КҮЛБАРАМ СӘДУАҚАСҚЫЗЫНЫҢ
ӨМІР ЖОЛЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ
Ө М І Р Д Е Р Е К
Әкесі Жалбыров Сәдуақас көзі ашық оқыған сауатты адам болған. Сол кездері сауатының арқасында бірнеше ұжымдық шаруашылықтың(колхоз) бас есепшісі болып қызмет жасаған.Ұлы Отан соғысы басталғасын 1942 жылы жазда фронтқа алынып көп ұзамай оққа ұшқан. Артында 28 жастағы анасы Раушан, 5 жасар ұлы Сыйым және Күлбарам анасының құрсағында екі айлық болып қалған.
Күлбарам Сәдуақасқызы 13 қаңтар 1943 жылы Қармақшы ауданының, Ақжар кеңшарында (бұрынғы Ақбел ауылы) дүниеге келген. Күйеуі соғыстан оралмағасын білек сыбанып белсеніп колхоз жұмысына араласып стахановшы болып, екі баласын жетімдік көрсетпей асырап жетілдірген, екеуінде жоғары білімді етіп тәрбиелеген. Қазақтың белгілі жазушысы апайдың жақын ағасы Адам Мекебаев өзінің «Періште келіншек» атты романының бас кейіпкері Айшаның протопипіне осы Раушан Аяғанқызының өмірін негіз етіп алған еді. Апайымыз осындай зиялы да, ержүрек, соғыстан кейінгі қазақ әйелінің жинақы кейіпкеріне айналған Раушан Ананың қызы. Соғыс зардабын көппен бірге тарта жүріп бала Күлбарам білім алады, жақсы тәрбие алып ержетеді. Мектеп қабырғасында жүріп жақсы оқып қана қоймай, би өнерімен айналысты. Кішкентайынан өлең жазып мектептің «Кірпі» атты газетінің редакторы болып жағымсыз балалардың карикатурасын салып, сын өлеңдер жазып өткір тілмен сынайтын. Өсе келе өлеңдері сол кездегі «Лениншіл жас», «Қазақстан әйелдері» журналдарда өлеңдері жарияланып тұрды. Содан болар жергілікті аудандық газет ҚазМУ-дің журналистика факультетіне жолдама берген еді. Бірақ жастайынан дәрігер болуды армандаған Күлбарамды тағдыр мединститутқа түсуге бел буғызды. Бірақ қамқорлық жасайтын әкенің жоқтығы, ағаның жастығы оны 1960 жылы Н.В.Гоголь атындағы жаратылыстану факультетіне түсуге мәжбүр етті. Өңіріміздің талай атақты азаматын тәрбиелеген осы оқу орнын ол 1965 жылы жақсы аяқтаған кезде өмірлік жары Әли Мүсілімұлымен бас қосып отау тікті.
Күлбарам Сәдуақасқызы өзінің еңбек жолын Қармақшы ауданының Ахметжан Жанпейісов атындағы №105 мектебінен бастады. Еңбегі жемісті болып талай шәкірттерге ұстаз болып өмірге жол сілтеді. Мұғалімдік қызметінің жарқын кезеңі болып саналатын 1969 жылдан 1997 жылға дейін Қызылорда қаласының № 4 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінде химия және биология пәнінің мұғалімі қызметін атқарды.Мектепте тек оқушыларға сапалы білім беріп қана қоймай, көптеген оқушыларды дамыту мақсатында олимпиадаға әзірледі. К. Сәдуақасқызының дайындаған осындай талантты оқушыларының қатарына республикалық олимпиадаға қатысқан С.Рақменшеев, Н. Тоқпанова, А.Сапаров, А.Төлегенова, С.Күппанова сияқты оқушылары жатады. Аталған оқушылар химия пәнін жетік меңгеруі арқасында дәрігерлік мамандықты қалады және республиканың түкпір-түкпірінде ақ халатты абзал жандар атанып жүр.
К.Сәдуақасқызы № 4 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінде мұғалімдік қызметте жүргенде оның мақтанышына айналған ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Наушақызы Абдыхалықова мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, т.ғ.д, академик Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновке химия және биология пәнінен дәріс берген мұғалімі.
К. Сәдуақасқызы 1997 жылы Қорқыт Ата атындағы гуманитарлық университетінің аға оқытушылық қызметіне ауысты. 2003 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Химия және химиялық технология» кафедрасының академиялық доценті.
К.Сәдуақасқызы 2006 жылы Еуразия гуманитарлық институтының диссертациялық кеңесінде Қазақстанның белгілі ғалымы, отандық жаратылыстану пәндерін оқыту мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, көптеген еңбектердің авторы болған марқұм педагогика ғылымдарының докторы Мақпал Жұмабаевна Жадринаның жетекшілігімен «Оқу процесін нәтижеге бағыттау жағдайында оқушыларды өзіндік бақылауға бейімдеу» тақырыбына 13.00.01-жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. 2007 жылдан бастап ЖАК доценті, қазіргі кезеңде «Биология, география және химия» кафедрасының профессоры қызметін атқарады. 2009 жылы Педагогикалық білім беру ғылымдарының Халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды
К. Сәдуақасқызының педагогикалық қызметінің мақсаттығы, мотивтілігі, өнімділігін сипаттар болсақ, біріншіден, білім алушылардың оқу материалын толық меңгеруі үшін әлемдік интернет жүйесінен қажетті оқу материалын таңдап алып, беру арқылы олардың өзіндік білім алуына жағдай туғызуды мақсат тұтады, сол мақсатта білім алушылармен қашықтан оқыту технологиясын пайдаланып желілік қызмет арқылы тапсырма беріп, ол арқылы кері байланыс орнатып олардың білімін сабақтан тыс уақытта да бағалауға мүмкіндік береді; электрондық журналды соңғы 3 жыл бойы пайдаланып келеді. Екіншіден, білім алушылардыңөзіндік оқу әрекеттерін заманауи әдіс-тәсілдермен ұйымдастыру үдерісінде түрлі әмбебап оқу әрекеттерін жасауға үйретеді; үшіншіден білім алушылармен, әріптестерімен конструктивті қарым қатынасорнатып одақтаса алады; білім алушылардың психологиялық ерекшеліктеріне мән бере отырып әрқайсысымен жеке жұмыстар жүргізеді және ең бастысы өз әрекеті мен қызметін обьективті бағалай алады.
Дәрісті «құрғақ» оқымай диалогтық әдістерді шебер пайдалана отырып, интертақтаны, аудиовизуальды, электрондық білім беру құралдарын тиімді пайдаланып оқыту үдерісінің өнімділігін арттыруға үнемі ұмтылып отыруы арқылы жалпы педагогикалық дағдыларды өз дәрежесінде меңгерген.
К. Сәдуақасқызының педагогикалық қызметінің басты ерекшелігі білім алушылардың өзіндік әрекетіне басымдық береді. Ол мақсатта өзі жасаған баспа және электрондық құралдарды кеңінен пайдаланады.Сондай-ақ өзінің жоспарын жүзеге асыруға және рефлексивтік біліктердің қалыптасуына баса назар аударады.
Ғалым әрі пән, әрі ғылым ретінде химияны оқыту әдістемесінің басты мақсаттары болып білім алушылардың ақпараттық мәдениетін, логикалық ойлауын дамыту, шығармашылық және танымдық әлеуетін арттыру мен коммуникативтік қабілеттерін қалыптастыру деп есептейді.Оқу материалын жетік меңгере отырып білім алушылармен оқу әрекетін ұйымдастыруда мемлекеттік стандартпен әдістеме ғылымының талаптарына сай: қарапайымнан күрделіге, бірлесіп жұмыс істеуден өзіндік жұмысқа қарай ұстанымын басшылыққа алады.
К.Сәдуақасқызының дәрістері құрылымдық элементтерінің нақтылығымен, алға қойылған дидактикалық мақсаттарға сәйкестілігімен, пайдаланылатын жұмыс формалары, әдіс-тәсілдерімен ерекшеленеді. Кері байланыс орнатуға тесттік технологияларды, атап айтқанда өзі жасаған авторлық құқығы бар «Химияны оқыту әдістемесі», «Химиядан Ұлттық бірыңғай тестке дайындық әдістемесі» атты электрондық оқулықтары республика көлемінде қолданыста болып оқушылардың білім сапасының жақсаруына және ҰБТ –ке дайындауда көмегін тигізіп отыр. Білім беру процесін қарқындатып жақсарту мақсатында жеке және сараланған тапсырмалары бар өзі жасаған «Органикалық химия.Тест тапсырмалары». «Бейорганикалық қосылыстардың негізгі кластары» және «Химияның теориялық негіздері. Тест тапсырмалары» атты оқу-әдістемелік құралдарын пайдаланады. Бір сөзбен айтқанда білім алушылармен оқу жұмыстарын ұйымдастыруда өз құралдарын электрондық форматта тиімді пайдалануға әдеттенген.
К. Сәдуақасқызының білім алушының жүйелі білім, білік және дағдыларды игеруіне көбірек мән береді. Ол өз пәнін тек білім алу көзі ғана емес тәрбие көзіне айналдыруды қатаң назарда ұстайды. Соңғы жылдары мән беріліп отырған рухани тәрбие, адамгершілік тәрбиесі жайлы баспасөз беттерінде, телехабарларға көптеп қатысуы осының айғағы.
К. Сәдуақасқызының педагогикалық қызметінің стилі – демократиялық стиль. Кезкелген жүргізілетін жұмысты алдын ала өзі шешпей, талқыға салып бірлесіп шешуі нәтижесінде шәкірттері алдында жоғары беделге ие. Шәкірттерінің әртүрлі сайыстарда жеңімпаз болуы да осындай шәкіртін өзімен тең ұстап олармен серіктестік, одақтастық құруының нәтижесі болуы әбден мүмкін. Мысалы, К.Сәдуақасқызының мектеп мұғалімі қызметінде жүргенде талай шәкірттерді олимпиадаға дайындап жоғары нәтижелерге қол жеткізсе, ЖОО қабырғасында да ғылыми жетекшілік еткен студенттері мен оқушылары бірнеше дүркін жүлделі орындарды иеленді. Республикалық ғылыми – тәжірибелік конференцияларда студенттері Е. Назаров-1-орынды (2001), А. Тапаева 2-орынды (2007), Е.Рыбина 1-орынды(2009), ал №4 ОДМИ оқушылары А.Махмұтханова, Н.Мейрман Байқоңыр халықаралық конференциясында III-дәрежелі дипломды (2015) иеленді. Ал 2016 жылы №4 ОДМИ сабақ беретін оқушылары Тоқтар Аяжан, Алпамыс Данияр «Дарын» республикалық ғылыми орталығының зерттеушілік және шығармашылық жобаларының «ЗЕРДЕ» XII республикалық конкурсына қатысып жүлделі орынға ие болуы еткен еңбектің нәтижесі екендігінде дау жоқ.
Оқулықтармен пен оқу құралдарының ұзын саны 23. Әсіресе 2016/2017 оқу жылдарында жарық көрген оқу құралдары «Химиядан Ұлттық бірыңғай тестке дайындық әдістемесі», «Мектеп химия олимпиадасы», «Химия есептерін шешу әдістемесі» оқу құралдары мен авторлық құқығы алынған «Химияны оқыту әдістемесі», «Химиядан Ұлттық бірыңғай тестке дайындық әдістемесі» атты электрондық оқулықтары оқытуға қойылатын жаңа талаптарға сай келуі арқасында республика көлемінде кеңінен қолданылуда. Сондай-ақ, ол көптеген оқу-әдістемелік кешендер мен бағдарлама, нұсқаулықтардың авторы.
Сонымен қатар 33 халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып құнды баяндамалар оқыды. Облыс мұғалімдерімен әрдайым тығыз байланыста, олармен жиі кездесіп оқытудың инновациялық технологиялары бойынша дәрістер оқып «Шебер класс» сабақтарын өткізіп тұрады.
К.Сәдуақасқызы батыл шешімімен тікелей бастама көтеріп 2014 жылдың 28 ақпанында Қызылордада «Химияны инновациялық әдістермен оқыту» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып өткізді. Конференцияға республиканың барлық облыстарынан мұғалімдер қатысып, нәтижесінде 2 томдық конференция материалдары жарық көрді. Республикалық пәндік «Химия мектепте» журналының бір нөмірі осы конференция материалдарын жариялауға арналып республика мұғалімдерінің инновациялық оқытудың әдістерімен танысуларына мүмкіндік тудырды. Осы оқиға К.Сәдуақасқызының өз саласындағы көшбасшылығының, батылдығы мен танымалдылығының жарқын айғағы болады.
К. Сәдуақасқызы осындай педагогикалық қызмет сипаттамасына ие бола отырып жемісті еңбегінің арқасында біршама марапаттармен атақ абыройды иеленді.
2015 жылы К. Сәдуақасқызы кафедраның өндіріспен байланысын жақсарту мақсатында ұйымдастырылған «Облыстық мектеп және колледж оқытушыларының қауымдастығының» төрайымы болып сайланды. Мұның өзі кафедра және облыс химия пәні мұғалімдерінің К. Сәдуақасқызына деген сенімі мен үлкен құрметі болса керек.
Ол 2008 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағы мен грантын иеленсе, Министрліктің конкурстың комиссиясы К.Сәдуақасқызының еңбегін жоғары бағалап 2015 жылы екінші рет «Жоғары оқу орны үздік оқытушысы» мемлекеттік гранты мен атағын берді. Марапаттау рәсімі 2015 жыл 20-қаңтар күні Астана қаласында өтіп эксминистр А.Сәрінжіповтың қолынан мемлекеттік грант куәлігін алды.
Осы ұтып алынған қаржының арқасында шетел сапарларына шығып, химияны оқыту әдістемесі ғылымы бойынша алдыңғы қатарлы әдіскер ғалымдардан дәріс алып, іс- тәжірибе алмасты. Олардың қатарында «Москва ашық білім беру» институтының химияны оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі П. А. Оржековский, С. Е. Мансурова, С. Ю. Степанов сияқты көрнекі әдіскер ғалымдардың дәрісін тыңдап тәжірибе алмасты. Қазіргі кезде аталған ғалымдармен тығыз қарым қатынаста. Сондай-ақ екінші мәрте «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының қаржысымен 2016 жылдың қараша айында Казань қаласындағы А.М.Бутлеров химия институтының алдыңғы қатарлы ғалымдары С.И. Гильманшина, И.В.Галкина Г.А. Берулава, О.В. Плотникова, С.М. Похлебаев, Н.Н. Тулькибаева, С.А. Старченко, Г.A. Суровикина сияқты ғалымдардың дәрістерін тыңдап еңбектерімен танысты.
К.Сәдуақасқызы Қазақстан Республикасының химия дидактикасын зерттеп жүрген ғалым ретінде көрнекі отандық ғалымдарменде іскерлік қатынас орнатқан. Олардың қатарына Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет ғалымдары Ж.Ә.Шоқыбаев, Ж.Б.Шілдебаев, Аль Фараби атындағы қазұу–нің ғалымдары Х.А.Сүербаев, Қ.Бекішев сияқты ғалымдармен пікірлесіп отырады. Айтылғандарға қоса ол өз әріптестері Б.С.Иманғалиева, Ж.Т.Қуанышева, Б.Торсықбаевамен тығыз әріптестік қарым қатынаста.
Ал облыс оқушыларының химияны терең игеруіне қосқан еңбегі еленіп 2010 жылы облыстың «Жылдың Үздік ұстазы» номинациясын иеленді. Аталған марапаттардан басқа, оның марапат қоржынында: «Мұғалім әдіскер» (1995), «ҚР білім беру ісінің үздігі» (1996), Облыстық мәслихаттың Грамотасы(1993), ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы (2003), «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2007), Облыстық «Жылдың үздік ұстазы» номинациясы (2010), «Алтынсарин» медалі (2011), Облыс Әкімінің «Құрмет Грамотасы» (2013), Халықаралық «Менделеев» медалі (2014) бар. 2012 жылдан Қорқыт Ата университетінің үздік оқытушысы.
2013 жылы жоғары білім жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі және мектеп пен жоғары оқу орындарына оқу-әдістемелік құралдр мен оқу құралдарын жазудағы көпжылдық нәтижелі еңбегі үшін Университеттің «Қорқыт Ата алтын медалімен» марапатталды
Факультеттің Ғылыми кеңесінің мүшесі және оның саяси-қоғамдық өміріне белсене араласады. Ол жаңа идеяларды батыл ұсынып отырады және жүзеге асуына ықпал етеді. Ол ғылыми және оқу-әдістемелік басылымдардың белсенді авторы болуымен республика көлемінде танымал тұлға. Республикалық пәндік «Химия мектепте» және «Мұғалім және қоғам» журналдарының ақылдастар алқасының мүшесі.
К.Сәдуақасқызы оқу мен тәрбиені бір бірінен ажыратып қарамайды, «ең басты нәрсе ол — тәрбие, ал тәрбие білім және мұғалімнің жекебасының көрсетер үлгісі арқылы беріледі» деген ұстанымды қатаң ұстанады. Еңбек жолындағы оқу және тәрбие саласындағы қол жеткізген көрсеткіштері үшін көптеген жоғары марапаттарға ие болды. Өзі ең басты марапат — шәкірттерінің сенімі мен сүйіспеншілігіне бөлену деп есептейді.
Ол университет, факультет көлемінде жас ұрпақты тәрбиелеу іс-шараларына да белсенді ат салысып келеді. Дәлірек айтсақ, облыстық теледидардың жаңартылған бағдарламамен оқыту және тәрбие мәселелеріне арналған хабарларына қатысып құнды пікірлер айтумен қатар, республикалық баспасөз беттерінде, жергілікті «Сыр бойы», «Сыр мектебі», «Ардагер айнасы» газеттерімен республикалық «Қазақстан мектебі» және «Химия мектепте» журналдарының беттерінде де үзбей педагогикалық тақырыптарға тұшымды мақалалар жазып келеді. Осы тұрғыдан әсіресе осы үстіміздегі 2017 жылы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» саясатын насихаттау мақсатында белсенділік танытып, «Сыр бойы» газетіне «Адамгершілік тәрбиесі-тәрбиенің алтын қазығы» және «Қазақстан мектебі» журналына «Адамгершілік тәрбиесі — рухани жаңғырудың алтын кілті» атты мақалалары жарық көрді. 2016-2017 жылдары «Қазақстан-Қызылорда» телеканалында оқу-тәрбиеге байланысты телехабарларға қатысып көпшілік жастарға жаңартылған бағдарламамен оқыту және патриоттық, адамгершілік тәрбиесі жайлы құнды пікірлерін ортаға салды.
К. Сәдуақасқызы жан-жақты, қызықты тұлға, ол ақынжанды. 2013 жылы «Жүрек жырлары» атты өлең жинағы жарық көрген. Өлең кітабында химия сабағымен байланысты өлеңдермен қатар, тәрбиелік мәні бар өлеңдерде жетерлік. Оған басқа оқу орындарынан оның еңбектері жайлы пікір бөлісу, жылы лебіздер мен алғысхаттар жиі келіп тұрады.
К.Сәдуақасқызының ғылыми еңбектерінің басты мақсаты мен бағыты осы заманның көкейкесті мәселесі болып табылатын ЖОО-да және жалпы білім беретін мектептерде химияны оқытудың заманауи әдістері мен проблемалары болып табылады. Еңбектерінің барлығы дерлік әдістемелік мазмұнда және бір айрықша атап өтетін нәрсе құралдарының басым көпшілігі білім алушының өзіндік білім алуын ұйымдастыруға ыңғайлылығы мен олардың тиімділігінде. Ол білім алушы оқытушыны оқыту үдерісін ұйымдастырушысы ретінде қабылдауы, өзіндік жұмыстарға қабілетінің дамуына айрықша басымдық береді.
Барлығы шетел және республикалық басылымдарда 120-дан астам ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектері, мақалалары жарық көрген және аталған оқу құралдары республиканың ЖОО-да және мектептерінде оқушыларға химиядан білім беру үдерісінде кеңінен пайдаланылуда. Мақалалары мен маңызды ғылыми — әдістемелік еңбектері мен оқу құралдарынқоспағандағалымның өзінің жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша жазып қорытындыланған төрт монографиясы жарық көрген.Соңғы «Химиядан үлгірмеушілік себептері және оны жақсарту жолдары» деп аталатын монографиясында «Бағдар» әдісі жан жақты зерттелген және тиімділігі іс-тәжірибе жүзінде дәлелденген еңбек.
Бес оқу құралы Абай атындағы ҰПУ-нің Оқу-әдістемелік кеңесінде мақұлданып республика көлемінде оқу процесінде пайдаланылуда.
Ғалым -ұстаздың мектептегі жұмыс өтілі — 32 жыл болса, жоғары оқу орнында – 21 жыл. Осы уақыт ішінде өзінің белсенділігі арқасында жастарға терең білім беріп қоғамдық сананы дамытуға, жастарды патриотизм рухында тәрбиелеуге бар күш жігерін жұмсау арқылы тәуелсіз Қазақстанымыздың дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатырған жан.
Ұлағатты ұстаз К.Сәдуақасқызы Қызылорда облысының ағарту саласына өмірінің 40 жылын, оның 20 жылға жуық мерзімін облыстың білім саласын басқаруға арнаған педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Әли Мүсілімұлының жан жары. Төрт бала өсіріп тәрбиелеп, алты немере, бір шөбере сүйіп отырған ардақты әже. Ұстаздар отбасынан тәрбие алған балаларының бәрі жоғары білімді, екі қызы ғылым кандидаттары, ал үш немересі Кембридж мектебінде оқып жатыр.
Сөз соңында түйетініміз – таза еңбегімен мүмкіндігінше ғылым мен білім саласына бір кісідей үлес қосқан тәлімгер, педагог, жетекші әдіскер апамыз қызу еңбек майданында қолынан қаламы бір сәтке түспей, одан дүниеге келген еңбектерінің елдің пайдасына асып жатырғандығын көріп қуана жүріп және сыршыл өлеңдерінің рухымен 75-ші қысқа жетіп қалғанын байқамай да қалыпты.
Алдағы уақытта да ғалым Күлбарам Сәдуақасқызының әлі де талай еңбектерінің жарық көретіндігіне куә болатынымызға және өзінің ақкөңіл мінезімен жастарға ақылшы бола жүріп, еш қиналмастан талай биік асулардан асатындығына сеніміміз мол!