Нұрманбетұлы Шалданбай (т.ө.ж белгісіз)
Ер жігіттен не пайда?
Ел күйзеліп, жер күйіп,
Отанға дұшпан тигенде
Айғыр мініп, ат ертіп, Жауға қарсы бармаса.
Б.Момышұлы
Шалданбай батыр Қойгелді, Есқара батырлардың тұтасы, атамекен жерін жоңғарлардан қайтару жолында ерлігімен көзге түскен Садыбай батырдың ұрпағы. Шалданбай батыр жоңғар шапқыншылығына жастайынан араласқан. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда ол шамамен 17-18 жасында қолына қару алып жауға аттанғанға ұқсайды. Шалданбай інісі Қырқымбайдың екеуінің де сүйек, тұлға бітімдері өте ірі болған екен. Шалданбай батыр өзінің «Кертоқал» деген атынан басқаға мінбеген екен, себебі оны басқа ат еркін көтеріп шаба алмайды екен. Шалданбай Қойгелді батырдың жасы ұлғайған кезінде оның сенімді қолбасшыларының бірі болған екен, ал Шоқан батырдың ізбасары болыпты.
Шалданбай батырдың қалмақ батырымен жекпе — жегі туралы Садыбай Байтана кітабында былай келтіреді:
«Бірде жоңғардың батыры Шалданбаймен жекпе — жекте, оның Кертоқалы қалмақ атының артқы жағынан басына қарғығанда, ауыр салмақты көтере алмаған ат омақаса құлаған. Ат үстінен жығылған қалмақ батырын Шалданбай найзалап өлтірген».
Шалданбайдың батырлығы туралы Кәрібай Есенқұлұлының дастанында былай жырланады:
…Қиратып жоңғарлардың қалың қолын,
Бөгеген қайратымен жаудың жолын
Талқандап жекпе — жекте қарсыласын
Жайпаған ерегісте оң мен солын
Шалданбай — Байтанадан шыққан батыр,
Ерлігі мың кісіге оның татар, Бейіті Іле жақта ескі қорым
Бабасы Бақтиярмен бірге жатыр…
Дастанда Шалданбай батырды ту ұстаушы болғанынан да хабар беретін жерлер бар. Сол сияқты бір шайқаста жау найзасы балтырына кіріп жараланғанда да жарақатын елемей қонышындағы ұйып қалған қанды уыстап алып тастап, шайқасты жеңіп шыққанша тоқтатпаған.
Шалданбай батырдың бұл әрекеті ақын жырында былай баяндалады:
Шалданбай – Байтананың неменесі, Қол бастап ол да талай ту ұстады. Атына ауыздықпен су ішкізіп,
Қонышына қатқан қанды уыстады.
Кіргенде найза ұшы жілігіне
Балтыры су тигендей жібіді де,
Ұйыған қанды қолмен алып тастап, Қамшыны басты келіп көлігіне.
Көлігі алға қарай ойқастады,
Қалың жау бірі келіп айқаспады, Жөнелді тым-тырақай қашып қалмақ,
Қарсы кеп Шалданбаймен шайқаспады.
Батыр жоқ, Шалданбайдай елден асқан Жері жоқ шайқасқанда жаза басқан.
Қыршынбай, Бораншы да батыр еді,
Дұшпанын талқандаған қарсыласқан.
Шалданбайдың әкесі Нұрманбет XVII ғасырдың соңында Іле өзенінің қазіргі Қапшағай көлі болған аймақты өзінің аталас туысы Темірбек бидің тоғанының жанында мекен еткен. Демек Шалданбай сол жерде дүниеге келген. Батырдың қай жылдары дүниеге келіп, қай кезде қайтыс болғаны белгісіз. Сүйегі Іле өзенінің бойындағы бабасы Бақтиярдың жанына жерленген.
Шалданбай батырдан Сатыбалды, Өтеген тарайды.