ДИОГЕН

ДИОГЕН

Тарих тақтасына есімі алтынмен апталған алты Диоген бар. Бүгінгі сөз солардың ішіндегі тағдыры ерекше, тапқырлығымен даңқы шыққан ұлы ойшыл, синоптық Диоген туралы болмақ. Ол біздің дәуірімізге дейінгі 400-323 жылдар аралығында өмір сүрген. Жас кезінде қуғынға ұшырап көп бейнет көреді. Туған жерінен безуге не себеп болғаны туралы бізге жеткен бір ізді мәлімет жоқ. Біреулер /Диокл/ Диогеннің әкесі Гикесий қазына орнында ақша ұсақтаушы боп істейтін, бір жолы монетті бүлдіріп, сол үшін қуғынға түсті десе, Евбулид: ондай әрекетпен айналысқан Диогеннің өзі жалған ақша жасағаны үшін қолға түсіп, жазадан қорқып қашып кетті дейді.
Афинаға келіп, кинизмнің негізін салушы атақты философ Антисфенді жағалайды. Ешкімге іш бермейтін, талайдың тауын шаққан шатақ мінезді Антисфен әуелгіде жолатпай қалай қуса да, Диоген бетінен қайтпай дегеніне жетеді. Бір күні философ таяқ ала жүгіргенде Диоген басын тосып: “¥р, бірақ мені қуып шығатындай мықты таяқ таба алмассың!” дейді. Амалы таусылған Антисфен оны сол күннен бастап шәкірт қып алады. ¥стаз өлген соң, енді мұнда сөйлесетін кісі қалған жоқ деп Коринфке қоныс аударады. Мұнда ол үйсіз-күйсіз кезбе боп ашық аспан астында өмір сүреді. Күй толғамай кез келген жерге түней сап, бір ұшына дорба ілген аса таяғын мойнына асып көше кезіп жүретін болған. Кейін Құдай Анасы храмының жанындағы бір астық салатын ескі қыш бөшкені паналайды. Өзін шынықтыру үшін жазда ыстық құмға аунап, қыста қырау басқан тас мүсіндерді жалаңаш құшақтап, не қарда жалаң аяқ жүреді екен.
Замандастарының сипаттауынша, Диоген басына қылтанақ өспейтін жалтыр таз, қабақ астынан бұқа көзденіп сүзе қарайтын, еңкіш денелі аса сиықсыз адам болса керек. Табиғат жаратқан түрді өзгертуге болмайды деп, жалбырап кеудесіне түскен сақал-мұртын да алмайды екен. Ол дүниенің рақатына еш қызықпаған, үсті-басын түзеп күтінуді, қалыптасқан дәстүр, тәртіпті сақтау дегенді білмей өткен дәруіш. Тек өзінің ішкі ой-санасымен ғана өмір сүрген. Сондықтан оның көптеген қылықтары жұртқа ерсі боп көрінсе керек. Жорғалап жүрген тышқанға қарап, төсек-орын қажет емес, қараңғыдан қорықпайды, рақат-қызық іздемейді, неге осыдан үйренбеске деп барынша талғаусыз қарапайым тіршілік кешуге тырысады. Кез келген жерде ұйықтап, кез келген жерде тамақтанып парықсыз жүре берген. Етті шикідей жеп өліп қала жаздайды. Сондай-ақ, елдің көзінше ит сияқты сари сап, тағы басқа жабайы қылықтарды жасай беретін болған.
Әрине, ұлы философтың бұл пенделік тіршілігі сырт көзге соншалық оғаш, сорақы боп көрінгенмен оның сыры арыда еді. Ол тереңнен толғап еркін ойлау арқылы өмірдің шын мәнін түсінуге талпынды әрі мағынасыз күйкі тірлікке барынша жиіркене қарап, одан бойын толық аулақтата білді. Бұл арғы-бергіде адам баласының ешқайсысы бастан кешпеген керемет еді. Осындай ойды өрбіте келіп, А.П.Чехов: “Диоген бөшкеде тұрса да жер бетіндегі патша біткеннің бәрінен бақыттырақ ғұмыр кешті” деп бағалаған.
Диоген ешкімді жақтырмайтын қырыс мінез, уытты, өткір тілімен ерекшеленген. Туған жерінен қуғын көріп Афинаға кеп паналағанда Платон, Эвклид, Аристипп, Эсхин, Антисфен сияқты Сократтың көптеген шәкірттерімен жақындасады. Бірақ көп өтпей Антисфеннен басқаларының бәрінен жеріп шығады. Антисфенмен жақын араласады, әйткенмен оның өзін емес, ақиқатты айғақтайды деп ілімін мақтайды. “Антисфен мені азат еткеннен бері құлдықтан құтылдым, – дейді Диоген. – Бұл қалай болды дейсіз ғой? Ол маған не нәрсе менікі, не нәрсе бөтен екенін айыра білуге үйретті. Дүние-мүлік, байлық – менікі емес; туыс-жұрағат, жақын, дос, даңқ, қымбат зат, елмен араласу – бұның бәрі бөтендікі. Саған тиесілі нәрсе не? – Сенің түсінік-танымың. Ол мүлдем еркін, – деп үйретті Антисфен, – оған ешкімнің үкімі жүрмейді, ешкім оған кедергі жасап, менің ырқымнан тыс ықпал ете алмайды”. Ал Платонды ол тапқыр, шешендігінен гөрі бос сөзі көп деп сынаған. Диоген бірде Платоннан шарап сұратса керек. Платон оған бір бөшке шарап жібереді. Сонда Диоген: “Сенен екі жерде екі қанша деп сұраса, жиырма деп жауап берер ме едің? Сол сияқты, нені сұраса, соны бермейсің, сұраққа лайықты жауаптың жөнін білмейсің” деп, оны көпсөзділігі үшін шенеген.
Платонның “адам-қауырсыны жоқ екі аяқты хайуан” деген атақты анықтамасын естісімен Диоген әтештің жүнін жұлыпты да, Платонның Академиясына апарып: “Міне, Платонның адамы!” деп тастай салыпты.
Бір күні атақты шешен Демосфен асханада тамақ ішіп отырғанда Диоген үстінен түседі, оны көре сап шешен ішкі бөлмеге кіріп кетеді. Сонда Диоген: “Бұл әрекетіңмен одан ары асханада бола түсесің!” депті.
Диогеннің артында аңыз боп қалған сөз көп, сан ықылым заман өтсе де соның бәрі нақыл боп күні бүгінге дейін ұрпақ аузында жүр. Ол өмірдегі кез келген құбылысқа зор ынтамен зейін салып, сергек үн қатып отырған. Ақиқат іздеп арпалысқан мазасыз жан не бір шырғалаңға тап болып, шытырман сұрақтарға табан астында жауап тауып, бірер ауыз сөзбен түйіп тастайтын болған. Яғни ол өзінің өмірінен өнеге жасап қалдырды.
Бірде Диоген кемемен Афинаға қарай жүзіп келе жатады. Крит аралына таяй бергенде күтпеген жерден қарақшылар шабуыл жасап, кемедегілер түгелдей қолға түседі. Тұтқындалған жолдастарымен бірге Диогенді де құл базарға апарып сатады.
Аңыз сөзде үстеме көп, әрине. Әйтсе де осынау ерекше жаралған қайсар жанның одан арғы тағдырын көне деректер былайша суреттейді:
“Оттай қарыған ыстықтан есеңгіреп тұрса да Диоген жадырай күлді. Содан соң қожайынның рұқсатынсыз құмның үстіне отыра кетті.
– Әй, оның не? – деді үстіне желбегей парсы шапанын киген ақ шалмалы саудагер гүж етіп. – Отырған кісіні кім көреді?!
– Неге көрмесін? – деді Диоген дау айтып, – Балық жатса да өз алушысын табады емес пе! – Құл сатушы тапқыр сөзге риза көңілмен қарқылдай күліп, оған құмның үстіне отыруға рұқсат етті.
Іле Диоген, аптаптан әбден мәңгірген тұтқындарға дем беріп серпілту үшін базарды басына көтеріп айғай салды.
– Ау, халайық! Неғып ұнжырғаларың түсіп тұр?.. Шынымен-ақ өзек тырнап ұлыған аштықтың азабына төзе алатын емессіңдер ме? Уақасы жоқ, ол істің ретін келтіруге болады! – деді де, құл сатушыларға қарап сөзін ары қарай жалғады: – Мәртебелі тақсырлар! Бұларың қалай, ақылға сап ойлап көріңдерші өздерің! Шаруа жөнін білетін кез келген қожайын сияқты сендер де қой-ешкі, торайларыңды дұрыстап күтіп жемдейсіңдер емес пе, солай ғой? Ендеше хайуанның ішіндегі ең қымбаттысы – адамды сатқалы отырып аштан бұрлықтырғандарыңа жол болсын!
Утымды әзіл кімге әсер етпесін, қожайындар да, құлдар да ду күлісті. “Расында да бұларды тамақтандырғанның зияны жоқ!” деп, көңілі жібіген саудагерлер қолдарын созып нан, жүзім, кепкен балық ұсыплы, торсықпен су да берді. Аз да болса ар жақтарына ел қонып көңілденген тұтқындар Диогенге күлімдеген көздерінен алғыстарын жаудырды.
– Әй, шал, – деді қожайын мінезі де, сөзі де ерек құлға рахымы түсіп, – Қолыңнан не келеді?
– Кісіге билік етуді білемін!
– Қалжыңды қой!
– Еш қалжыңы жоқ.
– Мырзамын деп шіренген құлды кім алушы еді?
– Алғанда қандай, бәрінен бұрын сондайды алады, – дейді Диоген. – Қарапайым құл кімге таңсық дейсің. Сенбесең қазір-ақ көзіңді жеткізуге болады, мен туралы айтып жар сап көрші.
– Жо-жоқ! Керек болса, өзің жар сал, көрейін не шыққанын!
Диоген орнынан жайлап тұрып, бар даусымен айналаны жаңғырта айқай салды:
– Уа, халайық, кім өзіне қожайын сатып алғысы келеді?! Қожайын керек қылатындарың тез мұнда келіңдер!
Айналадағылар мысқылдай қарап, мырс-мырс күлісті, сөйтіп тұрғанда егде тартқан көк киімді бір адам Диогенге жақындап келді.
– Өзіңді сатып тұрған қожайын сен емессің бе?
– Қателескен жоқсың, дәл өзімін! – деді Диоген көкірегін керіп.
– А-А, бұл “қожайынның” иесі менмін! – деді сол жерде құл сатушы қыстырылып. – Үш минаға сатамын!
Егде кісі басын күдіктене шайқап теріс айнала беріп еді, Диоген жібермей алдын кес-кестеді:
– Су тегінге беріп тұр, шын айтамын. Үш мина дегенің жүк таситын тобанаяқ жабының құны емес пе, ал мен ақылым жүйткіген жүйрікпін?
Егде кісі жымия күлді:
– Сонда сенің ақылың қай тарапта жүйткиді?
– Философия кеңістігінде, сүйіктім!
– Сен аспан әлеміндегі құбылыстарды зерттейсің бе?
– Өлі денелер диалектикасы мені қызықтырмайды. Мен жан дүниенің диалектикасымен айналысамын.
– Ондай болса, балаларымды тәрбиелеуге жарайды екенсің. Келісесің бе?
– Келісем, – деді Диоген. – Бірақ шартым бар…
Жұрт ду күлді, құл сатушы осқырынып мырс етті:
– Мына ақымақ, енді шарт қоймақшы!
– Несі бар, қоям! – деді Диоген одан ары шалқайып.
– Қандай? – деді сатып алушы.
– Ақылымды тыңдап, не бұйырсам соны орындайсың…
Айналадағылар тағы да қыран-топан күлді, сатып алушы “жұмыртқа тауыққа үйретпейді” деген мақалды ишара ғып:
– Дарияның бастаулары кері ақты! – деді өлеңдетіп.
– Еврипидтің өлеңін жақсы біледі екенсің, мейірімді мырза, – деді Диоген. – Егер сен ауру боп, дәрігер жалдап алсаң, ол саған айтқанымды орындайсың деп ескертсе, сен оны, Еврипидтің нақылын көлденең тартып, кінәлар ма. Сатып алушы Диогеннің бетіне тесіле қарап тұрды да:
– Мен бұл кісіні алам! – деп, құл сатушыға сұрағанының үстіне тағы бір мина қосып берді. Құл сатушы кеткен соң Диоген жаңа қожайынына бұрылып:
– Сен кім боласың? – деп сұрады.
– Мен Ксениад деген саудагермін.
– Менің атым – Ит. Таңғалмай-ақ қой, бұл лақап атым, шын есімім – Диоген, құдай жаратқан деген сөз, – деді бас бармағын жоғары көтеріп. – Иә, сонымен қайда бет түзедік?
– Коринфтегі менің үйіме барамыз.
– Өте жақсы! – деді Диоген көңілденіп. – Бүкіл Элладаны шарласам да атақты Коринфеге осы күнге дейін жолым түспеп еді…”
“Диогеннің сатылуы” деген кітап жазған Евбулдың айтуынша, Диоген жаңа қожасының көңілінен шығады, балаларын тәрбиелетіп қана қоймай, оған бүкіл шаруашылығын да сеніп тапсырады, әбден риза болған Ксениад жүрген жерінде: “менің үйіме кие қонды!” деп айтып жүреді екен. Диоген балаларды әр түрлі ғылым негіздерін оқытумен бірге, атқа мінуге, садақ атып, балта лақтыруға, саят құрып, аң аулауға баулиды; үйде өздеріне-өздері қарауға, қарапайым тамақтанып, су ішуге, шаштарын қысқа қырықтыруға, әлеміш, асыл бұйым тағынып, сәнді киінбеуге, көшеде үндемей, назарларын төмен салып жүруге үйретеді. Өз кезегінде балалар да оны жақсы көріп, қадір тұтқан, ата-аналарының алдында оны қорғап, әрқашан ара түсіп отырған.
Бірде шәкірттер ұстаздарын сатып алмақ болады. Сонда Диоген оларды ақымақ деп айыптапты: “арыстан асыраған адамға құл болмайды, асыраған адам арыстанға құл болады, өйткені тағы жыртқыш адамға қорқыныш ұялатады, ал қорқыныш – құлға тән қасиет!” депті.
Әбден қартайғанша ол Ксениадтың қолында тұрады, кәрілік меңдеп қайтыс болғанда оны Ксениадтың балалары жерлеген. Өлер алдында Ксениад одан “қалай жерлейік?” деп сұрағанда:
“Бетімді төмен қаратып көміңдер!” депті.
“Неге?”
“Өйткені таяуда төмендегілер жоғарыға шығады!” Олай дейтін себебі, Македония күш жинап әлсіз елден қуатты елге айналып келе жатыр еді.
Диоген “Махаббат туралы”, “Мемлекет”, “Эдип”, “Фиест” деп аталатын шығармалар жазған. Бұлардан тыс ел арасына аңыз боп тарап кеткен қанатты сөздері ұшан-теңіз. Әсіресе мірдің оғындай нысанаға дөп тиетін ұтымды-тапқыр жауаптарына қайран қалмасқа амал жоқ.
Диоген тас мүсіннен қайыр сұрап тұрыпты. Мұның не деп сұрағанда: “сараңдардың түк бермес мейірімсіздігіне өзімді үйретіп тұрмын”, – депті.
– Жұрт неге қайыр-садақаны мүсәпірлерге береді де философтарға бермейді?
– Өйткені олар өздерінің соқыр, ақсақ боп қалулары бек мүмкін, ал данышпан болулары ешқашан мүмкін емес екенін біледі.
Бір күні біреу Диогенді мүкәмалға малынған салтанатты үйге алып келіп, мұнда түкіруге болмайды дейді. Сонда ол жөткірініп алыпты да “басқа лайықты жер таба алмадым” деп жолдасының бетіне түкіре салыпты.
Бір баланың алақанымен уыстап су ішіп тұрғанын көріп: “Бала өмірдің қарапайым мысалымен менен озды!” деп дорбасындағы тостағанын лақтырып жіберіпті.
Македония патшасы Филипптің Коринфке қарсы жорыққа аттанғанын естіп жұрт абыр-сабыр соғысқа дайындалады. Диоген өзінің бөшкесін ары-бері домалата бастайды. “Бұның не?” деп сұрағанда: “Елдің бәрі жанталасып жатқанда менің қарап тұрғаным ұят қой. Басқа ештеңем жоқ, ең болмаса, бөшкемді домалатайын! депті.
Философияға басымды қатырғым келмейді деген біреуге: “Жақсы өмір сүруге талпынбасаң, несіне тірі жүрсің!” деп ренжіпті.
Әлдекім Диогенді қуғынға түскені үшін кінәлапты. Сонда ол: “Ой, ақымақ, қуғын-сүргіннің арқасында мен философ болдым ғой!” депті.
Қай уақта тамақтанған жөн деп сұрағанда:
“Бай болсаң – көңіл соққанда, кедей болсаң – пұл тапқанда” деп жауап беріпті.
Бір күні Диоген көшенің ортасында “Ей, адамдар!” деп айғай сапты. Жұрт жүгіріп келгенде: “Мен екі аяқты аңдарды емес, адамдарды шақырдым!” деп таяғын сілтепті.
Аштық махаббатты ұмыттырады, егер ашығу қолыңнан келмесе, мойныңа тұзақ сал да қылқына сал.
Біреуден қайыр сұрап тұрып: “Егер сен басқаларға садақа берген болсаң, маған да бер, ал бермеген болсаң – менен баста!” депті.
Бір күні Диоген күнге қыздырынып жатса Александр Македонский үстіне төне тоқтап: “Не қаласаң да орындайым, айт” дейді. Сонда Диоген: “Күнді қалқаламашы!” депті.
Біреу ұзақ шығарма оқып, жұрт жалыға бастайды, өлдік-талдық дегенде қағаздың жазу жазылмаған ақ шеті көрінгенде Диоген: “Шыдаңдар, жігіттер, жағалау көрінді!” деп айғайлап жіберіпті.
Бір азғын әтек өзінің үйінің есігіне: “Мұнда жаман ниетті ешкім кірмейді” деп жазып қойыпты. Соны көрген Диоген: “Қожайынның өзі қалай кіреді екен?” деп сұрапты.
Моншадан шығып келе жатқанда, жуынып жатқан кісі көп пе деп сұрағанда, “Аз” деп жауап беріпті, ал монша толық па дегендерге “Толық” депті.
Мегар алқабында биязы жүнді қойларды тікеннен қорғау үшін үстіне тері жабу жауып қояды екен, ал балалар жалаңаш шауып жүретін болса керек. Соны көріп Диоген: “Мегерліктің баласы болғаныңнан қойы болғаның артық” депті.
Платон оны “Ит!” деп тілдегенде: “Дұрыс айтасың, әйтпесе өзімді сатқандарға қайта айналып келер ме едім” депті.
Біреу бөренемен қағып жіберіп “Сақтан!” деп айғайлапты. Сонда Диоген: “Мені тағы да ұрғың келе ме?” деп сұрапты.
Біреу силлогизм заңы бойынша табиғатта қозғалыс жоқ деп дәлелдемек болғанда, Диоген орнынан тұрып, ары-бері жүре бастапты.
Аспан әлеміндегі құбылыстар жөнінде пікір толғаған біреуден Диоген: “Аспаннан қашан түсіп едің!” деп сұрапты.
Дүниедегінің бәрі құдайдың билігінде.
Данышпандар – құдайдың досы, ал достар үшін бар нәрсе ортақ; демек, данышпандар – әлемнің қожасы!
Жер бетінде қашан бақыт орнайды деп сұрағанда Диоген:
“Патшалары даналыққа бой ұрғанда, Даналары патшалық құрғанда” депті.
Әділ патша, дәрігер не философты көргенде тіршілік иесінің ішіндегі ең ақылдысы адам ба дейсің; ал түс жорушы, көріпкел мен оған сенушілерді, сондай-ақ атақ-байлыққа мастанғандарды ұшыратқанда адамнан өткен ақымақ жоқ шығар ғаламда дейсің.
Біреу оны лас жерде жүресің деп ұялтпақ болғанда: “Күн де нәжіс төгілген шұңқырға түседі, бірақ одан былғанбайды ғой!” депті.
Жолы болмаған палуанның емшілікпен айналысып жүргенін көріп: “Бұның қалай? Бір кезде жеңе алмаған бақталастарыңнан осылай өш алғың келе ме?” деп сұрапты.
Жезөкшеден туған шата көпшілікке тас лақтырыпты. Соны көрген Диоген: “Байқа, әкеңе тиіп кетпесін!” деген екен.
Диогенге садақа берген біреуді жұрт мақтапты. Сонда Диоген: “Садақаны еңбек сіңіріп алған мені неге мақтамайсыңдар?” деп сұрапты.
Құрбан шалып құдайдан ұл сұраған біреуге Диоген: “Сол ұлың жақсы адам болса екен деп құрбан шалар ма едің?” деп сұрақ қойыпты.
Біреу оған оқытуға әкелген баласын керемет дарынды, мінезі де сыпайы деп мақтағанда Диоген: “Ендеше менің не керегім бар оған?” депті.
Сұлу өңді сүйкімді баланың бос нәрсені айтып көкіп тұрғанын көріп Диоген: “Алтын қыннан қорғасын қанжар суырғанға ұялмайсың ба?” депті.
Малайлар қожайынға қалай құл болса, ақымақ адам да өз нәпсісіне солай құл.
Диоген ысырапшыл, шашпа біреуден бір сом сұрапты. Анау: басқалардан тиын сұрайсың да менен неге сом сұрайсың депті. Сонда Диоген: “Басқалардан тағы да сұраймын ғой деп үміттенем, ал сенен екінші қайтара сұрауға мүмкіндік бола ма, жоқ па – бір құдай ғана біледі” депті.
Сен неге қайыр сұрайсың, Платон сұрамайды ғой деп біреулер сөккенде, Диоген: “Платон да сұрайды, тек ол басын төмен иіп басқаларға естіртпей сұрайды” деген екен.
Диоген орашолақ біреудің садақ атып жатқанын көріп, дәл нысананың түбіне отыра қалыпты. Бұның не дегенде: “Оқ тиіп кетпесін деп отырмын” депті.
Мектепке келгенде музаның мүсіндері көп, шәкірттердің аз екенін көріп мұғалімге: “Құдайлардың арқасында оқушыларың аз емес екен”, – депті.
Бір күні Александр Македонский келіп:
“Мен – ұлы патша Александрмын!” дейді.
“Ал мен – Диоген деген итпін!” дейді философ.
“Неге сені ит дейді?”
“Сүйек тастағандардың бұлғаң қағып қолтығына кіремін; тастамаса – шәуілдеп үремін; ал жексұрынды тірсектен қауып бүремін!”
Ақша жасап айыпталғанын бетіне басқан біреуге Диоген: “Қазір сен қандай болсаң, ол кезде мен сондай едім. Бірақ мен қазір қандай болсам, сен ешқашан ондай бола алмайсың!” дейді.
Олимпиядан қайтып келе жатқанда Диогеннен онда халық көп болды ма деп сұрағанда “Халық көп, адам аз” деп жауап беріпті.
Алаңда тамақ ішіп отырса біреулер жан-жағынан анталап “Ит!” деп айғай сапты. Сонда Диоген: “Ит – сендерсіңдер, менің тамағыма үймелеген!” депті:
Жеміс-жидек жуып отырған Диогенді көріп Платон оның қасына келіп ақырын: “Егер Дионисийге қызмет етсең, бүйтіп жеміс-жидек жуып отырмас едің!” деп сыбырлайды. Сонда Диоген де: “Егер жеміс-жидек жуа білсең, сен де Дионисийге қызмет етпеген болар едің!” деп сыбырлапты.
Біреу: құлдарды неге “адам аяқты” деп атайды деп сұрағанда Диоген: “Өйткені олардың аяғы кісінікі сияқты, ал жан дүниесі, осындай сауал қойып тұрған мына сенікі сияқты!” депті.
Диоген Минд шаһарына келгенде қаланың өзі кіп-кішкентай, ал дарбазасының ерепайсыз үлкендігін көріп: “Минддік азаматтар, қалаларың қашып кетпес үшін қақпасын бекітіп қойыңдар!” депті.
Қандай жаста үйленген дұрыс деген сұраққа, “Жастарға әлі ерте, кәрілерге кеш” деп жауап беріпті.
Қандай шарап тәтті деп сұрағанда, “Бөтендікі” депті.
Зәйтүн ағашында асулы тұрған әйелдерді көріп: “О, шіркін, барлық ағаш осындай жеміс берсе ғой!” депті.
Диогеннің Манет деген құлы қашып кетіпті:
Жұрт іздеу сал деп кеңес бергенде: “¥ят емес пе, Манет Диогенсіз өмір сүре алғанда, Диоген Манетсіз өмір сүре алмай ма!” депті.
Екі пәлеқордың дауласып жатқанын көріп: “Бірің ұрласаң да, екіншің еш зиян шеккен жоқсың!” деп басу айтыпты.
Дионисий достарына қалай ілтифат білдіреді деп сұрағанда: “Толығын қоймаға тығып, босын лақтырып жіберетін қапшық сияқты қарайды!” депті.
Құдай адамға қиналмайтын қарапайым өмір сыйлаған, ал адамдар тәтті бал, хош иісті әтір тағы сол сияқтыларды ойлап тауып, оны қиындатып алды.
Құлына етігін кигіздіріп отырған мырзаға қарап: “Сен оған мұрныңды сүрткізсең, тіптен бақытты болар едің; қолыңды кесіп таста, сонда сол күнге жетесің!” депті.
Тарығып достарынан ақша сұрағанда Диоген: “Ақша берші” демейді екен, “Ақшамды берші” дейді екен.
Храм қазынасынан тостаған ұрлаған біреуді храм күзетшілерінің абақтыға әкеле жатқанын көріп: “Әне үлкен ұрылар кішкентай ұрыны әкеле жатыр!” депті.
Дәрі сатушы бір алаяқ құдайға сенесің бе деп сұрайды. “Неге сенбеймін, – дейді Диоген, – әйтпесе сені құдай атқан деп атай алмас едім ғой!”
Ертедегі гректер ортаңғы саусағын шошайтқан адамды есі ауысқан деп есептейді екен, ал сұқ саусағымен нұсқағанды ондай ерсілікке санамаған. Осыны меңзеп Диоген: “Ақылды мен ақымақтың арасы бір-ақ елі” депті.
Диоген тал түсте шам жағып әлдене іздеп жүріпті. Бұның не десе, “Адам іздеп жүрмін” депті.
Жақсы адамдар грек елінің қай жерінде деген сұраққа, “Жақсы адам еш жерде жоқ, жақсы балалар – Лакедемонда” деп жауап беріпті.
Біреу: – Диоген, сенің осындай шыныққан шымырлығыңмен олимпиялық сайыстарға қатыспайтының өкінішті-ақ! Әйтпесе бәрін жеңер едің!
– Есесіне мен Олимпиядан да маңыздырақ сайыстарға қатысамын.
– Ол қандай сайыс?
– Адам бойындағы жат қылық, жамандықпен сайысамын!..
Айта берсек, философта алуан тақырыпты қамтитын бұл тақылеттес афоризмдер ұшан-теңіз.
Диоген ғажайып шешендігімен тыңдаушысын бірден еліктіріп баурап алатын болған, оның тұжырымдарына қарсы дау айту мүмкін емес дейді замандастары. Бірде Эгиндік Онесикрит кенже ұлын Афинаға жібереді, Диогеннің дәрісін тыңдап сиқырына еліткен ол сонда қалып қояды. Әкесі ініңді алып кел деп үлкен ұлын жібереді, ол да інісінің кебін киіп келмей қалады. Үшінші жолы әкесінің өзі барады, бірақ ол да балаларымен бірге Диогеннің дәрістерін тыңдау үшін сонда қалып қойыпты. Оның жолын қуған шәкірттері де азды қанағат қылуға үйреніп, қайыр-садақамен күнелткен. Үстазға елігіп шешендік өнерді тұтынады, олардың арасынан небір орақ тілді, айыр көмей ділмарлар шыққан. Сонымен қатар заманындағы даңқты көптеген саясатшылар мен философтар да Диогеннен дәріс алған, оның ақыл-парасатына қайран ғап қатты қызыққан. Тіпті Александр Македонскийдің өзі: “Егер мен патша болмасам, Диоген болғым келер еді” депті.
Диоген тоқсанға таяп барып қайтыс болады. Оның өлімі туралы әр түрлі әңгіме бар. Біреулер: сегіз аяқты шикідей жеп, содан ауырып өлді десе, басқалар: Өз тынысын өзі тоқтатып өлген деседі. Тарихшы Деметрийдің айтуынша, Александр Македонский Вовилонда, Диоген Коринфте – екеуі бір күнде қайтыс болған.
Шәкірттері Диогеннің қабіріне баған қадап, бағанның басына тастан қашап иттің мүсінін орнатыпты. Отандастары кейін мыстан ескерткіш қойып, оған былай деп жазыпты:

Уақыт желі кеміріп тас пен темір тозады.
Сенің даңқың, Диоген, ғасырларға озады.
Білгендерге – данасың, білместерге – жындысың
Нағыз өмір сүрудің көрсеттің сен үлгісін!

Т.Сәукетаев

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *