ПЕРИАНДР

ПЕРИАНДР

Т.Сәукетаев

Жеті кемеңгердің бірі атанған Периандр біздің дәуірімізге дейінгі 665-586 жылдар аралығында жасап, қырық жылдай Коринфті билеген. Ол тұңғыш рет жеке күзет тәртібін енгізіп, өз жанына 200 қорғаушы ұстаған. Төңкеріс жасау арқылы Коринфті басып алып, шексіз билікке қол жеткізеді.
Тежеусіз билеп-төстеудің құпиясын ол өзінің досы Миллеттің билеушісі Фрасибулдан біледі. Кеңес сұрап жіберген уәзірін Фрасибул қаланың шетіндегі егінге алып барады да ләм деп жақ ашпастан ең биік боп өсіп тұрған масақтарды таяқпен оңды-солды ұрып құлата бастайды. Уәзір түк түсінбей таңырқап, көргенін Периандрға айтып келеді.
Периандр досының бұл жұмбағы – тыныш билік құрғың келсе, еліңнің бас көтерер ақылдысын құрт деген ишара екенін ұғады және солай етеді де. Аз уақыттың ішінде Коринфтегі ең көрнекті адамдарды өлтіргенін өлтіріп, қуғанын қуып тоз-тозын шығарады.
Оның кейбір қылықтары ақылға сыймайтын болған. Эфордың айтуынша, бірде Периандр Олимпийдегі жарыста күймесі озса, алтын мүсін құюға серт етеді. Күймесі озып келіп, уәдесін орындауға алтыны жетпей қалса керек. Сонда Периандр қаладағы тойға келген әйелдерді көріп, үстеріндегі асыл киімдерін, алқа-жүзіктерін түгел сыпырып алдырыпты.
Периандр Геракльдің әулетінен шыққан. Эпидавардың билеушісі Проклдің қызына үйленіп, екі ұл сүйген. Үлкенінің есі шала, кішісі зейінді болады. Үшінші балаға жүкті боп жүрген әйелін ашу үстінде орындықпен ұрып өлтіреді. Кейін күңдерінің өсегіне алданғанына опынып, оларды да тірідей отқа жағып жібереді.
Анасының өліміне қатты қайғырған ұлын үйінен қуып шығады, кімде-кім онымен сөйлессе, Аполлон храмына айып төлейді деп қалаға жарлық таратады. Біраз уақыттан кейін жүдеп-жадаған ұлын көшеден көріп райынан қайтады да, үйге кел деп шақырады. Сонда баласы: “Менімен сөйлескенің үшін Аполлонға айып төле!” депті.
Периандр сексен жасында дүниеден торығып, жалғыздықта өлген. Кейбіреулердің айтуынша, ол қабырын ешкімге білдірмеу үшін мынадай қулық ойлап тауыпты. Екі жігітке түн ішінде бір жолды нұсқап, кім бірінші жолықса, соны өлтіріп, көміп тастаңдар деп бұйырады. Іле-шала төрт кісіні шақырып, ана екеуін өлтіріп, көміп тастаңдар деп ізінен жібереді. Олардың артынан көзін жоюға бұйырып тағы бір топ адамды жұмсайды. Содан кейін өзі әуелгі екі жігіттің алдынан қарсы шығады да, солардың қолынан қаза табады.
Коринфтіктер бос табытты көміп, қабырдың басына былай деп жазған:
Асау толқын аймалаған жағалауда Периандрдай асылды.
Даналықпен даңқы шыққан Коринфтің топырағы жасырды.
Периандрдың тұсында Коринф шаһары гүлдеп көркейеді, әдемі ғимараттар бой түзейді. Әр тараптан әйгілі ақындар кеп, билеушінің сарайында айлап жатып мейман болған, солардың ішінде Дионисидтің құрметіне арнап бірінші рет гимн шығарған Арион да ат басын тіреген.
Периандр ақындармен дос болып қана қоймай өзі де поэзияға бой ұрған. Ертедегі ойшылдардың өмірінен дерегі мол тамаша кітап жазып қалдырған атақты Диоген Лаэрцийдің дерегі бойынша, Периандр өлеңмен екі мыңға жуық ғақлия жазған. Оның жұмырлап сөзбен түйген асыл ойлары да даналық мәйегі ретінде бағаланбақ.

* Ойлап істе – өкінбейсің.

* Отан үшін жан қиюға әзір бол.

* Қылығы үшін ғана емес, ниеті үшін де жазала.

* Бәріне себеп не? – Уақыт.

* Бостандық деген не? – Ар-ұждан тазалығы.

* Ең ұлы не? – Сергек ақыл

* Сәтін күтіп іс қыл

* Қасіретіңді көрсетпе, дұшпаның қуанбасын.

* Тыныш билегің келсе, найзаға емес, көптің сүйіспеншілігіне сүйен.

* Ашуыңды ауыздықта.

* Бәрінің атасы – ынта.

* Жаттыққан жалаң қолмен от көсейді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *