Жидебай Қожаназарұлы

Жидебай Қожаназарұлы
(1713-1812)
Əруақты батыр əрі би, əрі шешен. Əлтеке Дос батырдың немересі. Абылайханның беделді де белді батыры болып, арнайы жасағын басқарған. Айсыз қараңғы түнде де барар жерін дəл табатын жершілдік ерекше қасиеті болған.
ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Жидебай батыр Қожаназарұлы Абылайханның атақты əскербасыларының бірі болған. Екі жасында шешесінен, жеті жасында əкесінен айырылып жетімдіктің тауқыметін тартады. Тоқал шешесі
Анардың қолында болып сан алуан ауыртпалықтарды
басынан кешіреді. Анар шешеміз бойы аласа шағын денелі адам екен. Киіз үйді тігіп, уықтың бауын байлар кезде жеті жастағы Жидебайдың иығына шығып алады екен. Осыны көрген ел-жұрт: “Шырағым-ай, көзің бір ашылмады ғой! Шешең тірі болғанда мұндайды көрмес едің-ау! – деп айтқанда Жидекең: “Бұл қылып жүргені маған қастық емес, достық, пісіп-қатып, жетілсін дегені ғой,” – деп жауап береді екен. Міне, осылайша ер жеткен Жидебайға батасын беріп, бауырына тартқан, əскери өнерді үйреткен Қаракерей Қабанбай батыр. Жас батыр Бұланты, Өлеңті өзендерінің аралығында болған, кейін “қалмақ қырғын” аталып кеткен шайқаста ханның да, халықтың да көзіне түседі. Сөйтіп, арнайы сарбаздардан жинакталған қосынға мыңбасы болып тағайындалады. Абылайханның “Жеті жарғыш” деп аталатын кенесшілер тобына Жидекең де енеді. Оган оның батыр ғана емес, өткір тілді шешен болуы, тереңнен толғап айтуы бірден-бір себеп болған. Жидекеңнің сөз шебері болғандығы жайлы ел ішінде де талай-талай қызықты əңгімелер баршылық. Сеңкібаймен, Тобықты Қаременде бимен дос-жар болған. Жасы жүзден асып барып көз жұмған. Оған өзінің айтқан сөзі дəлел бола алады.
Абылайхан бірнеше рет қол жинап, мықты деген батырларын басшы етіп, Қаратау бойындағы Қарақожа халқына талай мəрте шабуыл жасайды. Бірақ ала алмайды. Бірде Абылай Жидебайды Қарақожа еліне жорыққа аттандырады. Ертеректе Балқаш көлінің
Ұзынарал тұсындағы су астына төселген тас өткелмен Ібір-Сібірге апаратын Ұлы Жібек жолының бір тармағы өтіпті. Талай жылдар ұмытылған өткелді Жидебай батыр біліпті. Сол өткел арқылы сарбаздармен теңізді кешіп өтіп арғы беттегі Қарақожа елін бағындырып қайтады.
Сонда Қарақожа: -Бұл жолды көзің шыққыр Жидебай ғана білсе керекті, -деп өз өкінішін білдіріпті.
Кейін жасы тоқсаннан асқанда Жидебайдың қос көзі көрмей қалады. Көңілін сұрай келгендерге: Жасымның жүзге жеткені
Алты Алаштың алғысы
Қос жанардың кеткені
Қарақожаның қарғысы, -дейді екен.
Бірде Əлмұрат байдың үйіне Қаракерей Қабанбай батыр келіп қонақ болады. Сол түнде Жидекеңнің түсіне бабасы Дос кіріп аян береді: “Шырығым балам, алашқа аты шыққан Қабанбай батыр келіп жатыр, барып батасын ал! – дейді. Ертеңіне батыр отырған үйге Жидебай сəлем беріп кіріп келіп: “Ассалаумағалейкум, Ата! Маған керек бата”, -деп қолын жайып, бір тізесін бүккен күйінде отыра қалады. Сонда Қабанбай:
“Дос батыр түсімде айтып еді, берейін батамды:
Сөзіңді келісті шешен боламын десең Тіліңді шыңдағын!
Көпті билеп көсем боламын десең Білімді шыңдағын!
Əнші, ақын, сері боламын десең Жыр мен күйді жайлағын! Елдің орған ері боламын десең Қару-жарағыңды сайлағын!
Төрт алмажайым бар еді
Біреуін саған байладым, ал балам!”
— деп батасын беріпті. Сол айтқан төрт алмажайының бірі- қызыл түлкі екен. Сонан бастап Жидекеңе аруақ қоныпты.
Жидекең айтыпты деген сөздер де ел ішінде кездесіп отырады. Мұндай əңгімелердің бойынан батырдың сөзге шебер, өткір тілді, терең ойлы, ақылды, парасатты адам болғандығын байқаймыз.
Үлкен шапқыншылықта Абылайханның əскерлері жеңіске жетеді. Жеңіс құрметіне той жасап, сол тойда Абылайхан өз əскерінің күшін мақтан тұтып сөз сөйлейді. Кезек батырларға келгенде олар да хан сөзін мақұдап, бас изеседі. Сонда Жидебай: “Уа, хан аяғың алшақ, садағың тұқыл екен – қамаған жауыңнан сақтан”, деген екен.
Абылайхан Жидебайды батырлығы, шешендігі үшін ғана қадірлемеген, оның тапқырлығын, қысталаң шақта жол табатындығын, соғыс тəсілін жетік білетіндігін қастерлеген.
Көбінесе, Абылай Жидебайды бес мыңдай қолмен қосымша күш есебінде ұстаған. Өте қиын, алынбайды- ау деген қамалға, берілмейді деген бекініске, мықты-мықты деген жау күшіне жұмсаған. Ел арасындағы əңгімеге қарағанда Ордадағы жиындарда хан Жидебайдың сөзіне ерекше мəн беріп отырған. Жəне Жидебай да шындықты бүкпей, ханнан қаймықпай бетке айтқан.
Бірде Абылайхан “Жеті жарғы” заңын жүзеге асырып отыратын, жеті адамнан тұратын “Жеті жарғыш” ұйымын сайлайды. Солардың ішінде Жидекең де болады. Тағайындалғандардан хан: “Түрлі-түрлі жау көп, солар жайлы не айтар едіңдер?” – деп сұрайды. Сонда Жидекең: “Жау екі түрлі болады: көрініп келетін хауіпсіз жау бар, жекпе-жекке шығасың, күшің асса жығасың, ол өзіндей адам, несіне бұғасың: көрінбей келетін хауіпті жау бар, сенен де сақ, ұтып алар амалын тап, ақылдан түспе, ойланып істе, сақтанбасаң солардан, кетеріне мен кепіл, басында тұрған бақ” деген екен.
Жоңғар басқыншылығы кезінде елін-жерін жаудан қорғаушылардың көшін бастаған ұлы бабаның мазары Ақсу-Аюлы-Жарық бағытындағы асфальт жолдың бойында Шет селолық округінің Тұмсық елді мекенінен алты шақырым жерде Нұра өзенінің жағасында бой көтерген.

Əдебиеттер:

Адамбаев Б. Қазақтың шешендік өнері.- Алматы: Қазақ ССР-нің “Ғылым” баспасы, 1984.- 136 б.
Артықбаев Ж.О., Жакин М.С. Шет өңiрiнiң тарихы.- Қарағанды: ҚарМУ, 1998.- 275 бет.
Əбдуов М. Ер — елдiң қорғаны: Жидебай Қожаназарұлы туғанына 290 жыл// Орт.Қазақстан.- 2005.- 27 қаңтар.-8 б.
Əбдуов М. Жидебай батыр //Білім жəне еңбек.- 1986.- N9.- 27-28 б.
Жəңгiрұлы Ə. Əулие бабам Жидекем //Балқаш өңiрi.- 2001.- 22 мамыр
Жұмабеков Ж. Қазақ аңыздарындағы тылсым құбылыстар// Орт.Қазақстан.- 2005.- 12 қараша.-14 б.
Жүністегі К. Құба белдер.-Қарағанды: ОПО «Полиграфия», 1996.-286 б.
Көпейұлы М.Ж. Қазақ шежіресі. /Араптың хадим жазуынан бүгінгі жаңа əлипбиге түсіріп əзірлеген-С.Дəулет ұлы.-Алматы: Жалын, 1993.- 76 б.
Қашқынов Ж. Абылайдың жауға шапқан қос батыры // Азия Транзит.- Қарағанды, 2001.- N11.-21-24 б.
Қашқынов Ж. Сеңкібай мен Жидебай баһадүрлер //Орт.Қазақстан.-1994.- 8 қазан.т
Қашқынов Ж. Тоқырауын топжарғандары: мұра//Орт.Қазақстан.- 2005.- 24 наурыз.-10 б.
Мұсатайұлы Б. Жидебай батыр //Балқаш өңiрi.- 2001.- 18 шiлде
Нұрбеков Х. Баба аруағына адалдық: Тағзым // Орт.Қазақстан.- 2004.- 24 ақпан.-9 б.
Сматаев С. Елімай.- Алматы, 1980.- 295 б.
Шет өңiрiнің тарихи-мəдени ескерткіштері: фотошежіре /Ред.Ж.С.Ақылбаев; мəтін авт.,құраст. М.С.Жакин.- Қарағанды: ҚарМУ- «ТАиС» ЖШС баспасы, 2004.- 152 б.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *