Жалаңтөс Жансарыұлы

Жалаңтөс Жансарыұлы
(1696-1768)

Тарихқа үңілсек үш Жалаңтөс батыр болған. Бірі – қалмақ пен қазақ арасындағы Орбұлақ шайқасында 20 мың қолмен келіп қатысқан Самарқанд билеушісі. Екіншісі – атақты тарихшы-ғалым Əлкей Марғұлан айтып кеткен Жалаңтөс. Үшіншісі Арғын тайпасы
Қаракесек руының Сарым бұтағынан шыққан баһадүр. Ел ішінде «Шақадан туған Қараменде бидей еді, Құлықтан туған Жалаңтөс батырдай еді» деген нақыл сөз бар. Жалаңтөс батырдың əкесі- Жансары. Оны жеңгелері Құлық деп атап кеткен. Кейін қалың елге
Құлық атымен жайылған ол ағайындарға мейірімді, елге беделді,
шаруақор адам болыпты. Оның атамекені Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы Қызыларай тауының күнгейіндегі Қаратал өзенінің бойы.
Сол Құлықтың балаларының үлкені Жалаңтөс қолына жастай найза алып, елін жаудан қорғауға ат салысады. Дау-жанжалдарға араласып, билік айтуға қатысады. Абыз бабамыз Қаз дауысты Қазыбек бимен, Балқаш көлінің теріскейіндегі Тобықтының атқамінерлерімен, Нұра бойындағы Қуандықтың белді адамдарымен ерте араласқан Жалаңтөс өзінің батырлығымен, тапқырлығымен жұрт көзіне түседі.
Балқаш көлінен бастап, Қоңырат, Əулиеата, Тоқырауын мен Нұра бойын, Ұлытау мен Қарағанды аралығындағы сайын даланы дұшпаннан азат етуге қатысқан Жалаңтөс баһадүрге Қаз дауысты Қазыбек би ерекше ден қойған. Бірде ауылын шауып, жылқысын айдап кеткен қалмақ ханына құн сұрай барған бидің қасындағы батырлардың арасында Жалаңтөс пен баласы Алтай да болған.
Қазыбек бидің бес ұлының ортасында ерке өскен ақылды қызы Манқан Жалаңтөсті ұнатады. Қалмақ еліне барған сапарынан мінезіне қанық, батырды жақсы білетін Қазыбек би қызының теңін тапқанына ризашылық білдіреді. Манқан Жалаңтөстен Бəйгел, Берістен, Белтей, Серке деген төрт ұл көтереді.
Жалаңтөс Қанжығалы Бөгенбайды пір тұтқан. Баһадүрдің қасында жүріп сан жорықтарға қатысқан. Атақты Бұланты шайқасында көзге түскен. Жас батырларды тəрбиелеп, маңына шоғырландыра білген.
Бір жылы Сарыарқаны емін-еркін билеп-төстеуді арман еткен қалың қалмақ Қарағанды төңірегін басып алуға күш жұмсайды. Жауға Түйте, Жарылғап, Керей Есей, Құлық Жалаңтөс, Əлтеке Жидебай, Төлеңгіт Қасабай, Қожағұл Торақ, Тобықты Байзақ бастаған батырлар қарсы шабуылға шығады.
Осы майдан төсінде Жалаңтөстің көзіне қалмақтың дəл атқан жебесі қадалады. Батыр көзіндегі жебені өзі суырып алады. Бірақ соғысты тоқтатпайды. Қазақ қолы жеңіске жетеді. Жалаңтөстің бір көзі шыққан өзенді жұрт бұдан былай «Соқыр өзені» дейтін болған.

Əдебиеттер:

Қашқынов Ж. Апайтөс батыр – Жалаңтөс// Азия Транзит.- Қарағанды, 2002.-N2.39-42 б.
Қашқынов Ж. Халқымен қауышқан баһадүр //Орт.Қазақстан.- 1996.- 23 мамыр.-6 б.
Тоғжанов Е.Л. Атамекен: Оқу құрал / Е.Л.Тоғжанов, Т.Т. Аршабеков.- Қарағанды: Қарағанды экономикалық ун-тi, 2002.- 324 бет.
Халиолла М.Ж. Батыр баба зираты басындағы ой //Орт.Қазақстан.-1995.-17 қазан.-
4 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *