Киім – денені ауа райының, сыртқы ортаның зиянды әсерінен
қорғайтын, адамның денесiне киюге арналған жасанды жамылғы түрi, тұтыныс бұйымы.
Киімнің шығуы адам еңбегінің ерекшеліктеріне, қоғамдық өндіріс пен мәдениеттің дамуымен тығыз байланысты. Киім қоғамның материалдық және рухани құрамдас бөлігі болып табылады. Бір жағынан бұл адамдардың еңбегімен жасалған және кейбір қажеттілікті қанағаттандыратын материалдық құндылықтар болса, екіншіден – ол адамның келбетін эстетикалық жағынан өзгертетін қолданбалы сән өнері. Бізді қоршаған ғимараттар, еңбек, тұрмыс заттарымен қатар, киім де өндірістік күштердің тарихи кезеңдерде дамуын, климаттық жағдайды, халықтың ұлттық ерекшелігін, оның әсемдікке деген талғамын көрсетеді.
Киім адамның өмір сүруіне аса қажетті негізгі құралдардың бірі бола отырып, белгілі дәрежеде олардың жас айырмашылығын, әлеуметтік жағдайы мен этникалық ортасы туралы мағлұмат беретін этномәдени белгі.
Киім адамды қоршаған ортаның, табиғаттың түрлі әсерлерінен қорғап, өзінің практикалық қызметін атқарса, адам денесіне сән беріп – эстетикалық қызметін атқарған. Ағаш жапырақтарынан, аң терілерінен дөрекі жамылғы, лыпа сияқты алғашқы киімдер, адам алғашқы пайда болып, үңгірлер, жартас қуыстарын паналап, ағаш бұтақтары мен шөп- шалам, қамыстан лашық, қалытқылар жасап, табиғатпен үйлесім тапқан кезден басталған.
Адамдар табиғат жағдайлары мен әртүрлі жәндіктердің шағуынан қорғану үшін денелеріне саз балшық , батпақ, май жаққан. Кейін бұларға өсімдік бояулары – жоса, кармин (шымқай қызыл бояу), құрым, индиго (қара көк бояу), ізбес қосылып эстетикалық мақсатта әртүрлі тәсілмен денеге сурет салынған. Уақыт өте келе осал бояулар терінің астына өтетін бояу әдісі – таңбалаумен (татуировка) ауыстырылған. Нақ осылай бастарына құстардың қауырсындарын, аңдардың тістерін де қорғаушы элемент және киімнің символдық бөлігі ретінде таққан. Ал денені жауып тұратын талшық материал киімдер пайда болған кезде жоғарыда айтылған қорғаныш элементтерін сәндікке құлаққа, мұрынға, ерінге жасанды тесіктер жасап тағып жүрген. Уақыт өте келе адамдардың денесіне салынған таңбалардың (татуировкалар) суреттері матаға көшіріліп эстетикалық қызмет атқарған.
Адамзат полеолит – тас дәуірінде тігіссіз байланатын лыпа киімдерді пайдаланумен қатар сүйек ине, сүйек бізді қолданып тері және тоқыма киім-кешек жасап, киіну мәдениетінің басқа да түрлерін қалыптастыра бастаған. Алғашқы қарапайым киімдер жай ғана байланатын немесе түйрелетін болған. Тас дәуірінің соңын ала адамдар қолға үйреткен мал жүнін, аң терілерін жабайы өсімдіктердің жапырақтарын, қабықтарын пайдаланудың жолын тауып, жабайы кендір сияқтыларды есіп, мал