496 жылдар аралығында ғұмыр кешкен көне грек данышпаны. Түстік Италияның Регий шаһарында туған. Оның нақты кімнің баласы екені туралы мәліметтер екіұшты. Бір деректе әкесінің аты Мармак деп көрсетілсе, енді біреулер оны саудагер әрі алтын мен асыл тасқа “жан” салатын зергер Мнесархтың баласы дейді. Мнесарх бір жылы қуаңшылық болып, сауда жасап Самос аралына келеді. Пифагор сол жерде туады. Пифагорды әкесі жан-жаққа сапарға шыққанда қасынан тастамай алып жүреді екен. Соның ықпалынан баланың бойында дүниені танып-білуге деген құштарлық ерте оянады.
Пифагор – оның лақап аты, “сиқырлы сөз иесі” деген мағынаны білдіреді, нендей пікір айтса да иландырып, сөзіне ұйытып, үйіріп әкететін шешендігі үшін замандастары солай атаған.
Білімге сусаған талапты жас әуелі Гермодаманстан дәріс тыңдайды. Әйгілі ұстаз бұл кезде кәрілік меңдеп, шау тарта бастаған еді. Зейінді шәкірт аз уақыттың ішінде музыка мен сурет өнерінің тылсымына терең бойлап, қыр-сырын меңгеріп шығады. Гермодаманс оған еске сақтау қабілетін ұштау үшін Гомердің ”Одиссея” мен ”Илиада“ дастандарынан үзінділерді жаттатқызады. Өзінің жас шәкіртін табиғат құпиясын танып-білуге баулиды. “Сенің күллі сезім-түйсігің табиғаттан бастау алады, сондықтан да табиғат сенің таным-біліміңнің әрдайым басты һәм бірінші нысаны болсын“ деп өсиет айтады ұстаз. Ол қайтыс болған соң Питтактың шәкірті, философ әрі ақын Фелекидтен тәлім алады. Фелекидтен Пифагор астрология, күннің тұтылуын болжау, сандардың құпиясы, медицина тағы басқа сол замандағы зиялылар білуге міндетті ғылымдардың негізін оқып үйренеді.
Ғылымның тұңғиығына біржола ден қойған талапты шәкірт Элладаның оқуын тауысып, Мысырға сапар шегеді. Билеуші Поликраттың сенім хаты арқылы Мысыр перғауыны – Амазиспен танысады. ¥лы әміршінің қанатының астында көп игілік-шарапатын көреді, қамсыз өмір сүреді. Мысырдың ғұлама абыздарына үш күміс құмыра әкеп сыйға тартады, ондағылармен еркін араласып, ғылым сырын терең меңгеру үшін сүндетке де отырады. Небір сиқыршы, көріпкел даналармен тізе түйістіре жүріп, олардың өнерін үйренеді. Жер астындағы қасиетті үңгірлерге кіреді, әулиелер туралы не ғажайып құпияларға қанығады.
Амазис перғауын өлгеннен кейін тақ мұрагері парсы патшалығына алым-салық төлеуден бас тартады, сөйтіп екі ел арасында егес басталып, соғыс өрті тұтанады. Парсылар қасиетті ғибадатханаларға дейін аяусыз қиратады, әулие-абыздарды қырып-жойып, тірі қалғандарын тұтқынға алады. Осындай ұлы сүргін кезінде Пифагор да тұтқынға түседі.
Аңыз бойынша, Пифагор Вавильонда жүріп парсының сиқыршы, көріпкелдерімен жақын араласады, астрономия, астрология, медицина, арифметика сияқты шығыс халықтары ғасырлар бойы жинақтаған білім негіздерін жетік меңгерген халдей даналарының ілімімен танысады. Халдейлердің бұл ғылымдарға қатысты түсінігі көбінесе табиғаттан тыс әлдебір сиқырлы тылсым күш туралы сенім-нанымға негізделгені белгілі, міне, сол себептен Пифагордың да математикалық, философиялық көзқарастарынан белгілі дәрежеде мистикалық сарынды аңғару қиын емес.
Пифагорға парсының Дарий Гистасп патшасы азаттық береді. Сөйтіп ол білімі кемелденіп, жиырма екі жылдан соң бірақ отанына оралады.
Бұл кезде Грекияның аса үлкен мәдени ошақтарының бірі саналатын Самос парсымен арадағы болған соғыс нәтижесінде әбден құлдырап, қатардағы жүдеу, жұпыны шаһарға айналған болатын. Бостандықпен бірге Иониадан өнер-білімнің киесі де безген еді. Оқымысты-даналар парсының қуғынынан қашып Түстік Италияға барып бас сауғалады. Пифагор Самосқа келіп туған қаласының азып-тозғанына күйініп әрі Поликраттың жүргізіп отырған жүгенсіз үстемдігін көреді де түңіліп, Италияның Кротон қаласына ірге тебеді.
Пифагор бірінші рет ел алдына шығып дәріс оқығанда өзіне екі мың шәкірт жинайды, олар үйлеріне қайтпай ұстаздың қасында қалып қояды, бала-шағасымен үлкен мектеп құрап, өздерінше кішігірім мемлекет сияқты болады. Пифагор Кротон шаһарында жергілікті тұрғындарға арнап заң жүйесін түзіп, өзінің шәкірттерімен бірге мемлекет ісін жүргізеді. Дана билігі үшін Пифагор зор даңққа бөленіп, шағын шаһар “әділет патшалығы” атанады.
Баланы қайтсе жақсы адам ғып тәрбиелеуге болады деп сұрағанда, Пифагордың шәкірттерінің бірі – Ксенофил: “Бала әділ заңға бағынған мемлекетте тууы керек” деп жауап беріпті.
Пифагордың түнгі толғаныстарын тыңдау үшін мыңдаған адам жиналатын болған. Даналықтың нұры шалқыған шабытты жүзін нәсіп жазып жақыннан көрген адам өзін зор бақытқа кенелгендей сезінеді екен.
Пифагор адамдар арасындағы достықты бәрінен жоғары бағалаған. “Дос үшін бәрі ортақ”, “Достық дегеніміз – теңдік” деген қағиданы ұстанып, дос, шәкірт таңдауға қатаң талап қойған. Ямелихтің айтуынша, шәкірттер әуелі үш жыл сынақтан өтеді екен, одан кейін бес жыл шымылдық сыртында үн-түнсіз дәріс тыңдайды, содан соң барып ұстаздың ашық дидарын көріп, ілімін еркін меңгеруге мұрсат алатын болған. Шәкірттеріне ол күнде ұйықтар алдында:
“Бүгінгі күнім қалай өтті? Не тындырдым? Нендей парызымды өтемедім?” – деп үш рет қайталауды міндет етіпті. Сондай-ақ, ол: “Құдайды – қаһарманнан, қаһарманды – пенделерден, ал жай адамның бәрінен ата-анаңды жоғары сана”; “Досыңды қас емес, қасыңды дос қылатындай етіп қарым-қатынас жаса”, “Ашу үстінде ештеңе айтпа, ештеңе істеме”… деп өсиет қылды.
Бұл шағын “Әділет патшалығындағы” жұрт Пифагор белгілеген заңдар мен өмірлік мұрат-қағидаларды бұлжытпай орындады, мұндағы зат-мүліктің барлығы ортақ пайдаланылды, Пифагордың өзін құдірет иесі – Құдай деп есептеді. Оның: “Қулық-сұмдықтан безін, отпен, темірмен, қандай қарумен болсын тәніңді аурудан, жаныңды надандықтан аласта, нәпсіңді тый, Отаныңды бүліктен, отбасыңды жанжалдан сақта; барлық нәрседе аста-төктіктен аулақ бол” деген қағидасын көпшілік ереже тұтынды. Осыған орай Диоген Лаэрций, Порфирий тағы басқалар өз шығармаларында бір шама қызықты деректер келтіреді.
Пифагор Италияға қоныс тепкеннен кейін бұл елдегі қалалардың бір-біріне кіріптар, құл боп отырғандығын көреді. Пифагордың әр қалада көптеген шәкірті бар болатын. Солар арқылы халықтың жүрегіне бостандық туралы ой-сананы сіңіреді. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде Кротон, Сибарис, Катанию, Регий, Гимеру т.б. көптеген қаланы құлдықтан азат етеді. Тіпті Кентуриптің қатыгез патшасы Симихтің өзі де Пифагордың дәрісін тыңдағаннан кейін алтын тақтан бас тартып, байлығының бір бөлігін қарындасына, екінші бөлігін қала тұрғындарына үлестіріп беріпті.
Пифагордың даналығына, сиқырлы құдіретіне тілсіз жануарға дейін мойынсұнған-мыс. Давниа жерінде бір аю елдің мал-жанын қырып, әбден ығыр қылыпты. Пифагор оны бір күні ұстап алыпты да ұзақ уақыт денесін сипап, нан, жеміс-жидек беріп тойғызады. Енді тірі жанға тиіспеймін деген уәдесін алып қоя береді. Аю босаған бетте бірден тау жақтағы ну орманға қарай қаша жөнеледі. Содан былай адам түгілі малға да тиіспейтін болыпты.
Таректада бір өгіздің айналадағы шалғынға жайылмай, атыздағы көк бұршақты жеп тұрғанын көреді. Пифагор бақташыға: мына өгізіңе былай істемесін деп айт дейді. Бақташы: “Мен өгіздің тілін білмеймін” деп күледі. Сонда Пифагор өгіздің жанына өзі барып, құлағына әлдене деп сыбырлаған екен, өгіз сол бойда атыздан кетіп қалыпты һәм сол күннен бастап көк бұршақ жемейтін болыпты деседі.
Олимпиадалық ойындар кезінде Пифагор дос-жарандарымен бірге Құдайға шын жүрегімен сенген пендеге жаратқан иенің айрықша аян беретіні туралы әңгіме-дүкен қылып тұрады. Сол мезетте Пифагордың төбесінен бүркіт үйіріліп ұша бастайды. Пифагор бүркітті шақырып иығына қондырады да, қанатынан сипап, қайтадан қоя береді.
Бір күні Пифагор теңізден ау тартып жатқан балықшыларды көреді. Ауға көп балық түсіпті. Көрген бойда балықтың саны қанша екенін тап басып бірден айтады. Балықшылар: “дәл сондай боп шықса, не бұйырасың?” дейді. Пифагор: “Тірі балықтың бәрін қайтадан суға жібересіңдер” дейді. Ең ғажабы, алдағы жыпырлаған балықты санап шыққанша талай уақыт өтсе де, бір балық тұншығып өлмепті.
Пифагор сондай-ақ аралары апта жүріп жете алмайтын бір-бірінен жырақтағы Италияның Метапонти қаласы мен Сицилияның Тавромениа шаһарында бір күннің ішінде шәкірттеріне дәріс оқыпты.
Бір күні жағаға қарай келе жатқан кемені көріп, жұрт қандай жүк тиелгені туралы әр түрлі жорамал жасай бастайды. Сонда Пифагор: “Мынау бізге өлік әкеле жатпаса игі еді!” дейді. Айтқанындай, кеменің ішіндегі мәйіт боп шығады… Пифагордың бұл сияқты айрықша көрегендік қасиеті туралы әңгімелер көп. Замандастарының айтуынша, ол жер сілкінуін алдына ала айна-қатесіз болжап білген, дауыл мен бұршақты тоқтатқан, буырқанған дария мен теңіздің сұрапыл толқынын ауыздықтап, кемеге жол ашқан.
Пифагордың соңында қалған мұрасы туралы талас көп. Пифагор өз қолымен ештеңе жазбаған. Оның әрқилы тақырыпты қамтитын дәрістері мен философиялық толғаныстарын шәкірттері жазып алып отырған. Уақыт өте келе ол жазбалар жоғалған. Есте қалғандары ауыздан-ауызға көшіп, аңызға айналып кеткен. Сондықтан оған телініп жүрген көптеген шығармалар даулы. Қазір Пифагордікі деп ғылымда басы ашық мойындалып жүрген “Табиғат туралы”, “Мемлекет туралы”, “Тәрбие хақында”, “Қасиетті сөз”, “Жан хақында” деген сияқты бірнеше туынды ғана. Пифагордың бұл шығармаларын Филолайға дейін ешкім білмеген. Филолай Пифагордың әйгілі үш кітабын бірінші рет жариялағанда, Платон оны жүз минге сатып алыпты.
Пифагор тақуалық ғұмыр кешкен. Өмірі көзіне жас алып көрмеген, ешқандай сезім, құмарлыққа бой алдырмайтын аса ұстамды адам болыпты. Ет жемеген. Олардың да біз сияқты жаны бар деп, жан-жануарды құрбандыққа шалуға тыйым салған. Тіпті тік бұрышты үшбұрыш туралы әйгілі теоремасын ашқан кезде де осы қағидасынан аттамай, бидай ұнынан өгіз жасап, соны құрбандыққа шалыпты. Сол арқылы жұртты неғұрлым қарапайымдылыққа үндеп, оңай табылатын қорекпен қанағаттануға уағыздайды. Өзі тек нан мен бал, қайнатып, не шикідей көкөніс жеген, күндіз ешқашан шарап татпаған. Яғни, Аристотельдің сөзімен айтқанда: “Ол аста да, махаббатта да, ішімдікте де – ешқандай нәрседе аста-төк артықшылыққа жол бермеген; күлкіден, орынсыз өрескел қылықтардан бойын аулақ ұстады; құлды да, ерікті азаматты да ашу үстінде жазалаған емес”.
Осындай талғаммен өмір сүру нәтижесінде, денесі жас кезінде де, егде тартқан шағында да не аса семірмей, не аса арықтамай бір қалыпты болыпты. Жүзі де үнемі бір кейіптен айнымаған: езуі жайылып масайрамаған, қабағы түйіліп ренжімеген. Замандастары оның күлген не жылаған сәтін көрмепті.
Пифагор үстіне ұзын ақ киім киіп, ұзын сақал қойып, тақия сияқты алтынмен зерделенген бас киім киіп, мұнтаздай боп жүрген. Сырт тұлғасы келіскен аса сымбатты адам екен. Замандастары оның бітім-келбетіне Аполлонның өзін көргендей қызығатын болған. Аңыз бойынша, бір күні шәкірттері Пифагор шешініп жатқанда, оның белі алтын екенін көріпті; сондай-ақ Пифагор Несс дариясынан өткенде, өз-өзінен су арнасынан көтеріліп: “Жаса, Пифагор!” деп үн қатыпты-мыс.
Пифагор – матемпсихоз ілімнің негізін қалаушылардың бірі яғни “дүниеде жаңадан жаратылған ештеңе жоқ, жан – мәңгілік, белгілі бір уақыт аралығында бір тәннен екіншісіне көшіп отырады, сондықтан күллі жанды нәрсе бір-біріне туыс” деп есептеген. Оның мұндай әңгімелерін естіген жұрт қайран қап, ерекше бір құдірет иесіндей оған құлдық ұрған. Өзінің айтуынша ол аидта – жер асты патшалығында – екі жүз жеті жыл ғұмыр кешкен. Әуелі ол Герместің баласы Эфалид болған-мыс, одан кейін оның жаны бірнеше өсімдікке қонып, содан соң барып Троя шайқасының қаһарманы Эвфорбтың тәніне көшеді. Эвфорб боп жүрген кезінде Аполлонға Менелай сыйға тартқан қалқанды көреді. Кейін жаны Герматимға ауысып, Аполлон храмына барғанда сол қалқанның шіріп-тозып, тек піл сүйегінен ойған өрнектері ғана қалғанын көріпті. Содан соң жаны жер бетіне шығып, Пифагорға көшіпті-мыс. Жер асты патшалығында жүргенде, Гесиодтың құдайларға тіл тигізгені үшін жаны ыңырсып мыс бағанада байлаулы тұрғанын көріпті; ал Гомердің жаны жан-жағынан жылан ысылдап ағаштың басында асулы тұр екен, – дейді.
Жалпы, Пифагор мистикаға бой ұрып, көп ретте өзін ерекше ғып көрсетуге бейім болған.
Гермипптің айтуынша, Пифагор Италияға келген соң анасына айнала дүниеде не болып, не қойғанын тақтайшаға жазып маған жіберіп отыр деп табыстап, өзі жер астындағы үңгірге түсіп жатып алады. Шешесі айтқанын бұлжытпай орындайды. Бір шама уақыт өткен соң Пифагор арып-ашып қу сүлдерін сүйретіп жердің астынан шығады. Халық жиналысына барып, мен жер асты патшалығына барып келдім деп, осы уақыт ішінде жер бетінде нендей оқиға болғанын айна-қатесіз айтып береді. Естіген жұрт таң-тамаша болып, сол күннен бастап оны әулие атайды.
Бір күні біреу күшікті ұрып жатады. Өтіп бара жатып соны көрген Пифагор жаны ашып: “Әй, ұрма! Андағы менің досым ғой. Қыңсылаған үнінен өлген досымның даусын танып тұрмын!” депті.
Пифагордың өз атымен аталатын әйгілі теореманың / тік бұрышты үшбұрыштың катеттерінің квадратының қосындысы оның гипетенузасының квадратына тең болатыны туралы/ атасы екені баршаға аян. Пифагор да, оның ізін қуушылар да жалпы жаратылыс белгілі бір математикалық тәртіппен түзілген деп есептеді; әлемнің тылсым сырын сандар арқылы түсіндіруге тырысты. Аристотельдің: “… Пифагоршылар, әсілі, санды бәрінің бастауы, материя ретінде қабылдайтын тәрізді” деуі сондықтан.
Бірсіз ешқандай сан жоқ деп дәлелдеді ол. “Бірлік” бүкіл әлемнің тұтастығын білдіреді. “Екілік” дүниедегі қарама-қайшылықтың айғағы: жарық – түнек, тақ-жұп, ер-әйел, өмір-өлім, түзу-қисық, аз-көп т.б. “Үштік” -нағыз жетілген сан, өйткені оның басы, ортасы, аяғы бар.
Пифагоршылардың түсіндіруінше, барлық сан бір мен екіден құралады, саннан – нүкте, нүктеден – сызық, сызықтан – жазық денелер, жазықтан – көлемді денелер, олардан төрт негіз: от, су, топырақ, ауадан құралған әр түрлі бейнелер пайда болмақ. Солардың қозғалып, араласу нәтижесінде жанды дүние жаратылған.
Кейін Пифагордың шәкірті Гиппас иррационалды санның /түбір астында екі/ құпиясын ашады. Бұл Пифагордың іліміне қайшы еді. Дүниеде бүтін сандар бейнелей алмайтын өлшемдер де бар екеніне көздері жеткен пифагоршылар қатты абыржып дағдарысқа түседі. Квадраттың түзілімінде адамның ақылы жетпейтін сиқыр бар, шайтанның шалығы болуы мүмкін деп жорып, бұл ашылған жаңалықты барынша құпия сақтайды. Пифагор бүлікшіге қаһарын төгіп қарғайды, ақыры теңізде дауыл тұрып, Гиппас кемемен бірге суға батып өледі.
Пифагор бірінші боп Эллада жұртына өлшем мен таразыны енгізген; бірінші рет Геспер мен Фосфордың бір жұлдыз екенін дәлелдеген. Сондай-ақ ол – өзінің өмір туралы ой-толғаныстарын “философия” /даналыққа құштарлық/ деп атаған тұңғыш кемеңгер.
Пифагор Гректің Флиунт қаласына келгенде шаһар билеушісі Леонт одан:
“Қай ғылымға жүйріксіз?” деп сұрайды.
“Ешқандай. Мен тек философ ғанамын,” дейді Пифагор.
“Философия деген не?” дейді Леонт түсінбей.
“Адам өмірін базармен не олимпиядалық ойынмен салыстыруға болады, – дейді сонда данышпан, – Базардағы саудагер мен сатып алушының әрқайсысы өз пайдасын көздейді. Сайысқа түсушілер атақ-даңқын аспандатудың қамын ойлайды. Бірақ бұлардың сыртында бәрін қалт жібермей бақылап отыратын көрермендер де бар емес пе. Адамдардың өмірі де осы тақылеттес. Жұрттың көбі байлық пен бақ қуып ала өкпе боп соның соңында жүреді, тек санаулы адамдар ғана дыр-ду тобырға араласпайды. Олар ақыл көзімен айналаны барлап, ақиқатты танып-білуге құмартады. Міне, сондай адамды философ – даналыққа әуестенуші дейді”.
Замандастары Пифагордың тірі кезінде-ақ оның ұлылығын мойындап пір тұтқан. Атақты ақын, философ, Пифагордың ұстазы Феракидтің өзі оған тәнті боп, көз жұмар алдында құлпытасына былай деп жазуды өсиет еткен:

“Кемеңгерлік бір басыма жетерлік.
Ақыл-ойым сарқылмаған кенішпін.
Шын даналық Пифагордың өзінде,
Элладада одан асқан жоқ ешкім”.

Ғұламаның өмір-тарихы туралы мағлұмат там-тұм ғана, жүйелі түрде хатқа түспеген, әр жерде бір жылт етіп кездеседі. Сондай дерек көздерінің кейбіріне сүйенсек, Пифагордың Дамо, Телавг есімді бір қыз, бір ұлы болған. Телавг әке жолын қуып, ғылыммен айналысады. Бірақ артында жұрт жадында сақтарлық ешқандай шығарма қалмаған. Ал Пифагордың әйелі Феано тауып сөйлейтін ұшқыр ойлы адам болыпты. Ол айтқан кейбір қанатты сөздер бүгінге жетіп отыр. “Еркекпен жанасып күнәға батқан әйел неше күннен кейін тазарады?” деп сұрағанда: “Некелі күйеуімен болса – сол сәтінде-ақ, бөтен еркекпен жатса, ешқашан тазармайды” депті. Сонымен бірге ол әйелдерге: “Жар төсегіне жатқанда киіміңмен қоса ұятыңды да шешіп таста, ал тұрғанда киіміңмен бірге әйелге тән ұятыңды қоса ки” деп кеңес айтыпты.
Пифагордың өлімі туралы да тиянақты пікір жоқ. Әркім әрсаққа жүгіртеді. Көбі аңызға ұқсас. Солардың ішінен шындыққа жанасымдылау бір нұсқаға ден қояр болсақ, еркін азаматтарды байлығына емес, ақыл-парасатына қарап бағалау жөніндегі Пифагордың ілімін кең насихаттау билік басындағыларды қатты алаңдатады.
Пифагоршыларға қарсы қастандықты Кротонның тұрғыны, атақты бай Килон дейтін билік құмар, қанішер басқарады. Пифагорға оның ескіден сақтаған кегі бар еді, кезінде оны ғұлама шәкірттікке қабылдамай масқаралап үйінен қуып шыққан болатын. Бір күні Пифагор Делостағы науқастанып жатқан ұстазының көңілін сұрауға бармақшы болады, бірақ кетіп үлгірмейді, шәкірттер жиналған үйді Килонның қарақшылары қоршап ап от қояды. Өрт пен қанішерлердің қылышынан екі-ақ адам құтылып шығады.
Қуғыншылардан бас сауғалап Пифагор Метапонтқа қашады. Бірақ ажал құрығы онда да қуып жетеді. Пифагордың қазасын ескі дерек былайша суреттейді:
“Түнгі Метапонттың ұйқыға бөккен тыныштығын ащы айқай тіліп түсті. Гүрс етіп құлаған ауыр дене мен қаша жөнелген әлдекімдердің аяқ дыбысы естілді де, әп-сәтте бәрі тым-тырс тына қалды.
Түнгі күзетші айғай шыққан жерге келгенде, шырағданның теңселген жарығынан жұрт шалқасынан түсіп жатқан шал мен анандай жерде қорқыныштан бет-аузы қисайып сілейіп тұрған он екі жасар баланы көрді.
– Мынау кім? – деп сұрады күзет бастығы баладан.
– Бұл Пифагор.
– Пифагор деген кім еді? Бұл қалада ондай азамат жоқ.
– Біз жақында ғана Кротоннан келгенбіз. Қожайыным күндіз жаудан жасырынып, түнде ғана үйден шығатын. Аңдып жүріп өлтіріп кетті.
– Қанша адам еді?
– Қараңғыда байқай алмай қалдым. Мені бір жаққа лақтырып жіберді де қожайынды бас салды.
Күзет бастығы тізерлей кетіп құлағын қарияның кеудесіне басты да:
– Бітті, – деді.
Сондай-ақ Пифагордың өліміне қатысты Порфирийдің дерегі де көңіл аударарлық. Ол да Килонның қанішерлігін суреттей келіп, өртенген үйдің ішінде Пифагордың да болғанын айтады. Кезекті дәріске жиналған жұрт лаулаған оттың ортасында қалады. Сонда шәкірттер оттың үстіне жата-жата кетіп, ұстазға жол ашады. Пифагор қаз-қатар жатқан денелерді басып, көпірдің үстімен өткендей, ажалдан құтылып шығады. Бірақ шәкіртсіз, доссыз құлазып жалғыз қалған ұлы Ұстаз көп ұзамай құсалықтан өзіне-өзі қол салып, дүниеден озады.
Қалай болған күнде де, әділетсіздік жайлаған қоғамда ғұмыр кешкен кез келген мойны озық асыл туған бекзаттардың тағдыры сияқты, Пифагордың да өмірі қайғылы аяқталғаны ақиқат.
Кемеңгердің дүние сырына бойлап тереңнен сүзген мәйекті ойларының көбі әлі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ.

* Даналық бастауы: Ойлануға үйрену, мылжыңдаудан жирену.

* Ең әдемі не? – Үйлесім.

* Ең күшті не? – Даналық.

* Ең ақиқат не? – Адамдардың ақымақ екендігі.

* Ең әуелі әр нәрсені өз атымен атап үйрен: бұл ғылым атаулының әліппесі һәм ең негізгісі.

* Пенде! Өзге хайуанның өзіңе нендей нәрсені істемеуін қаласаң, сен де оған сондай нәрсені істеме.

* Ақылға бағынбаған, құдайға табынбайды.

* Білімді даналыққа санама.

* Сенімді дос таппасаң, өзіңе-өзің серік бол.

* Құдайдың құпиясын абыздар-ақ зерттесін,
Сен адамның жан жүрегін танып біл.

* Аз сөйле, жазуың одан да аз болсын.

* Тыныш өлгің келсе, бір қалыпты өмір сүр.

* Шығармаларында ғана дана боп көрінетіндердің бірі болудан Құдай сақтан.

* Ештеңеге таңырқама, таңырқаудан құдайлар жаратылған.

* Атың өшпей ел аузында жүрсін десең, артыңа өнегелі ұрпақ, жақсы кітап қалдыр.

* Данышпан! Қарапайым жұрт арасында өмір сүруге міндетті болғандықтан, араласып кетпей су бетінде қалқып жүретін май сияқты бол.

* Тәніңді жаныңның табыты қылма.

* Өз үйінде әке бола алмаған қалаға әкім бола алмайды.

* Жұртты тануға үйрен: Құдайды танып-білуден гөрі, адамды танып-білу оңайырақ әрі мәндірек.

* Өз атызыңды өз қолыңмен өңде: құлдарыңа сеніп тапсырма.
Өйткені жер азат адамның алақанына ғана иіиді.

* Әйелімен тіл табыспағанға дос болам деп жабыспа.

* Мүлік-дәулет, отауы болмағанның Отаны да болмайды.

* Жан-жануарды өлтіруден қаш-олардың қанын төгу адамдарды өз тұқымдастарының қанын шімірікпей төгетін жауыздыққа әкеп соқты.

* Балалардың көзінше әйеліңді ұрсып-сөкпе.

* Табынар жалғыз тәңірің өзіңнің ар-ұжданың-ақ болсын.

* Құдайдан да көне не деп сұраса: Қорқыныш пен Үміт деп жауап бер.

* Әуелі дана болуға тырыс, ал бос уақытың болғанда ғалым бола жатарсың.

* Шарапқа бөртіп алып, дүниеге бала әкелетін қасиетті іске кіріспе.

* Абыздардың айтуынша, құдайлар көп өтпей адамды жаратқанына өкініпті. Ал біз: адам құдайды жаратқанына өкінді деп нық сеніммен айта аламыз.

* Көз жасы кейін қабырыңа төгілсін десең, тірлігіңде балаларыңды жылатпа.

* Күші бірдей екі адамның ішіндегі күштірегі – әділі.

* Өмір театр тақылеттес: онда ең жақсы орынды көбіне-көп ақымақтар алып алады.

* Қасиетсізге құрмет қылу – ессіздіктің белгісі.

* Таңертең оянғанда өзіңнен: “Не істеуім керек?” деп, кешке ұйықтар алдында: “Не бітірдім?” деп сұра.

* Мүсіннің көркі – түсі.
Адамның көркі – ісі.

* Қалжың тұз сияқты, орнымен байқап пайдалан.

* Жәндікті өлтірген балаңды қатаң жазала, әйтпесе, сөйте-сөйте кісі өлтіреді.

* Сөйлемес бұрын ойыңды тіліңнің астында ұстап пісіріп ал.

* Алтынды тот баспайды;
Жақсыдан құт қашпайды.

* Бақыт іздеп аласұрып алқынба.
Бақыт сенің өз ішіңде, – адамшылық қалпыңда.

* Жұрт не десе, о десін, өзің дұрыс санаған нәрсені ғана істе.

* Мақтауға тасымай, даттауға жасымай – бір қалыпты салқын қанды бол.

* Есерсоққа қанжар берсең – ажалың;
Арсызға билік берсең – азабың.

* Өмір жолының шаңын бұрқыратпа.

* Үндеме, әйтпесе үндемегеннен гөрі дұрысырақ нәрсені айт.

* Зейінді ханым! Күйеуің қолы боста қасыңнан шықпасын десең, басқа еш қай жерде дәл осындай рақат, ілтифат, мейір, сыпайылықты сезінбейтіндей етіп көңілін тап.

* Сенімді дос ізде өзіңе, оны тапсаң, құдайсыз-ақ күніңді көресің.

* Итіңнің адалдығы өле-өлгенше;
Қатыныңның адалдығы
алғашқы опасыздығын көргенше.

* Тамақтан тартынбаған – доңызға сыңар;
Шараптан тартынбаған шалшыққа құлар.

* ¥лы істі үндемей тындыр.

* Халайық, заңнан бұрын жақсы салт-дәстүр қалыптастыруға тырыс. Өйткені заң дегеніміздің де түп-төркіні – сол әдет-ғұрып.

* Дос іздеп тап, онсыз іс оңалмайды,
Жалғыз адам бақытты бола алмайды.

* Өмір алқабында атызға тұқым сепкен диқандай бір қалыпты адымдап бас.

* Шынайы ізгілік жайлаған жерді ғана Отаным деп есепте.

* Сөзде де, істе де үйреншікті қарабайырлықтан қаш.

* Қандай қасіретке тап болсаң да жылама, көз жасыңды басқа бақытсызды аяп жылауға сақта.

* Табынған құдіретің тәртіп болсын, жан-тәніңмен соған қызмет ет: тәртіп деген барлық заттың үйлесімі, өйткені табиғаттың өзі де сол арқылы тіршілік етеді.

* Шарап ішуден тартын; ол дегеніміз құмарлықты қоздыратын сүт қой.

* Дос іздеп босқа шаршағанша ит асыра —
Жақсы ит жаман достан артық.

* Сиынған жалғыз құдайың ар-намысың болсын.

* Көп білем деп ісіп-кеппе, бәлкім білімнің бәрінен гөрі ізгілік қажеттірек шығар, бірақ оны ешкім оқытпайды ғой.

* Біреуге күнің түсіп кіріптар болғың келмесе, ақылға салып, сабырмен әрекет қыл.

* Маңдайы тайқы пақырдан ақыл сұрама – ондайларда ешқашан ой болмайды.

* Жақынын ренжіткеннің өз жаны да жаралы.

* Ашу үстінде тіл мен қолыңа ерік берме.

* Көрбілте үміт жат пиғылды жолбасшы сияқты жамандыққа жетелеп апарады.

* Бәрінен бұрын өз басыңның қадірін түсірме.

* Жақсы басталған істің жартысы бітті деп есепте.

* Ақиқатты боямасыз жалаңаш көрген абзал, ал өтірік әлем-жәлем қымтанып көз алдай берсін.

* Досың – екінші өзің.

* Сеніп айтқан сөзді сеніп тапсырған ақшадай сақта.

* Ақиқатқа ұмтыл, сонда ғана Құдайға жақындай түсесің.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *