Нұрбай Алтайұлы
(1609-1675)
Арғын Нұрбай батыр – Есім жəне Жəңгір хандардың белгілі батырларынын бірі. Ол шамамен ХVІІ ғасырдың басында (1609 жылы) туып, сол ғасырдың екінші жартысында, яғни 1675 жылы дүниеден өткен.
Оның есімі қалың Алтай руына ұран болған. Аса қырағы батыр ХVII ғасырдың басында Жаңаарқа өңірінде дүниеге келіпті, сонда ер жетіпті. Ат жалын тартып мінгеннен бастап сан рет қалмақтармен болған соғыстарға қатысып, елін-жерін қорғағаны айрықша еленіп, ерекше ауызға алынып, ел ішінде төрт гасыр бойы аңыз болып айтылып келеді.
Нұрбай атан түйедей ірі кісі болыпты. Денесіне сай күші
де керемет болған көрінеді. Батыр атану үшін, дененің үлкендігі мен күштің молдығы, əрине, аздық етеді. Ең бастысы, ерлік жасайтындай жүректі болу- шарт.
Өмірдеректеріне қарағанда, Нұрбай бабамыз ол жағынан да айтулы екен. Ол атабабалар өнегесімен жастайынан ерлік дəстүрлерге сай тəрбиеленген. Ол кезде он үште садақ тартуға жараған ұл жорық атын баптай бастайтын болған.
Нұрбай батыр тік денелі, қимылына көз ілеспес, шапшаң кісі екен. Жекпе-жекте, бір-біріне найза шаншып, қылыштасқан шабуылда ол көз ілеспес шапшаңдықпен оңнан солға, солдан оңга ер үстінен ат бауырына түсіп, дөңгелене айналады екен. Нұрбайдың осы қимылына найзасын кімге түйрерін, қылышын кімге сілтерін білмей, аузы аңқиып қалған қарсыласы жалт бере қашады екен, қашпаса оп-оңай мерт болады.
Ол қазақ дəстүріне сəйкес бозбала шағынан жоңғар қалмақтарынан қазақ жерін қорғау жорықтарына қатысқан.
1627 қоян жылы Тобылдан ығысқан қалмақтар Еділ мен Жайыққа келіп, Кіші үз қазақтарына күн көрсетпейді. Есім хан 20 мың қолды басқарып, Жайыққа аттанады. Қазақ жауынгерлері жоңғарларға қарсы аттанғанда осы сапта 17-18 жастағы Нұрбай да болған екен.
Ол кездегі заманның салты бойынша жалпы соғыс басталардан бұрын екі жақтың батырлары үш кезек жекпе-жекке шыгарылады екен. Кейбір жекпе-жектер ол кезде ертеден қара кешке дейін созылады екен.
Өкінішке орай, жекпе-жекте қазақтың екі батыры жеңіліске ұшырайды. Қазақ халқының болашағы бір қыл үстінде тұрғанда, 18 жастағы ақбоз атқа мінген Нұрбай қалмаққа топтан шыға шапқан.
Сонда топтан шыға келген жас жігітті менсінбегендей қалмақ батыры: “Алдымда тұрған жас бала, Бола берме мас бала.
Үмітің болса жаныңнан,
Қарсыласпай, қаш бала”- деген екен. Нұрбай жұлып алғандай:
“Төгейін деп келемін,
Кəпір қалмақ қаныңды,
Жіберуге келемін,
Жеті тамұқ түбіне,
Бір шыбындай жаныңды”- дейді.
Сөйтіп шайқас басталып кетеді. Ойрат тайпасы көсемдерінің бірі Қоту-Қойсының інісі Барғай батыр Нұрбайды маңдайынан шаншады. Ал, қазақ батыры бұл жолы асқан ерлік жасап, қалмақтың асқан мықтысы, құралайды көзге атқан мергені Барғайды найзасымен өңменінен шаншып, ту сыртынан шығарады. Қалмақ батыры сол жерде өледі де, Нұрбай əрі қарай шайқаса береді.
Есім хан анығын білмек болып: “Нұрбай қай жерінен жараланды?” –деп сұрайды. Ханның қасында тұрған бір нөкері: “Ол туп-тура маңдайынан жаралы болды”,-дейді. Сонда Есім хан: “Онда Құдай берген екен, даңқты батыр болайын деп тұр екен”,-дейді.
Бетке ұстаған батыры өлгесін қалмақтың маңдайы тасқа тигендей болып, белі сынып, жалпы соғысқа кірісіп кетеді. Жалпы алғанда қалмақтармен соғыс 83 күнге созылды. Оның бір жарым айы жекпе-жекпен өтті. Бұл сол кездегі соғыстың өзіндік ерекшелігі еді.
1627 жылғы ұлы жорық нəтижесінде Еңсегей бойлы Ер Есім хан Ойрат Одағын екі жүз жылдық соғыс тарихындағы ең ауыр жеңіліске ұшыратты. Есім ханның соққысының ауырлығы сондай, бір байрақ астына ұйысып, үлкен күшке айналған Ойрат ұлысы шылпара ыдырайды.
Ел аузындағы əңгімеге қарағанда Есім хан Нұрбайдың соғыста көрсеткен ерлігіне өте риза болып, қол жайып батасын береді. Хан жас жігітке ақсауыт, дуылға, алмас қылыш, алты қанат ақ киіз үй сыйға тартады.
Қалмақтың Барғай деген батырымен болған жекпе-жек Нұрбайдың жас кезіндегі алғашқы ерлігі. Сол жағдайды еске салатын: “Қара қалмақ Барғайдың басын кесіп, Бақ алған Нұрбай батыр 17-де жекпе-жектен. Ерлігі үш алашқа мағлұм болып,
Ұранға аты шыққан сол себептен.”- деген
Жыр жолдары ел жадында сақталған. Оның есімі өз елінде жауынгерлік ұранға айналған.
Нұрбай бабамыздың ерлігі күні бүгінге дейін ел аузында аңыз-жыр болып сақталуда. Атақты Мəшһүр Жүсіп Көпейұлының шежіресінде (“Қазақ шежіресі”,Алматы. Жалын, 1993.-25-26 б.) мынадай қызық деректер келтірілген: “Алтайдың ақ сауыты Нұрбайда қалған. Қалмаққа олжаға түсіп кеткен жерінен Нұрбай өзі барып алып келген, сауыттың аты Шежекөз. Сондықтан Нұрбай ұраны “шөжекөз” болған. Нұрбайдан басқасында белгілі ұран жоқ. Əупай, Қуандық аталған…
Нұрбай морт мінезді, көзсіз батыр болған екен. Бір ұрыста аты əлсіреп, сүріншектей берген ағасы Алысайдың қолынан туды жұлып алып, жаудың жебес қара санынан бір түйір бұлшық етін жұлып кеткеніне қарамастан, əскерді бастап, қалмақ қоңтайшысы шатырын тіккен төбеге тұра шапқан. Төбе басындағы жауды тас-талқан етіп, Алтайдың қылқұйрық қадаған туын тіккен деген əңгіме бар.
Нұрбай батыр аға-інілеріне, балаларына, туыстарына қалыңдықты өзі таңдап, құда түсіп, алып береді екен. Қалыңдық таңдағанда шарты болашақ құдалардың дəулеті, сəулеті, өсіп-өнгендігі емес, басты шарты келіннің денсаулығы, тəрбиесі, бойының ұзындығы 170-180 см-ден кем болмауы керек болған.
Əдебиеттер:
Асыл тектi Нұрбай батырдың өрiм-бұтағы: Шежiре// Азия Транзит.- Қарағaнды, 2002.- N12.-38-42 б.
Есбаева Р. Тектiден тектi туып, жай отындай жарқ еткен Алтынтөре: Нұрбай батырдың жаны жайсаң бiр ұрпағы// Азия Транзит.- Қарағaнды, 2002.- N12.-48 б.
Кəренов Р. Нұрбай батыр // Қазақ батырлары.- 2003.- наурыз(N3).-4 б.
Кəренов Р. Ұлт азаттығы ұшiн арыстандай алысқан Нұрбай батыр: Қазақ батырлары // Азия Транзит.- Қарағaнды, 2002.- N12.-6-10 б.
Кəренов Р. Арғынның Нұрбай батыры: Тарихымызды таразыласақ //
Орт.Қазақстан.- 2004.- 23 қазан.-10 б.
Кəренов Р. Есiм хан мен Нұрбай батыр: қазақ хандары мен батырлары// Азия Транзит.- 2004.- N10.-6-9 б